31-ТАРАУ
“Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”
1—3. а) Ата-ана мен нәрестенің қарым-қатынасынан адамның болмысы туралы не білуге болады? ә) Біреу бізге сүйіспеншілігін көрсеткенде әдетте не болады және біз өзімізге қандай маңызды сұрақ қоюымыз керек?
АТА-АНАЛАР жаңа туылған нәрестелерінің күлкісін тамашалауды өте жақсы көреді. Олар жиі балаға еңкейіп, езулері жиылмаған күйі елжірей сөйлеп, жауап күтеді. Бөбек көп күттірмейді: жүзіне күлкі үйіріліп, беттерінде шұқыр пайда болады да, езу тартып, жүзі жайнап сала береді. Кішкене бөбек ата-анасына бауыр басқанын осылай ғана көрсетеді, бұл — оның ата-анасының махаббатына жауап ретінде сүйіспеншілік көрсетуінің бастамасы.
2 Бала күлкісі адамның болмысы жайлы бір жайтты есімізге салады: адам сүйіспеншілікке сүйіспеншілікпен жауап береді. Біз солай жаратылғанбыз (Забур 21:10). Өсе келе, сүйіспеншілікке жауап беру қабілетіміз жетіле түседі. Бала күніңде ата-анаң мен туыстарыңның немесе достарыңның өзіңе деген сүйіспеншіліктерін қалай көрсеткені, сірә, есіңде болар. Сенің жүрегіңде жылы сезім ұялап, өсе түсіп, ақырында әрекетке ұласты. Сүйіспеншілікке сен де сүйіспеншілікпен жауап беретін болдың. Ехоба Құдаймен де қарым-қатынасың осылай дамыды ма?
3 Киелі кітапта: “Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді”,— делінген (Жоханның 1-хаты 4:19). Осы кітаптың алғашқы үш бөлімінде Ехоба Құдай өзінің күшін, әділдігі мен даналығын сенің игілігің үшін сүйіспеншілікпен танытатыны есіңе салынды. Ал 4-бөлімнен оның өз сүйіспеншілігін бүкіл адамзатқа және жеке саған қандай керемет түрде танытатынын көрдің. Енді осы жерде өте маңызды сұрақ туады: “Ехобаның сүйіспеншілігіне мен қалай жауап беремін?”
Құдайды сүю деген нені білдіреді?
4. Құдайды сүюге қатысты адамдардың түсінігі қалай бұрмаланған?
4 Сүйіспеншіліктің Қайнар көзі Ехоба сүйіспеншілік өзгелердің бойындағы жақсы қасиеттердің дами түсуіне ықпал ететін зор күшке ие екенін біледі. Опасыз адамзаттың қайтпай бүлікшіл рух танытатынына қарамастан, ол өзінің сүйіспеншілігіне кейбір адамдардың жауап қайыратынына сенеді. Миллиондаған адам солай етіп те жатыр. Алайда, бір өкініштісі, қазіргі зұлым дүниедегі діндер Құдайды сүю деген түсінікті бұрмалап жіберген. Көп адам Құдайды сүйеміз дейді, бірақ олар мұны көркем сөзбен жеткізуге болатын жай ғана сезім деп қарастыратынға ұқсайды. Құдайды сүю кішкене бөбектің ата-анасына күлу арқылы көрсеткен сүйіспеншілігі сияқты басталуы мүмкін. Бірақ ересек адамның сүйіспеншілігі мұнымен ғана шектелмейді.
5. Құдайды сүю деген нені білдіретіні Киелі кітапта қалай түсіндіріледі және неге бұл біз үшін жағымды нәрсе болу керек?
5 Өзін сүюдің нені білдіретінін Ехобаның өзі түсіндіреді. Оның Сөзінде: “Өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз”,— делінген. Олай болса, Құдайға деген сүйіспеншілік әрекеттен көрінуі керек. Рас, көп адамға біреуге мойынсұну керек деген ой тартымды болып көрінбейді. Бірақ жоғарыда келтірілген тармақта әрі қарай: “Оларды [Құдайдың өсиеттерін] орындау қиын емес”,— деген жылы сөздер айтылған (Жоханның 1-хаты 5:3). Ехобаның заңдары мен принциптері ауыртпалық болу үшін емес, қайта, біздің пайдамыз үшін берілген (Ишая 48:17, 18). Құдай Сөзі Ехобаға жақындауымызға көмектесетін принциптерге толы. Қалайша? Құдаймен қарым-қатынаста болудың үш жолын қарастырайық: байланыста болу, ғибадат ету және оған еліктеу.
