12-ТАРАУ
Өзгелердің “рухын көтеретіндей” етіп сөйле
‘Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдірсін [“рухын көтерсін” ЖД]’ (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 4:29).
1—3. а) Ехоба бізге қандай сый берген және қалай ол бұрыс қолданылуы мүмкін? ә) Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін сөйлеу қабілетін қалай қолдануымыз қажет?
ЖАҚЫН адамың сен берген сыйлықты қалай болса солай қолданып жүрсе, қандай сезімде болар едің? Мысалы, ол сен сыйлаған көлікті қалай болса солай айдап, өзгелерге зиян келтіріп жүр делік. Мұны білгенің саған ауыр тиеді емес пе?
2 ‘Әрбір ізгі сый мен мүлтіксіз тартудың’ Иесі Ехоба бізге ойымызды жеткізе білу қабілетін берген (Жақып 1:17 Тт). Бізді жануарлардан ерекшелендіретін осы сыйдың арқасында біз өзгелерге ойымызды ғана емес, сезімімізді де жеткізе аламыз. Алайда мысалдағы көлік іспетті, сөйлеу қабілеті де бұрыс қолданылуы мүмкін. Адамдардың осы қабілетті қалай болса солай қолданып, өзгелердің жанына жара салатынын көргені Ехобаға өте ауыр тиетін болса керек.
3 Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмау үшін, біз сөйлеу қабілетін Ехобаның оны бергендегі мақсатына сай қолдануымыз қажет. Ол біздің қалай сөйлегенімізді қалайтынын анық айтқан. Оның Сөзінде былай делінген: “Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп [“рухын көтеріп” ЖД], игілік сепсін” (Ефестіктерге 4:29). Олай болса, мынадай үш жайтты қарастырып көрейік: Неге аңдап сөйлеуіміз керек? Қалай сөйлемегеніміз жөн? Қалай өзгелердің рухын көтеретіндей етіп сөйлеуге болады?
НЕГЕ АҢДАП СӨЙЛЕУІМІЗ КЕРЕК?
4, 5. Нақыл сөздерде сөздің құдіреті қалай суреттелген?
4 Мұның бір маңызды себебі — сөздің әсері күшті. Нақыл сөздер 15:4-те былай делінген: “Мейірімді тіл өмір сыйлар ағашқа ұқсар, Өтірікші тіл рухыңды жаншып-басар”. Жұмсақ тіл тыңдаушының жанын жадыратады, ал өтірікші тіл еңсесін басады. Иә, сөздің жанды жаралайтын не сауықтыратын құдіреті бар (Нақыл сөздер 18:21).
5 Сөздің құдіреті басқа бір нақыл сөзде: “Ойланбай сөйлеп, тілімен семсердей жаралайтын адам болады”,— деп жақсы жеткізілген (Нақыл сөздер 12:18 ЖД). Асығыста ойланбай айтылған сөздер адамның сезімін қатты жаралап, қарым-қатынасты бұзады. Біреудің сені тілімен семсердей жаралаған кезі болған ба? Тілдің құдіретінің өзге бір қыры жөнінде жоғарыдағы нақыл сөзде: “Дананың тілі жараны жазады”,— делінген. Ойланып сөйлейтін дана адамның сөздері жан жарасын жазып, қарым-қатынасты жақсартады. Жылы сөздердің сауықтыратын құдіретін сезінген кезің болған ба? (Нақыл сөздер 16:24). Сөздің әсері күшті екенін түсінетіндіктен, тілімізбен өзгелердің сезімін жараламай, қайта, жан жарасын сауықтырғымыз келері сөзсіз.
Жылы сөздер жанды сергітеді
6. Неге тілімізді ырқымызға көндіру қиынның қиыны?
6 Қанша тырысқанмен, қалай сөйлейтінімізді толық қадағалау мүмкін емес. Бұдан неге аңдап сөйлеуіміз керектігінің екінші себебін көреміз: күнә мен кемелсіздіктің кесірінен тілімізді бұрыс қолдануға бейімбіз. Әдетте біз ішімізде не бар, соны айтамыз, ал ‘адамның ішкі ниеті зұлымдыққа бейім’ (Жаратылыс 8:21; Лұқа 6:45). Сондықтан тілімізді ырқымызға көндіру қиынның қиыны (Жақып 3:2—4). Бірақ тілімізді толық бағындыра алмағанмен, оны мүмкіндігінше дұрыс қолдану үшін әрдайым күш салуға болады. Ағысқа қарсы жүзген адамның ағыспен талмай арпалысуы керек болатыны сияқты, біз де тілді бұрыс қолдану бейімділігімен талмай күресуіміз керек.
