Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУ

Ол сынақтарда адалдық сақтады

Ол сынақтарда адалдық сақтады

1, 2. Петір жерлестерінің не істегенін қалады, бірақ оның үміті ақталды ма?

ПЕТІР Қапарнаум қаласындағы мәжілісханада Исаны тыңдауға жиналған адамдардың жүздеріне зер салып қарап отыр. Олар Петірдің жерлестері болатын. Ол осы қалада туып-өскен әрі осы жерде, Ғалилея теңізінің солтүстік жағалауында, балық аулаумен айналысатын. Петір жерлестерінің де өзі сияқты, Исаның Мәсіх екеніне көз жеткізгендерін қалады, әрі олар ең ұлы Ұстаздан Құдай Патшалығы туралы тәлім алуға қуанышты болады деп күтті. Алайда оның бұл үміті ақталмады.

2 Жұрттың көпшілігі Исаның сөздерін жақтырмай, оған қарсы шығып, күңкілдей бастады. Алайда мына жайт Петірдің жүрегіне әсіресе қатты батты. Исаның кейбір шәкірттері де бұрыс көзқарас танытып, одан теріс айналды. Олардың жайнаған өңдері сұрланып, шындықты тапқандағы сезінген қуаныштары бұлттай сейілді. Араларында тіпті ашуға булыққандары да болды. Өйткені Исаның айтқан сөздері олардың құлақтарына түрпідей тиді. Содан олар Исаны одан әрі тыңдаудан бас тартып, ғибадатханадан кетіп қалды, әрі бұдан былай Исаға ермейтін болды (Жохан 6:60, 66 оқыңыз).

3. Петір сенімінің арқасында не нәрсеге төтеп берді?

3 Бұл жағдай елшілерге ауыр соққы болып тиді. Петір де Исаның сол күні айтқандарын толық түсінбеді. Бірақ адамдардың неге жағымсыз сезімде болғанын ол жақсы түсінді. Өйткені олар Исаның сөздерін тура мағынада қабылдаған еді. Осы сынаққа Петір қалай төтеп берер екен? Бұл оның Ұстазына деген адалдығы сыналған бірінші жағдай емес-тін. Петір мұндай сынақтарға алда әлі талай кезікпек еді. Осы тарауда Петірдің сенімі сыналған жағдайларда қалай адалдық сақтай алғанын қарастырамыз.

Өзгелер адалдық сақтамаса да, ол адал болды

4, 5. Қандай жағдайларда Иса жұрт күткеннен өзгеше әрекет етті?

4 Петір Ұстазының айтқан сөздері мен істеген істеріне жиі таңғалатын. Өйткені Иса жиі жұрт күткеннен басқаша әрекет ететін. Осыдан бір күн бұрын ол керемет жасап, мыңдаған адамды тамақтандырғанда, халық оны патша етіп тағайындамақ болды. Бірақ Иса олардың арасынан кетіп қалды да, шәкірттеріне қайыққа мініп, Қапарнаумға баруды бұйырды. Түнде шәкірттер буырқанған Ғалилея теңізімен жүзіп бара жатқанда, Иса су бетімен жүріп, оларды тағы бір рет таңғалдырды, әрі Петірді сенімге қатысты маңызды нәрсеге үйретті.

5 Шәкірттер таңертең қараса, әлгі адамдар да қайықтарға мініп, соңдарынан жүзіп келген екен. Олар шындық жайлы сөздерге сусағандықтан емес, Иса тағы бір керемет жасап, тамақтандырар деген ниетпен келгенге ұқсайды. Осылай тәндік нәрсені рухани нәрседен жоғары қойғандары үшін Иса оларды айыптады (Жох. 6:25—27). Жұрт пен Исаның әңгімесі Қапарнаумдағы мәжілісханада жалғасын тапты. Сол жерде Иса оларға өте маңызды әрі күрделі шындықты ашқысы келді. Алайда бұл жағдайда да адамдар өздері күтпеген сөздерді естіді.

