2-ТАРАУ
Біз шынында да Құдайға жақындай аламыз ба?
1, 2. а) Көп адамға не нәрсе мүмкін еместей көрінеді, бірақ Киелі кітап бізді неге сендіреді? ә) Ыбырайым қандай мәртебеге ие болған және неге?
ЕГЕР көк пен жердің Жаратушысы сен туралы: “Бұл менің досым”,— десе, қандай сезімде болар едің? Көп адам үшін бұлай болуы мүмкін еместей көрінеді. Расында да, қалайша қарапайым пенде Ехоба Құдайдың досы бола алмақ? Сөйтсе де Киелі кітап бізді Құдайға шынымен де жақындай алатынымызға сендіреді.
2 Ерте заманда өмір сүрген Ыбырайым Құдаймен осындай тығыз қарым-қатынаста болған. Ехоба оны досым деп атаған (Ишая 41:8, сілтемені қара). Иә, Ехоба Ыбырайымды досым деп есептеген. Ыбырайым мұндай мәртебеге ‘Құдайға сенгендіктен’ ие болған (Жақып 2:23). Бүгінгі күні де Ехоба өзіне қызмет ететіндермен достығын нығайтудың әрі оларға “сүйіспеншілік танытудың” мүмкіндіктерін іздейді (Заңды қайталау 10:15). Оның Сөзі бізді: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— деп шақырады (Жақып 4:8). Бұл сөздерден шақыруды да, уәдені де байқауға болады.
3. Ехоба бізді не істеуге шақырады және мұның қандай уәдемен байланысы бар?
3 Ехоба бізді өзіне жақындауға шақырады. Ол бізді досы ретінде қабылдауға дайын, әрі солай етуді қалайды да. Сонымен қатар егер біз оған жақындауға қадамдар жасар болсақ, ол өзі де солай етуді уәде етеді. Иә, ол да бізге жақындайды. Осылайша нағыз құнды нәрсеге — “Ехобамен тығыз қарым-қатынасқа” a — ие боламыз (Забур 25:14, ЖД; [24:14]).
4. Жан досты қалай суреттер едің және Ехоба да өзіне жақындағысы келетіндермен осындай дос болатынын қалай көрсетеді?
4 Сенім арта алатын жан досың бар ма? Мұндай дос сенің қамыңды ойлайды. Адал екенін дәлелдегендіктен, сен де оған сенесің. Онымен қуанышыңмен бөліссең, қуанышыңа қуаныш қосылады. Ал мұңыңды шақсаң, жанашырлықпен тыңдағаны қасіретіңді жеңілдетеді. Сені ешкім түсінбейтіндей болып көрінсе де, ол түсінеді. Тап сол сияқты Құдайға жақындағанда, өзіңді шынымен бағалайтын, шын көңілден қамыңды ойлайтын әрі сені толығымен түсінетін Тұлғаның жан досы боласың (Забур 102:14; Петірдің 1-хаты 5:7). Оның адал адамға адалдық танытатынын білесің, сондықтан оған жан дүниеңдегі бар сезіміңді сеніп тапсыра аласың (Забур 18:25, ЖД). Алайда Құдайдың өзі жол ашпаса, онымен мұндай достық қарым-қатынас дамыту мәртебесіне ие болу мүмкін емес.
Ехоба жол ашты
5. Ехоба өзіне жақындауымызға мүмкіндік беру үшін не істеді?
5 Күнәкар болғандықтан, Құдайға ешқашан өздігімізден жақындай алмас едік (Забур 5:5). Елші Пауыл: “Дегенмен, әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті! Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді”,— деп жазды (Римдіктерге 5:8). Бірақ Ехоба Исаны “көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін” жіберген (Матай 20:28). Құдайға жақындауымызға мүмкіндік беріп отырған — біздің осы төлем құрбандығына деген сеніміміз. Құдай “бізді алдымен сүйді”, осылайша өзімен достасуымызға негіз қалады (Жоханның 1-хаты 4:19).
6, 7. а) Ехобаның жасырын, танып-білуге болмайтын Құдай емес екенін қайдан білеміз? ә) Ол өзін қандай жолдармен танытады?
