54-ОҚИҒА
Ең күшті адам
ҒАЛАМДАҒЫ ең күшті адамның кім болғанын білесің бе? Самсон деген би. Самсонға күшті Ехоба берген. Самсон дүниеге келмес бұрын, Ехоба оның анасына:
— Жақында сен ұлды боласың. Ол Исраилді філістірлерден азат етеді,— деген-ді.
Філістірлер Қанаханда тұратын жауыз халық болатын. Олардың әскері көп әрі исраилдіктер осы халықтың зорлық-зомбылығынан жапа шегуде еді. Бір күні Самсон філістірлер тұратын жерге бара жатқанда, оның алдынан бір үлкен арыстан ақырып шыға келеді. Бірақ Самсон арыстанды жалаң қолмен-ақ өлтіріп тастайды. Сондай-ақ ол жүздеген жаман філістірлерді де өлтіреді.
Кейінірек Самсон Далила деген бір әйелге ғашық болып қалады. Філістірлердің басшылары: “Самсонның күшінің сырын ашып берсең, әрқайсымыз бір мың бір жүз мысқалдан күміс береміз”,— деп Далилаға уәде етеді. Ол бұл ақшаны алғысы келіп құмартады. Далила Самсонның да, Құдай халқының да нағыз досы емес еді. Сондықтан ол Самсонның күшті қайдан алатынын білгісі келіп, дамыл бермей, сырын ашуды өтіне берді.
Ақыры Далила Самсонға сырын ашқызып, күшті қайдан алатынын біліп алды.
— Менің шашым ешқашан алынбаған. Туылған кезімде Жаратқан Ие мені назир антының астындағы ерекше қызметшісі етіп таңдап алған. Егер шашымды алып тастаса, мен күшімді жоғалтамын,— деді Самсон.
Далила бұны біліп алған соң, Самсонның басын тізесіне қойып ұйықтатты да, бір адамды шақырып, оның шашын алдыртып тастады. Самсон ұйқысынан оянғанда, күшінен айырылып қалған болатын. Сосын, філістірлер келіп, Самсонды тұтқындап әкетіп, екі көзін ойып алды да, өздеріне құл етіп қойды.
Філістірлер бір күні Дагон атты құдайларына табыну үшін үлкен мереке жасап, Самсонды көңіл көтертуге алдыртады. Ол кезде Самсонның шашы қайта өсіп қалған болатын. Ол өзін жетектеп келген балаға:
— Ғимаратты ұстап тұрған бағаналарға сүйеніп тұрайыншы,— деді.
Сонда Самсон бағаналарды ұстап тұрып, Ехобадан күш сұрап дұға етті де:
— Філістірлермен бірге мен де өлейін,— деп дауыстады.
Бұл мерекеде үш мың філістір бар еді. Самсон бағаналарды орнынан жылжытып жібергенде, ғимараттың төбесі ортасына түсіп, ондағы жаман адамдардың барлығы қырылып қалды.