Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

105-ТАРАУ

Інжірдің қурауы сабақ болды

Інжірдің қурауы сабақ болды

МАТАЙ 21:19—27 МАРҚА 11:19—33 ЛҰҚА 20:1—8

  • ІНЖІРДІ ҚУРАТЫП, СЕНІМГЕ ҚАТЫСТЫ САБАҚ БЕРДІ

  • ИСАНЫҢ БИЛІГІНЕ КҮМӘН КЕЛТІРІЛДІ

Дүйсенбі күні түстен кейін Иса Иерусалимнен шығып, Зәйтүн тауының шығыс беткейіндегі Бетанияға оралды. Сол жерде ол достары Елазар, Мәриям мен Мартаның үйінде түнеп қалса керек.

Иса 11 нисан күні таңертең шәкірттерімен бірге қайтадан Иерусалимге беттеді. Бұл жолы ол ғибадатханада соңғы рет болады және көпшілікке ақырғы рет тәлім береді. Өйткені Құтқарылу мейрамы күні Еске алу кешін енгізіп, кейін азапталып, өлімге кесіледі.

Бетаниядан шыққан олар Зәйтүн тауымен келе жатты. Бір кезде Петірдің көзі кеше Иса қарғаған ағашқа түсті. “Ұстаз, қараңызшы!— деді ол бірден. — Сіз қарғаған інжір ағашы қурап қалыпты” (Марқа 11:21).

Иса бұл ағашты неге қуратып тастады? Себебін түсіндіріп, ол былай деді: “Сендерге шындығын айтамын, егер сенімдерің болса және еш күмәнданбасаңдар, менің осы інжір ағашына жасағанымнан да зор нәрсе істейсіңдер. Тіпті мына тауға: — Орныңнан көтеріліп, теңізге лақтырыл!— десеңдер, солай болады. Осылайша сеніммен дұға етіп, не сұрасаңдар, соның бәрін аласыңдар” (Матай 21:21, 22). Мұнымен Иса сенімнің тау жылжытатындай құдіреті жайлы бұрынырақта айтқан ойын қайталады (Матай 17:20).

Інжір ағашын қуратуымен Иса Құдайға сенудің қаншалықты қажет екенін түсіндіргісі келді. “Дұғада не тілесеңдер де, сұрағандарыңды алып қойғандай сеніңдер. Сонда оны міндетті түрде аласыңдар”,— деді ол (Марқа 11:24). Бұл — Исаның барлық ізбасарына жолдаған сөзі! Ал жақында елшілердің ауыр сынақтарға кезігетінін ескерсек, бұл сөздер оларға уақтылы айтылды. Інжір ағашының қурауы сеніммен байланысты тағы бір жайтты көрсетті.

Исраил халқының кейпі інжір ағашынікіндей алдамшы еді. Олар Құдаймен ерекше келісімде тұрған халық болғандықтан, оның Заңын орындап жүрміз дейтін. Ал шын мәнінде халық ретінде олар сенімнен тайып, игі жеміс әкелмей қойған. Тіпті Құдайдың Ұлын мойындамай, одан бас тартты. Сондықтан інжір ағашын қурату арқылы Иса жеміс бермейтін, сенімнен жұрдай болған халықты не күтіп тұрғанын көрсетті.

Көп ұзамай шәкірттерін ерткен Иса Иерусалимге кірді. Әдеті бойынша ғибадатханаға барып, халыққа тәлім бере бастады. Жоғарғы діни қызметкерлер мен ақсақалдар оны тығырыққа тірегісі келіп: “Бұларды қандай билікпен істеп жүрсің? Мұндай билікті саған кім берді?”— деп сұрады. Осылай олар Исаның бір күн бұрын ақша айырбастаушыларды ғибадатханадан қуғанына меңзесе керек (Марқа 11:28).

Иса оларға былай деді: “Мен де сендерге бір сұрақ қояйын, соған жауап беріңдер. Сонда бұларды қандай билікпен істеп жүргенімді мен де айтамын. Жақия шомылдыру рәсімін жасауға билікті көктен алды ма, әлде адамдардан ба? Осыған жауап беріңдер”. Осылай діни қызметкерлер мен ақсақалдардың өздері тығырыққа тірелді. Олар өзара: “Егер: — Көктен,— десек, ол: — Онда неге оған сенбедіңдер?— дейді. Әлде: — Адамдардан,— деп айтайық па?”— деп пікірлесті. Бірақ олар бұлай деуге қорықты, өйткені жұрттың бәрі Жақияны пайғамбар санайтын (Марқа 11:29—32).

Исаның қарсыластары қалай жауап берерін білмеген соң: “Білмейміз”,— дей салды. Сонда Иса да оларға: “Ендеше, бұларды қандай билікпен істеп жүргенімді мен де айтпаймын”— деді (Марқа 11:33).