Ехобамен байланыста болу
6—8. а) Ехобаны қалай ести аламыз? ә) Оқығанда Жазбаларға қалай жан бітіруге болады?
6 Осы кітаптың бірінші тарауы “Көз алдыңа Құдаймен сөйлесіп жатқаныңды елестете аласың ба?” деген сұрақтан басталған еді. Біз мұның тек қиял емес екенін көрдік. Мысалы, Мұса Құдаймен сөйлескен. Ал біз жайлы не деуге болады? Қазір адамдармен сөйлесу үшін Ехоба періштелерін жібермейді. Бірақ бүгінде бізбен байланыста болу үшін Ехоба керемет әдісті қолданады. Сонымен, оның айтқандарын біз қалай ести аламыз?
7 ‘Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылғандықтан’, біз Ехобаны оның Сөзі Киелі кітапты оқу арқылы естиміз (Тімотеге 2-хат 3:16). Сондықтан забур жыршысы Ехобаның қызметшілерін оны “күні-түні” оқуға шақырады (Забур 1:1, 2). Бұлай ету көп күш салуды талап етеді. Бірақ еңбегіміздің зая кетпесі анық. 18-тараудан көргеніміздей, Киелі кітапты көктегі Әкемізден келген құнды хатқа теңеуге болады. Сондықтан оны оқу біз үшін қажытатын іс болмау керек. Жазбаларға жан бітіре оқыған дұрыс. Мұны қалай істеуге болады?
8 Оқыған нәрсеңді көз алдыңа елестет. Киелі кітап кейіпкерлерін көріп тұрғандай қабылдауға тырыс. Олардың шыққан ортасын, жағдайын, ниеттерін түсінуге талпын. Сосын, өзіңе: “Осы үзіндіден Ехоба туралы не білдім? Оның қандай қасиетін көрдім? Ехоба менің қандай принципті білгенімді қалайды және оны өмірде қалай қолдануыма болады?”— деген сұрақтар қойып, терең ой жүгірт. Оқы, ой жүгірт және өмірде қолдан, осылай етер болсаң, Құдай Сөзі сен үшін тірі болады (Забур 76:13; Жақып 1:23—25).
9. “Адал да ақылды құл” деген кім және неге сол “құлды” мұқият тыңдағанымыз маңызды?
9 Сонымен қатар Ехоба бізге “адал да ақылды құл” арқылы сөйлейді. Иса алдын ала айтқандай, қазіргі қиыншылыққа толы соңғы күндері ‘ас-суды уақтылы беру’ үшін майланған мәсіхшілер табы тағайындалған (Матай 24:45—47, ЖД). Киелі кітаптағы тура білімге ие болуымызға көмектесуге арналған әдебиеттерді оқығанда, мәсіхшілердің кездесулері мен конгрестеріне барғанда, құл табы даярлаған рухани ас-суды қабылдаймыз. Ол Мәсіхтің құлы болғандықтан, Исаның: “Қалай тыңдайтындарыңа назар аударыңдар!”— деген сөздеріне құлақ асқанымыз абзал (Лұқа 8:18). Ехобаның бізбен құл табы арқылы байланысатынын білеміз, сондықтан оны мұқият тыңдаймыз.
10—12. а) Неге дұға Ехобаның керемет сыйы? ә) Қандай дұғалар Ехобаға ұнамды болады және оның дұғаларымызды бағалайтынына неге сенімді бола аламыз?
10 Сөйтсе де Құдаймен байланысу жөнінде не деуге болады? Біз Құдайға бірдеңе айта аламыз ба? Бұл — көңіл толқытатын ой. Егер еліңдегі ең жоғары лауазымды адамға барып, өзіңді толғандырып жүрген жайттарды айтқың келсе, оның алдына кіре аламын деп қаншалықты үміттенуіңе болар еді? Кейде тіпті мұндай әрекет жасап көрудің өзі қауіпті! Естер мен Мардохайдың заманында егер адам шақырусыз Парсы монархының алдына келсе, өмірінен айырылуы мүмкін еді (Естер 4:10, 11). Ал енді Онымен салыстырғанда ең құдіретті адами билеушілердің өзі “шегірткелердей” болатын бүкіл Ғаламды жаратқан Әлемнің Әміршісінің алдына бару туралы ойлап көрші (Ишая 40:22). Біз бұдан жан ұшыра қорқуымыз керек пе? Әрине, жоқ!
