Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ТАРАУ

Неке — сүйіспеншілікке толы Құдайдың сыйы

Неке — сүйіспеншілікке толы Құдайдың сыйы

“Үш қабаттап ширатылған жіп тез үзіле қоймайды” (ЕККЛЕСИАСТ 4:12 ЖД).

1, 2. а) Жас жұбайларға қатысты қандай сұрақ туындауы мүмкін және неге? ә) Бұл тарауда қандай сұрақтарды қарастырамыз?

ҮЙЛЕНУ ТОЙЫНА барғанды ұнатасың ба? Жанға жай беретін осындай жерге баруды көп адам ұнатады. Әдемі киінген жас жұбайлардың бал-бұл жайнаған жүздерін көру неткен ғанибет! Олар өздері үшін осы ең бақытты күні болашақтарынан көп жақсылық күтеді.

2 Сөйтсе де бүгінгі күні некелік өмірде қым-қиғаш нәрсе көп екенін мойындаған дұрыс. Екі жастың болашағы жарқын болады деп үміттенгенімізбен, көкейімізде: “Бақыттары баянды, босағалары берік болар ма екен?”— деген сұрақ қалуы мүмкін. Бұл сұрақтың жауабы қандай болатыны жас жұбайлардың некеге қатысты Құдай берген кеңестерге сенім артқанына және оларды қолданғанына байланысты болады (Нақыл сөздер 3:5, 6). Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін олар осылай ету керек. Ал қазір келесі сұрақтарға Киелі кітаптан жауап іздеп көрейік: Адам не үшін неке құрады? Өмірлік серік ретінде кімді таңдау керек? Некеге тұруға қалай дайындалуға болады? Ерлі-зайыптыларға некелерін баянды етуге не көмектеседі?

АДАМ НЕ ҮШІН НЕКЕ ҚҰРАДЫ?

3. Неге болмашы себептермен некеге тұру ақылдылыққа жатпас еді?

3 Кейбіреулер некеге тұрмай бақытты бола алмайсың деп ойлайды, яғни олардың ойынша, жар таппай өмірден қуаныш пен қанағат алу мүмкін емес. Бұл — мүлдем жаңсақ ой! Ешқашан неке құрмаған Иса салт басты болуды сый деп атап, “осылай өмір сүре алатындарды” солай етуге шақырған (Матай 19:11, 12 ЖД). Салт басты болудың пайдалы жақтары жөнінде елші Пауыл да айтқан (Қорынттықтарға 1-хат 7:32—35). Алайда Иса да, Пауыл да бұған қатысты заң орнатпаған. Керісінше, ‘үйленуге болмайды!’ деу “жындар үйреткен ілімдерге” жатады (Тімотеге 1-хат 4:1—3). Бүгінде де Ехобаға еш алаңдамай қызмет еткісі келетіндер үшін салт басты болып қалу көп мүмкіндіктер ашады. Олай болса, құрбы-құрдастардың қысым көрсетуі сияқты болмашы себептермен некеге тұру ақылдылыққа жатпас еді.

4. Бақытты некеде бала өсіруге қандай негіз қаланады?

4 Ал некеге тұруға келелі себептер бар ма? Иә, бар. Неке де — сүйіспеншілікке толы Құдайдың сыйы (Жаратылыс 2:18). Сондықтан мұның да қызығы мен әкелер баталары бар. Мысалы, бақытты некеде бала өсіруге жақсы негіз қаланады. Өйткені балаларға ата-анасы сүйіспеншілік көрсетіп, тәлім-тәрбие мен бағыт беріп отыратын жайлы орта қажет (Забур 126:3; Ефестіктерге 6:1—4). Алайда бала сүю — некеге тұруға талпындыратын жалғыз себеп емес.

5, 6. а) Екклесиаст 4:9—12 сай, достық қарым-қатынастың қандай пайдасы бар? ә) Қалай некені үш қабаттап ширатылған жіп іспетті етуге болады?

5 Осы тарау негізделген тармақты мәнмәтінімен қарастырып көрейікші: “Біреуден екеу жақсы, өйткені олар бейнеттерінің зейнетін көреді. Егер біреуі жығылып қалса, серігі оны тұрғызып алады. Ал ол жалғыз болса қайтпек? Жығылғанда оны ешкім тұрғызып алмайды ғой. Оның үстіне, екі адам бірге жатса, жылынары сөзсіз; ал жалғыз адам қалай жылынбақ? Әлдекімнің жалғыз адамнан күші басым болып жатса, екеуі оған қарсы тұра алады. Үш қабаттап ширатылған жіп тез үзіле қоймайды” (Екклесиаст 4:9—12 ЖД).

