Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Шынайы ғибадаттың жағында берік тұр

Шынайы ғибадаттың жағында берік тұр
  • Киелі кітап мүсіндер мен аруақтарға табынуға қатысты не нәрсеге үйретеді?

  • Мәсіхшілердің діни мерекелерге қатысты көзқарасы қандай?

  • Өзгелердің сезімін ескере отырып, өз сеніміңді қалай түсіндіруіңе болады?

1, 2. Жалған діннен шыққан соң, өзіңнен не деп сұрауың керек және неге бұл маңызды деп ойлайсың?

СЕН өзің тұрып жатқан аймақтың уланғанын білдің делік. Ол жерге біреу улы қалдықтар тастап жүр екен, сондықтан енді онда өмір сүру қауіпті. Сен не істейсің? Мүмкін болса ол жерден кетіп қаларың сөзсіз. Сөйткенмен де сені: “Мен уланып қалған жоқпын ба?”— деген сұрақ мазалайтын шығар.

2 Жалған дінге қатысты жағдай да осыған ұқсас болып отыр. Киелі кітап мұндай ғибадатты арам ілімдер мен жора-жоралғылар улаған деп үйретеді (Қорынттықтарға 2-хат 6:17). Міне, сол себепті дүниежүзілік жалған діндер империясы Ұлы Бабылдан шыққаның маңызды (Аян 18:2, 4). Сен солай еттің бе? Солай еткен болсаң, онда сені мақтауға болады. Алайда жалған діннен аулақ жүру немесе арыз жазып, одан шығып қана қою жеткіліксіз. Өзіңнен былай сұрауың керек: “Мен жалған діннің әсерінен толықтай арылдым ба?” Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.

МҮСІНДЕР МЕН АРУАҚТАРҒА ТАБЫНУ

3. а) Мүсіндерді қолдануға қатысты Киелі кітапта не айтылған және кейбіреулерге Құдайдың көзқарасын қабылдау неге қиынға соғуы мүмкін? ә) Жалған дінге қатысы бар кез келген нәрсені не істеуің керек?

3 Кейбіреулердің үйлерінде мүсіндер немесе табынатын орындар бар. Соларды қолданып ғибадат ету олардың қанына сіңген. Мұндай нәрселер сенің де үйіңде бар ма? Бар болса, көзге көрініп тұратын нәрселерсіз Құдайға дұға ету сен үшін оғаш немесе дұрыс емес болып көрінер. Тіпті олардың кейбірі жаныңа ерекше жақын шығар. Бірақ Құдай Киелі кітап арқылы өзіне қалай ғибадат етуіміз керектігін айтқан. Ал онда мүсіндерді қолданғанымызды Құдайдың қаламайтыны жазылған (Мұсаның 2-жазбасы 20:4, 5 оқы; Зәбүр 115:4—8; Ишая 42:8; Жоханның 1-хаты 5:21). Демек, жалған дінге қатысы бар кез келген нәрселеріңнен арылар болсаң, шынайы ғибадаттың жағына шығасың. Ехоба сияқты сен де мұндай нәрселерге “жеркенішті” деп қара (Мұсаның 5-жазбасы 27:15).

4. а) Ата-бабалардың аруағына табынудың бос әуре екенін қайдан білеміз? ә) Неліктен Ехоба өз халқына спиритизмнің кез келген түрімен айналысуға тыйым салды?

4 Ата-бабалардың аруағына табыну да жалған дінде кең етек алған. Киелі кітаптағы шындықты білгенге дейін, кейбіреулер өлгендер көзге көрінбейтін әлемде әрі олар тірілерге жақсылық не жамандық жасай алады деп сеніп келген. Бәлкім, сен ата-бабаларыңның аруағын риза қылуға барынша тырысатын шығарсың. Бірақ алтыншы тараудан білгеніміздей, өлгендер еш жерде тіршілік етпейді. Сондықтан аруақтармен байланыста болуға тырысу — бос әуре. Ал аруақтардан келді-міс деген кез келген хабар, шын мәнінде, жын-перілерден. Сол себептен Ехоба исраилдіктерге өлілермен байланысудың жолдарын іздеуге немесе спиритизмнің өзге де түрлерімен айналысуға тыйым салған (Мұсаның 5-жазбасы 18:10—12 оқы).

