Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

138-ТАРАУ

Мәсіх Құдайдың оң жағында

Мәсіх Құдайдың оң жағында

ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 7:56

  • ИСА ҚҰДАЙДЫҢ ОҢ ЖАҒЫНДА ОТЫРДЫ

  • САУЛ ИСАНЫҢ ШӘКІРТІ БОЛДЫ

  • БІЗДЕ ҚУАНУҒА СЕБЕП БАР

Исаның көкке көтерілгеніне он күн болғанда, Елуінші күн мейрамы өткен еді. Сол күні шәкірттерге киелі рух қонып, Иса өзінің көкте екенін дәлелдеді. Бұл шындық тағы бір жағдайда дәлелденді. Адал куәгер Степанды таспен ұрып өлтірердің алдында, ол: “Міне, мен көктің ашылғанын және Құдайдың оң жағында тұрған Адам Ұлын көріп тұрмын!”— деп жар салды (Елшілердің істері 7:56).

Құдай Сөзінде алдын ала айтылғандай, Иса көкте Әкесінің жанында ерекше бұйрықты күтіп отыруы керек. Бұл жайында Дәуіт пайғамбар: “Жауларыңды аяғыңның астына салып бергенімше, Оң жағымда отыр”,— деп жазған болатын. Күтіп отыратын уақыт біткенде, Иса “жауларының арасында билік етуі”, яғни жауларына қарсы әрекет етуі керек (Зәбүр 110:1, 2). Сол кезге дейін Иса немен айналысу керек?

Б. з. 33 жылының Елуінші күн мейрамында мәсіхшілер қауымы пайда болып, Иса киелі рухпен майланған шәкірттеріне көктен билік ете бастады (Қолостықтарға 1:13). Оларға уағыздау ісінде басшылық беріп, болашақ қызметтеріне дайындады. Бұл қандай қызмет? Адалдық сақтап қайтыс болған шәкірттер қайта тіріліп, көктегі Патшалықта Исамен бірге билік ететін болады.

Болашақ патшалардың бірі Саул еді. Кейін ол Пауыл деген римдік есімімен көбірек танымал болды. Саул Мұса Заңын қызғыштай қорғады, бірақ яһуди дінбасыларына алданып қалған болатын. Сондықтан Степанды таспен ұрып өлтіргендерді қоштады. Кейін де Саул “Иеміздің шәкірттеріне қоқан-лоқы көрсетіп жүрді және олардың көзін құртқысы” келді. Бірде ол бас діни қызметкер Қаяпадан қолхат алып, Дамаскіге бет алды. Сондағы мақсаты — Исаның ізбасарларын тұтқындап, Иерусалимге әкелу (Елшілердің істері 7:58; 9:1). Алайда жолда көктен сәуле түсіп, айналасын жарқыратып жіберді. Үрейі ұшқан Саул жерге құлап түсті.

Сол сәтте: “Саул, Саул, мені неге қудалап жүрсің?”— деген дауыс естілді. “Сіз кімсіз?” — деп сұрағанда, дауыс: “Мен өзің қудалап жүрген Исамын”,— деп жауап берді (Елшілердің істері 9:4, 5).

Сосын Иса Саулға Дамаскіге барып, нұсқау берілгенше, сол жерде қалуды бұйырды. Керемет түрде пайда болған жарықтан көзі көрмей қалған соң, Саулды қасындағылар қалаға ертіп апарды. Кейін Иса Дамаскіде тұратын шәкірті Ананиге де көрінді. Оған бір мекенжайды айтып, Саул деген кісіні тауып алуды бұйырды. Алайда Анани ол адамнан қауіптенетінін айтқанда, Иса: “Мен оны өз атымды басқа халықтарға, патшаларға және Исраил ұлдарына жариялау үшін таңдап алдым”, — деп, оның көңілін орнықтырды. Ақыр соңында, Саулдың көзі қайтадан ашылып, ол Дамаскіде “Исаның Құдай Ұлы екенін уағыздай бастады” (Елшілердің істері 9:15, 20).

Исаның қолдауымен Пауыл мен басқа шәкірттер уағыздау тапсырмасын атқарумен болды. Құдайдың батасымен бұл істе олар керемет жетістіктерге жетті. Дамаскідегі жолда болған оқиғадан кейін 25 жыл өткенде, Пауыл ізгі хабардың “барлық жерде уағыздалғанын” мәлімдеді (Қолостықтарға 1:23).

Оншақты жылдан кейін Иса өзінің сүйікті елшісі Жоханға бірнеше аян берді. Бұлар Киелі жазбалардың Аян кітабында жазылған. Жохан Исаның Патшалық билікпен келгенін көрді, былайша айтқанда, оның келген уақытына дейін өмір сүрді (Жохан 21:22). Жохан “киелі рухтың әсерімен Иеміздің күніне апарылды” (Аян 1:10). Сонда Иеміздің күні қашан келмек еді?

Киелі кітап пайғамбарлықтарын мұқият зерттеудің нәтижесінде “Иеміздің күні” біздің заманымызда келгені анықталды. 1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды. Сол кезден бастап соғыстар, індеттер, ашаршылық, жер сілкіністері мен басқа да қайғылы жайттар дүниежүзін қамтыды. Бұл жайттар Исаның елшілеріне айтқан “осында болуы” мен “заманның аяқталып таяп қалғанын” білдіретін “белгінің” үлкен көлемдегі орындалуы еді (Матай 24:3, 7, 8, 14). Бүгінде Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау ісі тек Рим империясының аумағында ғана емес, бүкіл дүниежүзінде атқарылып жатыр.

Жохан киелі рухтың жетелеуімен бұл жайттардың мәнін түсіндіріп: “Міне, Құдайымыз адамдарды құтқарды және оның күші паш етілді, Патшалығы орнап, Мәсіхтің билігі басталды!”— деді (Аян 12:10). Шынында да, Иса кеңінен уағыздаған Құдай Патшалығы бүгінде билігін жүргізуде!

Исаның адал шәкірттерінің бәрі үшін бұл — керемет хабар. Олар Жоханның келесі сөздеріне зор мән береді: “Көк және оны мекендейтіндер, қуаныңдар! Ал жер мен теңіздегілерге қасірет, өйткені Ібіліс сендерге түсті. Ол өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:12).

Олай болса, қазір Иса Әкесінің оң жағында күтіп отырған жоқ. Ол Патша ретінде билік етуде және жақында жауларының көзін құртады (Еврейлерге 10:12, 13). Алда бізді тағы қандай оқиғалар күтіп тұр екен?