6. Иса өзін не нәрсеге теңеді және бұл оны тыңдап тұрғандарға қалай әсер етті?

6 Иса халық үшін нанның көзі емес, Құдай беретін рухани ас-судың көзі болғысы келді. Иса өзінің өмірі мен өлімінің арқасында олардың мәңгі өмір сүре алатындарын түсінгендерін қалады. Осы себеппен Иса оларға мысал келтіріп, өзін Мұсаның уағында көктен түскен маннаға теңеді. Бұл сөздерді кейбіреулер жақтырмай қарсы шыққанда, ол: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, Адам Ұлының тәнін жеп, қанын ішпесеңдер, өмірге ие болмайсыңдар”,— деді. Сонда олар одан сайын ашуланып: “Мынау не деген сұмдық! Мұны кім тыңдап тұра алады?”— десті. Бұдан кейін Исаның шәкірттерінің көбісі де оған ермейтін болды * (Жох. 6:48—60, 66).

7, 8. а) Петір Исаның рөліне байланысты әлі нені толық түсінбейтін? ә) Исаның елшілерге қойған сұрағына Петір не деп жауап берді?

7 Исаның сөздері Петірді де тығырыққа тіресе керек, өйткені ол Құдайдың еркі жүзеге асу үшін, Исаның өлуі тиіс екенін әлі толық түсінбейтін. Петір енді не істемек? Ол да әлгі тұрақсыз шәкірттер сияқты Ұстазын тастап кеткісі келе ме? Жоқ. Себебі Петірдің бойында сол шәкірттерде жоқ бір қасиет болды.

8 Иса елшілеріне қарап: “Сендердің де кеткілерің келе ме?”— деп сұрады (Жох. 6:67). Бұл сұрақ барлығына қойылса да, Петір ғана тіл қатты. Ол жиі бірінші болып жауап беретін. Бәлкім, бұл оның елшілердің арасында ең үлкені болғанынан шығар. Сондай-ақ Петір ойындағысын ашық айтатын жайдары адам болған. Исаның сұрағына ол: “Ием, біз кімге бармақпыз? Мәңгілік өмірге жеткізетін сөздер сізде ғой”,— деп, есте қаларлық сөздерді айтты (Жох. 6:68).

9. Петір Исаға деген адалдығын қалай көрсетті?

9 Не деген жан тебірентерлік сөздер! Петір Исаға сенгендіктен, бойында адалдық сияқты асыл қасиетті дамыта алған. Ол Исаның Ехоба жіберген жалғыз Құтқарушы екенін әрі Исаның сөзіне, яғни Құдай Патшалығы туралы берген тәліміне, құлақ асса ғана құтқарылатынын жақсы түсінген. Петір кейбір жайттарды түсіне алмай дал болса да, Исадан басқа ешкім де Құдайдың ықыласына бөленіп, мәңгі өмір сүруге көмектесе алмайтынын білген.

Біз Исаға оның тәлімдері күткеніміздей болмаса да не қалауларымызға қайшы келіп жатса да, адал болуымыз керек

10. Қалай біз Петір сияқты адал бола аламыз?

10 Сіз де Петір сияқты ойлайсыз ба? Өкінішке қарай, бүгінде көп адам Иса пайғамбарға сенеміз дегенмен, оған адалдық танытпайды. Исаға адал болу үшін біз де оның тәлімдерін Петір сияқты жақсы көруіміз керек. Кейде олар біз күткеннен басқаша болатын шығар немесе біздің қалауларымызға қайшы келіп жататын шығар. Осындай жағдайда да Исаның сөздеріне ден қойып, байыбына барып, солар бойынша өмір сүруіміз қажет. Себебі біз Иса Мәсіхке адал болсақ қана мәңгі өмірге жете аламыз (Зәбүр 97:10 оқыңыз).

