Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ТАРАУ

Неге билікке құрметпен қарауымыз керек?

Неге билікке құрметпен қарауымыз керек?

“Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер” (ПЕТІРДІҢ 1-ХАТЫ 2:17).

1, 2. а) Неге билікке мойынсұну әрдайым оңай бола бермейді? ә) Қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ӨЗІНЕ ұнамайтын нәрсені істеу керек болғанда, әдетте кішкентай бала қандай күй кешеді? Оның бет-жүзінен наразылықтың белгісі анық көрінетін болар. Ата-анасы бір нәрсені талап еткенде, бала оларға мойынсұну керек екенін біледі. Бірақ ол бар болғаны мойынсұнғысы келмей тұр. Мұндай сезім бәрімізге де таныс.

2 Билікке мойынсұну әрқашан оңай бола бермейді. Өзіңе билігі жүретін адамға құрметпен қарау саған кейде қиын шығар? Бұл — саған ғана тән нәрсе емес. Біз билікке бұрынғыға қарағанда анағұрлым аз құрмет көрсетілетін уақытта өмір сүрудеміз. Алайда Киелі кітапта билігі барларға құрметпен қарауымыз керектігі айтылған (Нақыл сөздер 24:21). Иә, Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін осылай еткеніміз маңызды. Олай болса, осы орайда мынадай сұрақтар туындайды: Билігі барларға мойынсұну неге соншама қиын болуы мүмкін? Неге Ехоба мұны талап етеді және бізге мойынсұнғыш болуға не көмектеседі? Біз билігі барларға қалай құрмет көрсете аламыз?

МОЙЫНСҰНУ НЕГЕ ҚИЫН?

3, 4. Күнә мен кемелсіздік қалай бастау алды және қалайша күнәкар болмысымыз билікке мойынсұнуға кедергі жасайды?

3 Билігі барларға мойынсұну неге соншама қиын? Мұның екі себебі бар. Біріншіден, біз кемелсізбіз. Екіншіден, билігі барлар да кемелсіз. Күнә мен кемелсіздік о баста, Едем бағында Адам мен Хауа Құдайдың билігіне қарсы шыққанда, бастама алған. Демек, күнә мен билікке деген қарсылық бірге жасалды. Сол уақыттан бері адам баласы тумысынан қарсыласуға бейім келеді (Жаратылыс 2:15—17; 3:1—7; Забур 50:7; Римдіктерге 5:12).

4 Кемелсіздіктің салдарынан менмен не тәкаппар болып кету оп-оңай, ал кішіпейілділікті дамыту және сақтау үшін көп күш салу қажет. Құдайға жылдар бойы адал қызмет еткенімізге қарамастан, қыңыр әрі менмен болып кетуіміз мүмкін. Мысалы, Ехобаның халқымен бірге көптеген қиыншылықтарға адалдықпен төзген Қорахты алайық. Кейінірек, ол билікті көксеп, еш шімірікпестен сол кездегі ең момын кісі Мұсаға қарсы бүлік шығарды (Руларды санау 12:3; 16:1—3). Сондай-ақ Ұзиях патша туралы ойлап көрші. Ол менменсіп Ехобаның ғибадатханасына кіріп, діни қызметкердің қасиетті қызметін атқармақ болған (Шежірелер 2-жазба 26:16—21). Олардың бұл істері жақсылыққа апармады. Осы екі мысал бәріміз үшін жақсы ескерту болып табылады. Біз билікке құрметпен қарауға кедергі жасайтын менмендіктен аулақ болуымыз керек.

5. Кемелсіз адамдардың билікті бұрыс қолданатыны неден көрінеді?