6 Негізінен, бұл тармақтарда достық қарым-қатынастың пайдасы туралы айтылған. Ал некеде ең жақсы достық қарым-қатынас орнайды. Жазба орнынан көрініп тұрғандай, олар бір-бірін қолдап, жұбатып, қорғай алады. Алайда неке берік болу үшін екі адамның одақтасқаны жеткіліксіз. Жоғарыдағы тармақтан көрінетіндей, екі қабаттап ширатылған жіп үзіліп қалуы мүмкін. Ал үш қабаттап ширатылған жіпті үзу әлдеқайда қиын. Ерлі-зайыптылардың екеуі де, ең алдымен, Ехобаға ұнамды болуды ойласа, некелері үш қабаттап ширатылған жіпке ұқсайтын болады. Некелері мызғымас берік болу үшін олардың Ехобаға шексіз берілгендері аса маңызды.

7, 8. а) Жыныстық құштарлығын басу оңайға соқпай жүрген салт басты мәсіхшілерге Пауыл қандай кеңес берген? ә) Киелі кітап некеге қатысты шындыққа тура қарауға қалай көмектеседі?

7 Сонымен қатар тек некеде ғана жыныстық құштарлықты лайықты түрде қанағаттандыруға болады. Олардың арасындағы мұндай қатынас — Жазбаларда айтылғандай, расында да, ләззаттың “бұлағы” (Нақыл сөздер 5:18). Салт басты қыз не жігіт албырт жастан өтсе де, оған жыныстық құштарлығын басу оңайға соқпауы мүмкін. Сезімін жүгендемесе, мұның арты арам не бұрыс қылыққа ұласуы ықтимал. Пауыл рухтың жетелеуімен салт бастыларға мынадай кеңес жазған: “Егер өздеріне ие бола алмаса, онда үйленсін. Себебі құмарлықтың отына күйіп-жанғанша, үйленгендері жақсы” (Қорынттықтарға 1-хат 7:9; Жақып 1:15).

8 Адамды некеге тұруға не талпындырмасын, шындыққа тура қараған жақсы. Пауылдың айтуынша, “үйленгендер өмірлерінде көп ауыртпалық көреді” (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Некеге тұрғандардың басына салт бастылар кезікпейтін қиындықтар түседі. Осыған қарамастан, некеге тұруды шешсең, қалай қиындықтарын азайтып, баталарын молайтуыңа болады? Мұның бір жолы — жарды дұрыс таңдау.

КІМ САҒАН ЛАЙЫҚТЫ ЖАР БОЛА АЛАР ЕДІ?

9, 10. а) Сенбейтіндермен некеге тұрудың қауіпті екенін Пауыл қандай мысалмен көрсеткен? ә) Құдайдың некеге қатысты кеңесіне құлақ аспаудың арты жиі қандай болады?

9 Пауыл рухтың жетелеуімен: “Сенбейтіндермен бірге “бір қамытты кимеңдер”,— деп жазған. Бұл — жар таңдағанда ескерілуі қажет маңызды принцип (Қорынттықтарға 2-хат 6:14 сілт.). Бұл мысалды ол мал шаруашылығында болатын жағдайдан алған. Көлемі не күші жағынан қатты ерекшеленетін екі малды бір қамытқа жексе, екеуіне де қиын болар еді. Сол сияқты, Құдайға сенетін және сенбейтін адам некелессе, қиындыққа кезігері сөзсіз. Олардың бірі Ехобаның сүйіспеншілігінің саясында жүруді қаласа, ал екіншісін бұл аса қызықтырмаса не мүлдем қызықтырмаса, өмірде нені бірінші орынға қою керектігіне қатысты көзқарастары бірдей болмайды. Осының нәтижесінде біраз қиындықтар туындауы әбден мүмкін. Сондықтан Пауыл мәсіхшілерді тек ‘Иемізбен тығыз байланыстағылармен’ некеге тұруға шақырған (Қорынттықтарға 1-хат 7:39).

