Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

122-ТАРАУ

Исаның кешкі астың соңында айтқан Исаның дұғасы

Исаның кешкі астың соңында айтқан Исаның дұғасы

ЖОХАН 17:1—26

  • ҚҰДАЙ МЕН ОНЫҢ ҰЛЫН ТАНЫП-БІЛУ

  • ЕХОБА, ИСА ЖӘНЕ ОНЫҢ ШӘКІРТТЕРІ БІРЛІКТЕ

Иса елшілерін жақсы көргендіктен, оларды өзінің кететін кезіне дайындауда. Ол көкке қарап, Әкесіне дұға етіп: “Ұлың сені даңқтау үшін, өзің де ұлыңды даңқтай көр. Себебі ол өзіне тапсырғандарыңның бәріне мәңгілік өмір берсін деп, сен оған күллі адамзаттың үстінен билік бердің”,— деді (Жохан 17:1, 2).

Құдайды даңқтау ең басты орында тұру керектігін Иса жақсы түсінеді. Дегенмен, “мәңгі өмір” сыйы да зор жұбаныш береді емес пе?! Иса “күллі адамзаттың үстінен билік” жүргізгенде, төлем құрбандығының құнын адамзаттың игілігіне қолданады. Бірақ бұл батаны бәрі бірдей алмайды. Неге? Төлем құрбандығының пайдасын кімдер көретінін түсіндіріп: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек”,— деді (Жохан 17:3).

Демек әр адам көктегі Әке мен оның Ұлын жақыннан танып-біліп, олармен тығыз қарым-қатынаста болуы тиіс. Олардың түрлі жайттарға қалай қарайтынын түсінуі, басқалармен араласқанда керемет қасиеттеріне еліктеуі керек. Сондай-ақ мәңгілік өмірге ие болудан бұрын, Құдайдың даңқталуы әлдеқайда маңызды екенін түсінгені абзал.

Енді Иса бастаған мәселесіне қайта оралды. “Маған тапсырған ісіңді аяқтап, жер бетінде сені даңқтадым. Енді, Әке, дүние жаратылмай тұрып қасыңда болғанымда бөленген даңққа мені қайтадан бөлей көр”,— деді ол (Жохан 17:4, 5). Иса Құдайдан көктегі даңққа қайта тірілту арқылы бөленуін сұрап тұр.

Алайда Иса жердегі қызметі барысында қандай нәтижеге қол жеткізгенін ұмытқан жоқ. Ол дұғасында былай деді: “Осы дүниеден таңдап, маған берген адамдарыңа есіміңді аштым. Олар сенікі еді, маған бердің. Олар сөзіңді орындап жүр” (Жохан 17:6). Иса адамдарға Құдайдың есімі Ехоба екенін ғана жариялаған жоқ. Елшілеріне бұл есімнің Иесі қандай тұлға екенін, яғни Құдайдың қасиеттері мен адамдарға деген ықылас-ниетін де ашты.

Елшілер Ехоба Құдай жайлы және оның Ұлының атқарған ісі мен тәлімі жайлы көп нәрсені білді. Сондықтан Иса дұғасында: “Маған айтқандарыңды соларға айттым, олар оны қабыл алды. Өкілің ретінде келгенімді шынымен түсініп, мені өзің жібергеніңе сенді”,— деді (Жохан 17:8).

Иса ізбасарлары мен осы дүниелік адамдардың арасында айырмашылық барын біледі. Сондықтан былай деді: “Осы дүние үшін емес, өзің маған берген адамдар үшін өтініп тұрмын, себебі олар сенікі... Киелі Әке, маған берген өз есімің үшін оларды қорғай көр. Осылай екеуміздің бірлікте екеніміздей, олар да бірлікте болсын... Мен оларды аман сақтап, Киелі жазбада айтылғандар орындалу үшін, жойылуы тиіс адамнан [Исаға сатқындық жасаған Яһуда Исқариоттан] басқа ешқайсысын жоғалтқан жоқпын” (Жохан 17:9—12).

Иса дұғасын жалғастырып былай деді: “Осы дүние оларды жек көреді... Оларды осы дүниеден алып кет деп емес, Зұлымнан қорғай көр деп сұраймын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, олар да осы дүниелік емес” (Жохан 17:14—16). Елшілер мен басқа шәкірттер осы дүниеде, яғни Шайтан билеген қоғамда, өмір сүреді. Алайда олар одан және оның зұлым істерінен бойларын аулақ ұстаулары керек. Қалайша?

Олар Еврей жазбаларында жазылған және Иса үйреткен шындықтарға сай өмір сүру арқылы қасиетті, яғни Құдайға қызмет ету үшін бөлініп алынған, адам болулары керек. “Оларды шындығың арқылы қасиетті ете көр. Сенің сөзің — шындық”,— деп дұға етті Иса (Жохан 17:17). Біраз жылдан кейін елшілердің кейбірі киелі рухтың жетелеуімен кітаптар жазады. Сол кітаптар да адамға қасиетті болуға көмектесетін “шындықтың” бір бөлігі болады.

Уақыт өте келе “шындықты” басқа адамдар да қабыл алмақ. Сондықтан Иса “[қасындағы шәкірттер] үшін ғана емес, солардың сөзі арқылы [өзіне] сенетіндер үшін де” дұға етті. Иса сол адамдар үшін Құдайдан не сұрады? “Барлығы бірлікте болсын. Әке, сенің менімен, менің сенімен бірлікте болғанымдай, бұлар да бізбен бірлікте болсын”,— деп өтінді (Жохан 17:20, 21). Иса мен оның Әкесі барлық жағынан ауызбірлікте. Осындай бірліктің ізбасарларының да арасында болғанын қалайды.

Иса осының алдында ғана Петір мен басқаларға орын дайындау үшін көкке кететінін айтқан (Жохан 14:2, 3). Енді, ол сол ойды жалғастырып, былай дұға етті: “Әке, маған берген адамдарың мен болатын жерде болып, маған берген ұлылығыңды көрсе екен деймін. Өйткені сен мені дүниенің негізі қаланбай тұрып сүйдің” (Жохан 17:24). Бұл сөздер бір маңызды шындықты растады: Құдай жалғыз өзі жаратқан Ұлын, яғни Иса Мәсіхті, ұзақ уақыт бұрын (Адам ата мен Хауа ана жаратылмай тұрғанда-ақ) жақсы көрген.

Дұғасының соңында Иса Әкесінің есіміне және оның елшілері мен болашақта шындықты қабыл алатын адамдарға деген сүйіспеншілігіне тағы назар аударды. “Сен мені қалай сүйсең, бұлар да өзгелерді солай сүю үшін әрі олармен бірлікте болуым үшін, оларға есіміңді аштым және аша беремін”,— деді (Жохан 17:26).