Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

21-ТАРАУ

Иса Құдайдан келген даналықты ашты

Иса Құдайдан келген даналықты ашты

1—3. Бұрынғы көршілері Исаның тәлімін қалай қабылдады және олар нені ұқпады?

 ХАЛЫҚ таң-тамаша. Мәжілісханада олардың алдында Иса деген жас жігіт тәлім беріп тұр. Иса оларға бейтаныс емес: ол сол қалада өсіп, араларында біраз уақыт ағаш ұстасы болып жұмыс істеген. Тіпті кейбіреулері Иса соғуға көмектескен үйлерде тұрып немесе оның қолынан шыққан соқа мен қамыттарды қолданып жүрген де шығар a. Бірақ олар бұрын ағаш ұстасы болған кісінің тәлімін қалай қабылдады?

2 Оны тыңдағандардың көпшілігі қатты таңданып: ‘Бұған мұндай даналық қайдан біткен?’— десті. Сондай-ақ олар: ‘Өзі тек ағаш ұстасы, Мәриямның ұлы емес пе?’— деді (Матай 13:54—58; Марқа 6:1—3). Өкінішке орай, бір кездегі Исаның көршілері: “Ол біздің жерлес ағаш ұстасы, жай өзіміз сияқты адам ғой”,— деген ойда болған. Исаның сөздеріндегі даналыққа қарамастан, олар оны қабылдамаған. Негізінде, Исадағы даналық өзінікі емес еді, бірақ бұл олардың ойларына да кіріп шықпады.

3 Исаға мұндай даналық қайдан біткен? Ол: “Ілімім Менікі емес, Мені Жібергендікі”,— деген (Жохан 7:16). Елші Пауыл Исаны ‘даналығымыздың бастауы қылған’ Құдай екенін түсіндірген (Қорынттықтарға 1-хат 1:30). Ехоба өз даналығын Ұлы арқылы аян етті. Сондықтан Иса: “Әкем Екеуміз біртұтаспыз”,— дей алған (Жохан 10:30). Исаның Құдайдан келген даналықты паш еткенінің үш жолын қарастырып көрейік.

Исаның тәлімі

4. а) Исаның хабарының тақырыбы қандай еді және неге ол өте маңызды болған? ә) Неге Исаның кеңестері қолдануға әрдайым тиімді әрі пайдалы болған?

4 Алдымен, Исаның тәлімін қарастырайық. Оның хабарының тақырыбы ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабар’ болған (Лұқа 4:43). Бұл өте маңызды хабар еді, өйткені Патшалық Ехобаның атын (оған Ехобаның әділ Билеуші деген жақсаты да кіреді) киелі етеді және адамзатты мәңгілік баталарға жеткізеді. Сондай-ақ Иса тәлім бергенде, күнделікті өмірге қатысты дана кеңестер ұсынатын. Ол өзін алдын ала пайғамбарлық етілген “керемет ақылды Кеңесші” ретінде танытты (Ишая 9:6). Сондықтан қалай оның кеңесі керемет болмасын!? Оның Құдай Сөзі мен еркіне қатысты мол білімі болған, ол адамдардың болмысын жақсы түсінген және оларды өте жақсы көрген. Сол себепті оның кеңестері қолдануға әрдайым тиімді әрі пайдалы болған. Иса ‘мәңгілік өмірге жеткізетін сөздерді’ айтқан. Иә, оның кеңестерін ұстанған адам құтқарылатын (Жохан 6:68).

5. Иса Таудағы уағызында қамтыған тақырыптардың кейбірі қандай?

5 Таудағы уағыздан Исаның тәлімінде теңдесі жоқ даналық жатқаны жақсы көрінеді. Матай 5:3—7:27 тармақтардағы сөздерге сай, бұл уағыз бас-аяғы 20 минуттың ішінде айтылып шыққанға ұқсайды. Десе де ондағы кеңестер ескірмеген: айтылған кезде қаншалықты маңызды болса, қазір де тап солай. Иса аталмыш уағызында қалай өзгелермен қарым-қатынасты жақсартуға (5:23—26, 38—42; 7:1—5, 12), өнегелілік жағынан таза болуға (5:27—32) және қалай мағыналы өмір сүруге болады (6:19—24; 7:24—27) деген сияқты нәрселерді қоса алғанда, көптеген тақырыпты қамтыған. Бірақ ол ненің даналыққа жататынын айтып қана қойған жоқ, оны түсіндіру, бірге ой жүгірту және дәлелдер келтіру арқылы көрсетті де.

