Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

Дүниеде қайғы-қасірет неге көп?

Дүниеде қайғы-қасірет неге көп?

1, 2. Көп адамды қандай жайт мазалайды?

ДҮНИЕДЕ қайғылы жағдайлар көптеп орын алуда. Мысалы, “жойқын цунами түгел бір елді мекенді шайып кетті, лаңкестік әрекеттен көп адам қаза болды, қатерлі ісіктен бір ана көз жұмып, балалары жетім қалды” дегенді жаңалықтардан жиі естиміз.

2 Осындай апаттар мен бақытсыздықтар болғанда, көп адам “Неге бұлай болып жатыр? Қатыгездік пен қасірет неге көп?” деп түсінбейді. Осындай сұрақтар сіздің де көкейіңізде жүрген шығар.

3, 4. а) Абақұқ Ехобаға қандай сұрақтар қойған? ә) Ехоба оған не деп жауап берді?

3 Киелі кітаптан Құдайға берік сенген кісілерді де осындай сұрақтар мазалағанын білеміз. Мысалы, Абақұқ пайғамбар Ехобаға: “Неге мені зұлымдықты көруге мәжбүр етесің? Неге қысымшылыққа шыдап отырсың? Неге көз алдымда қырып-жою, зорлық-зомбылық болып жатыр? Неге ұрыс-керіс пен қақтығыс көбейіп кетті?”— деген (Абақұқ 1:3).

4 Абақұқ 2:2, 3-те Құдайдың бұл пайғамбарға айтқан жауабы жазылған. Ол дүниедегі жағдайды жақсартуды уәде еткен. Өйткені Ехоба адамдарды қатты жақсы көреді. Киелі кітапта: “Ол қамдарыңды ойлайды”,— делінген (Петірдің 1-хаты 5:7). Ехоба адамдардың қиналғанын мүлдем қаламайды (Ишая 55:8, 9). Олай болса, қайғы-қасірет неге бәрібір көп? Қазір осы сұрақты қарастырайық.

ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТ НЕГЕ КӨП?

5. Көп дін мұғалімдері қайғы-қасіреттің себебін қалай түсіндіреді? Ал Киелі кітап не деп үйретеді?

5 Адам бақытсыздыққа ұшырағанда, дін мұғалімдері мен діни жетекшілер “бұл — Құдайдың жазғаны” деп жатады. Олар адамның көретін қасіреті де, бүкіл өмірі де маңдайына жазылып қойылған, әрі оның себебін түсіну ешкімге бұйырмаған дейді. Ал біреу өмірден өтсе, кейбір адамдар “Құдай өзіне жақсы адамдарды алады” деп айтады. Мысалы, кішкентай бала қайтыс болса, “Құдайға періште керек болған ғой” дейді. Бірақ бұл айтылғандар жалған. Себебі Ехоба адамдарға ешқашан қайғы-қасірет жібермейді. Киелі кітапта: “Құдайдың зұлымдық жасауы, Құдірет Иесінің жамандыққа баруы мүмкін емес!”— делінген (Әйүп 34:10).

6. Көп адам дүниедегі қайғы-қасірет үшін неге Құдайды айыптайды?

6 Көп адам жер бетін Құдай билеп отыр деп ойлағандықтан, дүниедегі бар қайғы-қасірет үшін Құдайды кінәлайды. Бірақ 3-тараудан білгеніміздей, дүниені шын мәнінде Шайтан Ібіліс билеп отыр.

7, 8. Қайғы-қасіреттің көп болуының себептері қандай?

7 Киелі кітапта: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— деп жазылған (Жоханның 1-хаты 5:19). Шайтан — қатыгез әрі зұлым билеуші. Ол “бүкіл жержүзін адастырып жүр” (Аян 12:9). Бүгінде көп адам Шайтандікіндей мінез-құлық танытады. Жер бетінде өтірік, жеккөрушілік пен қатыгездіктің көп болуының бір себебі — осы.

8 Қайғы-қасіреттің көп болуының басқа да себептері бар. Адам мен Хауа бүлік шығарып күнә жасағаннан кейін, олардың ұрпақтары да күнәкар болды. Сондықтан адамдар бір-біріне зияндық жасайды, бір-бірінен үстем болуға тырысады. Олардың арасында ұрыс-төбелес пен соғыстардың болуы да осыдан (Уағыздаушы 4:1; 8:9). Ал тағы бір себебі — адамдар кейде “қолайсыз уақыт пен кездейсоқ жағдайларға тап болады” (Уағыздаушы 9:11). Сондықтан қандай да бір апатқа не келеңсіз жағдайға ұшырап қалады.

