Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

Ол ішіндегісін ақтарып дұға етті

Ол ішіндегісін ақтарып дұға етті

1, 2. а) Жолға жиналған Ханнаның жанын не нәрсе жегідей жеді? ә) Ханнаның оқиғасы бізге қай жағынан көмектеседі?

ХАННА жанын жегідей жеген уайымнан сәл де болса алаңдау үшін жолға дайындалып жатты. Оның күйеуі Елқана әдеттегідей бүкіл отбасымен Шилодағы киелі шатырға Ехобаға ғибадат етуге бармақ еді. Бұл кез әрбір адам үшін қуанышқа толы уақыт болу керек-тін. Өйткені Ехоба осы күндері халқының қуанышты болғанын қалайтын (Мұсаның 5-жазбасы 16:15 оқыңыз). Ханна бала кезінен бұл мейрамдарды жақсы көріп өскен. Алайда соңғы жылдары көп нәрсе өзгерді.

2 Елқана Ханнаны жанындай жақсы көрді. Бірақ оның тағы бір әйелі бар еді. Оның есімі Пәнана болатын. Ол Ханнаны барынша қорлап, жанын сыздатқан жарасына тұз себетін. Тіпті жыл сайынғы мейрамдар кезінде де, Пәнана оның жанын ауыртудың әйтеуір бір жолын табатын. Тығырыққа тірелген осындай қиын сәттерде Ехобаға деген сенімі Ханнаға күш берген. Сіз де өмірде туындаған қиындықтардан құлазып жүрген болсаңыз, Ханнаның оқиғасы жаныңызға жалау болады деп үміттенеміз.

“Көңілің неге жабырқаңқы?”

3, 4. Ханнаның қабырғасын қайыстырған екі жайт туралы айтып беріңіз.

3 Киелі кітаптан білетініміздей, Ханнаның жанына батқан екі жайт бар еді. Алғашқысымен ол сәл де болса күресе алғанымен, екіншісіне келгенде мүлдем шарасыз еді. Біріншіден, Ханна өзіне күн бермейтін күйеуінің екінші әйелімен тұрды. Екіншіден, Ханна бедеу болатын. Бедеулік — бала сүйгісі келетін кез келген әйел үшін үлкен қасірет. Ал Ханнаның заманында бұндай қасіретке душар болу тіптен ауыр еді. Өйткені әр отбасы артынан ата-тегін жалғастыратын ұрпақ қалдыруды қалайтын. Сондықтан бала көтермеген әйел ұятқа қалып, масқара болатын.

4 Бәлкім, Пәнана болмағанда, Ханнаға қайғысымен күресу соншалықты қиын болмас еді. Қай заманда да көп әйелді отбасыларында жайсыздықтар үнемі болып тұрған. Өйткені мұндай отбасыларында күндестік, ұрыс-керіс жиі орын алып, үйдің берекесін қашырады. Ехобаның сонау Едем бағында орнатқан тәртібі бойынша еркектің бір ғана әйелі болу керек еді (Мұс. 1-ж. 2:24). Киелі кітап екі әйел алған Елқананың отбасылық өмірін сипаттай отырып, көп әйелді үйдің қаншалықты бақытсыз болатынын ашық суреттейді.

5. Неліктен Пәнана Ханнаның жанын жаралауға тырысатын және бұл үшін ол не істейтін?

5 Елқана Ханнаны Пәнанаға қарағанда қаттырақ жақсы көрді. Ол яһуди салты бойынша алдымен Ханнаға үйленіп, сосын бірнеше жылдан кейін Пәнананы әйелдікке алған еді. Пәнана күйеуін қызғанатын және Ханнаның жанын жаралау үшін қолынан келгеннің бәрін істеп, күн бермейтін. Пәнананың үлкен бір артықшылығы бар еді. Ол құрсақ көтере алатын. Дүниеге бала әкелген сайын, ол көкірегін керіп, менменси түсті. Пәнана Ханнаға жаны ашып, жұбаныш болудың орнына жарасына тұз себетін. Киелі кітапта Пәнананың Ханнаны ренжіту үшін, оны мазақ қылатыны айтылған (Сам. 1-ж. 1:6). Осылайша ол өз дегеніне жететін.

