Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

7-ТАРАУ

Сен де өмірді Құдай сияқты бағалайсың ба?

Сен де өмірді Құдай сияқты бағалайсың ба?

“Өмірдің қайнар көзі Сенде” (ЗАБУР 35:10).

1, 2. Құдай берген қандай сый бүгінде әсіресе бағалы және неге?

КӨКТЕГІ ӘКЕМІЗ бізге керемет сый ретінде өмір берді: ол бізді саналы әрі өзінің қасиеттеріне еліктеуге қабілетті етіп жаратты (Жаратылыс 1:27). Осы теңдесі жоқ сыйдың арқасында біз Киелі кітап принциптері туралы ой жүгірте аламыз. Оларды қолданар болсақ, Ехобаны сүйетін және ‘түйсігіміз машықтанып, жақсылық пен жамандықты ажырата білуге үйретілген’ рухани толысқан адам боламыз (Еврейлерге 5:14 Тт).

2 Киелі кітап принциптерін саралап салмақтай білу әсіресе қазір маңызды, өйткені бүгінгі шиеленісіп бара жатқан өмірде тау-тау заң ойлап тапсаң да, әр жағдайды қамту мүмкін емес. Бұны медицина саласынан, әсіресе құрамында қан бар дәрі-дәрмектер мен емшараларға келгенде, анық байқауға болады. Қанның қолданылуы — Ехобаға мойынсұнуды қалайтындар үшін ойланатын жайт. Сөйтсе де егер осы мәселеге қатысты Киелі кітаптағы принциптерді түсінетін болсақ, ар-ұжданымызды мазаламайтын әрі Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмауға көмектесетін дана шешім қабылдай аламыз (Нақыл сөздер 2:6—11). Осы принциптердің кейбірін қарастырып көрейік.

ӨМІР МЕН ҚАН ҚАСИЕТТІ

3, 4. Қанның қасиетті екені алғаш рет Жазбалардың қай жерінде жазылған және ол қай принципке негізделген?

3 Қабыл Әбілді өлтіргеннен кейін көп ұзамай, Ехоба алғаш рет өмір мен қанның тығыз байланысын, сондай-ақ қасиетті, не киелі, екенін көрсетті. Құдай Қабылға: “Ініңнің төгілген қаны Маған жерден үн қатып, кегін алуды сұрап тұр!”— деді (Жаратылыс 4:10). Ехоба үшін Әбілдің төгілген қаны оның зұлымдықпен қиылған өмірін білдірді. Сол себепті Әбілдің қаны кегін алуды сұрап, Құдайға үн қатты деуге болады (Еврейлерге 12:24).

4 Нұхтың заманындағы Топан судан кейін Құдай адамдарға малдың етін жеуге рұқсат етті, бірақ олар қанды жемеулері керек еді. Құдай былай деді: “Қанын шығармай тұрып, олардың етін жеуші болмаңдар, жаны қанында ғой. Ал егер сендердің қандарың төгілетін болса, Мен сол үшін есеп беруді талап ететін боламын” (Жаратылыс 9:4, 5). Бұл өсиет Нұхтың бүгінгі күнге дейінгі барлық ұрпақтарына қатысты айтылған. Осы сөздерімен Құдай ертеректе Қабылға айтқан сөздерін — яғни барлық жаратылыстардың қаны олардың жанын, не өмірін, білдіретінін — нықтай түсті. Сондай-ақ бұл өсиеттен өмірдің Қайнар көзі Ехобаның өмір мен қанды құрметтемейтін адамдардан есеп беруді талап ететіні анық көрінеді (Забур 35:10).

5, 6. Мұса заңы арқылы қанның қасиеттілігі мен құндылығы қалай көрсетілді? (“ Жануарлардың өмірін бағала” деген қоршауды қара.)

5 Осы екі негізгі шындық Мұса заңында көрініс тапқан. Леуіліктер 17:10, 11-де былай деп жазылған: “Егер... әлдекім қандай да болмасын қанды ішіп-жейтін болса, онда мен Өзімнің жүзімді сол қан ішіп-жейтіннің жан дүниесіне тіктеп бұрамын да, оны өз халқының арасынан аластаймын, Себебі денедегі жанның өзегі осы қанда, сөйтіп, Мен мұны сендердің жан-дүниелеріңді тазарту үшін құрбандыққа арнап берген едім, өйткені жан дүниені осы қан тазартады” *. (“ Қанның күнәні өтейтін күші” деген қоршауды қара.)