Жөнге салынғанда да адал болды

11. Иса ізбасарларымен қайда бет алды?

11 Осы оқиғадан кейін Иса елшілері мен қалған шәкірттерін ертіп, Уәде етілген жердің қиыр солтүстігіне, Хермон тауына, қарай жол тартты. Хермон тауының биік болғаны сонша, оның қар басқан шыңы тіпті Ғалилея теңізінен де көрінетін. Иса бастаған топ Філіп Кесариясы аймағының айналасындағы ауылдардан өтіп, тауға жақындаған сайын, тау ұзара түскендей болды. Тау етегінде тұрған адамға оңтүстікте жатқан Уәде етілген жер анық көрініп тұрады. Дәл осы тау етегінде Иса ізбасарларына маңызды бір сұрақ қойды.

12, 13. а) Неліктен Иса жұрттың өзі жайлы пікірін сұрады? ә) Петірдің берген жауабынан оның шынайы сенімі қалай байқалды?

12 Иса олардан: “Жұрт мені кім деп жүр?”— деп сұрады. Петір Ұстазының жанарына қарап, оның бұл сұрақты ақылдылықпен әрі мейіріммен қойғанын байқады. Иса олардан жұрттың өзі жайлы қандай пікірде екенін білгісі келді. Сонда шәкірттері ол туралы жұртқа кеңінен тараған бірнеше қате пікірді атап өтті. Бірақ Иса бұдан да көп нәрсені, яғни шәкірттерінің өз ойларын, білгісі келді. Ол: “Ал сендер мені кім дейсіңдер?”— деп сұрады (Лұқа 9:18—20).

13 Петір бұл жолы да бірінші болып жауап қатты. Ол: “Сіз Мәсіхсіз, тірі Құдайдың Ұлысыз”,— деп, қасындағы өзге шәкірттердің де ойын ашық жеткізді. Сонда Иса оған күлімсіреп қарап, жауабына риза болып, оны шын жүректен мақтады. Сосын ол осы маңызды шындықты сенімі бар адамдарға қандай да бір пенде емес, Ехобаның өзі ашқанын айтты. Расында да, Петір Ехобаның сол уақытта ашқан ұлы шындықтарының біріне сенген еді. Ол көптен бері күтіп жүрген Мәсіхтің Иса екенін түсінді! (Матай 16:16, 17 оқыңыз).

14. Иса Петірге қандай жауапты іс тапсырды?

14 Ежелгі пайғамбарлықта Мәсіхтің “құрылысшылар бас тартқан тас” болып табылатыны айтылған (Зәб. 118:22; Лұқа 20:17). Иса Ехобаның дәл осы тастың үстіне, яғни елші Петір Мәсіх деп таныған жартастың үстіне, қауым тұрғызатынын айтқанда, сол пайғамбарлықты ойында тұтса керек. Сосын ол Петірге осы қауымда атқаратын аса мәртебелі іс тапсырды. Мұнысымен Иса, кейбіреулер ойлайтындай, Петірді басқа елшілерден жоғары қояйын деген жоқ, керісінше оның мойнына жауапкершілік жүктеді. Сөйтіп, оған “Көк Патшалығының кілттерін берді” (Мат. 16:19). Осылайша Петір үш түрлі топтың адамдарына Құдай Патшалығына кіру жайлы үмітті жеткізу мәртебесіне ие болды: біріншісі — яһудилерге, екіншісі — самариялықтарға, үшіншісі — басқа ұлт адамдарына.

15. Петір Исаға қандай қарсылық білдірді және не себепті?

15 Кейінірек Иса “кімге көп берілсе, содан көп талап етілетінін” айтты. Петір бұл сөздердің рас екенін өз өмірінен көрмек еді (Лұқа 12:48). Иса ізбасарларына өзінің жуырда Иерусалимде азапталып өлтірілетінін айтып, Мәсіх жайлы маңызды шындықтарды ашты. Мұндай сөзден жаны түршігіп кеткен Петір оны былайырақ алып шығып: “Ием, өзіңізді аяңыз. Мұндай нәрсе басыңызға түсе көрмесін!”— деп қарсылық білдірді (Мат. 16:21, 22).