10 Кейде бойдақ мәсіхшілер жалғыздық сезінгеннен гөрі сенбейтін адаммен ‘бір қамытты киген’ дұрыс деген шешімге келіп жатады. Осылайша Киелі кітаптағы кеңесті елеусіз қалдырады. Мұның салдары көп жағдайда жаман болады. Уақыт өте келе олар өмірдегі ең маңызды нәрселерде жарымен әңгімесі жараспайтынын байқайды. Сонда өздерін некеге тұрғанға дейінгіден әлдеқайда жалғыз сезінуі мүмкін. Бір қуаныштысы, Құдайдың некеге қатысты кеңесіне сенім артып, құлақ асатын бойдақ мәсіхшілер өте көп (Забур 31:8). Олар күндердің күнінде Ехобаның қызметшілерінің арасынан жар табуға үміттеніп, оған дейін бойдақ жүреді.

11. Жарды дұрыс таңдауыңа не көмектеседі? (“ Жар таңдағанда не нәрсеге көңіл бөлуім керек?” деген қоршауды да қара.)

11 Әрине, Ехобаның қызметшілерінің арасынан да мәсіхші өзіне лайықты болатын жар таңдау керек. Егер некеге тұруды ойлап жүрсең, мінездерің үйлесетін, рухани мақсаттарың бір және Құдайды қатты сүйетін адамды ізде. Адал құл табы осы тақырыпқа қатысты көп мақала жазған. Осындай маңызды шешім қабылдарда, басшылық алу үшін Жазбаларға негізделген ондағы кеңестерді дұға ете отырып қарастырғаның ақылдылыққа жатады * (Забур 118:105).

12. Кей елдерде қандай әдет-ғұрып бар және Киелі кітапта басшылық болатын қандай мысал жазылған?

12 Кей елдерде әдет-ғұрып бойынша, балаларына жарды ата-анасы таңдайды. Мұндай елдерде ата-ананың осындай маңызды шешім қабылдауға қажетті даналығы мен тәжірибесі анағұрлым көп деп есептеледі. Ежелгі замандағыдай, осылай үйленгендердің некесі көп жағдайда табысты болады. Ысқаққа жар іздеуге қызметшісін жіберген Ыбырайым бүгіндегі осындай міндет жүктелетін ата-аналарға жақсы үлгі қалдырған. Ол үшін Ысқаққа әйелді бай да дәрежелі жерден емес, Ехобаның халқынан алып беру маңызды болған * (Жаратылыс 24:3, 67).

НЕКЕГЕ ТҰРУҒА ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАЛУЫҢА БОЛАДЫ?

13—15. а) Жар іздеп жүрген жігіт үшін Нақыл сөздер 24:27-дегі принциптің қандай пайдасы бар? ә) Некеге тұруға дайын болу үшін бойжеткен не істеу керек?

13 Некеге тұруды шындап ойлап жүрсең, өзіңнен: “Мен бұған дайынмын ба?”— деп сұрағаның дұрыс. Бұл сұраққа қалай жауап беретінің махаббат, жыныстық қатынас, достық немесе бала өсіруге қатысты не сезінетініңе ғана байланысты болмайды. Болашақ күйеу не әйел отбасылық өмірдің жауапкершіліктері туралы ойлану керек.

14 Жар іздеп жүрген жігіттің келесі принцип туралы мұқият ойланғаны абзал: “Алдымен сыртқы шаруаңды бітір, Егіндігіңді дайындап, жөнге келтір, Содан соң барып, шаңырақ көтер” (Нақыл сөздер 24:27). Бұл сөздердің мәні неде? Осы сөздер жазылған заманда, ‘шаңырақ көтергісі’ келген жігіт өзінен: “Болашақ әйелім мен балаларымның қамын жасап, қамқорлық етуге дайынмын ба?”— деп сұрау керек болған. Ол, алдымен, егіндігін жөнге келтіруі, яғни жұмыс істеуі керек-тін. Бүгінде де солай. Үйленуді шешкен жігіт жауапкершілік алуға дайын болуға, яғни іске жарамды болса, жұмыс істеуге тиіс. Құдай Сөзінде отбасының тәндік, эмоциялық және рухани қажеттіліктерін ойламайтын ер кісінің “сенбейтіннен де жаман” екені айтылған (Тімотеге 1-хат 5:8).

15 Тұрмыс құруды шешкен әйел де мойнына біраз жауапкершілік алады. Киелі кітаптан әйелдің бойында күйеуіне қолғабыс болып, отбасына қамқорлық етуіне қажетті қабілеттер мен қасиеттердің болғаны мақтауға тұрарлық екені көрінеді (Нақыл сөздер 31:10—31). Қыз бен жігіттің жауапкершілік алуға дайын болмаса да, некеге тұруы — болашақ жарының қамын ойламайтын өзімшіл екендігінің белгісі. Алайда некеге тұруды ойлап жүргендер үшін, ең маңыздысы — рухани жағынан дайын болу.