7, 8. Айтқан сөздеріміз Ехобамен қарым-қатынасымызға қаншалықты ықпал етеді?
7 Аңдап сөйлеуіміз керектігінің үшінші себебі — айтқан сөздеріміз үшін біз Ехобаның алдында жауаптымыз. Қалай сөйлейтініміз өзгелермен қарым-қатынасымызға ғана емес, Ехобаның бізге қалай қарайтынына да ықпал етеді. Жақып 1:26-да былай делінген: “Өзін діншілмін деп санағанмен, тіліне ие бола алмайтын әркім өзін-өзі алдап жүр. Оның діншілдігі еш пайдасыз”. Алдыңғы тараудан көргеніміздей, қалай сөйлейтініміз ғибадатымызбен тығыз байланысты. Тілімізге ие болмасақ, яғни жанға бататын ауыр сөздер аузымыздан түспейтін болса, атқарып жүрген бар қызметіміз Құдайдың алдында еш пайдасыз болып қалуы мүмкін. Бұл көңіл қоюға тұрарлық жайт емес пе!? (Жақып 3:8—10).
8 Иә, сыйға берілген сөйлеу қабілетін дұрыс қолдану үшін аңдап сөйлеуге келелі себептер бар екені айдан анық. Қалай өзгенің рухын көтеретіндей етіп сөйлеуге
болатынын қарастырмас бұрын, шынайы мәсіхшілер қалай сөйлеуден мүлдем аулақ болуы керектігін талқылайық.РУХТЫ КҮЙРЕТЕТІН ТІЛ
9, 10. а) Қандай сөздер бүгінгі дүниеде кәдімгі нәрсе болып кеткен? ә) Неге біз анайы сөздерді қолданбауымыз керек? (Сілтемені де қара.)
9 Анайы сөздер. Қарғау, балағаттау бүгінгі дүниеде кәдімгі нәрсе болып кеткен. Көп адам сөздеріне “бояу” беру үшін не сөз қоры аз болғандықтан осындай анайы сөздерді қолданады. Әзіл-сықақ әртістері жұртты күлдіру үшін дөрекі сөздер мен әдепсіз қылыққа меңзейтін сөздерді қолданады. Алайда анайы сөздер — күлетін нәрсе емес. Шамамен 2 000 жыл бұрын елші Пауыл Қолостағы қауымды ‘бейпіл ауыздықты’ тастауға шақырған (Қолостықтарға 3:8). Ал Ефес қауымына ‘тұрпайы қалжың’ шынайы мәсіхшілердің арасында ‘аттары да аталмауы’ керек нәрселерге жататынын айтқан (Ефестіктерге 5:3, 4).
10 Анайы сөздер Ехобаға да, оны жақсы көретіндерге де өте жағымсыз. Сондықтан Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз бізді мұндай сөздерді қолданбауға талпындырады. Пауыл ‘күнәкар болмысымыздан туындайтын қылықтарға’ “арамдықты” да жатқызған, ал бұған бейпіл ауыздық та кіруі мүмкін (Ғалаттықтарға 5:19—21 ЖД). Бұл — жеңіл-желпі қарайтын нәрсе емес. Бірнеше рет кеңес алғанына қарамастан, өте әдепсіз, ерсі сөздер айтуын қоймайтын адам қауымнан шығарылуы мүмкін *.
11, 12. а) Қалай өзгелер туралы жай әңгіме өсекке айналып кетуі мүмкін? ә) Неге Ехобаның қызметшілері жалақорлықтан аулақ болу керек?
Ефестіктерге 6:21, 22; Қолостықтарға 4:8, 9). Алайда шындық бұрмаланып не біреудің жеке басына қатысты жайттар айтылатын болса, жай әңгіме өсек-аяңға айналуы мүмкін. Одан да сорақысы, мұның арты жалаға айналып кетуі ықтимал, ал бұл зардабын тигізбей қоймайды. Жала жабу — “біреуге күйе жағып, даттап... жалған айып тағу”. Мысалы, парызшылдар Исаны жаманатты етуге тырысып, қаскөйлікпен жала жапқан (Матай 9:32—34; 12:22—24). Жаланың арты жиі дау-дамайға әкеліп соғады (Нақыл сөздер 26:20).