5. Бұрын мүсіндер мен аруақтарға табынған болсаң, не істеуіңе болады?

5 Сен де мүсіндер мен аруақтарға табынған болсаң, не істеуіңе болады? Құдайдың осы мәселеге қатысты көзқарасы жазылған Киелі кітаптағы тармақтарды оқып, олардың үстінен ой жүгірт. Ехобаға күнделікті дұға етіп, шынайы ғибадаттың жағына шығуды қалайтыныңды айт және соныкіндей көзқарас дамытуға көмектесуін сұра (Ишая 55:9).

ЕРТЕДЕГІ МӘСІХШІЛЕР МӘСІХТІҢ ТУҒАН КҮНІН ТОЙЛАМАҒАН

6, 7. а) Исаның бірінші ғасырдағы шәкірттері оның туған күнін тойлаған ба? ә) Исаның ертедегі шәкірттерінің заманында туған күнді тойлаудың не нәрсемен байланысы болған?

6 Жалған дін адамның ғибадатын кең тараған мейрамдар арқылы улауы мүмкін. Мысалы, Мәсіхтің туған күні атты мейрамды қарастырып көрейік. Өздерін мәсіхшіміз деп атайтындардың барлығы дерлік осы мейрамды тойлайды. Алайда Исаның бірінші ғасырдағы шәкірттерінің мұндай мейрамды тойлағаны жөнінде мәлімет жоқ. Діни жоралардың шығу тегі туралы бір кітапта былай делінген: “Мәсіх дүниеге келгеннен кейінгі екі ғасыр бойы оның нақты қай күні туылғанын ешкім білмеген, ал бұл жайында ойланған адам некен-саяқ болған” (Sacred Origins of Profound Things).

7 Шәкірттері Исаның нақты қай күні туылғанын білсе де, оны тойламас еді. Неге? Өйткені “Уорлд бук” энциклопедиясында айтылғандай, ертедегі мәсіхшілер “әлдекімнің туған күнін тойлауды жалған тәңірлерге табынатын халықтардың жорасы деп қарастырған”. Киелі кітапта туған күн тойланғаны жөнінде тек екі оқиға бар. Екі жағдайда да оны Ехобаға ғибадат етпеген билеушілер тойлаған (Мұсаның 1-жазбасы 40:20; Марқа 6:21). Сонымен қатар туған күндер жалған тәңірлерді дәріптеу үшін тойланатын. Мысалы, 24 мамырда римдіктер Диана деген әйел тәңірдің туған күнін тойлайтын. Ал ертеңінде Аполлон деген күн тәңірлерінің туған күнін атап өтетін. Демек, туған күнді тойлаудың мәсіхшілікпен емес, жалған тәңірлерге табынумен байланысы болған.

8. Туған күнді тойлау мен ырымшылдықтың арасындағы байланысты түсіндір.

8 Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер тағы бір себеппен Исаның туған күнін тойламаған болу керек. Олар туған күнді тойлаудың ырымшылдықпен байланысы бар екенін білгенге ұқсайды. Мысалы, ежелгі гректер мен римдіктер әр адамның дүниеге келгеніне куә болып, өмір бойы қорғап жүретін рухы болады деп сенген. Туған күн туралы бір кітапта адам жарық дүниеге қай тәңірдің туған күнінде келсе, оны қорғап жүретін рухтың сол тәңірмен жұмбақ қатынаста болатыны айтылған (The Lore of Birthdays). Исаны ырымшылдықпен байланыстыратын осындай мейрамдарды тойлау Ехобаға ұнар ма еді? Ұнамасы даусыз! (Ишая 65:11, 12). Олай болса, неге көп адам Мәсіхтің туған күнін тойлайтын болған?

МӘСІХТІҢ ТУҒАН КҮНІН ТОЙЛАУ МЕРЕКЕСІНІҢ ШЫҒУ ТЕГІ

9. Исаның туған күні неге 25 желтоқсанда тойланады?

