Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

109-ОҚИҒА

Петірдің Корнелге келуі

Петірдің Корнелге келуі

МЫНАУ — елші Петір, ал артында тұрғандар — оның екі досы. Алайда неге мына адам Петірдің алдында тізерлеп тұр? Солай етуге бола ма? Бұл адамның кім екенін білесің бе?

Бұл — Корнел деген Рим әскерінің жүзбасы. Корнел Петірді танымайды, бірақ оған Петірді үйіне шақыруға бұйрық берілген болатын. Кел, бұның қалай болғанын көрелік.

Исаның алғашқы ізбасарлары яһудилер еді, бірақ Корнел — яһуди емес. Алайда ол Жаратқан Иені жақсы көретін, оған дұға етіп, адамдарға игі істер жасап жүретін. Сонымен, бір күні, күндізгі уақытта, оның алдында бір періште пайда бола қалады да, былай дейді:

— Сен Тәңірдің шапағатына ие болғандықтан, ол сенің дұғаларыңа жауап бергісі келеді. Қызметкерлеріңді Петір деген кісіге жібер. Қазір ол Иоппеде, теңіздің жағасында тұратын Шимонның үйінде тұрып жатыр.

Корнел сол заматта Петірді шақыртуға кісілерін жібереді. Ертеңіне қызметшілер Иоппеге келгенде, Петір Шимонның үйінің шатырында болатын. Құдай Петірді ерекше күйге ендіріп, көктен үлкен дастарқанның төмендеп келе жатқанын көрсетеді. Оның ішінде алуан түрлі жануарлар бар еді. Құдайдың заңы бойынша, бұл аңдар таза емес болып есептелгенмен, оған бір дауыс:

— Петір, тұр. Біреуін сойып же,— дейді.

— Жоқ!— деп жауап береді Петір.— Мен ешқашан да арам ас жеген емеспін.

Алайда дауыс оған былай дейді:

— Енді Құдай тазалағанды арам деп айтпа.

Дауыс Петірмен үш рет сөйлеседі. Петір бұның нені білдіретінін түсіне алмай тұрғанда, Корнел жіберген адамдар келіп, Петір жөнінде сұрастыра бастайды.

Петір төмен түсіп, келгендерден:

— Сендер іздеп жүрген кісі менмін. Мені неге іздедіңдер?— деп сұрайды. Олар періштенің Корнелге Петірді шақыртуды бұйырғанын айтқанда, Петір олармен бірге баруға келіседі. Келесі күні Петір бірнеше достарымен бірге Корнелге бару үшін Кесарияға қарай бет алады.

Корнел болса туған-туысқандары мен жақын достарын жиып алады. Ал Петір келгенде, оны күтіп алу үшін алдынан шығады. Өзің көріп тұрғандай, ол тізерлеп, Петірдің аяғына жығылады. Бірақ Петір: “Түрегел, мен де сен сияқты пендемін ғой”,— дейді. Иә, Киелі кітап адамның алдында жығылып, оған табынуға болмайтынын көрсетеді. Тек Ехобаға ғибадат ету керек.

Енді Петір жиылғандардың бәріне уағыз айтады.

— Құдай Өзіне қызмет еткісі келгендердің бәрін қабылдайтындығын көріп тұрмын,— деп бастайды сөзін Петір. Ол әлі сөйлеп тұрған кезде, Құдай киелі рухын төгеді де, адамдардың барлығы әр түрлі тілдерде сөйлей бастайды. Петірмен бірге келген яһуди шәкірттер Құдайға яһудилер ғана ұнамды деп ойлағандықтан, қатты таң қалады. Бұдан олар Құдайдың бір нәсілді екіншісінен артық немесе жоғары санамайтындығын біледі. Бұны біз де есімізде сақтағанымыз жақсы емес пе?