44-ОҚИҒА
Рахабтың тыңшыларды жасыруы
МЫНА кісілер қиын жағдайға тап болды. Бұл жерден кетулері керек, әйтпесе оларды өлтіреді. Бұлар — Исраил тыңшылары, ал оларға көмектесіп жатқан әйел — Рахаб. Рахабтың үйі Иерихон қаласын қоршап тұрған қорғанның ішіне салынған еді. Ал енді барлаушылардың қиын жағдайдан қалай құтылғандарын білейік.
Исраилдіктер Иордан өзенінен өтіп, Қанахан жеріне кіруге даяр болатын. Бірақ бұдан алдын Ешуа Қанаханға екі тыңшы жіберді. Ешуа оларға:
— Сол аймақ пен Иерихон қаласын барлап келіңдер,— деп тапсырды.
Тыңшылар Иерихон қаласына кірген соң, Рахаб деген әйелдің үйіне келді. Бірақ әлдекім Иерихонның патшасына:
— Бүгін кешке осы жерді барлауға Исраилдің екі тыңшысы келді,— деп құлақтандырды. Бұны ести сала патша Рахабтың үйіне сақшыларын жіберді де, олар оған:
— Үйіңдегі кісілерді бізге шығарып бер!— деп бұйырды. Бірақ Рахаб барлаушыларды үйінің шатырына жасырып қойған-ды. Сондықтан ол:
— Үйіме кісілердің келгені рас, бірақ олардың қай жерден келгенін білмеймін. Олар қас қарайып қаланың қақпасы жабылмас бұрын кетіп қалған. Егер тезірек арттарынан қусаңдар, ұстап аласыңдар!— деді. Ал сақшылар болса олардың артынан қуа жөнелді.
Сақшыларды жөнелткен соң, Рахаб асығыс шатырға көтерілді де, тыңшыларға:
— Мен Ехобаның осы жерді сендерге беретінін білемін. Мысырдан шыққанда Оның сендерді Қызыл теңізден қалай өткізгенін және Сигон патша мен Ог патшаны қалай өлтіргендеріңді естігенбіз. Мен сендерге жақсылық істедім, сендер де маған жақсылық істеп, ата-анам мен бауырларымды аман алып қаламыз деп уәде етіңдер,— деп өтінді.
Тыңшылар бұл өтінішті орындауға сөз берді, алайда Рахаб та бір әрекет жасауы керек еді.
— Қызыл жіп ал да, терезеңе іліп қой,— деді тыңшылар. Сосын:
— Туған-туысқандарың да түгелдей сенің үйіңе жиналсын,— деді. Біз Иерихонды жаулап алу үшін қайта оралғанда, терезеңдегі жіпті көреміз де, сенің үйіңдегі бірде-бір адамды өлтірмейміз,— деді. Осылайша олар құтылып шығып, Ешуаға көрген-білгендерін баяндады.