Ханна бедеу болғаны үшін қатты қамығатын, ал Пәнана қолынан келгеннің бәрін істеп, оны ренжітетін

6, 7. а) Елқана жұбатпақ болғанда, неге Ханна оған Пәнана жайлы айтып бермеген? ә) Ханнаның бедеулігі Ехобаның оған рақымын түсірмегенін білдірді ме? Түсіндіріңіз. (Сілтемені қараңыз.)

6 Құдайға ғибадат ету үшін Шилоға барғанда, Пәнана Ханнаны әсіресе қатты ренжітетін. Ехобаға құрбандық шалғаннан кейін, Елқана Пәнана мен оның ұл-қыздарына тиісті үлестерін беретін. Ал Ханнаға ерекше үлес беретін. Пәнана осы кезде қызғаныштан күйіп, Ханнаның бедеулігін бетіне басатын. Сонда байғұс Ханна көз жасын төгіп, нәр татпай қоятын. Күйеуі Елқана сүйікті жарының мұндай күйін байқамай қоймайтын. Ол: “Ханна, неге жылайсың, неге тамақ ішпейсің? Көңілің неге жабырқаңқы? Мен сен үшін он баладан да артық емеспін бе?”— деп, оны жұбатуға тырысатын (Сам. 1-ж. 1:4—8).

7 Елқана Ханнаның бедеулігінен күйзеліп жүргенін көре білгені мақтауға тұрарлық *. Оның айтқан жұбаныш сөздерін Ханна жоғары бағалаған. Алайда Елқана Пәнананың кесір-кесапаты жайлы сөз қозғамаған. Сондай-ақ Киелі кітапта Ханнаның Пәнананы айтып күйеуіне шағымданғаны туралы да ештеңе айтылмайды. Бәлкім, Ханна жағдайды одан бетер ушықтырып алудан қорыққан шығар. Тіпті Ханна Елқанаға жағдайды түсіндірген күнде де, ол мұны оңалта алар ма еді? Қайта, Пәнана Ханнаны бұрынғыдан бетер жек көріп, балалары мен қызметшілері оның сөзін сөйлеп кетпес пе еді? Сонда Ханна өзінің үйіне өзі сыймай, отбасынан мүлдем шеттеп қалар еді ғой.

Ханна отбасында қиындық көргенде, Ехобадан жұбаныш іздеді

8. Әділетсіздікке кезіккенде Ехобаның әділдіктің Құдайы екенін есте ұстау неліктен маңызды?

8 Елқана Пәнананың барлық аяусыз әрекеттері жайлы білсін не білмесін, ең бастысы, Ехобаның назарынан еш нәрсе шет қалмады. Құдай Сөзіндегі еш бүкпесіз баяндалған бұл оқиға өзгелерді көре алмай, жаман істерге баратындар үшін нағыз ескерту болып табылады. Ал Ханна сынды жазықсыз, ақжүрек адамдар Құдайдың әділ екеніне әрі уақыты келгенде ең дұрыс жолмен әділдік орнататынына көз жеткізіп, осы оқиғадан жұбаныш таба алады (Мұсаның 5-жазбасы 32:4 оқыңыз). Ханна Ехобаның бір шара қолданатынын білсе керек, өйткені ол Ехобаға жүгініп, одан көмек күткен.

“Жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды”

9. Күндесі Пәнананың қалай әрекет етерін білсе де, жолға шыққан Ханнадан қандай сабақ аламыз?

9 Таң сәріде үй іші абыр-сабыр болды. Барлығы, тіпті балалар да жол жүруге дайындалып жатты. Олар Шило қаласына жету үшін Ефремнің таулы өңірлерімен 30 шақырымнан астам жерді жүріп өтулері керек еді *. Жаяу жүрсе, жолға бір-екі күн кететін. Пәнананың қалай әрекет ететінін білсе де, Ханна үйде қалмады. Ол бұл әрекетімен Құдайдың қызметшілеріне керемет үлгі қалдырды. Өзгелердің дұрыс емес әрекеті Құдайға ғибадат етуімізге еш кедергі болмау керек. Әйтпесе қиындықта табанды болуға көмектесетін күш пен қолдаудан құралақан қалып қоямыз.