5 Оның үстіне, билікке деген құрметтің азаюына қолында билігі бар кемелсіз адамдардың өздері де кінәлі. Олардың көпшілігі халыққа қатыгездікпен өктемдік жасап, қысым көрсетеді. Адамзат тарихы биліктің бұрыс қолданылғанын көрсететін оқиғаларға толы (Екклесиаст 8:9). Мысалы, Саул патша болуға таңдалғанда, кішіпейіл, жақсы адам болатын. Алайда кейіннен ол менмендік пен қызғанышқа бой алдырып, Құдайдың адал қызметшісі Дәуітті қудалайды (Патшалықтар 1-жазба 9:20, 21; 10:20—22; 18:7—11). Ал кейінірек, Дәуіт Исраилдің ең жақсы патшасы болады, бірақ ол да бірде билігін бұрыс қолданып, хеттік Ұрияның әйелін иемденеді де, еш кінәсіз күйеуін жау қолынан қаза болу үшін майданның алдыңғы шебіне жібереді (Патшалықтар 2-жазба 11:1—17). Иә, кемелсіздік билікті дұрыс қолдануға кедергі жасайды. Ал билік иелері Ехобаны құрметтемейтін болса, одан да зор залал келтіреді. Ұлыбританияның бір мемлекет қайраткері католик шіркеуінің кейбір діни қызметкерлерінің адамдарды қалай жаппай қуғынға ұшыратқанын әңгімелей келе, биліктің бұзатынын, ал бүкіл билік қолда болса, барынша бұзатынын айтқан. Осы жайттарды ескерер болсақ, “Неге билікке құрметпен қарауымыз керек?” деген сұрақ туындайды. Қазір осыны қарастырайық.

НЕГЕ БИЛІККЕ ҚҰРМЕТПЕН ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК?

6, 7. а) Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз не нәрсеге талпындырады және неге? ә) Бағынуды үйрену үшін қандай көзқарас таныту қажет?

6 Билікке құрметпен қарауға, негізінен, сүйіспеншілік қозғау салады. Бұл — Ехобаға, маңайымыздағы адамдарға және тіпті өзімізге деген сүйіспеншілік. Біз Ехобаны бәрінен де жақсы көреміз, сондықтан оның жүрегін қуантқымыз келеді (Нақыл сөздер 27:11; Марқа 12:29, 30). Біз оның жоғарғы билігі, яғни бүкіл әлемді билеу құқы, Едемде бүлік шыққанда дауға салынғанын және адамзаттың басым көпшілігі Шайтанның жағына шығып, Ехобаның билігінен бас тартқанын білеміз. Біз Ехобаның жағына шығуға қуаныштымыз. Аян 4:11-де жазылған керемет сөздер жүрегімізге әсер етпей қоймайды. Онда Ехобаның бүкіл әлемге билік етуге құқылы екені қалайша айқын көрсетілген десеңші! Күнделікті өмірімізде Ехобаның билігіне мойынсұна отырып, біз оның бүкіләлемдік билігін қолдаймыз.

7 Билікке құрметпен қарауға мойынсұну ғана жатпайды. Біз Ехобаны сүйгендіктен оған даярлықпен мойынсұнамыз. Алайда мойынсұну қиынға соғатын кездер де болады. Мұндайда біз тараудың басында сөз етілген бала сияқты күй кешеміз. Осындай кездерде бізге бағына білуді үйрену қажет болады. Әкесінің еркін орындау қиын болып көрінген кезде де, Исаның оған бағынып: “Менің емес, Сенің еркің болсын!”— дегені есімізде болар (Лұқа 22:42).

8. а) Ехобаның билігіне бағынатынымызды көп жағдайда қалай көрсетеміз және оның бағынуға қатысты көзқарасы қай оқиғадан көрінеді? ә) Кеңес пен түзету шараларын қабыл алуға не көмектеседі? (“ Ақылды тыңдап, нақылға бағын” деген қоршауды қара.)

8 Әрине, бүгінде Ехоба әрқайсымызбен жеке сөйлеспейді. Бұл үшін ол өзінің Сөзін және жердегі өкілдерін қолданады. Сондықтан көп жағдайда Ехобаға бағынатынымызды бізге басшылық етуге тағайындалған адамдарға мойынсұну арқылы көрсетеміз. Оларға қарсы шықсақ, мысалы, Жазбаларға негізделген кеңестері мен түзету шараларын қабыл алмасақ, Құдайды ренжітер едік. Исраилдіктер күңкілдеп, Мұсаға қарсы шыққанда, Ехоба мұны өзіне жасалған қарсылық ретінде қабылдаған болатын (Руларды санау 14:26, 27).

9. Қалай маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік билігі барларға құрметпен қарауға талпындырады? Мысал келтір.

