Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Шынайы мәсіхшілер айқышты қолданбайды

Шынайы мәсіхшілер айқышты қолданбайды

АЙҚЫШ — миллиондаған адамдар үшін жанға жақын әрі қымбат нәрсе. “Британ энциклопедиясында” “мәсіхшілер дінінің негізгі белгісі” айқыш екені айтылған. Алайда шынайы мәсіхшілер айқышты қолданбайды. Не себепті?

Мұның басты себебі — Иса Мәсіх айқышта өлген жоқ. Әдетте “айқыш” деп стаурос деген грек сөзі аударылады. Аталмыш сөздің негізгі мағынасы — “тік ағаш немесе бөрене”. Бір еңбекте былай делінген: “[Стаурос] ешқашан екі ағаштың қандай да бір бұрыш жасап қиылысуын білдірмейді... [Жаңа өсиет жазылған] грек тілінде қос ағашқа тіпті меңзейтін де еш нәрсе жоқ” (The Companion Bible).

Киелі кітап жазушыларының кейбірі Исаның өлімі жайлы айтқанда, грек тілінің басқа сөзін, ксилон сөзін, қолданған (Елшілердің істері 5:30; 10:39; 13:29; Ғалаттықтарға 3:13; Петірдің 1-хаты 2:24). Ал бұл сөз жай ғана “ағаш” немесе “таяқ, бөрене, бағана не тал” дегенді білдіреді.

Бір еңбекте біреуді жазалау үшін не себепті жиі әншейін бөрененің қолданылғаны түсіндіріле келіп, былай делінген: “Өлім жазасы жұрт алдында жүзеге асырылатын жерлердің бәрінде ағаш өсе бермейтін. Сондықтан кәдімгі бөрене тік тұрғызылып, жерге көмілетін. Оған қылмыскердің қолын, ал көп жағдайда аяғын да керіп байлап немесе шегелеп тастайтын” (Херман Фульда. “The Cross and the Crucifixion”).

Исаның айқышта өлмегеніне қатысты ең сенімді дәлел Құдай Сөзінде келтірілген. Елші Пауыл былай деген: “Мәсіх құнымызды төлеуімен Заңның қарғысынан босатып, өзі біздің орнымызға қарғысқа ұшырады. Өйткені: “Бағанаға ілінген әркімді қарғыс атқан!”— деп жазылған” (Ғалаттықтарға 3:13). Мұнда Пауыл Мұсаның 5-жазбасы 21:22, 23-тармақтардан үзінді келтірген, ал онда айқыш емес, бағана немесе ағаш, туралы айтылғаны анық. Ағашқа ілініп жазаланған адамның “қарғысқа” ұшырағанын ескерсек, мәсіхшінің үйінде шегеленген Исаның мүсінінің тұрғаны дұрыс болмас еді.

Исаның өлімінен кейінгі 300 жыл аралығында өздерін мәсіхші деп атайтындардың айқышты қолданғандары жөнінде еш мәлімет жоқ. Алайда төртінші ғасырда пұтқа табынушы император Константин жолдан тайған мәсіхшілікті қабылдап, оның белгісі ретінде айқыштың қабылдануына ықпал еткен. Константин мұны қандай ниетпен істемесін, айқыштың Иса Мәсіхке ешқандай қатысы болмаған. Шындығына келгенде, айқыш пұтқа табынушылықтан шыққан. “Жаңа католик энциклопедиясында” “айқыштың мәсіхшілікке дейін де, мәсіхші емес [халықтардың] жораларында да қолданылғаны” айтылған. Көптеген беделді еңбектерде айқыштың табиғат күштеріне табыну мен пұтқа табынатындардың құнарлылық салт-жораларымен байланысы бар екені айтылады.

Олай болса, осы бір белгінің ендірілуінің себебі неде? Мұндай әрекет пұтқа табынушыларға “мәсіхшілікті” қабылдау жеңіл болу үшін жасалғанға ұқсайды. Қалай болған күнде де, пұтқа табынушылықтан шыққан рәміздерге табыну Киелі кітапта ашық айыпталады (Қорынттықтарға 2-хат 6:14—18). Сондай-ақ Жазбаларда мүсіндерге табынудың кез келген түріне тыйым салынады (Мұсаның 2-жазбасы 20:4, 5; Қорынттықтарға 1-хат 10:14). Демек, шынайы мәсіхшілердің айқышты қолданбауларына барлық негіз бар. *

^ 5-абзац Айқыш туралы мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Жазбалар туралы пікір алысу” (ор.) кітабының 202—204 беттерінен табуға болады.