16. Иса Петірді не деп түзетті және оның сөздерінің бізге қандай пайдасы бар?

16 Петір бұл сөздерді игі ниетпен айтқан еді. Бәлкім, өзге шәкірттер де осындай ойда болған шығар. Бірақ Иса Петірден теріс бұрылды да: “Менен аулақ кет, Шайтан! Сен Құдайдың емес, адамның ойын айтып тұрсың!”— деді. Петір мұндай сөздерді күтпеген еді (Мат. 16:23; Мар. 8:32, 33). Исаның бұл сөздері біз үшін де пайдалы кеңес болып табылады. Адам баласының қандай да бір жайтқа Құдайдың көзімен емес, тәндік көзқараспен қарап кетуі оп-оңай. Тіпті біреуге жақсылық жасауды ниет еткен болсақ та, біз сол адамды Құдайға емес, Шайтанға ұнамдыны істеуге талпындырып жатқан болуымыз мүмкін. Исаның сөзі Петірге қалай әсер етті екен?

17. Исаның Петірге “аулақ кет” дегені нені білдіреді?

17 Петір Ұстазының оны тура мағынада Шайтан Ібіліс деп атамағанын түсінген болса керек. Иса бойында көп жақсы қасиеттері бар елшісінен бас тартып тұрған жоқ еді, жай ғана оның көзқарасын түзеткісі келді. Петір Ұстазынан “аулақ кетуі”, яғни алдында кедергі тас болып тұрмай, керісінше оның соңынан еріп, адал ізбасары болуы қажет еді.

Кеңеске кішіпейілділікпен құлақ асып, түзелуге күш салсақ қана Иса Мәсіхке және Ехобаға жақын бола түсеміз

18. Петір адал екенін қалай көрсетті және біз оған қалай еліктесек болады?

18 Петір Исаның бұл сөздеріне ашуланып, дауласып не ренжіп кетті ме? Жоқ, ол Ұстазының кеңесін кішіпейілділікпен қабыл алды. Осылайша Петір адал екенін тағы бір рет дәлелдеді. Мәсіхтің соңынан ергендердің бәрі де кеңесті не түзетуді қажет етіп жатады. Осындай жағдайда кішіпейілділікпен құлақ асып, түзелуге күш салсақ, Иса Мәсіхке және Ехобаға жақын бола түсеміз (Нақыл сөздер 4:13 оқыңыз).

Ұстазы қатаң түзеткенде де, Петір адал болып қалды

Адалдығы үшін марапатталды

19. Иса не деп айтты және Петір не ойлаған болуы мүмкін?

19 Көп ұзамай Иса мынадай көңіл толқытарлық сөздерді айтты: “Сендерге шындығын айтамын, осында тұрғандардың кейбіреуі Адам Ұлының өз Патшалығында келе жатқанын көрмейінше, өлмейді” (Мат. 16:28). Бұл сөздер Петірдің зор қызығушылығын оятқанында сөз жоқ. Бірақ ол жуырда ғана қатаң сөгіс алғанын есіне алып, бұл ерекше мәртебеге мен ие бола алмаспын деп ойлаған шығар.

20, 21. а) Петір куә болған жағдайды суреттеп беріңіз. ә) Петір түнде көрінген пайғамбарлар мен Исаның әңгімесінен не ұқты?

20 Осы жағдайдан бір аптадай уақыттан кейін Иса Петір, Жақып пен Жоханды ертіп, биік тауға көтерілді. Бұл жақын маңдағы Хермон тауы болса керек. Сонда жеткен соң үш елшіні ұйқы басты, соған қарағанда бұл түнгі уақыт болғанға ұқсайды. Бірақ Иса дұға ете бастағанда, бір жайт орын алып, елшілердің ұйқылары шайдай ашылды (Мат. 17:1; Лұқа 9:28, 29, 32).

