Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

47-ТАРАУ

Қыз өмірге оралды!

Қыз өмірге оралды!

МАТАЙ 9:18, 23—26 МАРҚА 5:22—24, 35—43 ЛҰҚА 8:40—42, 49—56

  • ИСА ЖАЙЫРДЫҢ ҚЫЗЫН ТІРІЛТТІ

Жайыр Исаның қан кетіп ауырған әйелді сауықтырғанын өз көзімен көрді. Ол оның қызына да көмектесе алатыны шүбәсіз. Бірақ қыз “қазір өліп те қалған шығар” (Матай 9:18). Сонда да оған көмектесудің бір амалы бар ма?

Иса әлгі әйелмен сөйлесіп тұрғанда, Жайырға адамдар келіп: “Қызыңыздан айырылып қалдық. Енді Ұстазды әурелемей-ақ қойыңыз”,— деді (Марқа 5:35).

Қаралы хабар жеткенде, беделді әрі сыйлы кісі дәрменсіз күйге түсті де қалды. Қайтыс болған оның жалғыз қызы еді. Алайда Иса мұны естіп, Жайырға бұрылып: “Қорықпаңыз, тек сеніміңіз болсын!”— деп оны жұбатты (Марқа 5:36).

Иса Жайырмен бірге үйіне бет алды. Оның үйіне жеткенде, у-шу болып жатқан адамдарды көрді. Олар зар еңіреп жылап, көкіректерін ұрғылап қайғыруда. Иса ішке кіріп, ондағыларға: “Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр”,— деді (Марқа 5:39). Мұны естігендер қыздың шынымен өліп қалғанын білетін, сондықтан Исаны мысқылдап, күле бастады. Алайда Иса Құдай берген құдіреттің көмегімен өлген адамды тірілте алатынын, бұл терең ұйқыдағы адамды оятқандай оңай болатынын көрсетпек.

Иса қасында Петір, Жақып, Жохан мен қыздың ата-анасын ғана қалдырып, қалғандарын сыртқа шығарды. Осы бесеуімен ол қыз жатқан бөлмеге кірді. Сосын қыздың қолынан ұстап: “Талифа куми”,— деді. Мұның мағынасы: “Қызым, саған айтамын, тұра ғой!” (Марқа 5:41). Сол замат қыз тұрып, жүре бастады. Мұны көрген Жайыр мен оның әйелінің қуаныштан жүректері жарыла жаздаса керек! Қыздың шынымен тірілгеніне дәлел болсын деп, Иса оған тамақ беруді бұйырды.

Алдыңғы оқиғалардағыдай, бұл жолы да Иса қыздың ата-анасына болған жайтты ешкімге айтпауды бұйырды. Алайда қуаныштары қойындарына сыймаған ата-ана мен басқалар бұл жаңалықты “сол төңіректің бәріне таратты” (Матай 9:26). Қайтыс болған жақыныңыз көз алдыңызда тірілсе, мұны сіз де жасыра алмас едіңіз ғой. Бұл — Исаның өлген адамды тірілткені жайлы екінші хабар.