11 Ехобаға кез келген адам жақындай алады: ол бізге дұға ету мүмкіндігін берген. Тіпті жас бала да Исаның атынан сеніммен Ехобаға дұға ете алады (Жохан 14:6; Еврейлерге 11:6). Дұға жан дүниеміздегі құпия ой-ниетімізді де, тіпті еңсемізді басқан, айтуға сөз таппайтын сезімдерімізді де жеткізуге мүмкіндік береді (Римдіктерге 8:26). Ехобаны шешендігімізбен де, тілмарлығымызбен де, ұзақ, ұзын сонар дұғаларымызбен де таңғалдыра алмаймыз (Матай 6:7, 8). Сөйтсе де Ехоба дұғаларымыздың ұзақтығы мен жиілігіне шектеу қоймайды. Оның Сөзі тіпті ‘үздіксіз сиынуға’ шақырады (Салониқалықтарға 1-хат 5:17).
12 Тек Ехобаның ғана “дұғаны Тыңдаушы” деп аталатынын есіңе алшы, сондай-ақ ол бізді шынайы жанашырлықпен тыңдайды (Забур 65:2, ЖД; [64:3]). Бірақ ол адал қызметшілерінің дұғаларын амалсыздан тыңдай ма? Жоқ, шындығына келгенде, дұғаларымыз оған өте ұнайды. Ехобаның сөзінде мұндай дұғалар түтеткенде аңқыған иісі жанды жадырататын хош иісті заттарға теңеледі (Забур 140:2; Аян 5:8; 8:4). Шын жүректен айтқан дұғаларымыздың хош иісті зат іспетті әрі Әлемнің Әміршісіне ұнамды екені жұбаныш береді емес пе? Сондықтан егер Ехобаға жақындағың келсе, жиі — күнделікті — кішіпейілділікпен дұға ет. Көңіліңдегінің түгін қалдырмай айт (Забур 61:9). Дұғаңда көктегі Әкеңе уайымыңды, қуанышыңды, ризашылығыңды айт, оны мадақта. Нәтижесінде, қарым-қатынастарың одан сайын нығая беретін болады.
Ехобаға ғибадат ету
13, 14. Ехобаға ғибадат ету деген нені білдіреді және неге ол бұған лайық?
13 Ехоба Құдаймен байланысқанда, досымыз не туысымызбен әңгімелесіп жатқандай, жай тыңдап немесе сөйлесіп қана қоймаймыз. Біз оған ғибадат етеміз, яғни құрметтеп, оған тиесілі мадақ айтамыз. Біздің бүкіл өміріміз шынайы ғибадатпен байланысты. Ғибадатымыз арқылы оған деген шын жүректен шыққан сүйіспеншілігіміз бен берілгендігімізді көрсетеміз, әрі ғибадатымыз жер мен көктегі Ехобаның бүкіл адал жаратылыстарын біріктіреді. Елші Жохан алған аянында келесі бұйрықты жариялап бара жатқан періштенің даусын естіген: “Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып тағзым етіңдер!” (Аян 14:7)
14 Неге Ехобаға ғибадат етуіміз керек? Осы кітапта талқыланған киелілік, күш, ұстамдылық, әділдік, батылдық, мейірімділік, даналық, кішіпейілділік, сүйіспеншілік, мейірімді рақым, шексіз берілгендік және ізгілік сияқты қасиеттер жайында ойланып көрші. Біз Ехобаның осы құнды қасиеттердің ең жоғарғы, кемелді бейнесі екенін көрдік. Осы қасиеттерді жан-жақты түсінуге тырысқанда, оның соншама керемет әрі ұлы Тұлға ғана емес екендігін ұғынамыз. Оның салтанаттылығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ал бізден қаншалықты жоғары екендігіне тіпті адам ақылы жетпейді (Ишая 55:9). Ехобаның Әлемнің құқылы Билеушісі және біздің ғибадат етуімізге лайық екендігінде еш күмән жоқ. Олай болса, оған қалай ғибадат етуіміз керек?
15. Қалай біз Ехобаға “Оның Рухына кенеліп, шындықпен” ғибадат ете аламыз және мәсіхшілердің кездесулерінде бізге қандай мүмкіндік беріледі?