11 Өсек-аяң, жала. Адамдар өзгелердің өмірін әңгіме етуге бейім. Әрине, еш зиянсыз немесе өзгелерге пайдасы тиетін нәрселерді, мысалы біреудің шомылдыру рәсімінен өткенін не жігерге мұқтаж болып жүргенін, әңгіме еткенде тұрған ештеңе жоқ. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді өзгелердің игілігі қатты қызықтыратын, әрі олар бір-бірінен бауырластарының жағдайын сұрасып тұратын (12 Ехоба сөйлеу қабілетін өзгелерді даттау не алауыздық туғызу үшін қолданатындардың әрекетін елеусіз қалдырмайды. Ол бауырластардың “арасында араздық тудыратын” адамдарды жек көреді (Нақыл сөздер 6:16—19). Грек тілінен “жалақор” деп аударылған диаболос сөзі Шайтанның лауазымы ретінде де қолданылады. Иә, ол — Ібіліс, яғни Құдайды қаралап жүрген залым Жалақор (Аян 12:9, 10 сілт.). Біз тілімізді бұрыс қолданып, бейнелеп айтқанда, ібіліске айналғымыз келмес еді. Қауымда “ала ауыздық туғызу, жік салу” сияқты күнәкар болмысқа тән қылықтар тудыратын жалақорлыққа орын жоқ (Ғалаттықтарға 5:19—21). Сондықтан біреу туралы естігеніңді басқаға айтпас бұрын, өзіңнен былай деп сұра: “Бұл рас па? Мұны басқаға айту мейірімділікке жата ма? Сондай қажеттілік бар ма? Бұл дұрыс бола ма?” (Петірдің 1-хаты 4:15).
13, 14. а) Қорлайтын сөздер өзгелерге қалай әсер етеді? ә) Тіл тигізу деген не және неге бұлай сөйлейтін адам тайғақ жолда деуге болады?
13 Қорлайтын сөздер. Жоғарыда айтылғандай, сөздің жанды жаралайтын күші бар. Рас, кемелсіз болғандықтан бәріміздің де артынан өкініп, бармақ тістейтін сөздер айтып қоятын кездеріміз болады. Алайда Киелі кітапта мәсіхшілердің үйде де, қауымда да мүлдем қолданбауы тиіс сөздер жөнінде айтылған. Пауыл мәсіхшілерді мынаған шақырған: “Әр қилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар!” (Ефестіктерге 4:31). Басқа аудармаларда “қорлау” деген сөз “залым сөздер”, “жанға бататын сөздер” және “намысқа тиетін сөздер” деген тіркестермен берілген. Қорлау, мысалы намысқа тиетін ат тағу не дөрекі сөздермен үнемі сынап-мінеу, адамды өз-өзін сыйлаудан қалдырып, түкке тұрғысыз сезіндіруі мүмкін. Мұндай ауыр сөздер әсіресе балаларға қатты әсер етеді, өйткені олар сезімтал әрі сенгіш келеді (Қолостықтарға 3:21).
14 Тіл тигізу, яғни өзгелерді кемсітетін не қорлайтын сөздер айтуды әдетке айналдыру, Киелі кітапта мейлінше қатты айыпталады. Бұлай сөйлеуін қоймайтын мәсіхші тайғақ жолда, өйткені бірнеше рет берілген кеңеске құлақ аспаса, ол қауымнан шығарылуы мүмкін. Алған бетінен қайтпаса, Құдайдың болашақта беретін баталарынан да айырылып қалуы ықтимал (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13; 6:9, 10). Олай болса, жағымсыз, жалған не мейірімділікке жатпайтын сөздер айтуды қоймасақ, Құдайдың сүйіспеншілігінің саясында қала алмайтынымыз анық. Бұлай сөйлеу адамның рухын күйретеді.
ӨЗГЕЛЕРДІҢ “РУХЫН КӨТЕРЕТІН” СӨЗДЕР
15. Өзгелердің “рухын көтеретін” сөздер қандай болады?
