49-ТАРАУ
Жазасын алған зұлым патшайым
Ахаб патшаның Езрехел жеріндегі сарайының терезесінен бір жүзімдік көрінетін. Ол Набутай деген кісінікі болатын. Ахаб бұл жүзімдікті өзіне алғысы келіп, Набутайға оны маған сат деді. Набутай сатпай қойды, өйткені Ехобаның Заңы бойынша, ата-бабасынан мұраға қалған жерді сатуға болмайтын. Дұрыс істеп жатқаны үшін Ахаб Набутайға риза болды ма? Жоқ. Ахаб қатты ашуланды. Оның көңілі түскені сонша — өз бөлмесінен шықпай, тамақ та ішпей қойды.
Сонда Ахабтың әйелі, зұлым патшайым Езабел оған: “Сен Исраилдің патшасы емессің бе? Сен не қаласаң, сол болады. Мен саған ол жерді алып беремін”,— деді. Ол қаладағы ақсақалдарға хат жазды да, Набутайға Құдайды қорлады деген кінә тағып, таспен атқылап өлтіріңдер деп бұйырды. Ақсақалдар оның айтқанын істеді. Сонда Езабел Ахабқа келіп: “Набутай өліп қалды. Жүзімдік енді сенікі”,— деді.
Езабел Набутайды ғана емес, басқа да кінәсіз адамдарды өлтірді. Ол Ехобаны жақсы көретін көп адамды өмірінен айырды. Езабел жалған құдайлардың мүсіндеріне табынатын, басқа да жаман істер жасайтын. Оның істеген барлық жамандығын Ехоба көріп тұрды. Ехоба оған не істегенін білесің бе?
Біраз уақыттан соң Ахаб көз жұмды. Кейінірек оның Жорам деген баласы патша болды. Ал Ехоба Езабел мен отбасын жазалау үшін Иқу деген кісіні жіберді.
Иқу арбасын Езабел тұратын Езрехелге айдап келді. Сонда Жорам патша арбаға мініп, оның алдынан шықты. Ол Иқудан: “Тыныштық па?”— деп сұрады. Иқу былай деді: “Анаң Езабел зұлымдық істеп жүргенде,
қандай тыныштық болсын?!” Жорам арбасын бұрып, қашып кетпекші болды. Бірақ Иқу садағын алып оны атып жібергенде, ол өліп қалды.Сосын Иқу Езабелдің сарайына келді. Оның келе жатқанын естігенде, Езабел боянып, шашын әдемілеп, жоғарғы қабаттағы терезеден қарап отырды. Иқу келгенде, ол оны дөрекі сөздермен қарсы алды. Иқу оның жанында тұрған қызметшілерге: “Лақтырыңдар оны!”— деп айғайлады. Сонда олар Езабелді терезеден итеріп жіберді. Ол жерге құлап, өлді.
Бұдан соң Иқу Ахабтың 70 ұлын өлтірді де, елді Бағалға табынушылардан тазартты. Көрдің бе, Ехоба бәрін біледі және уақыты келгенде жамандық істейтіндерді жазалайды.
“Ашкөздікпен иемденген байлықтан түбінде еш береке болмас” (Нақыл сөздер 20:21).