15 Иса: “Құдайдың Өзі — Рух. Сондықтан Оған сиынатындар Оның Рухына кенеліп, шындықпен сиынуға тиіс”,— деген (Жохан 4:24). Бұл Ехобаның киелі рухына мойынсұнып, сенім мен сүйіспеншілік таныта отырып, шын жүректен ғибадат етуді білдіреді. Сондай-ақ бұл шындықпен — Құдай Сөзіндегі тура білімге сай — ғибадат етуді де білдіреді. Бауырластармен бас қосқанда, Ехобаға “Оның рухына кенеліп, шындықпен” ғибадат етудің керемет мүмкіндігі туады (Еврейлерге 10:24, 25). Ал шынайы ғибадат еткенде — Ехобаны мадақтап ән айтқанда, бірігіп дұға еткенде және оның Сөзі талқыланғанда мұқият тыңдап әрі атсалысқанда — оған деген сүйіспеншілігімізді көрсетеміз.
16. Шынайы мәсіхшілерге берілген ең ұлы өсиеттердің бірі қандай және неге біз оған мойынсұнуды қалаймыз?
16 Ел алдында Ехобаны мадақтап, ол туралы өзгелерге айтқанымыз да ғибадат етуге жатады (Еврейлерге 13:15). Иә, Ехобаның Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздау — шынайы мәсіхшілерге берілген ең ұлы өсиеттердің бірі (Матай 24:14). Біз оған бар ықыласымызбен мойынсұнамыз, өйткені Ехобаны сүйеміз. “Осы күнәкар дүниенің “тәңірі” Шайтан Ібіліс Ехоба туралы залымдықпен лақап таратып, сенбейтіндердің ‘саналарын соқыр қылып’ жатқаны турасында ойланғанда, осындай жалған сөздерді әшкерелеп, Құдайдың Куәгері ретінде қызмет етуге деген зор ықылас пайда болады емес пе? (Қорынттықтарға 2-хат 4:4; Ишая 43:10—12) Ал Ехобаның ғажап қасиеттері туралы ой жүгірткенде, бойымызда ол туралы өзгелерге айтуға деген талпыныс оянады емес пе? Расында да, біз үшін өзгелердің көктегі Әкеміз туралы білуіне және сүйіспеншілік дамытуына көмектесуден артық мәртебе жоқ.
17. Ехобаға деген ғибадатымызға тағы не кіреді және неге біз мінсіздікпен ғибадат етуге тиіспіз?
17 Ехобаға ғибадат ету мұнымен ғана шектелмейді. Ол өміріміздің әрбір саласын қамтиды (Қолостықтарға 3:23). Егер Ехобаны шынымен Билеушіміз деп қабылдайтын болсақ, барлық жағдайда — отбасында, жұмыста, өзгелермен қарым-қатынасымызда, демалғанда — оның еркін орындауға тырысамыз. Біз оған ‘шын жүректен’, мінсіз қызмет етуді қалаймыз (Шежірелер 1-жазба 28:9). Мұндай ғибадат Ехобаға қызмет етіп жүргенсіп, бірақ екіжүзділікпен ауыр күнә жасай беріп, екі ойлы болуға немесе екі жақты өмір кешуге жол бермейді. Мінсіздік бар жерде екіжүзділікке орын жоқ, ал сүйіспеншілік бар жерде екіжүзділік жеркенішті көрінеді. Құдай алдындағы қорқыныштың да пайдасы зор. Киелі кітапта Ехобаны осылайша айрықша құрметтеу онымен үнемі ‘тығыз қарым-қатынаста’ болумен байланыстырылады (Забур 25:14, ЖД; [24:14]).
Ехобаға еліктеу
18, 19. Кемелсіз адам да Ехоба Құдайға еліктей алады деп ойлау неге ақылға қонымды нәрсе?
18 Осы кітаптың әр бөлімі ‘сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алуымызға’ көмектесетін тараумен аяқталады (Ефестіктерге 5:1). Кемелсіз екендігімізге қарамастан, Ехобаның күшін, әділдігін, даналығын және сүйіспеншілігін қалай қолданатынына шынымен еліктей алатынымызды есте ұстағанымыздың маңызы зор. Құдіреті шексіз Құдайға шынымен еліктеуге болатынын қайдан білеміз? Ехобаның есімі өз еркін жүзеге асыру үшін, ол кім болуды қаласа, сол бола алатынын білдіретінін есіңе алшы. Біз оның осындай қабілетіне қайран қаламыз, бұлай ету дұрыс та, бірақ бұл оған еліктеу мүмкін емес дегенді білдіре ме? Жоқ.