16, 17. Неке құруға дайындалып жүргендер қандай принциптер жөнінде ой жүгірту керек?

16 Неке құруға дайындалуға Құдайдың күйеуге және әйелге берген рөлі жөнінде ой жүгірту де жатады. Күйеу мәсіхші отбасының басы болу нені білдіретінін түсінуі керек. Отағасы болу ер адамға өзгелерді билеп-төстеуге құқық бермейді. Керісінше, осы рөлді атқаруда ол Мәсіхке еліктеуге тиіс (Ефестіктерге 5:23). Сол сияқты, мәсіхші әйел де өзінің мәртебелі рөлінің мәнін түсінуі керек. Ол өзінің басы ретінде күйеуіне мойынсұнуға дайын ба? (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Қазір ол Ехоба мен Мәсіхтің заңына бағынады (Ғалаттықтарға 6:2). Ал некеде күйеуі орнатқан заңға да бағыну керек болады. Ол кемелсіз адамға қолдау көрсетіп, оған бағынышты бола ала ма? Бұлай ету жанына жақпаса, некеге тұрудан бас тартқаны дұрыс.

17 Бұған қоса, ерлі-зайыптылар бір-бірінің ерекше қажеттіліктерін қанағаттандыруға даяр болу керек (Філіпіліктерге 2:4). Пауыл былай деген: “Әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің, ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті”. Құдай Пауылға мынаны білдірген: ер адам әйелінің өзін барынша құрметтейтінін сезінуді, ал әйел болса күйеуінің сүйетінін сезінуді қажет етеді (Ефестіктерге 5:21—33).

Кездесіп жүрген көп қыз-жігіттер қастарында тағы біреудің болғанын дұрыс көреді

18. Неге қыз бен жігіт кездесіп жүргенде ұстамды болулары керек?

18 Олай болса, қыз бен жігіт кездесіп жүрген кез — жай ғана ойнап-күлетін уақыт емес. Бұл — бір-бірімен өздерін қалай ұстауды үйренетін және шешімдерінің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізетін уақыт. Сонымен қатар бұл — ұстамдылық танытатын уақыт! Өйткені олардың бір-біріне аңсары ауып тұрады, әрі бұл түсінікті де. Алайда болашақ жарын шын сүйетін адам оған рухани жағынан зиян келтіретін кез келген әрекеттен қашық болады (Салониқалықтарға 1-хат 4:6). Сонымен біреумен кездесіп жүрсең, ұстамды бол. Сен некеге тұрасың ба, жоқ па — бұл қасиеттің пайдасын өмір бойы көре аласың.

НЕКЕҢДІ ҚАЛАЙ БАЯНДЫ ЕТУІҢЕ БОЛАДЫ?

19, 20. Мәсіхшілердің некеге қатысты көзқарасы осы дүниедегі көп адамдардікінен қалай ерекшеленеді? Мысал келтір.

19 Некелерінің баянды болғанын қалайтындардың адалдық сертіне деген көзқарастары дұрыс болу керек. Романдар мен фильмдерде кейіпкерлер мұраттарына жетіп, ақырында, некелеседі. Ал өмірде олай емес, некелесу — Ехобаның мәңгілікке жалғасу үшін орнатқан құрылымның бастамасы (Жаратылыс 2:24). Бір өкініштісі, бүгінгі дүниеде көп адам некеге бұлай қарамайды. Кей елдерде некеге қатысты “екі жіпті жалғап, түйіндеу” деген сөз бар. Бұл некеге деген бүгінде кең тараған көзқарасқа өте сай келеді. Сонда қалай? Жақсы түйінделген жіп, бір жағынан, өзің қалаған уақытқа дейін шешілмеуі керек, ал екінші жағынан, оны түйіндеу де, қайта шешу де оңай болуы тиіс.