10, 11. а) Неге Ханна мүмкіндік туа салысымен киелі шатырға барды? ә) Ханна көктегі Әкесіне қалай дұға етті?

10 Бұл отбасы тау арасымен өтетін ирелең жолдармен күні бойы жүріп, Шилоға да келіп жетті. Шило қыратта орналасқан, айналасын биік қырлар қоршап тұрған қала еді. Қалаға жақындап қалған кезде Ханна киелі шатырда Ехобаға не туралы дұға ететіні жайлы ойланса керек. Шилоға келіп жайғасқан соң, олар тамақтануға отырды. Ханна мүмкіндік туа салысымен дастарқаннан тұрып, Ехобаның киелі шатырына қарай беттеді. Ғибадатхананың кіреберісінде бас діни қызметкер Ели отыр екен. Бар ойы айтатын дұғасында болғандықтан, Ханна оны байқамай да қалды. Ол киелі шатырда айтқан дұғасына Ехобаның ден қоятынына сенімді болды. Сарыуайымнан жігері құм болған Ханнаны ешкім түсінбесе де, көктегі Әкесі түсінетін. Мұңын ішінде сақтап шаршаған ол өзін әрі қарай ұстай алмай, өксіп жылап жіберді.

11 Ханна Ехобаға іштей дұға ете бастады. Ол еріндерін ғана жыбырлатып, көкірегін қарс айырған қайғысын айтып жатты. Денесі болса өксіктен дір-дір етеді. Ханна көктегі Әкесінің алдында мұңға толы жүрегіндегісінің бәрін ақтарып, ұзақ тұрды. Ол Құдайға жалбарынып, сәби сыйлауын тіледі. Алайда Ханна тек алуды ғана емес, Ехобаға беруді де ойлады. Ол дүниеге ұл бала әкелсе, оны Ехобаға бағыштап, “өмірінің соңына дейін өзіне беруді” ант етті (Сам. 1-ж. 1:9—11).

12. Ехобаға дұға еткенде, Ханнаға қалай еліктей аламыз?

12 Ханна Құдайдың барлық қызметшілеріне дұға етудің озық үлгісін қалдырды. Кішкентай баланың ештеңені жасырмай, әкесіне бар ойын ашып айтатыны сияқты, Ехоба да өз қызметшілерінің қысылмай, ішкі дүниелерін ақтарып дұға еткендерін қалайды (Зәбүр 62:8; Салоникалықтарға 1-хат 5:17 оқыңыз). Елші Петір киелі рухтың жетелеуімен Ехобаға дұға етуге қатысты: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды”,— деп жазған (Пет. 1-х. 5:7).

13, 14. а) Ели Ханна жайлы қандай бұрыс тұжырым жасады? ә) Ханнаның Елиге қалай сөйлегенінен оның сенімі жайлы не білеміз?

13 Адамдар өзгелерді дәл Ехоба сияқты түсініп, оларға дәл Ехобадай жанашырлық таныта алмайды. Мысалы, Ханнаның жағдайында солай болды. Ол өксіп жылап дұға етіп тұрғанда, бір дауысты естіп тоқтап қалады. Бұл Ханнаны бақылап отырған бас діни қызметкер Елидің даусы еді. Ол еріндерін жыбырлатып, өксігін баса алмай жылап тұрған Ханнаның сол кездегі күйіне қарап, бұрыс тұжырым жасады. Не болып қалғанын сұраудың орнына, Ели оған ойланбастан: “Қашанғы мас болып отырасың? Мастығың тарқаған соң кел!”— деді (Сам. 1-ж. 1:12—14).

14 Қасиетті қызмет атқаратын бұл кісінің айтқан сөздері онсыз да түңіліп отырған Ханнаның жүрегіне қанжардай қадалды! Бірақ Ханна бұл жағдайда да үлгі боларлықтай әрекет етті. Ол біреудің кемелсіздігінің Ехобаға ғибадат етуіне кедергі болғанын қаламады. Ханна Елиге құрметпен жауап беріп, жағдайын түсіндіріп берді. Ели өзінің қателігін мойындаған болу керек, Ханнаға жұмсақ дауыспен: “Аман-есен қайта бер. Исраилдің Құдайы тілеуіңді қабыл алсын”,— деді (Сам. 1-ж. 1:15—17).