9 Адамдар Исаның туған күнін 25 желтоқсанда атап өтуді ол өлгенінен кейін үш жүзден аса жыл өткен соң бастаған. Бірақ Исаның туған күнінің датасы бұл емес, өйткені ол қазан айында туылған болса керек *. Онда неге 25 желтоқсан мерекеленеді? Мәсіхшілікті кейінірек қабылдаған кейбіреулер “сол датаның Рим халқының жалған тәңірлерге табынудан шыққан “жеңілмес күннің туылуы” мейрамдалатын күнге сай келгенін қалағанға” ұқсайды (The New Encyclopædia Britannica). Күннің қуаты аз болып көрінетін қыс уақытында жалған тәңірлерге табынушылар жылу мен жарық беретін күнді ұзақ сапарынан қайтару үшін түрлі жоралар жасайтын. 25 желтоқсан күннің қайта оралу үшін жолға шыққан кезі болып есептелетін. Жалған тәңірлерге табынушыларды өз діндеріне баулу үшін дін басылары осы мейрамды бейімдеп, “мәсіхшілердікіндей” етіп көрсетуге тырысқан *.

10. Ертеректе кейбіреулер Мәсіхтің туған күнін неге тойламаған?

10 Исаның туған күнін тойлау мерекесінің жалған діннен шыққаны бұрыннан-ақ белгілі. Мысалы, Мәсіхтің туған күнін мейрамдау Жазбаларға негізделмегендіктен, Англияда және Американың кейбір колонияларында бүкіл 17-ші ғасыр бойы оны тойлауға тыйым салынған болатын. Тіпті әлдекім осы күні жұмысқа шықпай үйінде қалса, айып төлеуге тиіс еді. Алайда көп ұзамай ескі жоралар қайта жаңғырып, кейбір жаңалары да қосылды. Мәсіхтің туған күнін тойлау қайтадан үлкен мейрамға айналды және ол әлі күнге дейін көп елдерде елеулі мереке болып келеді. Құдайға ұнамды болғысы келетіндер бұл мейрамды да, жалған дінмен байланысы бар басқа мерекелерді де тойламайды *.

МЕЙРАМДАРДЫҢ ШЫҒУ ТЕГІ МАҢЫЗДЫ МА?

11. Кейбіреулер мейрамдарды не себепті тойлайды, бірақ ең алдымен нені ескеруіміз керек?

11 Кейбіреулер Исаның туған күні сияқты мейрамдардың жалған діннен бастау алғанымен келіседі, соған қарамастан оларды тойлағанда тұрған дәнеңе жоқ деп ойлайды. Негізінде, адамдардың көпшілігі мейрамдарды тойлауды жалған дінмен байланыстырмайды. Сондай-ақ мейрамдар отбасының төрт көзі түгел жиналуының мүмкіндігі деп қарастырылады. Сен де сондай ойдасың ба? Осындай ойда болсаң, бұл жалған дінді емес, өз отбасыңды жақсы көргеннен болар. Ал мұндай жағдайда шынайы ғибадаттың жағына шығу қиын болып көрінеді. Алайда мынаған күмәнданбасаң болады: отбасына бастама берген Ехоба Құдай сенің туыстарыңмен жақсы қарым-қатынаста болғаныңды қалайды (Ефестіктерге 3:14, 15). Бірақ мұндай қарым-қатынасты Құдайға ұнамды жолмен де нығайтуыңа болады. Елші Пауыл ең алдымен нені ескеруіміз керектігіне қатысты: “Иемізге не ұнайтынына әрдайым көз жеткізіп отырыңдар”,— деген (Ефестіктерге 5:10).

Лас арықта жатқан кәмпитті алып, жер ме едің?

12. Шығу тегі арам салт-жоралар мен мейрамдардан неге аулақ болу керек екендігімізді мысалмен түсіндір.