15 Сөйлеу қабілетін Ехобаның оны бергендегі мақсатына сай қолдану үшін не істеуге болады? Құдай Сөзі бізді өзгелердің “рухын көтеретіндей” етіп сөйлеуге шақыратынын есіңе алшы (Ефестіктерге 4:29 ЖД). Өзгелердің көңіліне жел беріп, жігерлендіре сөйлегеніміз Ехобаға ұнайды. Бұл жақсылап ойлануды талап етеді. Киелі кітапта бұған қатысты арнайы ереже жоқ. Онда “айыпталмайтындай дұрыс” сөздердің тізімі де берілмеген (Титке 2:8). Сөздеріміз “рухты көтеретіндей” болу үшін қарапайым, бірақ маңызды үш жайтты есте ұстаған жөн: жігер беретін сөздер жағымды, шынайы болады әрі мейіріммен айтылады. Осы жайттарды ойда тұта отырып, нақты мысалдарды қарастырайық. (“ Мен өзгелерге жігер беретіндей етіп сөйлеймін бе?” деген қоршауды қара.)
16, 17. а) Неге біз өзгелерді мақтауымыз керек? ә) Қауымда және отбасында өзгелерді мақтаудың қандай мүмкіндіктері бар?
16 Мақтау сөздер. Ехоба да, Иса да өзгелерге мақтау сөздер айтудың және риза екенін білдіріп отырудың қаншалықты қажет екенін біледі (Матай 3:17; 25:19—23; Жохан 1:47). Мәсіхшілердің де өзгелерді шын жүректен мақтап отырғаны дұрыс. Не үшін? Нақыл сөздер 15:23-те былай делінген: “Уақтылы айтылған сөз бір ғанибет болады”. Өзіңнен былай деп сұрап көрші: “Біреу мені мақтаса, қандай сезімде боламын? Жаным жадырап, марқайып қаламын емес пе?”. Иә, шын жүректен айтылған мақтау сөздер біреудің сені елеп-ескеретінін, сенің игілігіңді ойлайтынын және еңбегіңді бағалайтынын көрсетеді. Бұл саған сенімділік беріп, бұрынғыдан да көп еңбектенуге талпындырады. Мақтау сөздер есту жаныңа жағымды болса, сен де өзгелерге мақтау айтуға барынша тырысуың керек емес пе? (Матай 7:12).
17 Бұл үшін өзгелердің жақсы ісін байқауды үйрен, сосын, мақтау сөздеріңді айт. Бәлкім, қауымда жақсы баяндама еститін шығарсың, жас мәсіхшінің рухани мақсаттарға ұмтылып жүргенін не егде бауырластың оңай болмаса да, кездесулерге үзбей келіп жүргенін байқарсың. Шын жүректен айтылған мақтау сөздер мұндай бауырластарға қатты әсер етіп, рухани нығайтуы мүмкін. Отбасында ерлі-зайыптылар бір-бірінен ризашылық пен мақтау сөздерін естуді қалайды (Нақыл сөздер 31:10, 28). Әсіресе балалар үлкендердің елеп-ескергенін сезінгенде, жайнап сала береді. Өсімдікке күн сәулесі мен су қаншалықты қажет болса, оларға да мақтау сөздері соншалықты қажет. Ата-аналар, балаларыңды жақсы қасиеттері мен істері үшін мақтаудың мүмкіндіктерін қалт жібермеңдер. Бұл оларға батылдық пен өздеріне деген сенімділік береді, сондай-ақ дұрыс әрекет етуге бұрынғыдан да көп күш салуға талпындырады.
18, 19. Неге біз бауырластарды жұбатуға тырысуымыз керек және мұны қалай істеуге болады?
18 Жұбаныш беретін сөздер. Ехобаны мүсәпірлер мен ‘рухы күйрегендердің’ жағдайы қатты қызықтырады (Забур 33:19). Құдай Сөзі бізді ‘бір-бірімізді жігерлендіруге’ және “жаны күйзелгендерді жұбатуға” шақырады (Салониқалықтарға 1-хат 5:11, 14 ЖД). Біз жүректері шерлі бауырластарды жұбатуға тырысып жүргеніміз Құдайдың назарынан тыс қалмайтынына сенімдіміз.