6 Ехоба тағы бір қадам жасады. Ол бізге өзін танытты. Кез келген айнымас достықтың негізі адамды жақсы біліп, оның қасиеттері мен іс-әрекеттерін бағалау болып табылады. Сондықтан Ехоба жасырын, танып-білуге болмайтын Құдай болса, оған ешқашан жақындай алмас едік. Бірақ ол өзін жасырмайды, қайта, білгенімізді қалайды (Ишая 45:19). Оған қоса, Ехоба өзін бәрі, тіпті осы дүниенің талабы бойынша қарапайым болып есептелетіндер де, біле алатындай етіп танытады (Матай 11:25).
7 Сонда Ехоба өзін қалай танытады? Жаратылыстары арқылы оның болмысының белгілі бір қырларын білуге болады. Ол — орасан зор күш иесі, оның даналығы түпсіз, ал сүйіспеншілігі шексіз (Римдіктерге 1:20). Бірақ ол өзін жаратылыстары арқылы ғана танытып қоймайды. Ехоба Киелі кітап арқылы өзі жайлы жазбаша түрде де ашқан.
Ехоба өзінің қандай екенін Сөзі арқылы ашады
8. Неге Киелі кітапты Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігінің дәлелі деуге болады?
8 Киелі кітап — Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігінің дәлелі. Киелі кітапта ол өзі туралы айтқанда, біз түсіне алатын сөздерді қолданады. Осылайша бізге деген сүйіспеншілігін ғана емес, өзін танып-білгенімізді әрі сүйгенімізді қалайтынын да көрсетеді. Осы бағалы кітап Ехобаға жақындауымызға мүмкіндік береді (Забур 1:1—3 ЖД). Ехобаның өзін жүрекке жылы сөздермен қалай суреттегенін кейбір мысалдардан қарастырып көрейік.
9. Киелі кітапта Құдайдың қасиеттері жайлы жазылған қандай тармақтар бар?
9 Жазбаларда Ехобаның қасиеттері көрсетілген тармақтар көп. Солардың кейбіріне көңіл бөліп көрейік: “Ехоба әділеттілікті сүйеді” (Забур 37:28, ЖД; [36:28]). “Тәңірдің құдіреті сонша зор” (Ишая 40:26). “Мен шексіз берілгенмін,— дейді Ехоба” (Еремия 3:12, ЖД). “О, неткен бай Құдайдың даналығы” (Римдіктерге 11:33). “Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, сүйіспеншілігі берік, әрдайым сөзінде тұрады” (Мысырдан шығу 34:6). “Уа, кешіруге дайынсың” (Забур 86:5, ЖД; [85:5]). Алайда, алдыңғы тарауда айтылып өткендей, Құдайдың ең негізгі қасиеті бар: “Құдай — сүйіспеншілік” (Жоханның 1-хаты 4:8). Осы керемет қасиеттердің үстінен ой жүгірткенің сені ешкім тең келмейтін Құдайымызға жақындауға талпындырады емес пе?
10, 11. а) Ехоба өз Сөзінде болмысын анығырақ түсінуіміз үшін не жайында жаздырған? ә) Қандай мысал Құдайдың өз күшін іс жүзінде көрсеткенін елестетуімізге көмектеседі?
10 Қасиеттері жайында айтуымен қатар Ехоба сүйіспеншілікпен өз Сөзінде сол қасиеттерін іс жүзінде қалай көрсеткені жөнінде де жаздырған. Бұл біздің санамызда оның болмысының сан-алуан қырларын анағұрлым анық түсінуімізге көмектесетін айқын бейнелер тудырады. Ал бұл оған жақындай түсуімізге ықпал етеді. Осындай бір мысалды қарастырып көрейік.
Киелі кітап Ехобаға жақындауымызға көмектеседі
11 Құдайдың “құдіреті сонша зор” екені жайында оқу бір бөлек (Ишая 40:26). Ал оның исраилдіктерді Қызыл теңіз арқылы азат етіп, сосын 40 жыл бойы шөл далада қамқорлап жүргені жайында оқу бір бөлек. Көз алдыңа елестетші: таудай толқындар барған сайын биіктеп, көтеріліп қақ айырылып бара жатыр. 3 000 000-дай халық зор қабырғадай тіп-тік болып қатып қалған судың арасындағы теңіздің құрғақ түбімен өтіп жатыр (Мысырдан шығу 14:21; 15:8). Сондай-ақ Құдайдың шөл далада қандай қамқоршы болғанын да елестетуіңе болады: ол жартастан су ағызды; жерде пайда болатын ақ дәнге ұқсайтын аспен қамтамасыз етті (Мысырдан шығу 16:31, 17:6). Осылай Ехоба зор күші бар екенін ғана емес, оны өз халқының игілігі үшін қолданатынын да көрсеткен. Бұл ‘панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміздің’, құдіретті Құдайдың, құлағына дұғаларымыздың жететініне сендіре түседі емес пе? (Забур 45:2)
12. Қалай Ехоба өзін “көре алуымыз” үшін біз түсінетін сөздерді қолданады?