6—8. а) Иса уайымдаудан аулақ болуға қандай бұлтартпайтын себептер келтірді? ә) Исаның кеңестері жоғарыдан келген даналықтың көрінісі екендігі неден көрінеді?

6 Мысалы, Матай 6-тарауда Исаның байлықты ойлап уайымдамауға қатысты берген дана кеңесін қарастырып көрейікші. Ол: “Не ішіп-жейміз деп өмірлеріңді, не киеміз деп тәндеріңді уайымдамаңдар!”— деген ақыл айтты (25-тармақ). Ас пен киім — адамға қажетті басты нәрселер, әрі оларды табу үшін қамданудың еш оғаштығы жоқ. Бірақ Иса оларды ойлап, ‘уайымдамау’ керектігін айтқан b. Неге?

7 Исаның мұны қалай түсіндіретінін тыңдап көрейік. Бізге өмір мен тән берген Ехоба, сондықтан өмірімізді қолдау үшін аспен, ал тәнімізді киіммен қамтамасыз ету оның қолынан келеді емес пе? (25-тармақ) Егер Құдай құстарды қоректендіріп, ал гүлдерге керемет киім кигізіп отырса, өзінің қызметшілерінің қамын одан да бетер ойлайды емес пе!? (26, 28—30 тармақтар) Расында да, шектен тыс уайымға салынудың еш қисыны жоқ. Уайымға салынғанымыз өмірімізді бір елі де ұзартпайды c (27-тармақ). Қалай уайымнан аулақ болуға болады? Иса бізге кеңес береді: Құдайға деген ғибадат әрқашан бірінші орында тұрсын. Солай ететіндер көктегі Әкелерінің күнделікті қажеттіліктерінің бәрін ‘қосып беретініне’ сенімді бола алады (33-тармақ). Соңында Иса өте тиімді ақыл айтады: бір күндік қажеттіліктеріңді ғана ойлаңдар. Ертеңгі күннің уайымын бүгінгі күндікіне қосудың қажеті не? (34-тармақ) Оның үстіне, ешқашан болмауы мүмкін нәрселерді ойлап, орынсыз мазасыздана берудің керегі не? Осындай дана кеңестерді қолданғанымыз адамды қарбаластырып қойған қазіргі дүниеде көптеген күйзеліс пен жан азабынан сақтайды.

8 Шынымен де, Исаның берген кеңестері 2 000 жылдай уақыт бұрын қаншалықты тиімді болса, бүгінгі күні де тап солай. Бұл көктен келген даналықтың дәлелі емес пе? Тәжірибелі кеңесшілердің тіпті ең керемет деген кеңесінің өзі уақыт өте келе ескіріп, өзгерістер енгізуді талап етіп немесе басқасына ауыстыруға тура келіп жатады. Ал Исаның тәлімдері уақыт сынағынан сәтті өтті. Бірақ біз бұған таңғалмаймыз, өйткені осы керемет ақылды Кеңесші — Құдайдың сөздерін айтқан (Жохан 3:34).

Оның тәлім беру мәнері

9. Исаның тәлімі туралы сарбаздар не деді және неге бұл асыра сілтеп айтылған сөздер емес?

9 Екіншіден, Исаның тәлім беру мәнерінен Құдайдың даналығы көрінген. Бірде Исаны тұтқындауға сақшылар жіберіледі, бірақ олар құр өздері келіп: “Бірде-бір адам Ол сияқты сөйлеген емес!”— дейді (Жохан 7:45, 46). Бұл асыра сілтеп айтылған сөздер емес еді. Тарихта өмір сүрген адамдардың ешбірінің де көктен келген Исанікі іспетті зор білімі мен тәжірибесі болмаған (Жохан 8:23). Шынында да, ол сияқты ешкім тәлім бере алмайтын. Осы дана Ұстаздың тәлім беру тәсілдерінің екеуін ғана қарастырып көрейікші.

“Халық Оның тәліміне қатты қайран қалды”

10, 11. а) Неге Исаның көрнекі мысалдар арқылы тәлім беру қабілеті қайран қалдырады? ә) Астарлы әңгіме деген не және олардың Исаның тәлімін тиімді еткені қандай мысалдан көрінеді?