6 Сойылған малдың қаны құрбандық орнына бүрку үшін қолданылмайтын болса, оны жерге ағызу керек еді. Осылайша өмір, бейнелеп айтқанда, оны берген Иесіне қайтарылатын (Заңды қайталау 12:16; Езекиел 18:4). Алайда, байқасаң, исраилдіктерге күрделі тазарту рәсімдерін жасап, етте мүлдем қан қалдырмауға тырысудың қажеті жоқ еді. Мал дұрыс сойылып, қаны ағызылса, оның етін таза ар-ұжданмен жей берулеріне болатын. Өйткені осылайша Өмір берушіге лайықты құрмет көрсетілетін.

7. Дәуіттің қанды қасиетті деп қарастырғаны неден көрінеді?

7 Құдайдың ‘көңілінен шыққан адам’ Дәуіт қанға қатысты заңның астарындағы принциптерді жақсы түсінген (Елшілердің істері 13:22). Бірде ол қатты шөлдеп тұрғанда, жігіттері жау қостарынан өтіп, сондағы су қоймасынан су әкеліп береді. Дәуіт не істеді екен? Ол: “Бастарын өлімге тігіп, алып келгендердің қаны ғой бұл!”— деді. Дәуіт үшін бұл су сол жігіттердің өміріне тең еді. Сондықтан шөлдеп тұрғанына қарамастан, ол оны “Жаратқан Иеге сый-тарту ретінде ұсынып, төгіп тастады” (Патшалықтар 2-жазба 23:15—17).

8, 9. Мәсіхшілер қауымы құрылғанда, Құдайдың өмір мен қанға қатысты көзқарасы өзгерді ме? Түсіндір.

8 Нұхқа өсиет берілгеннен 2 400 жылдай, ал Заң келісімі жасалғаннан 1 500-дей жыл өткеннен кейін, ертедегі мәсіхшілердің басқарушы кеңесі рухтың жетелеуімен былай деп жазды: “Киелі Рухтың білдіруімен біз сендерге төмендегі қажетті ережелерден басқа ешқандай салмақ салмауымыз керек деп шештік: жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүріңдер!” (Елшілердің істері 15:28, 29).

9 Иә, ертедегі басқарушы кеңес қанның қасиетті екенін әрі оны дұрыс қолданбау жалған тәңірлерге табыну немесе неке адалдығын бұзу сияқты бұрыс қылық екенін түсінген. Бүгінгі шынайы мәсіхшілер де осындай көзқарасты ұстанады. Бұған қоса, Киелі кітаптың принциптері туралы ой жүгіртетіндіктен, олар қанды қолдануға қатысты Құдайға ұнамды шешім қабылдай алады.

ҚАННЫҢ МЕДИЦИНАДА ҚОЛДАНЫЛУЫ

Қан фракцияларына қатысты шешімімді дәрігерге қалай түсіндірер едім?

10, 11. а) Ехоба куәгерлері қанның өзін және оның негізгі құрамбөліктерін құйдыруға қалай қарайды? ә) Қанға қатысты қандай мәселелерде мәсіхшілердің ойлары әртүрлі болуы мүмкін?

10 Ехоба куәгерлері ‘қаннан аулақ жүру’ деген қан құйдырмауды және тапсырмауды, сондай-ақ өз қанын сақтамауды білдіретінін түсінеді. Сонымен қатар олар Құдайдың заңын құрметтейтіндіктен қанның негізгі төрт құрамбөлігінен, яғни қызыл және ақ түйіршіктерден, тромбоциттер мен плазмадан, бас тартады.

11 Бүгінде қанның осы құрамбөліктері одан әрі ұсақ фракцияларға бөлінеді де, түрлі жолдармен қолданылады. Мәсіхші осындай фракцияларды қабылдай ала ма? Оларды ‘қан’ деп қарастыра ма? Бұл мәселеде әркім жеке шешім қабылдауға тиіс. Адамның өз қаны сақталмай, бірден қолданылатын гемодиализ, гемодилюция және реинфузия сияқты емшараларға қатысты да осылай ету керек. (“Қан фракциялары және хирургиялық емшаралар” деген қосымшаны қара.)

12. Ар-ұжданға қатысты мәселелерге қалай қарауымыз керек және қалай әрекет еткеніміз дұрыс?