12 Рух болып табылатын Ехоба өзін танып-білуімізге көмектесу үшін бұдан да көп нәрсе істеді. Адам болған соң біз тек көзге көрінетін заттарды ғана көріп, рухани әлемге үңіле алмаймыз. Құдай өзін рухани сөздермен суреттер болса, бұл іштен соқыр болып туған адамға көзіңнің түсі не бетіңдегі сепкіл сияқты ерекшеліктерді түсіндіруге тырысумен тең болар еді. Бірақ Ехоба біз түсінетін сөздерді қолданып, өзін “көре алуымыз” үшін сүйіспеншілікпен қол ұшын беруде. Кейде ол метафоралар мен мысалдарды қолданып, өзін біз білетін нәрселерге теңейді. Ол тіпті өзін адамға тән ерекшеліктермен суреттейді b.
13. Ишая 40:11-ді оқығанда, санаңда қандай бейне пайда болады және бұл саған қалай әсер етті?
13 Ишая 40:11-де Ехобаның қалай бейнеленгеніне көңіл аударшы: “Тәңір Ие оларды ізгі шопандай бағады: “қозыларын” қолына алып, кеудесіне басып көтеріп... жүреді”. Ехоба мұнда қозыларын “қолына алып” жүретін бақташыға теңелген. Бұл Құдайдың өз халқын, әсіресе жаны нәзік адамдарды, қорғап, қолдай алатындығына нұсқайды. Адал болсақ, біз өзімізді оның құдіретті қолында қауіпсіз сезінеміз, ол бізді ешқашан тастамайды (Римдіктерге 8:38, 39). Ұлы Бақташы қозыларын “кеудесіне басып жүреді”, бұл тіркес бақташының кейде жаңа туған қозыларды сырт киімінің кең қатпарларына орап алып жүретініне нұсқайды. Иә, Ехоба бізді аялап, мәпелеп қамқорлайды. Осыны біле тұра, оған жақындай түскің келері сөзсіз.
‘Ұлы Әкесін білдіргісі келеді’
14. Неге Ехоба Иса арқылы өзін ең керемет түрде танытады деуге болады?
14 Ехоба Киелі кітапта сүйікті Ұлы Иса арқылы өзін ең керемет түрде танытады. Ешкім де Құдайдың ойы мен сезімін Иса сияқты айнытпай көрсете де, немесе соншама айқын түсіндіре де алмас еді. Оның үстіне, рухани тіршілік иелері де, физикалық әлем де жаратылмас бұрын ол Әкесінің қасында бірге болған (Қолостықтарға 1:15, сілтемеге қара). Иса Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болған. Сол себепті: “Рухани Ұлының шынымен кім екенін Әкесінен өзге ешкім де білмейді. Әкенің кім екенін де жалғыз рухани Ұлы ғана біледі, әрі Ол Әкесін кімдерге білдіргісі келсе, солар да Оны жақыннан таниды”,— деп айта алған (Лұқа 10:22). Адам ретінде жерде болған кезінде, Иса Әкесін екі жолмен танытты.
15, 16. Иса қандай екі жолмен Әкесін жақыннан танытты?
15 Біріншіден, Исаның тәлімі Ехобаны жақыннан тануымызға көмектеседі. Иса Әкесін біздің жүрегімізге жететін сөздермен суреттеген. Мысалы, Құдай күнәсіне өкінгендерді мейірімділікпен қабылдайтынын түсіндіру үшін Иса Ехобаны ысырапшыл адасқан ұлын көргенде, жүрегі елжіреп, алдынан жүгіріп шығып, бауырына басып, аялап ұлының бетінен сүйген кешірімшіл әкеге теңеген (Лұқа 15:11—24). Сонымен қатар Ехоба әрбір адамды жеке жақсы көргендіктен, Иса оны әділ жандарды өзіне “жақындатып тартатын” Құдай ретінде бейнелеген (Жохан 6:44). Тіпті титтей торғай екеш торғайдың да жерге құлағаны оған мәлім. “Қорықпаңдар,— деп түсіндірді Иса,— сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29, 31) Мұндай қамқор Құдайға кім жақындағысы келмейді!?