20 Бүгінде көп адам некені уақытша нәрсе деп санайды. Олар қажет еткенім осы деген оймен некеге жылдам тұрады да, қиындық туа қалса, ажыраса салғысы келеді. Алайда некедегі сияқты тығыз қарым-қатынасты суреттеу үшін Киелі кітапта “үш қабаттап ширатылған жіп” қолданылғанын есіңе алшы. Екклесиаст 4:12-дегі “жіп” деп аударылған еврей сөзі “арқан” дегенді де білдіруі мүмкін. Кемелерде қолдануға арналған арқан ұзақ уақытқа шыдайтындай, тіпті қатты дауыл кезінде де үзілмейтіндей етіп жасалатын. Неке де сол сияқты болуы тиіс. Есіңде болса, Иса: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деген (Матай 19:6). Үйленетін болсаң, сен де некеге солай қарауың керек. Некелік сертке осылайша адал болу ауыртпалық па? Жоқ.

21. Ерлі-зайыптылар бір-біріне қандай көзқарас сақтау керек және бұлай етуге не көмектеседі?

21 Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген көзқарастарының өзгеруіне жол бермегені дұрыс. Бір-бірінің жақсы қасиеттері мен іждағатын көруге тырысатын болса, некелері қуанышқа толы, әрі жан сергітерлік болады. Кемелсіз адамға деген дұрыс көзқарасымызды сақтап қалу шынымен-ақ мүмкін бе? Ехоба үшін біздің барлық қателіктеріміз аян, сөйтсе де ол біздің жақсы жақтарымызды көреді деп үміттенеміз. Забур жыршысы: “Егер Сен, Жаратқан, заңсыздықты байқап қалсаң [“байқай берсең” ЖД] — Жаратқан! бұған кім төтеп береді?”— деп сұраған (Забур 129:3). Ерлі-зайыптылар да бір-бірінің жақсы тұстарын көре білуі және өзара кешірімді болуы керек (Қолостықтарға 3:13).

22, 23. Ыбырайым мен Сара ерлі-зайыптыларға қандай керемет үлгі қалдырған?

22 Көп жылдар бойы некеде тұрғандар мұның зор батасын көреді. Киелі кітаптан егде тартқан Ыбырайым мен Сараның некесі туралы азды-көпті мәлімет алуға болады. Олардың өмірі еш қиыншылықсыз болған дей алмайсың. Алпыстан асып қалған Сара үшін өркендеген Ур қаласындағы жайлы өмірін тастап, қалған ғұмырының бәрінде шатырларда тұру нені білдіргенін ойлап көрші. Бірақ ол күйеуінің басшылығына мойынсұнған. Ыбырайымға нағыз көмекші болған ол күйеуінің шешімдерін құрметпен қолдаған. Ал оның мойынсұнғыштығы тек сырт көз үшін ғана болмаған. Ол күйеуін тіпті “іштей” де “қожайыным” деп атаған (Жаратылыс 18:12; Петірдің 1-хаты 3:6). Сара Ыбырайымды шын жүректен құрметтеген.

23 Әрине, бұл Ыбырайым мен Сараның ойлары әрдайым бір жерден шығып отырған дегенді білдірмейді. Бірде ол Ыбырайымға ‘еш ұнамайтын’ кеңес береді. Десе де Ыбырайым Ехобаның нұсқауымен әйеліне құлақ асады да, мұнысы отбасына зор бата әкеледі (Жаратылыс 21:9—13). Ерлі-зайыптылар қанша жыл отасқанына қарамастан, бүгінде Ыбырайым мен Сарадан көп нәрсеге үйрене алады.

24. Қандай неке Құдайға даңқ әкеледі және неге?

24 Мәсіхшілер қауымында әйелі күйеуін барынша құрметтейтін, ал күйеуі әйелін сүйіп, бағалайтын, екеуі бірігіп Ехобаның еркін бірінші орынға қоятын бақытты некеде тұратындар өте көп. Егер сен некеге тұруды шешсең, жарды ақылмен таңда, жақсылап дайындал және некең ұйыған айрандай әрі сүйіспеншілікке толы болып, Ехоба Құдайға даңқ әкелу үшін күш сал. Осындай неке Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауыңа көмектесері сөзсіз.

^ 11-абзац Ехоба куәгерлері басып шығарған “Отбасы бақытының сыры” кітабының 2-тарауын қара.

^ 12-абзац Адал рубасылардың кейбірі бірнеше әйел алған. Рубасылары мен ежелгі исраилдіктердің заманында Ехоба көп әйел алуға жол берген. Бірақ ол бұған бастама бермеген, сөйткенмен де оны ретке келтірген. Алайда мәсіхшілер бұдан былай Ехобаның көп әйел алуға жол бермейтінін біледі (Матай 19:9; Тімотеге 1-хат 3:2).