Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

50-ТАРАУ

Қуғын кезіндегі уағызға дайындады

Қуғын кезіндегі уағызға дайындады

МАТАЙ 10:16—11:1 МАРҚА 6:12, 13 ЛҰҚА 9:6

  • ИСА ЕЛШІЛЕРІН ҮЙРЕТІП, УАҒЫЗДАУҒА ЖІБЕРДІ

Жұп-жұпқа бөлген шәкірттерін уағыздауға жіберіп жатып, Иса оларға тиімді нұсқаулар берді. Алайда ол мұнымен шектелмей, оларға қарсылыққа кезігетіндерін де ескертті. “Мен сендерді қасқырлар арасына жіберілген қойлардай жіберіп отырмын... Адамдардан абай болып жүріңдер, себебі олар сендерді жергілікті соттарға ұстап береді және мәжілісханаларында дүре соғады. Менің шәкіртім болғандарың үшін сендерді билеушілер мен патшалардың алдына сүйреп апарады”,— деді (Матай 10:16—18).

Иә, Исаның ізбасарлары қатты қуғынға кезігуі мүмкін. Алайда Иса оларға: “Сендерді ұстап бергенде, қалай және не айтатындарыңды ойлап, уайымдамаңдар. Өйткені не айтуларың керектігі сол сәтте беріледі. Осылай өздерің ғана емес, сендер арқылы Әкелеріңнің киелі рухы сөйлейді”,— деп уәде берді. Кейін Иса былай деді: “Бауыры өз бауырын, әкесі баласын өлімге душар етеді, ал балалары ата-анасына қарсы шығып, оларды өлімге душар етеді. Менің атыма бола жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады. Бірақ соңына дейін табандылық танытқан адам құтқарылады” (Матай 10:19—22).

Уағыздау ісі — өте маңызды іс. Сондықтан еркіндікте жүріп уағыздай берулері үшін, Исаның ізбасарларына парасатты болу керек. Осыған баса назар аударып, ол былай деді: “Бір қалада қудаласа, басқасына қашыңдар. Сендерге шындығын айтамын, Адам Ұлы келгенше, Исраилдің барлық қалаларын аралап үлгермейсіңдер” (Матай 10:23).

Иса 12 елшісіне тиімді нұсқаулар берді, маңызды ескертулер айтты және жігерлендірді. Бұл нұсқаулар Иса өліп, қайта тірілгеннен кейін уағыз ісіне атсалысатындарға да қатысты. Мұны оның “жұрттың бәрі сендерді жек көретін болады” деген сөздерінен көреміз. “Жұрттың бәрі” деген елшілердің уағызын тыңдаған адамдар ғана емес. Оның үстіне, Ғалилеядағы қысқа уағыз сапары кезінде елшілерді ешкім билеушілер мен патшалардың алдына апарған жоқ және отбасы мүшелері өлімге душар еткен жоқ.

Иса елшілеріне осы нұсқауларды бергенде, болашақты ойда тұтқаны анық. Мысалға, “Адам Ұлы келгенше” шәкірттердің Исраилдің барлық қалаларын аралап үлгермейтіні жайлы сөзге көңіл бөлейікші. Мұнымен ол ұлылыққа бөленген Патша ретінде Құдай сотын орындауға келгенге дейін шәкірттері Құдай Патшалығын толық уағыздап бітпейтініне меңзеді.

Елшілер уағыздап жүргенде қарсылыққа кезіксе, бұған таңғалмаулары керек. Өйткені Иса: “Шәкірті ұстазынан, құлы қожайынынан жоғары емес”,— деді. Мұнымен Исаның не айтқысы келгені түсінікті. Құдай Патшалығын уағыздағаны үшін жұрт оған қатыгездік танытып, қудалаған болса, шәкірттеріне де солай істейтін болады. Алайда Иса оларды нығайтып: “Тәнді өлтірсе де, жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар. Қайта, жанды да, тәнді де жаһаннамда құрта алатын Құдайдан қорқыңдар”,— деді (Матай 10:24, 28).

Бұған қатысты Исаның өзі үлгі көрсетті. Ол бәрінен де құдіретті Ехобаға адалдығынан таймай, сол үшін азап-шегіп өлуге дейін барды. Құдіреті шексіз Құдай ғана адамның “жанын” (яғни болашақта өмір сүру үмітін) жоя алады немесе мәңгі өмір сүру үшін тірілте алады. Бұл сөздер елшілерге зор сенімділік берген болу керек.

Сосын Иса ізбасарларына Құдайдың өзі қамқор болатынына мысал келтіріп, былай деді: “Екі торғай бір тиынға сатылады емес пе? Десе де олардың бірде-біреуінің құлағаны көктегі Әкелеріңнің назарынан тыс қалмайды... Сондықтан қорықпаңдар, сендер көп торғайдан әлдеқайда қымбатсыңдар!” (Матай 10:29, 31).

Исаның шәкірттері уағыздап жүрген хабарды отбасында бірі қабыл алып, бірі қабыл алмайтындықтан, отбасы екіге бөлінеді. “Мені жер бетіне татулық әкелуге келді деп ойламаңдар”,— деді Иса. Демек, Киелі кітаптың шындығын қабыл алу үшін адамға батылдық қажет. Сондықтан Иса: “Кімде-кім әкесін не шешесін менен артық көрсе, сол шәкіртім болуға лайық емес; ұлын не қызын менен артық көрген адам да шәкіртім болуға лайық емес”,— деп айтты (Матай 10:34, 37).

Алайда Исаның шәкірттерін шын көңілден қабыл алатындар да болады. Ондайларға қатысты Иса былай деді: “Кімде-кім осы кішілердің біреуіне менің шәкіртім болғаны үшін, ең болмағанда, бір тостаған салқын су берсе, сендерге шындығын айтамын, ол міндетті түрде өз сыйын алады” (Матай 10:42).

Елшілер Исадан нұсқаулар, ескертулер және жігер алып, жақсы дайындалған соң, “жолға шығып, ауыл-ауылды аралап, барлық жерде ізгі хабарды жариялады және науқастарды сауықтырды” (Лұқа 9:6).