Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

58-ТАРАУ

Иерусалим жойылды

Иерусалим жойылды

Яһуда халқы қайта-қайта Ехобаны тастап, жалған құдайларға табынуларын қоймады. Бірақ Ехоба көп жыл бойы оларға көмектесуге тырысты. Ол халықты ескерту үшін көптеген пайғамбарларын жіберді. Бірақ олар құлақ асудың орнына, пайғамбарларды мазақ етті. Халықтың жалған құдайларға табынуын қойдыру үшін Ехоба не істеді?

Бабылдың патшасы Навуходоносор халықтарды бірінен кейін бірін жаулап алып жатты. Ол Иерусалимді бірінші рет басып алғанда, Ехония патшаны, барлық бекзадаларды, сарбаздар мен ұсталарды Бабылға тұтқынға әкетті. Ол Ехобаның ғибадатханасындағы қазыналарды да түгел алып кетті. Ал Ехония патшаның орнына Седекияны қойды.

Басында Седекия патша Навуходоносордың айтқанын істеп жүрді. Бірақ көрші халықтар мен жалған пайғамбарлар оған Бабылға қарсы шық деп кеңес берді. Ал Еремия пайғамбар болса Седекияны ескертіп, былай деді: “Егер сен Бабылға қарсы шықсаң, Яһуданы өлім, аштық, ауру жайлайды”.

Седекия патша сегіз жыл билік еткеннен кейін бәрібір Бабылға қарсы шықты. Ол Мысыр әскерінен көмек сұрады. Сол кезде Навуходоносор өзінің әскерін Иерусалимге қарсы аттандырды. Бабыл сарбаздары қаланы қоршап алды. Еремия Седекияға былай деді: “Ехоба саған былай дейді: “Бабылдықтарға берілсең, сен де, қала да аман қалады. Егер берілмесең, бабылдықтар Иерусалимді өртейді, ал сені тұтқынға алып кетеді”. Седекия оған: “Мен берілмеймін!”— деп жауап берді.

Бір жарым жылдан кейін бабылдықтар Иерусалимнің қабырғасын бұзып, қаланы да, ғибадатхананы да өртеп жіберді. Олар көп адамды өлтіріп, мыңдағанын тұтқынға алып кетті.

Седекия патша Иерусалимнен қашып кетпекші болды. Бірақ бабылдықтар оның артынан қуып, Иерихонның маңында ұстап алды. Сөйтіп, оны Навуходоносорға әкелді. Бабыл патшасы Седекияның ұлдарын оның көз алдында өлтіртті. Содан соң ол Седекияны соқыр қылып, түрмеге тастады. Кейін Седекия сол жерде өлді. Бірақ Ехоба Яһуда халқына: “70 жылдан кейін мен сендерді Иерусалимге қайтарамын”,— деп уәде берді.

Бабылға тұтқынға әкетілген жастармен не болды? Олар Ехобаға адал болып қалды ма?

“Құдіреті шексіз Ехоба Құдай, сенің үкімдерің дұрыс та әділ” (Аян 16:7).