9 Сондай-ақ билікке құрметпен қарауға маңайымыздағы адамдарға деген сүйіспеншілік талпындырады. Қалайша? Мысалы, өзіңді әскерде жүрген сарбаз ретінде елестетші. Жорықтың сәтті болуы, тіпті сарбаздардың аман қалуы көп жағдайда әрбір жауынгердің өзінің үстінен қарайтын қолбасшысымен қызметтескеніне, оған құрметпен қарап, бағынғанына байланысты. Тілазарлық танытып, осы тәртіпті бұзатын болсаң, өзге сарбаздардың барлығына да қауіп төнуі мүмкін. Бүгінде әскери күштер адамдарға көп зардап шектіруде. Ал Ехобаның әскері тек жақсылық жасайды. Киелі кітаптың жүздеген жерінде Ехоба “Әскерлер Басшысы” деп аталған (Патшалықтар 1-жазба 1:3 ЖД). Ол — көптеген күшті рухани жаратылыстардың Басшысы. Кей тармақтардан көрінетіндей, Ехоба жердегі қызметшілерін де әскерге теңеген (Забур 67:12; Езекиел 37:1—10). Басшылық етуге тағайындалған адамдарға қарсы шығатын болсақ, жанымыздағы өзге сарбаздарға қауіп төндірмес пе едік? Егер мәсіхші тағайындалған ақсақалдарға наразылық білдірсе, онымен бірге қауымдағы өзге бауырластар да жапа шегуі мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 12:14, 25, 26). Отбасында да солай: бала ата-анасына қарсы шықса, бүкіл отбасы зардап шегеді. Сонымен, маңайымыздағыларды сүйетінімізді билігі барларға құрметпен мойынсұну арқылы көрсетеміз.

10, 11. Қалай орынды түрде өз игілігімізді ойлағанымыз билігі барларға бағынуға талпындырады?

10 Сондай-ақ билікке құрметпен қарағанымыз өзіміз үшін пайдалы екенін түсінгеніміз мойынсұнғыш болуға көмектеседі. Ехоба билігі барларға құрметпен қарауды өсиет еткенде, жиі мұның бізге қандай игілік әкелетінін де айтады. Мысалы, ол балаларды ұзақ әрі бақытты өмір кешу үшін ата-аналарына бағынуға шақырады (Заңды қайталау 5:16; Ефестіктерге 6:2, 3). Ал бізді рухани зардап шекпеуіміз үшін қауым ақсақалдарына құрметпен қарауға талпындырады (Еврейлерге 13:7, 17). Сондай-ақ бізге өз қауіпсіздігіміз үшін мемлекеттік билігі барларға бағынуды өсиет етеді (Римдіктерге 13:4).

11 Ехобаның бізді не себепті билігі барларға бағынуға шақыратынын түсінгеніміз билікке құрметпен қарауға көмектеседі емес пе? Олай болса, билікті құрметтейтінімізді өміріміздің басты үш саласында қалай көрсете алатынымызды қарастырайық.

ОТБАСЫНДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ

12. Ехоба күйеуге және әкеге отбасында қандай міндет жүктеді және ол мұны қалай атқару керек?

12 Отбасы құрылымын Ехобаның өзі құрған. Тәртіптіліктің Құдайы болғандықтан ол отбасы ұйыған айрандай болу үшін белгілі бір тәртіп орнатқан (Қорынттықтарға 1-хат 14:33). Ол күйеуге және әкеге отағасы ретінде әрекет етуге билік берген. Исаның қауымға қалай басшылық жүргізетініне еліктеуімен отағасы өзінің Басы ретінде оған құрмет көрсетеді (Ефестіктерге 5:23). Ол жауапкершіліктен қашпай, қайта, өз міндетін мойымай атқарады. Отағасы үй ішіндегілерді билеп-төстемейді не оларға күш көрсетпейді, керісінше, сүйіспеншілік, парасаттылық және мейірімділік танытады. Отағасы билігінің шектеулі екенін, яғни өзі де Ехобаның билігіне бағынатынын, есте ұстайды.

Мәсіхші отағалары басшылық етуде Исаға еліктейді

13. Қалай әйел және ана отбасында өз рөлін Құдайға ұнамды түрде атқара алады?

