Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚОСЫМША

Иса — уәде етілген Мәсіх

Иса — уәде етілген Мәсіх

МӘСІХТІҢ кім екенін анықтай алуымыз үшін Ехоба Құдай рухының жетелеуімен өзінің пайғамбарларына сол уәде етілген Құтқарушының туылуы, қызметі және өлімі жайлы жайттарды жаздыртқан. Киелі кітаптағы осы пайғамбарлықтардың барлығы Иса Мәсіхтің өмірінде орындалды. Олардың тура әрі бүге-шігесіне дейін орындалғаны таң қалдырады. Бұған мысал ретінде Мәсіхтің туылуы мен балалық шағына қатысты пайғамбарлықтардың кейбірін қарастырып көрейік.

Ишая пайғамбар Мәсіхтің Дәуіт патшаның ұрпағынан шығатынын алдын ала айтты (Ишая 9:7). Расында да, Иса Дәуіттің әулетінен шықты (Матай 1:1, 6—17).

Миха деген пайғамбар бұл баланың Бетлехем-Ефратада дүниеге келіп, ақыр соңында билеуші болатынын алдын ала айтты (Миха 5:2). Иса туылған заманда Исраилде Бетлехем атты екі қала болған. Оның бірі елдің солтүстігіндегі Назарет қаласының жанында, ал екіншісі Иерусалимге жақын жерде, Яһудеяда, орналасқан еді. Иерусалимнің жанындағы Бетлехем бір кездері Ефрата деп аталған. Пайғамбарлықта айтылғандай, Иса дәл сол қалада туылды (Матай 2:1).

Киелі кітаптағы басқа бір пайғамбарлықта Құдай Ұлының “Мысырдан” шақырып алынатыны айтылған. Исаны нәресте кезінде Мысырға әкеткен болатын. Ирод патшаның өлімінен кейін ол қайта әкелінеді, осылайша пайғамбарлық орындалды (Ошия 11:1; Матай 2:15).

 Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтар” деп аталатын кестедегі “Пайғамбарлық” деген сөздің астында Мәсіхке қатысты пайғамбарлықтар жазылған тармақтар көрсетілген. Оларды “Орындалуы” деген сөздің астындағы Жазба орындарымен салыстырып көрші. Осылайша Құдай Сөзінің шынайылығына сеніміңді нығайтасың.

Келтірілген Жазба орындарын салыстырғанда, мынаны есіңде ұста: бұл пайғамбарлықтар Исаның туылуынан жүздеген жыл бұрын жазылған. Иса былай деді: “Мұса Заңында пайғамбарлар жазбалары және Зәбүрде мен жайлы жазылғандар түгел орындалуы тиіс” (Лұқа 24:44). Иә, Киелі кітаптан көрініп тұрғандай, олардың бәрі бүге-шігесіне дейін орындалды!