19 Біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғанбыз (Жаратылыс 1:26). Сондықтан жер бетіндегі ешқандай жаратылыс адаммен теңестіруге келмейді. Адам баласы тек түйсік сезіміне немесе генетикалық ерекшеліктерге не сыртқы жайттарға ғана тәуелді емес. Ехоба бізге құнды сый берген, бұл — ерік бостандығы. Мүмкіндіктеріміздің шектеулі әрі кемелсіз екендігімізге қарамастан, қандай болуды қалайтынымызды өз еркімізбен шешеміз. Оның үстіне, есіңде болса, Құдайдың есімінің мағынасына сай, ол өзінің қызметшілерінің де қандай болғанын қаласа, сондай болғыза алады. Күшін дұрыс қолданатын, сүйіспеншілікке толы, дана да әділ адам болғың келер ме еді? Ехобаның киелі рухының арқасында сен тап сондай бола аласың! Сонда қаншама жақсылық істей алатыныңды ойлап көрші!
20. Ехобаға еліктер болсақ, қандай жақсы іс атқарамыз?
20 Сен көктегі Әкеміздің жүрегін қуанышқа бөлейсің (Нақыл сөздер 27:11). Тіпті Ехобаны барынша ‘риза қыласың’, өйткені ол мүмкіндіктеріңнің шектеулі екенін біледі (Қолостықтарға 1:9, 10). Сүйікті Әкемізге еліктеп, жақсы қасиеттерді дамыта берсең, керемет артықшылықтарға ие боласың. Құдайдан безген қара түнектегі дүниеде сен сәуле шашқан нұр іспетті боласың (Матай 5:1, 2, 14). Дүние жүзіндегі адамдарға Ехобаның салтанатты ұлылыққа толы болмысының кейбір қырларының нұрын көре алуға көмектесесің. Неткен мәртебе!
“Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”
21, 22. Ехобаны сүйетіндердің бәрінің алдында қандай бітпейтін сапар жатыр?
21 Жақып 4:8-де жазылған осы қарапайым шақыру — алдымызға қоюымыз керек мақсат қана емес. Бұл — сапар. Адалдығымызды сақтай берер болсақ, бұл сапар ешқашан аяқталмайды. Біз Ехобаға жақындаған үстіне жақындай түсеміз. Негізінде, біз үнемі ол туралы көбірек біле береміз. Әрине, бұл кітапта Ехобаның болмысының қыр-сырын толық қамту мүмкін емес. Біз Киелі кітапта Құдай туралы айтылған нәрселердің жалт еткен ұшқынын ғана қарастырдық! Тіпті Киелі кітаптың өзінде де Ехоба жайлы барлық нәрсе айтылмаған. Елші Жоханның ойынша, Исаның жердегі қызметінің кезінде не істегенін қағаз бетіне түсірер болса, ‘жазылуға тиісті кітаптар бұл дүниеге сыймас еді’ (Жохан 21:25). Егер Ұлы жайлы осылай дер болсақ, Әкесі туралы не деуге болады!?
22 Ехобаны толық танып білуімізге тіпті мәңгілік өмірдің өзі жеткіліксіз (Екклесиаст 3:11). Олай болса, бізді алда не күтіп тұрғанын ойлашы. Жүздеген, мыңдаған, миллиондаған, тіпті миллиардтаған жыл өмір сүргеннен кейін, біздің Ехоба Құдай туралы білімімізді қазіргімен салыстыруға да келмейтін болады. Соған қарамастан әлі де білуіміз керек нәрсенің сансыз көп екенін ұғынатын боламыз. Ехобаны жақсырақ тани түсуге деген ықыласымыз зор болады, өйткені біз де: “Құдайға жақын болғаным қандай игі!”— деген забур жыршысы сияқты сезімде боламыз (Забур 72:28). Мәңгілік өмір сондай мағыналы әрі танып білетін нәрселер сонша көп болады, ал Ехобаға жақындау мәңгілік бойы ерекше бақыт пен қанағат сезіміне бөлей береді.
23. Сен не істеуге шақырыласың?
23 Ехобаны шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүйіп, оның сүйіспеншілігіне өз лебізіңді қазір білдіре бер (Марқа 12:29, 30). Сенің сүйіспеншілігің адал әрі баянды болсын. Күнделікті қабылдайтын шешімдеріңнен, мейлі ол қандай болмасын, әрқашан көктегі Әкеңмен қарым-қатынасыңды бұрынғыдан да нығайта түскің келетіні көрініп тұрсын. Ал ең бастысы, Ехобаға жақындай бергейсің, сонда ол да мәңгілік бойы саған жақындаған үстіне жақындай береді!