15, 16. а) Ханна киелі шатырда Ехобаға жүрегін ақтарып, оған дұға еткеннен кейін өзін қалай сезінді? ә) Бойымызды жағымсыз сезімдер билегенде, Ханнаға қалай еліктей аламыз?

15 Ханна Ехобаға көкірегіндегі зарын ақтарып, киелі шатырда ғибадат еткеннен кейін өзін қалай сезінді? Киелі кітапта: “[Ханна] өз жөніне кетті. Осыдан кейін ол тамақ ішіп-жей бастады, жүзінен де қайғының нышаны байқалмайтын болды”,— делінген (Сам. 1-ж. 1:18). Ханна шерін тарқатқан соң, жеңілдеп қалды. Былайша айтқанда, ол еңсесін басқан ауыр жүкті алып, құдіреті күшті көктегі Әкесі Ехобаның иығына артты (Зәбүр 55:22 оқыңыз). Ал Ехоба үшін қандай да бір қиындықтың ауыр болуы мүмкін бе? Әрине, жоқ.

16 Еңсемізді мұң басып, құлазыған шақтарда Ханнаға еліктеп, Ехобаға жүрек сырымызды ақтарғанымыз жөн. Өйткені Киелі кітапта оның “дұғаларды тыңдайтыны” айтылған (Зәб. 65:2). Біз де Ехобаға сеніммен дұға етсек, мұң-шеріміздің орнын “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы” басатын болады (Філіп. 4:6, 7).

“Құдайымыздай жартас жоқ”

17, 18. а) Елқана Ханнаның сертін құптайтынын қалай көрсетті? ә) Неге Пәнана Ханнаны ренжіте алмайтын болды?

17 Келесі күні таңертең Ханна күйеуі Елқанамен бірге киелі шатырға қайтып келді. Ханна оған Құдайға айтқан өтініші мен берген анты жайлы айтып берген болса керек. Егер әйел күйеуінің келісімінсіз біреуге серт берсе, Мұса Заңы бойынша күйеуі бұл серттің күшін жоя алатын (Мұс. 4-ж. 30:10—15). Бірақ Елқана әйелінің сертін өз күшінде қалдырды. Ол киелі шатырда Ханнамен бірге Ехобаға сиынып, сосын үйлеріне қайтты.

18 Пәнана ащы тілімен Ханнаны енді ренжіте алмайтынын қашан түсінді? Киелі кітапта бұған қатысты ештеңе айтылмаған. Алайда “жүзінен қайғының нышаны байқалмайтын болды” деген сөздерге қарағанда, Ханна сол уақыттан бастап көтеріңкі көңіл-күймен жүргенге ұқсайды. Пәнана өзінің тістеп айтқан сөздеріне Ханнаның еш мән бермей жүргенін байқаса керек. Әрі қарай Киелі кітапта Пәнана жайлы ештеңе айтылмайды.

19. Ханна қандай батаға ие болды және бұл бата Құдайдан екенін түсінгенін қалай көрсетті?

19 Арада бірнеше ай өткен соң, Ханна зор қуанышқа кенелді. Оның бойына бала бітті! Ханна бұл сәбидің Ехобаның берген батасы екенін бір сәтке де есінен шығармады. Нәресте жарық дүниеге келгенде, Ханна оған Самуил, яғни “Құдайдың есімі”, деген ат қойды. Бұл оның Құдайдың есімін шақырып дұға еткеніне нұсқаса керек. Сол жылы Ханна отбасымен бірге Шилоға бармады. Ол баласын емшектен шығарғанша үш жыл бойы үйде отырды. Баласымен қоштасар уақыт таяған сайын Ханна бар күш-жігерін жинап, өзін сол күнге дайындады.

20. Ханна мен Елқана Құдайға берген серттерін қалай орындады?