19 Алайда көңілі түсіп не жаны күйзеліп жүрген бауырластың рухын көтеру үшін не айтуыңа болады? Жақып 5:14, 15). Оның қауым үшін қажет әрі бағалы екенін айт (Қорынттықтарға 1-хат 12:12—26). Киелі кітаптан жігер беретін тармақтарды оқып, Ехобаның шынымен оның қамын ойлайтынын көрсет (Забур 33:19; Матай 10:29—31). Жеткілікті уақыт бөліп, жүрегі шерлі бауырласқа шын жүректен “жақсы сөз” айтқаның өзін сүйікті әрі қажет сезінуіне көмектесетінінде күмән жоқ (Нақыл сөздер 12:25).
Өзіңді оның проблемасын шешуге міндетті сезінбе. Көп жағдайда қарапайым сөздердің көмегі зор болып жатады. Ұнжырғасы түскен адамға оның жағдайын ойлап уайымдайтыныңды айт. Бірге дауыстап дұға етуді ұсын. Дұға еткенде, өзгелердің және Ехобаның оны қаншалықты жақсы көретінін түсінуіне көмектесуін сұрауыңа болады (20, 21. Кеңес тиімді болу үшін нені ескеру керек?
20 Тиімді кеңес. Кемелсіз болғандықтан бәріміз де ара-тұра кеңес алып тұруды қажет етеміз. Киелі кітапта былай делінген: “Ақылды тыңдап, нақылға бағын, Алдағы кезде дана боларсың” (Нақыл сөздер 19:20). Кеңесті ақсақалдар ғана бермейді. Мысалы, ата-аналар балаларына ақыл айтады (Ефестіктерге 6:4). Сондай-ақ рухани толысқан әйел бауырластардың қауымдағы жастау қыз-келіншектерге кеңес беруі қажет болуы мүмкін (Титке 2:3—5). Өзгелерге деген сүйіспеншілік бізді кеңесті қабылдау жеңіл болатындай етіп беруге талпындырады. Мұны қалай істеуге болады? Кеңес тиімді болу үшін үш жайтты — кеңес қандай ниетпен, неге негізделіп және қалай берілуі керектігін — ескеру қажет.
21 Біріншіден, кеңес берушінің ниеті дұрыс болу керек. Өзіңнен былай деп сұра: “Маған қай кезде кеңесті қабылдау жеңіл?”. Адам кеңесті жақтырмай не бұрыс ниетпен емес, сенің қамыңды ойлап беріп жатқанын білсең, оны қабылдау жеңіл болады. Олай болса, өзгелерге кеңес бергенде, сенің де ниетің осындай болу керек емес пе? Сонымен қатар тиімді кеңес Құдай Сөзіне негізделіп беріледі (Тімотеге 2-хат 3:16). Киелі кітаптан тармақ оқысақ та, ондағы ойды өз сөзімізбен айтсақ та, ең бастысы — кеңестеріміз Жазбаларға негізделу керек. Сол себепті ақсақалдар өз ойларын өзгелерге күштеп таңудан, сондай-ақ Жазбаларды бұрмалап, өз көзқарасын растайтындай етіп көрсетуден аулақ. Кеңесті тиімді ететін тағы бір нәрсе — оның дұрыс мәнерде берілуі. Мейіріммен берілген кеңесті қабылдау жеңіл, әрі мұндай кеңес адамның қадірін түсірмейді (Қолостықтарға 4:6).
22. Сөйлеу қабілетін қалай қолдануға бел будың?
22 Расында да, сөйлеу қабілеті — Құдайдың құнды сыйы. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз осы сыйды дұрыс қолдануға талпындыру керек. Айтқан сөздеріміздің өзгенің рухын көтеретін не күйрететін күші бар екенін есте ұсталық. Олай болса, осы сыйды Құдайдың оны бергендегі мақсатына сай, яғни өзгелердің “рухын көтеру” үшін, қолдануға тырысайық. Сонда айтқан сөздеріміз айналамыздағылардың жанын жадырататын болады және Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалмауымызға көмектеседі.
^ 10-абзац “Арамдану” сөзі Жазбаларда әртүрлі күнәларға қатысты қолданылады. Арамдайтын істердің бәрі сот комитетін құруды талап етпегенмен, әбден арамдайтын нәрсемен айналысуын қоймайтын мәсіхші қауымнан шығарылуы мүмкін (Қорынттықтарға 2-хат 12:21; Ефестіктерге 4:19 ЖД). (“Күзет мұнарасының” 2006 жылғы 15 шілдедегі санының (ор.) “Оқырман сауалдары” айдарын және 2008 жылғы 15 мамырдағы санының 26—28 беттерін қара.)