10 Көрнекі мысалдарды тиімді қолдану. Киелі кітапта: “Иса халыққа көрнекі мысалдармен айтты. Оларға еш нәрсені де мысалсыз айтпады”,— делінген (Матай 13:34, ЖД). Біз оның терең мәні бар шындықты күнделікті өмірдегі нәрселер арқылы түсіндіріп бере алу қабілетіне шынымен қайран қаламыз. Тұқым сеуіп жүрген диқан, қамыр ашытып жатқан әйел, базар алаңында ойнап жүрген балалар, ау салып жатқан балықшылар, жоғалған қойын іздеген қойшы — осылардың бәрі оның тыңдаушылары үнемі көріп жүрген жайттар еді. Маңызы зор шындық көпке мәлім осындай нәрселер арқылы түсіндірілгенде, бірден адамның жүрегіне жетіп, санасына терең ұялайтын (Матай 11:16—19; 13:3—8, 33, 47—50; 18:12—14).

11 Иса астарлы әңгімелерді, немесе құлықтылық және рухани жағынан өнеге болатын қысқаша әңгімелерді, жиі қолданатын. Әдетте дерексіз түсініктерге қарағанда қысқаша әңгімелерді тез ұғуға болады және олар тез есте қалады, сондықтан олар Исаның тәлімінің сақталып қалуына ықпал еткен. Көптеген астарлы әңгімесінде Иса Әкесін естен шықпайтын айқын мысалдармен суреттеген. Мысалы, адасқан ұл туралы астарлы әңгіменің мәнін — шалыс қадам жасап қойып, шын жүректен өкінген адамға Ехоба жаны ашып, қамқорлықпен қайта қабылдайтынын — кім түсінбейді дейсің? (Лұқа 15:11—32)

12. а) Тәлім бергенде Иса сұрақтарды қалай қолданған? ә) Билігіне күмән келтіргендерді Иса қалай жым қылды?

12 Сұрақтарды шебер қолдану. Исаның сұрақтары тыңдаушыларына өз беттерінше тұжырым жасауға, ниеттерін тексеруге немесе шешім қабылдауға көмектескен (Матай 12:24—30; 17:24—27; 22:41—46). Дінбасылары Исаның билікті Құдайдан алғанына күмән келтіргенде, ол: “Жақия жасаған шомылдыру рәсімі көктің еркімен болып па еді, әлде адамның еркімен бе?”— деп сұрайды. Абдырап қалған олар өзара былай пікірлеседі: “Егер “көктің еркімен” десек, Ол бізден: — Ендеше Жақияның уағызына неге сенбедіңіздер?— деп сұрайды. Ал “адам еркімен” десек, халықтың наразылығынан қаймығамыз, барлығы Жақияны пайғамбар деп санайды ғой”,— дейді. Ақырында: “Оны білмейміз”,— деп жауап береді (Марқа 11:27—33; Матай 21:23—27). Қарапайым сұрақ арқылы Иса оларды жым қылады, әрі ниеттерінің залым екендігін көрсетеді.

13—15. Қайрымды самариялық туралы астарлы әңгімесінен Исаның даналығы қалай көрінеді?

13 Кейде Иса ойландыратын сұрақтарды көрнекі мысалдарына үйлестіріп қолданатын? Яһудилердің бір заң мұғалімі мәңгілік өмірге жету үшін не талап етілетінін сұрағанда, Иса Құдайды және маңайындағы адамды сүюге қатысты Мұса заңындағы өсиетті есіне салады. Өзін әділ етіп көрсеткісі келген әлгі кісі: “Сонда “маңайымдағы адам” кім болғаны?”— деп сұрайды. Иса бір әңгіме айтып береді. Бір яһуди Иерусалимнен келе жатқанда, оны қарақшылар тонап, өзін шала-жансар етіп тастап кетеді. Оны екі яһуди көреді, олардың біріншісі — діни қызметкер, ал екіншісі леуілік болады. Бірақ екеуі де тоқтамастан өтіп кетеді. Содан соң сол жерге бір самариялық кісі келеді. Оның яһудиге жаны ашып, мейіріммен жараларын жуып-шаяды да, оңалып кетуіне жағдай жасалатын қонақ үйге алып келеді. Әңгімесін бітірерде, Иса әлгі кісіден: “Қарақшылардың қолына түскен кісіге бұл үшеуінің қайсысы “маңайындағы адам” болды деп ойлайсың?”— деп сұрайды. Ол амалсыздан: “Оған қайырымдылық көрсеткені”,— деп жауап береді (Лұқа 10:25—37).