21 Үш елшінің көз алдында бір ғажап нәрсе болды. Исаның бет әлпеті жарқырай түсіп, күн нұрындай сәуле шашып тұрды! Оның киімі де аппақ болып, айналаны жарқыратып жіберді! Сосын Исаның жанында Мұса мен Ілиястың кейпіндегі екі сұлба пайда болды. Олар Исаның “Иерусалим қаласында осы дүниеден кетуі тиіс екені жөнінде” — оның өлтіріліп, сосын қайта тірілетіні жайлы болса керек — сөйлесті. Сонда Петір өткен жолы Исаны алда кезігетін азабынан арашалап қалмақ болып, үлкен қателік жасағанын түсінді (Лұқа 9:30, 31).

22, 23. а) Петірдің ақжүрек екендігі мен құлшынысы неден көрінді? ә) Петір, Жақып пен Жохан тағы қандай жайттың куәсі болды?

22 Петір бұл ғажап көрініске жай қарап тұра алмады. Мұса мен Ілияс кеткелі жатқандай көрінгенде, Петір оларды тағы біраз уақытқа ұстап қалғысы келіп: “Ұстаз, осында болғанымыз қандай жақсы! Біз біреуін сізге, біреуін Мұсаға, тағы біреуін Ілиясқа арнап үш күрке жасайық”,— деді. Алайда ешқандай күрке не шатырдың қажеті жоқ еді. Себебі Ехобаның бұл қызметшілері баяғыда қайтыс болып кеткен әрі елшілердің қарап тұрғандары жай ғана көрініс еді. Әрине, Петір өзінің не айтып тұрғанын өзі түсінбеді. Аузын ашса, жүрегі көрінетін әрі құлшынысы жанып тұрған осындай адамды бәріміз де жанымызға жақын тартамыз, солай емес пе?! (Лұқа 9:33).

Петір, Жақып пен Жохан ғажайып көрініске куә болу мәртебесіне ие болды

23 Петір, Жақып пен Жохан сол түні тағы бір кереметтің куәсі болды. Кенеттен тауда бір бұлт пайда болып, оларды қоршап алды. Сосын көктен Ехоба Құдайдың даусы шықты! Ол: “Бұл — менің таңдап алған Ұлым. Оны тыңдаңдар!”— деді. Осыдан кейін тауда тыныштық орнап, Иса мен оның үш елшісі ғана қалды (Лұқа 9:34—36).

24. а) Исаның өзгеріске түскенінің куәсі болғаны Петірге қалай әсер етті? ә) Исаның өзгеріске түскенінің бізге қандай пайдасы бар?

24 Исаның өзгеріске түскенін өз көзімен көру Петірге берілген зор мәртебе еді! Ондаған жылдан кейін ол осы жайында жазып, Исаны ұлылыққа бөленген Патша ретінде көргенін айтты. Бұл көрініс Құдай Сөзіндегі көптеген пайғамбарлықтың растығына дәлел болды әрі Петірдің сенімін нығайтып, алдағы сынақтарға дайындады (Петірдің 2-хаты 1:16—19 оқыңыз). Исаның өзгеріске түскенінің бізге де пайдасы бар. Егер Ехоба тағайындаған Қожайынға Петір сияқты адал болсақ, берген тәлімі мен кеңестеріне құлақ ассақ, оны үлгі тұтып, күн сайын оның ізімен жүрсек, біз де сенімімізді берік етіп, кез келген сынаққа дайын боламыз.

^ 6-абзац Осы жағдайдан жұрттың ойы тез өзгеріп шыға келетіні көрінеді. Күні кеше ғана Исаны Құдайдың жіберген пайғамбары деп есептеген жұрт бүгін мәжілісханада одан бас тартып отыр (Жох. 6:14).