12 Бәлкім, сен мейрамдардың шығу тегінің бүгінде олардың қалай тойланатындығына қатысы жоқ деп ойлайтын шығарсың. Олардың шығу тегі шынымен маңызды ма? Әрине! Мысалы, лас арықта жатқан кәмпитті көрдің делік. Сен оны алып, жер ме едің? Әрине, жоқ! Ол таза емес қой. Мейрамдар да сол кәмпит сияқты тәтті болып көрінуі мүмкін, бірақ олар лас жерден алынған. Шынайы ғибадаттың жағында берік тұру үшін, біз де Ишая пайғамбар сияқты көзқараста болуымыз керек. Ол шынайы ғибадатты ұстанушыларға: “Арам нәрсеге жоламаңдар!”— деген (Ишая 52:11).

ӨЗГЕЛЕРМЕН ҚАТЫНАСҚАНДА, ҚЫРАҒЫ БОЛ

13. Мейрамдарды тойламауды шешкендіктен, қандай қиындықтар туындауы мүмкін?

13 Мейрамдарды тойламауды шешкендіктен, кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Мысалы, мейрамдарға қатысы бар белгілі бір істерге араласпайтының әріптестеріңді таң қалдыруы мүмкін. Қандай да бір мейрамда біреу саған сыйлық берсе ше? Оны алған дұрыс па? Ал жұбайың екеуіңнің сенімдерің бірдей болмаса ше? Мейрамдарды тойламағандықтан, балаларың өздерін бірдеңеден құр қалғандай сезінбеу үшін не істеуіңе болады?

14, 15. Біреу мейраммен құттықтаса немесе сыйлық жасаса не істеуіңе болады?

14 Жағдайға сай дұрыс әрекет ету үшін қырағылық қажет. Кездейсоқ ұшырасқан адам мейраммен құттықтаса, ризашылық білдіре салуға болады. Ал үнемі кездесіп жүрген не бірге жұмыс істейтін адам құттықтаса ше? Мұндай жағдайда көзқарасыңды түсіндіре кетуді жөн көретін боларсың. Қандай жағдайға кезіксең де, ілтипатты бол. Киелі кітапта мынадай кеңес бар: “Сөздерің әрқашан жағымды да дәмді болсын. Сонда әркімге қалай жауап беру керектігін білесіңдер” (Қолостықтарға 4:6). Өзгелерді кемсітуден аулақ бол, қайта, ілтипатпен өз көзқарасыңды түсіндір. Сыйлық беруге не отырыстар жасауға қарсы емес екеніңді, бірақ мұндай нәрселерді басқа уақытта істейтініңді анық етіп түсіндір.

15 Біреу саған сыйлық жасағысы келсе ше? Көп нәрсе жағдайға байланысты болады. Сыйлық беруші: “Сенің бұл мейрамды тойламайтыныңды білемін, сөйтсе де мынаны қабыл алғаныңды қалаймын”,— деуі мүмкін. Осы жағдайда сыйлықты қабылдау мейрамға қатысуға жатпайды деген шешімге келуің мүмкін. Ал егер сый беріп жатқан адамға сенің ұстанатын принциптерің беймәлім болса, аталмыш мейрамды тойламайтыныңды айтуыңа болады. Бұл сенің не себепті сыйды қабыл алып, бірақ өзің сыйлық бермейтініңді түсіндіруіңе көмектеседі. Басқа жағынан, егер сый сенің өз ұстанымдарыңа берік емес екеніңді немесе дүние-мүлік үшін олардан тайып кететініңді көрсету мақсатымен берілетін болса, оны алмаған абзал.

ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІМЕН ҚАТЫНАСҚАНДА

16. Мейрамдарға қатысты мәселелерде қалай ілтипатты болуыңа болады?

16 Отбасындағылардың діни нанымдары сенікінен өзгеше болса ше? Мұндай жағдайда да ілтипатты бол. Туыстарың ұстанатын әрбір салт-жораға не тойлайтын мейрамға наразы болып, сөз таластыра берме. Сен олардың өз көзқарасыңды ұстануға деген құқығыңды сыйлағанын қалайды емессің бе!? Сен де олардікін сыйла (Матай 7:12 оқы). Мейрам күні оған қатысқаныңның белгісі болатын кез келген әрекеттен аулақ бол. Сөйте тұра, мейрамды тойлауға қатысы жоқ жайттарда парасатты екеніңді көрсет. Әрине, біз әрқашан ар-ұжданымыз таза сақталатындай әрекет етуіміз керек (Тімөтеге 1-хат 1:18, 19 оқы).