20 Кез келген анаға баласымен айырылысудың оңайға соқпайтыны анық. Әрине, Ханна Самуилдің Шилода қараусыз қалмайтынын білетін, себебі киелі шатырда оны қамқорына алатын қызметші әйелдер бар еді. Әйткенмен де Самуил тым кішкентай болатын. Мұндайда қандай ана баласының жанында болғысы келмейді дейсіз!? Бірақ Ханна мен Елқана баланы Шилоға амалсыздан емес, қуанышпен әкелді. Олар Құдайға құрбандық шалғаннан кейін Самуилді Елиге алып барып, Ханнаның бірнеше жыл бұрын Құдайға берген серті жайлы айтып берді.

Ханна өте жақсы ана болды

21. Ханнаның дұғасынан оның сенімі берік болғаны қалай көрінеді? (“ Ден қоярлық екі дұға” деген қоршауды да қараңыз.)

21 Кейіннен Ханна Құдайға арнап дұға айтты. Ехоба бұл дұғаны бағалы санап, оның өз Сөзінде жазылуына қам жасады. Самуилдің 1-жазбасы 2:1—10 тармақтарды оқитын болсақ, әр сөйлемнен Ханнаның берік сенімін байқаймыз. Ол Ехобаның тәкаппарларды кішірейтіп, әлсіздерді жоғарылататынын, адамды тіпті өмірден айырып, өлімнен де сақтай алатынын айтып, Құдайдың басқа ешкімде жоқ зор құдіретін мадақтаған. Ханна көктегі Әкесін киелілігі, әділдігі мен адалдығы үшін дәріптеген. Ол “Құдайымыздай жартас жоқ” деп ауыз толтырып айта алған. Ханна сияқты, қиындықтан еңселері түсіп, қажып, көмек іздеп келгендер үшін Ехоба берік пана бола алады.

22, 23. а) Неліктен Самуил ата-анасының өзін жақсы көретініне сенімді болды дей аламыз? ә) Ехоба Ханнаны қалай жарылқады?

22 Ехобаға деген берік сенімі бар осындай тамаша анасы үшін кішкентай Самуилдің риза болғанында сөз жоқ. Ол анасын қатты сағынатын. Бірақ Самуил ешқашан анасы өзін тастап кеткендей сезінбеген. Ханна жыл сайын Шилоға келгенде, Самуилге киелі шатырда киетін жеңсіз көйлек тігіп әкелетін. Көйлектің әрбір тігісі Ханнаның баласына деген махаббаты мен қамқорлығын паш етіп тұратын (Самуилдің 1-жазбасы 2:19 оқыңыз). Ұлына жаңа көйлегін кигізіп жатқан Ханнаны елестетіп көріңізші. Ол Самуилге мейірім тұнған көзімен қарап, оны жылы сөздермен еркелетіп қояды. Ханна өзінің ұлы үшін өте жақсы ана болды. Өскен соң Самуил де ата-анасы мен бүкіл Исраил халқы үшін нағыз батаға айналды.

23 Ехоба Ханна жайлы ұмытқан жоқ. Құдайдың жарылқауымен Ханна мен Елқананың тағы бес баласы дүниеге келді (Сам. 1-ж. 2:21). Ең бастысы, Ханнаның көктегі Әкесі Ехобамен қарым-қатынасы жыл сайын нығая берді. Ханнаның сенімін үлгі етер болсаңыз, сіз де Ехоба Құдаймен қарым-қатынасыңызды нығайта аласыз.

^ 7-абзац Киелі кітапта “Ехоба Ханнаға перзент сыйламаған еді” деген сөздер бар. Алайда бұл осы бір кішіпейіл әрі сенімі берік әйелге Құдайдың көңілі толмаған дегенді білдірмейді (Сам. 1-ж. 1:5). Себебі Киелі кітапта Құдай жай ғана жол берген кейбір жайттар Құдайдың қалауымен орын алғандай болып сипатталады.

^ 9-абзац Бұл арақашықтық Елқананың туған қаласы Рамақ Исаның кезіндегі Ариматея қаласы болуы мүмкін деген болжамды негіз етіп өлшенген.