9. Неге Ехобаның қайғы-қасіретке жол беріп отырғанына келелі себеп бар деуге болады?

9 Ехоба қайғы-қасіреттің себепшісі емес. Соғыс, қылмыс пен әділетсіздікке ол кінәлі емес. Жер сілкіністері, дауыл не топан су сияқты апаттарды болғызып отырған да Ехоба емес. Бірақ сіз “Ехоба әлемдегі ең құдіретті Тұлға бола тұра жамандықты неге тоқтатпай отыр?” дерсіз. Құдай біздің қамымызды ойлайтынын ескерсек, оның қайғы-қасіретке жол беріп отырғанына келелі бір себеп болу керек (Жоханның 1-хаты 4:8).

ҚҰДАЙДЫҢ ҚАЙҒЫ-ҚАСІРЕТКЕ ЖОЛ БЕРУІНІҢ СЕБЕБІ

10. Шайтан Ехобаны не деп қаралады?

10 Едем бағында Ібіліс Ехобаның билік ету құқығына күмән келтірді. Ол Құдайды жаман Билеуші деп айыптап, Адам мен Хауаны адастырды. Шайтан Құдайды адамдардан бір жақсы нәрсені жасырып отыр деді. Ол Ехобаға қарағанда өзінің жақсы билеуші болатынына және адамдардың Құдайсыз-ақ өмір сүре алатынына сендіргісі келді (Мұсаның 1-жазбасы 3:2—5; 27-түсіндірмені қараңыз).

11. Қандай сұраққа жауап аламыз?

11 Адам мен Хауа Ехобаға мойынсұнбай, оған қарсы шықты. Олар ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзіміз шеше аламыз деп ойлады. Ехоба олардың қате жолды таңдағандарын және адамдар үшін ненің жақсы екенін өзінен артық ешкім білмейтінін қалай дәлелдемек еді?

12, 13. а) Ехоба бүлікшілерді неге бірден жойып жібермеді? ә) Ехоба Шайтанға билеуші болуға және адамдарға өз үкіметтерін орнатуға неге жол берді?

12 Ехоба о баста жер бетін кемелді адамдарға толтыруды мақсат еткен. Оның бұл мақсаты Шайтанның не істейтініне қарамастан жүзеге аспақ еді (Мұсаның 1-жазбасы 1:28; Ишая 55:10, 11). Сондықтан ол Адам мен Хауаны бірден жойып жібермеді. Ехоба олардың балалы-шағалы болуларына жол берді. Сөйтіп, олардың ұрпақтарына өздері үшін кімді билеуші ететіндерін таңдауға мүмкіндік берді.

13 Шайтан Ехобаны миллиондаған періштенің алдында қаралады (Әйүп 38:7; Даниял 7:10). Сондықтан Ехоба Шайтанға таққан айыбын дәлелдеуге уақыт берді. Сондай-ақ адамзатқа да Шайтанның қол астындағы дүниеде өз үкіметтерін орнатуға және Құдайдың көмегінсіз-ақ жетістікке жетеміз деген ойларын дәлелдеуге жол берді.

14. Уақыт өте не айқын болды?

14 Адамзат ғасырлар бойы өз-өздерін басқарып келді. Бірақ ешқандай жақсылыққа жете алмады. Шайтанның қып-қызыл өтірікші екені айқын болды. Адамдардың Құдайдың көмегінсіз өмір сүре алмайтыны да анық болды. Еремия пайғамбар: “Уа, Ехоба, пенденің өмір жолы өз билігінде емес екенін білемін. Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды”,— деп бекер айтпаған (Еремия 10:23).

ЕХОБА НЕГЕ ҰЗАҚ УАҚЫТ КҮТІП КЕЛЕДІ?

15, 16. а) Ехоба қайғы-қасіретке неге ұзақ уақыт жол беріп келеді? ә) Ехоба Шайтанның кесірінен болған қиындықтарды неге шешпеді?

