Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-САБАҚ

Құдайға қалай жақындай аласыз?

Құдайға қалай жақындай аласыз?

1. Құдай Тағала барлық дұғаларды қабыл ала ма?

Құдай барлық адамдарды өзіне дұға ету арқылы жақындауға шақырады (Зәбүр 65:2). Алайда ол дұғалардың барлығын бірдей қабыл ала бермейді. Мысалы, ер адам әйеліне дөрекілік көрсетсе, бұл оның дұғасының Құдайға жетуіне тосқауыл болуы мүмкін (Петірдің 1-хаты 3:7). Сондай-ақ ежелде Исраил халқы зұлымдық жасауларын қоймағанда, Құдай олардың дұғаларын тыңдамай қойған. Алайда, тіпті ауыр күнә жасаған адам өкініш білдірсе, Құдай оның дұғасын қабыл алады. Иә, Құдайға дұға ету — үлкен мәртебе. (Ишая 1:15; 55:7 оқыңыз).

Құдай Тағала барлық дұғаларды қабыл ала ма?” деген бейнероликті көріңіз.

2. Қалай дұға ету керек?

Дұға ету ғибадаттың бір бөлігі болып табылады, сондықтан Жаратушымыз Ехоба Құдайға ғана дұға еткеніміз дұрыс (Матай 4:10; 6:9). Сондай-ақ біз күнәкар болғандықтан Иса арқылы дұға етуіміз керек, өйткені ол біздің күнәларымыз үшін өмірін қиған (Жохан 14:6). Ехоба жаттанды не қағазға жазылған дұғаларды қайталап айта бергенімізді ұнатпайды. Ол біздің шын жүректен дұға еткенімізді қалайды. (Матай 6:7; Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз).

Жаратушымыз ішімізден айтқан дұғаларымызды да тыңдайды (Самуилдің 1-жазбасы 1:12, 13). Ол бізді кез келген жағдайда — таңертең не ұйықтар алдында, ас ішерде не қиындықтарға кезіккенде — дұға етуге шақырады. (Зәбүр 55:22; Матай 15:36 оқыңыз).

3. Құдайдың қызметшілері неге кездесулер өткізіп тұрады?

Бүгінде Құдайға жақындау оңай болмауы мүмкін. Өйткені біз Құдайға сенім білдіре бермейтін не оның жерде бейбітшілік орнайды деген уәдесін келеке ететін адамдардың арасында өмір сүрудеміз (Тімөтеге 2-хат 3:1, 4; Петірдің 2-хаты 3:3, 13). Сондықтан біз бір сенімдегі адамдармен араласып, бір-бірімізді жігерлендіруді қажет етеміз. (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз).

Құдайды жақсы көретін адамдармен араласқанымыз оған жақындай түсуімізге көмектеседі. Бұл орайда Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулері өзгелердің сенімін көріп, жігерленуге керемет мүмкіндік береді. (Римдіктерге 1:11, 12 оқыңыз).

4. Құдайға қалай жақындай аласыз?

Ехоба Құдайға жақындау үшін оның Сөзі Киелі кітаптан білгендеріңіз жайлы ой жүгірткеніңіз жақсы. Құдайдың қалай әрекет ететіні жайлы және оның ақыл-кеңестері мен уәделері туралы терең ойланыңыз. Осы жайлы дұға еткеніңіз Құдайдың сүйіспеншілігі мен даналығына деген ризашылығыңызды арттырады. (Ешуа 1:8; Зәбүр 1:1—3 оқыңыз).

Құдайға шын жүректен сенсеңіз ғана оған жақындай аласыз. Алайда сенім күтімді қажет ететін өсімдік сияқты. Оны “күтіп-баптау”, яғни үнемі нығайтып отыру, қажет. Бұл үшін нанымдарыңыздың дұрыстығына көз жеткізіп отырғаныңыз маңызды. (Матай 4:4; Еврейлерге 11:1, 6 оқыңыз).

5. Құдайға жақындай түсудің сіз үшін қандай пайдасы бар?

Ехоба Құдай өзін жақсы көретін адамдардың қамын ойлайды. Ол қызметшілерін сенімдері мен мәңгі өмір сүруге деген үміттерінен айыратын кез келген қауіптен қорғайды (Зәбүр 91:1, 2, 7—10). Сондай-ақ ол біздің денсаулығымызға зиян келтіретін не бақытсыздыққа ұшырататын жүріс-тұрыстан сақтандырады. Иә, Ехобаның бізге ең дұрыс өмір жолын көрсететіні шүбәсіз. (Зәбүр 73:27, 28; Жақып 4:4, 8 оқыңыз).