Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-ОҚИҒА

Рут пен Нағима

Рут пен Нағима

КИЕЛІ кітаптан сен Рут деп аталатын кітапшаны таба аласың. Бұл кітапшада Исраилде билер төрешілік етіп отырған кезде өмір сүрген бір отбасы жөнінде әңгімеленеді. Рут атты жас әйел Құдайдың халқы — исраилдіктерден емес, Моаб жерінен еді. Бірақ Ехоба Құдай жөнінде естіп білген соң, Рут оны шын жүректен жақсы көрді. Рутқа Ехобамен жақсырақ танысуға Нағима атты егде жастағы әйел көмектесті.

Нағима Исраил тегінен болатын. Ол Исраил елінде жұт басталғанда, күйеуімен бірге екі ұлын алып, Моаб жеріне көшіп кеткен еді. Бір күні Нағиманың күйеуі қайтыс болды. Көп ұзамай оның екі ұлы Рут және Орпа деген Моаб жерінің қыздарына үйленеді. Алайда шамамен он жыл өткен соң Нағиманың екі ұлы да қайтыс болады. Нағима мен екі келіншек қандай мұңға шомды десеңші! Енді Нағима не істейді?

Бір күні ол шалғайдағы өз еліне қайтпақ боп шешті. Рут пен Орпа енелерін тастап кеткілері келмей, бірге жолға шықты. Бірақ біраз жол жүрген соң, Нағима келіндеріне:

— Өз елдеріңе оралып, ата-аналарыңмен бірге өмір сүріңдер,— деді.

Ол Рут пен Орпаның бетінен сүйіп қоштасқанда, келіндері еңіреп қоя берді, өйткені олар Нағиманы өте жақсы көретін. Олар:

— Жоқ! Біз сізбен бірге еліңізге барамыз,— деді.

Бірақ Нағима:

— Қыздарым, сендер үйлеріңе қайта оралуларың керек. Солай еткендерің өздерің үшін жақсы,— деп жауап қатты.

Енесі айтқанынан қайтпаған соң Орпа қайтып кетті. Алайда Рут еліне қайтпады.

Нағима оған:

— Орпа кетіп қалды. Сен де сонымен бірге үйіңе қайт,— деді. Алайда ол:

— Сізді тастап кетуге мәжбүрлемеңіз! Өзіңізбен бірге жүруге рұқсат етіңіз. Сіз қайда барсаңыз, мен де сонда барамын. Қай жерде өмір сүрсеңіз, мен де сонда өмір сүремін. Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады. Сіз өлген жерде мен де өлемін, мені де сол жерге көмеді,— деп жауап берді. Осы сөздерден кейін, Нағима Руттың үйіне қайтуын енді қайтып талап етпеді.

Ақыр аяғында екі әйел Исраил жеріне келіп жетті. Олар осы жерде өмір сүруді шешті. Диқандардың арпа жинайтын кезеңі болғандықтан, Рут кідірместен егіс даласына жұмысқа шықты. Оған Боғоз деген кісі жиналып болған егістігінен масақ жинауға рұқсат етеді. Боғоздың анасы кім екенін білесің бе? Иерихон қаласындағы Рахаб болатын.

Бір күні Боғоз Рутқа былай деді:

— Мен сенің Нағимаға жасаған ізгі істеріңнің барлығын естідім. Ата-анаңды, өз еліңді тастап, бұрын-соңды білмеген халықтың арасында өмір сүру үшін келгеніңді де білемін. Саған Ехобаның шапағаты жаусын!

— Сіздің мейіріміңізге ие болғаймын, мырзам. Жылы сөздеріңіз жаныма жұбаныш берді,— деп жауап берді Рут.

Боғоз Рутты қатты ұнатып қалады да, көп ұзамай олар үйленеді. Нағима бұған қалайша қуанды десеңші! Боғоз бен Руттың Ғабит деген алғашқы ұлы туылғанда, Нағиманың қуанышында шек болмады. Кейінірек Ғабит Дәуіттің арғы атасы болды. Дәуіт жөнінде біз кейінірек көп нәрсе білеміз.

Рут кітабы.