16 Екіншіден, Иса Ехобаның қандай екенін іс жүзінде көрсетті. Әкесінің болмысын айнытпай көрсеткені соншалық, ол: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— дей алды (Жохан 14:9). Сондықтан Інжілден Иса туралы, яғни оның сезімдері мен өзгелерге қалай қарағаны туралы оқығанда, оның Әкесін көргендей сезім туады. Сөзсіз, Ехоба өзіне тән қасиеттерді басқаша жолмен мұншалықты анық етіп көрсете алмас еді. Неге бұлай деуге болады?
17. Өзінің қандай екенін түсінуімізге көмектесу үшін Ехобаның не істегенін мысал арқылы көрсет.
17 Мынадай мысалды қарастырып көрелік: біреуге қайырымдылық дегеннің не екенін түсіндіруге тырысып жатырсың делік. Әрине, сен мұны сөзбен де түсіндіріп бере аласың. Бірақ шынымен қайырымды әрекет етіп жатқан адамды көрсетіп: “Қайырымдылық деген, міне, осы”,— десең, қайырымдылық сөзінің мағынасы тереңдей түсіп, түсіну де оңай болады. Өзінің қандай екенін түсінуімізге көмектесу үшін Ехоба да осылай еткен. Ол өзін сөзбен ғана суреттеп қоймай, қандай екенін Ұлының үлгісі арқылы да көрсетті. Иса Құдайдың қасиеттерін іс жүзінде танытты. Ехоба Исаның Інжілдегі бейнесі арқылы, былайша айтқанда: “Міне, мен осындаймын”,— дейді. Алайда Киелі кітапта жер бетінде болған Исаның бейнесі қалай суреттеледі?
18. Қалай Иса күш, әділеттілік және даналық танытқан?
18 Иса Құдайдың төрт негізгі қасиетін керемет түрде көрсеткен. Оның ауру-сырқауға, аштыққа, тіпті өлімге үстемдік ететін күші болған. Бірақ күшін теріс қолданатын өзімшіл адамдар сияқты емес, ол ешқашан керемет жасайтын күшін өз пайдасына не өзгелерге қиянат жасау үшін қолданбаған (Матай 4:2—4). Ол әділдікті сүйген. Адамдарды қанап жатқан арамза саудагерлерді көргенде, оны әділетті ашу билеген (Матай 21:12, 13). Ешкімді алаламай, жарлы-жақыбайлар мен еңсесі басылғандарға қамқорлық көрсетіп, ‘жандарының рақатқа бөленуіне’ көмектескен (Матай 11:4, 5, 28—30). “Сүлеймен патшадан да мәртебесі зор” Исаның тәлімінен орасан мол даналық байқалып тұратын (Матай 12:42). Сөйтсе де ол ешқашан даналығын елдің көзіне түсу үшін қолданбаған. Оның тәлімі анық, түсінуге жеңіл әрі пайдалы болғандықтан, қарапайым адамдардың жүрегіне жеткен.
19, 20. а) Қалай Иса сүйіспеншілік танытудың керемет үлгісі болған? ә) Исаның өмірі жайында оқып, ой жүгірткенде нені есте ұстағанымыз жөн?
19 Иса сүйіспеншілік танытудың керемет үлгісі болған. Қызметінің барысында ол, жанашырлық пен аяушылықты қоса алғанда, сүйіспеншіліктің көптеген қырларын танытқан. Өзгелердің қайғысын көргенде, оның жаны ауырмай тұрмайтын. Олардың мұқтаждықтарына деген сезімталдығы оны әрқашан әрекетке талпындырып отырған (Матай 14:14). Иса ауруларды жазып, ашыққандарды тамақтандырғанмен, оның жанашырлығы әлдеқайда маңызды нәрседе де танылған. Ол өзгелерге адамзатты мәңгілік баталарға жеткізетін Құдай Патшалығы туралы шындықты ашып, оны қабылдауға әрі сүюге көмектескен (Марқа 6:34; Лұқа 4:43). Оның үстіне, Иса адамзат үшін даярлықпен өз жанын қию арқылы жанқиярлық сүйіспеншілік көрсетті (Жохан 15:13).