17. Өзгелердің мейрамдарды тойлап жатқанын көргенде, балаларың бірдеңеден құр қалғандай сезінбеу үшін не істеуіңе болады?

17 Жазбаларға негізделмеген мейрамдарды тойламағандықтан, балаларың өздерін бірдеңеден құр қалғандай сезінбеу үшін не істеуіңе болады? Мереке күндерінен басқа уақытта не істейтіндігіңнің маңызы зор. Кейбір ата-аналар балаларына қай кездерде сыйлық жасайтындарын белгілеп қояды. Ата-ананың балаларына бере алатын ең жақсы сыйы — оларға сүйіспеншілік көрсетіп, бірге уақыт өткізу.

ШЫНАЙЫ ҒИБАДАТТЫ ҰСТАН

Шынайы ғибадатты ұстану нағыз бақыт әкеледі

18. Мәсіхшілердің кездесулеріне қатысқаның шынайы ғибадаттың жағында берік тұруыңа қалай көмектеседі?

18 Құдайға ұнамды болу үшін, жалған ғибадаттан бас тартып, шынайы ғибадаттың жағына шығуың керек. Мұны қалай істеуге болады? Киелі кітапта: “Сүйіспеншілікке және игі істерге талпындыру үшін, бір-бірімізге көңіл бөлейік. Кейбіреулер сияқты жиналыстарға бармай қалуды әдетке айналдырмайық, қайта, бір-бірімізді жігерлендіре берейік. Сол күннің жақын қалғанын білгендіктен, бұларды бұрынғыдан да көбірек істейік ”,— делінген (Еврейлерге 10:24, 25). Мәсіхшілердің кездесулерінде біз Құдайға ұнамды түрде ғибадат етеміз (Зәбүр 22:22; 122:1). Осындай кездесулерде шынайы мәсіхшілер “өзара жігерленеді” (Римдіктерге 1:12).

19. Неге Киелі кітаптан білгендеріңді өзгелерге айтудың маңызы зор?

19 Шынайы ғибадаттың жағында берік тұру үшін жасауыңа болатын әрекеттердің тағы бірі — Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттеу барысында білгендеріңді өзгелерге айту. Бүгінде дүниеде болып жатқан зұлымдықты көріп, көп адам аһ ұрып, күрсінуде. Бәлкім, сенің таныстарыңның кейбірі де сондай сезімде болар. Неге соларға болашаққа қатысты Киелі кітаптағы үміт туралы айтып бермеске? Егер жүрегіңнің түбінде жалған ғибадаттан шыққан салт-жораларға деген ынтазарлық қалып қойса, шынайы мәсіхшілермен араласудың және Киелі кітаптағы өзің білген керемет шындықтарды өзгелерге айтудың арқасында оның бірте-бірте азайып, ғайып болғанын байқайсың. Шынайы ғибадаттың жағында берік тұрсаң, зор бақытқа кенелетініңе әрі көптеген баталар алатыныңа күмәнданбасаң да болады (Малахи 3:10).

^ 9-абзац Қосымшаның “Иса желтоқсанда туылған ба?” деген тақырыбын қара.

^ 9-абзац Исаның туған күні ретінде 25 желтоқсанның белгіленуіне Сатурналии мейрамы да әсер еткен. Римдіктердің ауыл шаруашылығы құдайын дәріптеуге арналған осы мейрам желтоқсанның 17-нен 24-не дейін тойланатын. Мейрам кезінде адамдар той-думан өткізіп, сыйлықтар жасайтын.

^ 10-абзац Шынайы мәсіхшілердің өзге мейрамдарды тойлауға қалай қарайтыны туралы мәліметті қосымшаның “Біз мейрамдарды тойлауымыз керек пе?” деген тақырыбынан қара.