73-ТАРАУ
Жақия Мәсіхке жол дайындады
Зәкәрия мен Елізабеттің ұлы Жақия ер жетіп, пайғамбар болды. Ехоба оған Мәсіхтің келе жатқаны туралы уағыздауды тапсырды. Жақия бұл жайлы мәжілісханалар мен қалаларда емес, шөл далада уағыздады. Адамдар одан тәлім алу үшін Иерусалим мен бүкіл Яһуда жерінен келіп жатты. Жақия халыққа Құдайға ұнамды болу үшін жамандық істеуді тоқтату керектігін айтты. Мұны естіген адамдардың көбісі күнәларына өкінді. Сонан соң Жақия оларды Иордан өзенінде шомылдыру рәсімінен өткізді.
Жақия қарапайым өмір сүрді. Ол түйенің жүнінен жасалған киім киетін және шегіртке мен жабайы араның балын жейтін. Адамдар Жақияның қандай адам екенін қатты білгісі келетін. Бірде оны көру үшін тіпті өркөкірек парызшылдар мен саддукейлер де келді. Жақия оларға былай деді: “Жаман жолдарыңнан қайтып, өкініңдер. Біз Ыбырайымның ұрпағымыз деп, өздеріңді ерекше санамаңдар. Өйткені бұл Құдайдың балалары екендеріңді білдірмейді”.
Халық Жақияға келіп: “Құдайға ұнамды болу үшін не істеуіміз керек?”— деп сұрады. Жақия оларға былай деді: “Кімнің екі көйлегі болса, біреуін киімі жоққа берсін”. Оның неге бұлай дегенін білесің бе? Өйткені Жақия Құдайға ұнамды болу үшін олар өзгелерді жақсы көру керектігін түсінсе екен деді.
Жақия салықшыларға былай деді: “Адал болыңдар, ешкімді алдамаңдар”. Ал сарбаздарға: “Пара алмаңдар және ешкімге өтірік айтпаңдар”,— деді.
Діни қызметкерлер мен леуіліктер де Жақияға келіп былай деп сұрады: “Сен кімсің? Мұны бәрі білгісі келіп жүр”. Жақия оларға былай деді: “Мен Ишая пайғамбар айтып кеткен шөл даладағы дауыспын. Мен халықты Ехобаға жетелеймін”.
Адамдарға Жақияның уағызы қатты ұнады. Көбісі оны “Бұл Мәсіх емес пе екен?” деп жүрді. Бірақ Жақия оларға былай деді: “Менен де ұлы біреу келе жатыр. Мен оның тіпті аяқкиімінің бауын шешуге тұрмаймын. Мен суға шомылдыру рәсімін жасаймын, ал ол киелі рухқа шомылдырады”.
“[Жақия] әртүрлі адамдар өзі арқылы сену үшін, куәгер ретінде жарық туралы айтуға келді” (Жохан 1:7).