14 Осы астарлы әңгімеден Исаның даналығы қалай көрінеді? Сол заманда “маңайындағы адам” деп яһудилер өз ережелерін ұстанатындарды ғана есептейтін. Ал самариялықтарға қатысты бұл сөзді қолданбағандары айтпаса да түсінікті (Жохан 4:9). Егер Иса әңгімесінде жапа шегушіні самариялық, ал көмектескен кісіні яһудилік етіп көрсетсе, сол кездегі алалаушылыққа тосқауыл қоя алар ма еді? Исаның әңгімесін яһуди кісіге сүйіспеншілікпен көмек көрсеткен самариялық етіп құрастырғанынан даналық байқалады. Әңгімесінің аяғында Исаның қойған сұрағына да көңіл бөлші. Ол “маңайымдағы адам” деген сөздің басқа қырын көрсетті. Заң мұғалімі, басқаша айтқанда, мынадай сұрақ қойды: “Кімге мен маңайымдағы адам ретінде сүйіспеншілік танытуым керек?” Ал Иса былай деп сұрады: “Қалай ойлайсың, үшеуінің қайсысы өзін маңайындағы адам ретінде танытты?” Иса кімге мейірімділік көрсетілгеніне емес, кімнің мейірімділік көрсеткеніне, яғни самариялық кісіге, көңіл аударды. Нағыз маңайыңдағы адам өзгенің шыққан тегіне қарамастан, бірінші болып сүйіспеншілік танытады. Иса бұл ойды басқаша жолмен осыншама әсерлі етіп жеткізе алмас еді.

15 Исаның “тәліміне” халықтың қатты қайран қалғанына және оған жақын болуға тырысқанына таңғалмаса да болады, солай емес пе? (Матай 7:28, 29) Тіпті бірде “халық көп жиналып”, жейтін тамақтары болмаса да, үш күн бойы Исамен бірге болған! (Марқа 8:1, 2)

Исаның өмір салты

16. Қалай Иса Құдайдың даналығын басшылыққа алатынын ‘іс жүзінде дәлелдеді’?

16 Үшіншіден, Исаның өмір салты Ехобаның даналығының көрінісі болған. Даналық — нақты әрекеттерден көрінетін, пайдалы қасиет. Шәкірт Жақып: “Араларыңдағы қайсың данасың?”— деп сұраған. Сосын, сұрағына өзі жауап беріп: “Мұнысын дұрыс жүріс-тұрысымен іс жүзінде дәлелдесін”,— деген (Жақып 3:13, The New English Bible). Исаның жүріс-тұрысы Құдайдың даналығын басшылыққа алатынының ‘іс жүзіндегі дәлелі’ еді. Өмір салтында да, өзгелермен қарым-қатынасында да Исаның қаншалықты есті болғанын қарастырып көрейік.

17. Исаның өмірде кемелді түрде байсалдылық танытқаны неден көрінеді?

17 Естілік жетіспейтін адамдардың бір шектен екіншісіне шығып кететінін байқағансың ба? Ал байсалды болу үшін даналық қажет. Құдайдың даналығы тән болған Иса кемелді түрде байсалдылық танытқан. Оның өмірінде рухани нәрселер бірінші орында тұрған. Иса ізгі хабарды уағыздауға көп күш салған. Ол: “Мен сол үшін де осы дүниеге келдім”,— деді (Марқа 1:38). Дүние-мүліктің ол үшін аса маңызды болмағаны түсінікті, оның дүние-мүлкі де аз болғанға ұқсайды (Матай 8:20). Алайда Иса тақуа емес еді. Иса Әкесі іспетті, ол болса “бақытты Құдай”, жайдары адам болған, әрі өзгелерге де қуаныш сыйлайтын (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД; 6:15). Бірде ол тойға — әдетте әуен ойнап, ән айтылып, жұрт мәре-сәре болып жататын жерге — барады. Иса онда тойдың шырқын бұзуға барған жоқ еді. Той иесінің шарабы таусылып қалғанда, Иса суды керемет шарапқа, “адам жүрегін көңілдендіретін” сусынға, айналдырады (Забур 103:15; Жохан 2:1—11). Ол көп рет қонақасына шақырылған және сол жерлерде жиі тәлім беретін (Лұқа 10:38—42; 14:1—6).

18. Қалай Иса өзгелермен қарым-қатынасында зор естілік көрсеткен?