13 Ал әйел және ана күйеуінің көмекшісі болу керек. Киелі кітаптағы: “Шешең берген тәлімнен де бас тартпа!”— деген сөздерден көрінетіндей, оған да отбасында билік берілген (Нақыл сөздер 1:8). Бірақ ол, әрине, күйеуінің билігіне бағынышты. Мәсіхші әйел отағасына өз міндетін атқаруға көмектесу арқылы оның билігін құрметтейтінін көрсетеді. Ол күйеуінің беделін түсірмейді, қулықпен өз дегенін істетпейді және одан үстем болуға тырыспайды. Керісінше, оған қолдау көрсетіп, бірлесіп әрекет етеді. Отағасының қабылдаған шешімі ұнамаса, ол өз ойын ілтипатпен айта алады, сөйтсе де күйеуіне бағынышты болып қалады. Күйеуі мәсіхші болмаса, ол қиын жағдайларға кезігуі мүмкін. Алайда оның мойынсұнғыш жүріс-тұрысы күйеуін Ехобаны танып-білуге талпындыруы ықтимал (Петірдің 1-хаты 3:1).

14. Балалар ата-аналарын және Ехобаны қалай қуанта алады?

14 Балалар әке-шешесін тыңдайтын болса, Ехобаның жүрегін қуантады. Сондай-ақ ата-анасына абырой мен қуаныш әкеледі (Нақыл сөздер 10:1). Ата-анасының бірі жоқ отбасындағы бала әкесі не шешесі оның қолдауына аса мұқтаж болуы мүмкін екенін түсіне отырып, оған мойынсұнады. Үй-ішіндегілердің әрқайсысы Құдайдың өздеріне берген міндеттерін дұрыс атқаратын болса, отбасында тыныштық пен қуаныш мол болады. Бұл отбасы атаулыға бастама берген Ехоба Құдайға даңқ әкеледі (Ефестіктерге 3:14, 15).

ҚАУЫМДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ

15. а) Ехобаның билігін құрметтейтінімізді қауымда қалай көрсете аламыз? ә) Басшылық ету тапсырылғандарға мойынсұнуға қандай принциптер көмектеседі? (“ Жетекшілеріңе мойынсұныңдар” деген қоршауды қара.)

15 Ехоба өзінің Ұлын мәсіхшілер қауымының Басшысы етіп тағайындаған (Қолостықтарға 1:13). Ал Иса, өз кезегінде, Құдай халқының рухани мұқтаждықтарын қамтамасыз ету үшін “адал да ақылды құлды” тағайындады (Матай 24:45 ЖД, 46, 47). Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі құл табының өкілі болып табылады. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер қауымдарындағыдай, қазір де ақсақалдар Басқарушы кеңестен тікелей не аралаушы бақылаушылар іспетті өкілдер арқылы нұсқаулар мен кеңестер алып отырады. Әрқайсымыз ақсақалдардың билігін құрметтеу арқылы Ехобаға мойынсұнатынымызды көрсетеміз (Еврейлерге 13:17).

16. Қалайша ақсақалдар киелі рух арқылы тағайындалады?

16 Ақсақалдар мен қызмет көмекшілері кемелді емес. Біз сияқты олар да қателеседі. Сөйтсе де ақсақалдар қауымның рухани берік болуына көмектесетін “адамдар кейпіндегі тартулар” болып табылады (Ефестіктерге 4:8 ЖД). Ақсақалдар киелі рух арқылы тағайындалады (Елшілердің істері 20:28). Қалайша? Олар алдымен киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіндегі талаптарға сай келу керек (Тімотеге 1-хат 3:1—7, 12; Титке 1:5—9). Сондай-ақ бауырластың талапқа сай келетін-келмейтінін қарастыратын ақсақалдар киелі рухының басшылығын сұрап Ехобаға жан-тәнімен дұға етеді.

17. Неге әйел бауырлас кейбір қауым істерін атқарғанда, басына орамал тартады?

17 Кейде қауымда уағызға арналған кездесуді өткізу сияқты міндеттерді атқаруға тағайындалған ақсақалдар не қызмет көмекшілері болмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда оларды шомылдыру рәсімінен өткен басқа ер бауырлас атқара алады. Бұндай бауырлас та болмаса, осы міндеттерді лайықты әйел бауырластың атқаруына болады. Алайда әйел бауырлас шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластың міндетін атқарған кезде басына орамал тартады * (Қорынттықтарға 1-хат 11:3—10). Бұл талап әйел бауырластың дәрежесін түсірмейді. Қайта, Ехобаның отбасында және қауымда орнатқан басшылық принципіне құрмет көрсетуге мүмкіндік береді.

МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІГІ БАРЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ

18, 19. а) Римдіктерге 13:1—7 тармақтардағы принциптерді қалай түсіндіріп берер едің? ә) Мемлекеттік билігі барларды құрметтейтінімізді қалай көрсетеміз?

18 Шынайы мәсіхшілер Римдіктерге 13:1—7 тармақтарда жазылған принциптерді адалдықпен орындайды. Ехоба жол беріп отырған уақытта билік иелері маңызды міндеттер атқарады, мысалы, қандай да бір шамада тәртіп орнатады және халыққа қажетті қызмет көрсетеді. Біз мемлекеттік билікті құрметтейтінімізді заң талаптарын орындау арқылы көрсетеміз. Мысалы, барлық алым-салықты төлейміз, мемлекет талап ететін құжаттарды дұрыс толтырамыз, өзімізге, отбасымызға, кәсібімізге не мүлкімізге қатысты заңдарға толығымен мойынсұнамыз. Алайда билік иелері Құдайға мойынсұнбауды талап еткен жағдайда біз оларға бағынбаймыз. Мұндайда біз ертедегі елшілер сияқты: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!”— деп жауап береміз (Елшілердің істері 5:28, 29; “ Кімнің билігіне мойынсұнуым керек?” деп аталатын қоршауды қара).

19 Сондай-ақ мемлекеттік билігі барларды құрметтейтінімізді олармен қалай қарым-қатынас жасайтынымыз арқылы көрсетеміз. Кейде олармен жүзбе-жүз кездесетін шығармыз. Елші Пауыл Ирод Агриппа патшамен және әмірші Фестпен бетпе-бет жүздескен. Бұл кісілер де мінсіз болмаған, сөйтсе де Пауыл оларға ізетпен сөйлеген (Елшілердің істері 26:2, 25). Біз Пауылға еліктей отырып, мемлекеттік билігі барлармен, мейлі ол жоғары дәрежелі қызметкер не жергілікті полиция қызметкері болсын, ізетпен сөйлесеміз. Жас мәсіхшілер де мұғалімдерге, мектеп әкімшілігіне және басқа да жұмысшыларға құрмет көрсетуге тырысады. Әрине, біз нанымдарымызды қоштайтын адамдарға ғана емес, Ехоба куәгерлерін жақтырмайтындарға да құрметпен қараймыз. Ехобаға сенбейтіндер біздің ілтипатты адамдар екенімізді көре алу керек (Римдіктерге 12:17, 18; Петірдің 1-хаты 3:15).

20, 21. Билікке лайықты құрмет көрсеткеннің қандай пайдасы бар?

20 Басқаларға құрмет көрсетуден тартынбайық. Елші Петір: “Әркімге лайықты құрмет көрсетіңдер”,— деген (Петірдің 1-хаты 2:17). Шынайы құрмет көрсеткеніміз адамдарға қатты әсер етуі мүмкін. Бүгінде өзгелерге аз құрмет көрсетілетінін білеміз. Олай болса, басқаларға құрмет көрсету арқылы Исаның: “Сендердегі “нұр” адамдарға сәулесін төксін. Осылайша олар игі істеріңді көріп, көктегі Әкелеріңді дәріптесін”,— деген өсиетін орындаймыз (Матай 5:16).

21 Қара түнек басқан дүниедегі ақниетті адамдарға рухани жарық тартымды көрінеді. Олай болса, отбасындағыларға, қауымдағыларға және мемлекеттік билігі барларға құрмет көрсеткеніміз басқаларға әсер етіп, оларды бізбен бірге жарықта жүруге талпындыруы мүмкін. Бұл қандай керемет болар еді! Бірақ олай болмаған күнде де, бір нәрсеге толық сенімді бола аламыз: адамдарға құрмет көрсеткеніміз Ехобаға ұнайды және оның сүйіспеншілігінен айырылмауға көмектеседі. Бұл біз үшін ең зор бата емес пе?!

^ 17-абзац Бұған қатысты принциптің нақты қай жағдайларда қолданылатыны “Қашан және неге орамал тарту қажет?” деген қосымшада қарастырылады.