20 Көріп отырғанымыздай, Иса бойынан жылулық сезіліп тұратын, сезімтал кісі болған. Сондықтан осындай кісіге әр түрлі жастағы, әр түрлі ортадан шыққан адамдардың жақындауға ықыласты болғанына таңғалуға бола ма? (Марқа 10:13—16) Алайда Исаның өмірі жайында оқып, ой жүгірткенде, Ұлы Әкесінің болмысының дәлме-дәл сипаты екенін есте ұсталық (Еврейлерге 1:3).
Зерттеуге арналған құралдың көмегі
21, 22. Ехобаны іздеу нені білдіреді және зерттеуге арналған осы құрал бізге қалай көмектеседі?
21 Киелі кітап арқылы өзін соншалықты анық етіп танытуымен Ехоба біздің өзіне жақындағанымызды қалайтындығына еш күмән қалдырмайды. Сөйте тұра, ол өзімен жылы қарым-қатынаста болуға мәжбүрлемейді. “Әлі кеш болмай тұрғанда” Ехобаны іздеу — өз жауапкершілігіміз (Ишая 55:6). Ехобаны іздеу Киелі кітапта айтылған оның қасиеттері мен жолдарын білуден тұрады. Қазір өзің оқып отырған зерттеуге арналған құрал сен үшін жақсы көмек болады.
22 Сен бұл кітаптың төрт бөлімнен тұрып, Ехобаның басты төрт қасиетіне — күш, әділеттілік, даналық және сүйіспеншілікке — жеке-жеке көңіл аударатынын көресің. Әрбір бөлім талқыланатын қасиетке шолу жасаумен басталады да, кейінгі бірнеше тарауда Ехобаның сол қасиетті қалай жан-жақты танытатыны қарастырылады. Сондай-ақ әр бөлімде оны Исаның қалай танытқандығын көрсететін тарау, сонымен қатар біздің қалай танытуымызға болатындығы талқыланатын тарау да болады.
23, 24. а) “Ой жүгіртуге арналған сұрақтар” айдарының ерекшелігін түсіндір. ә) Қалай ой жүгірту Құдайға жақындауға көмектеседі?
23 Осы тараудан бастап бір ерекшелік бар: “Ой жүгіртуге арналған сұрақтар”. 24-беттегі қоршауға қарашы. Ондағы Жазба орындары мен сұрақтар тарауды қайталауға арналмаған. Олардың мақсаты — талқыланған тақырыптың өзге жақтары жөнінде ой жүгіртуіңе көмектесу. Оны қалай тиімді қолдануыңа болады? Жазба орындарының әрқайсысын ашып, мұқият оқы. Сосын, оларға берілген сұрақты оқып, жауабының үстінен ой жүгірт. Қосымша зерттеу жүргізуіңе де болады. Өзіңе қосымша сұрақтар қой: “Бұдан Ехоба туралы не білдім? Бұл менің өміріме қалай әсер етеді? Өзгелерге көмектесу үшін мұны қалай қолдануыма болады?”
24 Осылай ой жүгірткеніміз Ехобаға жақындай түсуімізге көмектеседі. Неге бұлай деуге болады? Киелі кітапта ой жүгірту жүрекпен, немесе адамның жан дүниесімен, байланыстырылады (Забур 18:15). Құдай туралы алған біліміміздің үстінен ризашылықпен ой жүгірткенде, ол бейнелі жүрегімізге жетіп, көңілімізге ұялайды да, ой-қалпымызға әсер етіп, сезімімізді оятады, ал ақыр аяғында әрекетке талпындырады. Осылайша Құдайға деген сүйіспеншілігіміз тереңдеп, ал бұл өз кезегінде, аяулы Досымыз ретінде Құдайға ұнамды болуға талпындырады (Жоханның 1-хаты 5:3). Мұндай қарым-қатынаста болу Ехобаның қасиеттері мен жолдарын білуді талап етеді. Сондықтан, ең алдымен, Құдайға жақындауымызға келелі негіз болатын оның болмысының бір қырын, киелілігін, қарастырайық.
a “Тығыз қарым-қатынас” дегеннің астарында жан доспен сырласу деген ой жатыр.
b Мысалы, Киелі кітапта Құдайдың көзі, құлағы, аузы, қолы, табаны бар екендігі айтылған (Мысырдан шығу 13:14; Ишая 66:1; Матай 4:4; Петірдің 1-хаты 3:12). Ехоба ‘қорғанымыз’ не ‘қалқанымыз’ дегенді тура мағынада түсінбейтініміз сияқты, бұл бейнелі сөздерді де тікелей түсінбеу керек (Заңды қайталау 32:4; Забур 118:114).