15 Ехоба қайғы-қасіретке неге ұзақ уақыт жол беріп келеді? Жамандықты неге жойып тастамайды? Өйткені Шайтанның билігі еш жақсылық әкелмейтіні дәлелдену үшін уақыт өту керек еді. Адамдар әртүрлі билік жүйесін байқап көрсе де, ешқандай табысқа жетпеді. Олар ғылым мен технологияда біраз жетістікке жетсе де, әділетсіздік, жоқшылық, қылмыс пен соғыс көбейіп барады. Иә, адамдар Құдайдың көмегінсіз өздеріне дұрыс билік ете алмайды.

16 Алайда Ехоба Шайтанның кесірінен болған қиындықтарды шешіп отырмады. Олай етсе, ол Шайтанның билігін қолдағандай болар еді. Бұған қоса, адамдар Шайтан айтқандай, өз-өздерін жақсы басқара аламыз деп ойлап қалар еді. Бірақ Ехоба олардың бұл өтірікке сенулеріне себеп болатын ештеңе істемеді. Ол өтірік нәрсені қолдамайды, әрі ешқашан өтірік айтпайды да (Еврейлерге 6:18).

17, 18. Ехоба Шайтанның кесірінен болған жамандықты қалай жояды?

17 Ехоба Шайтан мен адамдардың кесірінен болған бүкіл жамандықты жоя ала ма? Әрине! Құдайдың қолынан келмейтін іс жоқ. Ол Шайтан таққан айыптардың өтірік екені толығымен дәлелденетін кезді күтіп отыр. Содан кейін Ехоба о бастағы қалауына сай, жер бетін жұмаққа айналдырады. Сонда қабірдегілердің бәрі тіріледі (Жохан 5:28, 29). Адамдар ауру мен өлімнен азат болады. Ехоба “Ібілістің істерін” Иса арқылы талқандайды. Иса Шайтанның кесірінен болған барлық жамандықты жоқ қылады (Жоханның 1-хаты 3:8). Біз Ехобаның бүгінде шыдамдылық танытып, адамдарға уақыт беріп отырғанына өте ризамыз. Осының арқасында бізде Құдай туралы білім алуға, оны Билеушіміз деп таңдауға мүмкіндік бар (Петірдің 2-хаты 3:9, 10 оқыңыз). Ехобаның қазір қиындықтарға жол беріп отырғаны рас, бірақ оларға төзе алуымыз үшін ол бізге күш береді (Қорынттықтарға 1-хат 10:13 оқыңыз).

18 Ехоба ешкімді өзіне мойынсұнуға мәжбүрлемейді. Ол адамдарға ерік бостандығын берген. Қазір осыған тоқталып өтейік.

ЕРІК БОСТАНДЫҒЫН ҚАЛАЙ ҚОЛДАНАСЫЗ?

19. Ехоба бізге қандай сый берді? Бұл сыйға не үшін ризамыз?

19 Ерік бостандығы — Ехобаның адам баласына берген керемет сыйларының бірі. Бізді жан-жануарлардан ерекше ететін де осы нәрсе. Жануарлар түйсік бойынша әрекет етсе, адамдар қалай өмір сүретіндерін өздері шешеді (Нақыл сөздер 30:24—28). Ехобаға ұнайтындай әрекет ете ме, жоқ па, соны да өздері таңдай алады. Біз робот сияқты емеспіз. Кім болғымыз келетінін, кіммен дос болуды, қалай өмір сүруді өзіміз шешеміз. Себебі Ехоба біздің өмірден рақат алып, бақытты болғанымызды қалайды.

20, 21. Сіздің қандай таңдау жасағаныңыз дұрыс?

20 Ехоба өзін шын жүректен жақсы көргенімізді қалайды (Матай 22:37, 38). Қалай ойлайсыз, әкеге қайсысы жағымды: баласының “мен сізді жақсы көремін” деп шын жүректен айтқаны ма, әлде біреу мәжбүрлегендіктен айтқаны ма? Ехоба Әкеміз де оған өз еркімізбен қызмет еткенімізді қалайды. Бірақ Шайтан, Адам мен Хауа үшеуі Ехобаға бағынбауды шешті. Ал сіз ерік бостандығын қалай қолданасыз?

21 Дүниежүзі бойынша миллиондаған адам Құдайға ұнамды өмір сүріп, Шайтанға бағынбауды таңдаған (Нақыл сөздер 27:11). Сіз де Ехобаға қызмет етуді таңдаңыз. Құдай барлық қайғы-қасіреттен тазартқан жаңа дүниеде өмір сүру үшін қазірден әрекет етіңіз. Бұл әрекеттерге не жататыны келесі тарауда айтылады.