18 Иса өзгелермен қарым-қатынасында да өте есті болған. Ол адам болмысын түсінгенінің арқасында шәкірттеріне қатысты дұрыс көзқарас танытқан. Иса олардың кемелді емес екенін жақсы білетін. Сөйтсе де олардың бойында жақсы қасиеттердің бар екенін көре білді. Ол Ехоба өзі жақындатып тартқан сол кісілерге үміт артуға болатынын байқады (Жохан 6:44). Кемшіліктеріне қарамастан, Иса оларға сенім артуға даяр екенін көрсетті. Соның белгісі ретінде шәкірттеріне үлкен жауапкершілік жүктеді: ізгі хабарды уағыздауды тапсырды, әрі бұны орындау қолдарынан келетініне шек келтірмеді (Матай 28:19, 20). Елшілердің істері кітабынан олардың осы тапсырманы адалдықпен орындағандары көрінеді (Елшілердің істері 2:41, 42; 4:33; 5:27—32). Иә, Исаның оларға сенім артқаны даналық болған.

19. Иса жұмсақ әрі шын жүректен кішіпейіл екенін қалай көрсетті?

19 Жиырмасыншы тараудан байқағанымыздай, Киелі кітаптан кішіпейілділік пен жұмсақтықтың даналықпен байланысы бар екендігі көрінеді. Әрине, бұған қатысты ең керемет үлгіні Ехоба көрсеткен. Ал Иса туралы не деуге болады? Оның шәкірттеріне қатысты кішіпейіл болғаны жүрекке жылы тиеді. Кемелді болғандықтан, Иса олардан барлық жағынан жоғары еді. Бірақ ол шәкірттерінің алдында дандайсымаған. Ешқашан оларды кемсітуге немесе қолдарынан түк келмейтіндей сезім тудыруға тырыспаған. Қайта, мүмкіндіктерінің шектеулі екенін ескеріп, қателіктеріне шыдамдылықпен қарайтын (Марқа 14:34—38; Жохан 16:12). Олай болса, тіпті балалардың да Исамен өздерін емін-еркін ұстағанына таңғалуға бола ма? Иса жұмсақ әрі шын жүректен кішіпейіл болғандықтан, балалардың оған үйір болғаны сөзсіз (Матай 11:29; Марқа 10:13—16).

20. Иса жын соққан қызы бар яһуди емес әйелге қатысты қалай парасаттылық танытқан?

20 Иса тағы бір жағынан кішіпейілділік танытқан. Ол мейірімділік көрсету орынды болған жерде парасатты, немесе ымырашыл, болған. Бірде яһуди емес бір әйел қатты жын соққан қызын сауықтыруды өтініп, Исаға жалбарынғанын есіңе алшы. Иса о бастан-ақ оған көмектеспейтінін үш түрлі жолмен білдіреді: оған жауап қатпай қояды; өзінің басқа ұлт адамдарына емес, яһудилерге жіберілгенін айтады; сосын, осы ойды көрнекі мысалмен зілсіз түсіндіреді. Алайда әйел өз дегенінен қайтпай қояды, мұнысымен сенімінің зор екенін көрсетеді. Осындай ерекше жағдайда Иса не істеп еді? Ол істемеймін дегенін істеп, оның қызын сауықтырды (Матай 15:21—28). Неткен кішіпейілділік! Ал кішіпейілділік нағыз даналықтың негізі екені есіңде болар.

21. Неге біз Исаға, оның сөздері мен істеріне, еліктеуге тырысуымыз керек?

21 Ізгі хабарлардан тарихтағы ең дана адамның сөздері мен әрекеттері жайында оқи алатынымызға қалайша ризамыз десеңші! Иса Әкесіне кемелді түрде еліктегенін ешқашан ұмытпайық. Оған, яғни оның сөзі мен ісіне, еліктегеніміз көктен келген даналықты дамытуымызға көмектеседі. Келесі тараудан Құдайдан келген даналықты өз өмірімізде қалай танытуға болатынын көреміз.

a Сол заманда ағаш ұсталары үй соғатын, жиһаз және ауыл шаруашылық құралдарын жасайтын. Б. з. ІІ ғасырында өмір сүрген Юстин Мученик Иса жайлы: “Адамдар арасында болғанда, оның соқа және қамыт жасап, ағаш ұстасы ретінде жұмыс істейтін дағдысы бар еді”,— деп жазды.

b “Уайымдау” деп аударылған грек тілінің етістігі “көңілдің алаңдауы” дегенді білдіреді. Матай 6:25-те бұл сөз адамның мазасы кетіп, қорқып, көңілі алаңдағандықтан қуаныштан айырылуына қатысты қолданылған.

c Ғалымдардың зерттеулері шектен тыс уайым мен стресс адамды жүрек ауруларына және өмірді қысқартатын басқа да көптеген дертке ұшырау қаупін төндіретінін көрсетіп отыр.