Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

101-ТАРАУ

Иса Бетаниядағы Шимонның үйінде

Иса Бетаниядағы Шимонның үйінде

МАТАЙ 26:6—13 МАРҚА 14:3—9 ЖОХАН 11:55—12:11

  • ИСА ИЕРУСАЛИМНІҢ ЖАНЫНДАҒЫ БЕТАНИЯҒА КЕЛДІ

  • МӘРИЯМ ИСАҒА ИІСМАЙ ҚҰЙДЫ

Иерихоннан шыққан Иса Бетанияға бет алды. Алдарында жиырма шақырымдай жоғары өрлеген қиын жол жатыр. Иерихон теңіз деңгейінен 250 метр төменде жатса, Бетания 610 метр биіктікте орналасқан. Бетания ауылында Елазар мен оның екі әпкесі тұрады. Зәйтүн тауының шығыс беткейіндегі Иерусалим сол ауылдан үш шақырымдай жерде.

Иерусалимде Құтқарылу мейрамына ертерек келген адам көп. Олар өлікті ұстағандықтан не басқа себептен арамдалып қалған болса, діни тазару рәсімін жасау қажет (Жохан 11:55; Мұсаның 4-жазбасы 9:6—10). Ерте келгендердің кейбірі ғибадатханаға жиналды. Олар бір-біріне: “Қалай ойлайсыңдар, ол мейрамға келе ме?”— деп жатты (Жохан 11:56).

Қаладағы жұрт Исаны қызу талқылауда. Кейбір дінбасылары оны ұстап алып, өлтіргісі келеді. Олар тіпті Исаның қайда екенін білетін адам хабар берсін деген бұйрық шығарған (Жохан 11:57). Бір жолы, Елазарды қайта тірілткеннен кейін, Исаны өлтіруге әрекеттеніп те көрген (Жохан 11:49—53). Сондықтан кейбір адамдардың Иса көпшілік жерге келеді дегенге күмәндануын түсінуге болады.

Иса жұма күні, яғни “Құтқарылу мейрамына алты күн қалғанда”, Бетанияға келіп жетті (Жохан 12:1). Күн батқанда жаңа тәулік (Демалыс күні, 8 нисан) басталатын. Исаның сапары Демалыс күннің алдында аяқталды. Өйткені Яһудилердің заңы бойынша, жұма күннің кешінен сенбі күннің кешіне дейін жол жүруге болмайтын. Иса осы жолы да Елазардың үйіне тоқтаса керек.

Сенбі күні Бетанияда тұратын Шимон Исаны қасындағы серіктерімен бірге, Елазарды қоса, кешкі асқа шақырды. Шимон бұрын алапеспен ауырған, ал оны Иса сауықтырған болса керек. Елгезек мінезді Марта әдетінше қонақтарға қызмет көрсетіп жүр. Мәриям болса Исаға ерекше құрмет көрсетті. Бірақ бұл елшілердің арасында дау тудырды.

Мәриям “таза нард иісмайы” құйылған тас құтыны ашты (Жохан 12:3). Иісмайдың құны жұмысшының шамамен бір жылдық жалақысына (300 динар) тең. Мәриям оны Исаның басы мен аяғына құйды да, аяғын шашымен сүртті. Сонда иісмайдың жұпар иісі үй ішін алып кетті.

Бұған кейбір шәкірттер: “Иісмайды бұлай ысырап етудің қажеті қанша?”— деп наразылық білдірді (Марқа 14:4). Яһуда Исқариот болса: “Неге бұл иісмайды 300 динарға сатып, түскен ақшаны кедейлерге үлестіріп бермедік?”— деді (Жохан 12:5). Яһуда шын мәнінде кедейлердің қамын ойлап тұрған жоқ. Ол шәкірттердің қаржы жәшігінен ақша ұрлап жүрген.

Иса Мәриямды қорғап былай деді: “Бұл әйелді неге мазалайсыңдар? Ол маған жақсылық жасады. Кедейлер әрқашан қастарыңда ғой, ал мен әрқашан қастарыңда болмаймын. Иісмайды денеме құюымен ол мені жерлеуге дайындады. Сендерге шындығын айтамын, ізгі хабар дүниенің қай жерінде уағыздалмасын, бұл әйел де еске алынып, осы істегені жайлы айтылатын болады” (Матай 26:10—13).

Исаның Бетанияға келгеніне бір күннен асты. Оның сол ауылда екенінен жан-жақтағы жұрт хабардар болды. Содан яһудилер Исаны ғана емес, ол тірілткен Елазарды да көру үшін Шимонның үйіне келіп жатыр (Жохан 12:9). Жоғарғы діни қызметкерлер болса Иса мен Елазарды өлтірудің амалын іздестіруде. Себебі қайта тірілген Елазар көз алдарында жүргендіктен, Исаға көп адам сеніп жатыр деп ойлайды. Расында да, дінбасылардың залымдығында шек жоқ!