Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

26-ТАРАУ

Он екі барлаушы

Он екі барлаушы

Исраилдіктер Синай тауынан жолға шығып, Паран шөлі арқылы Қадеш деген жерге бет алды. Сол жерде Ехоба Мұсаға: “Әр рудан бір адамнан таңдап, Қанахан жерін көріп келуге 12 барлаушы жібер. Сол жерді мен исраилдіктерге беремін”,— деді. Содан Мұса 12 адам таңдап, оларға мынаны тапсырды: “Қанахан еліне барып, жерлері егін егуге жарай ма, жоқ па — көріп келіңдер. Халқы әлсіз бе, күшті ме, шатырларда тұра ма, әлде қалаларда ма — соны да біліңдер”. Сөйтіп, 12 барлаушы Қанахан еліне кетті. Олардың арасында Ешуа және Халеп деген екі жігіт болды.

40 күннен кейін барлаушылар қайта оралды. Олар өздерімен бірге інжір, анар жемістері мен жүзім шоғын ала келді. Барлаушылар Қанахан елін сипаттап: “Жері жақсы екен, бірақ адамдары күшті, ал қалаларының қабырғалары биік екен”,— деді. Сонда Халеп: “Біз ол елді жаулап ала аламыз. Дәл қазір аттанайық!”— деді. Халептің неге бұлай дегенін білесің бе? Себебі Ешуа екеуі Ехобаға сенім артты. Бірақ қалған 10 барлаушы: “Жоқ! Ол жақтың адамдары алыптар сияқты өте үлкен! Біз олардың қасында шегіртке сияқтымыз”,— деп қарсы болды.

Бұны естігенде, исраилдіктердің көңілі түсіп кетті. Олар қатты наразы болып: “Ол жаққа барып өлгенше, өзімізге басқа бір басшы таңдайық та, Мысырға оралайық”,— десті. Ешуа мен Халеп болса: “Ехобаға мойынсұныңдар. Қорықпаңдар, бізді Ехоба қорғайды”,— деді. Бірақ халық тыңдамай қойды. Олар тіпті Ешуа мен Халепті өлтіріп тастағысы келді!

Ал Ехоба не істеді? Ол Мұсаға мынаны айтты: “Мен қаншама жақсылық жасасам да, исраилдіктер мені тыңдамайды. Сондықтан олар 40 жыл бойы шөл далада жүреді, әрі сонда өледі. Олар мен уәде еткен жерге кірмейді. Ол жерге тек балалары және Ешуа мен Халеп қана кіреді”.

“Неге сонша қорқасыңдар, сенімі аздар-ау!” (Матай 8:26).