12 Жеке шешіміміздің қандай болатыны Ехоба үшін бәрібір ме? Жоқ, олай емес, біздің ойымыз бен ниетіміз оны қатты қызықтырады (Нақыл сөздер 17:3; 21:2; 24:12). Олай болса, дұға ете отырып ізденіс жасап, қандай да бір дәрі-дәрмек не емшара туралы көбірек мәлімет алғаннан кейін, Киелі кітапқа сай тәрбиеленген ар-ұжданымызға сүйеніп әрекет етуіміз керек (Римдіктерге 14:2, 22, 23). Әрине, өзгелердің бізді өз ар-ұждандарына сай әрекет етуге итермелегені не біздің олардан: “Менің орнымда сен не істер едің?”— деп сұрағанымыз дұрыс болмас еді. Мұндай жағдайларда әр мәсіхші өз іс-әрекеті үшін өзі жауапты * (Ғалаттықтарға 6:5 сілт.; Римдіктерге 14:12). (“ Мен қанды қасиетті деп қарастырамын ба?” деген қоршауды қара.)

ЕХОБАНЫҢ ЗАҢДАРЫ — ӘКЕЛІК СҮЙІСПЕНШІЛІГІНІҢ КӨРІНІСІ

13. Ехобаның заңдары мен принциптерінен ол туралы не білеміз? Мысал келтір.

13 Киелі кітаптағы заңдар мен принциптерден Ехобаның дана Заң шығарушы және өз балаларының игілігін ойлайтын сүйіспеншілігі мол Әке екені көрінеді (Забур 18:8—12). ‘Қаннан аулақ жүріңдер’ деген өсиет денсаулыққа қатысты нұсқау ретінде берілмеген, сөйтсе де қан құйдырумен байланысты қиыншылықтардан қорғайды (Елшілердің істері 15:20). Медицина саласының көп маманы қансыз ота жасауды қазіргі заман медицинасының “алтын стандарты” деп қарастырады. Ал шынайы мәсіхшілер үшін бұл Ехобаның шексіз даналығы мен әкелік сүйіспеншілігін тек дәлелдей түседі (Ишая 55:9; Жохан 14:21, 23).

14, 15. а) Құдайдың халқына деген сүйіспеншілігі қандай заңдардан көрінеді? ә) Қауіпсіздікке қатысты осы заңдардың астарындағы принциптерді қалай қолдануыңа болады?

14 Құдайдың ежелгі исраилдіктердің игілігін ойлағаны көптеген заңдарынан көрінеді. Мысалы, үйдің шатырында көп іс атқарылатын, сондықтан абайсызда біреу құлап кетпеу үшін оны айналдыра қоршау жасау талап етілетін (Заңды қайталау 22:8; Патшалықтар 1-жазба 9:25, 26; Нехемия 8:16; Елшілердің істері 10:9). Сондай-ақ Құдай сүзеген өгіздерді қараусыз қалдырмауды бұйырған (Мысырдан шығу 21:28, 29). Адамның бұл талаптарды ескермеуі өзгелердің жағдайын мүлдем ойламайтынын көрсететін, сондай-ақ қан төгілуіне себеп болуы мүмкін еді.

15 Осы заңдардың астарындағы принциптерді қалай қолдануыңа болады? Неге көлігің, оны қалай жүргізетінің, үйің, жануарларың, жұмыс орның және қандай демалыс түрлерін таңдайтының жайында ойланып көрмеске? Кей елдерде жастар көбінесе жол апатынан, әсіресе орынсыз тәуекелге барғаннан, қаза болады. Алайда Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылғысы келмейтін жастар өмірді бағалайды және қауіпті істерден ләззат іздемейді. Олар сыр суы сирақтарынан келмейтіндей көріп, ақымақтық жасамайды, қайта, аман-сау жүріп, жастық шақтарынан қуаныш табады (Екклесиаст 11:9, 10).

16. Түсік жасатуға қатысты Киелі кітапта қандай принцип бар? (Сілтемені де қара.)

16 Құдайдың көз алдында тіпті туылмаған баланың өмірі де бағалы. Ежелгі исраилдіктердің арасында біреу жүкті әйелге зақым келтіріп, оның өзі не баласы қайтыс болса, Құдай кінәлі адамды кісі өлтіруші деп есептеп, “жанға жан” беруді талап ететін * (Мысырдан шығу 21:22, 23 ЖД). Олай болса, жыл сайын қаншама сәбидің туылмай жатып түсіріліп тасталатыны, ал олардың бірталайы адамдардың өзімшілдігі мен арсыздығына бола түсірілетіні, Ехобаға қалай әсер ететінін ойлап көрші!

17. Құдайдың талаптарын білгенге дейін түсік жасатқан әйелді қалай жұбатуға болады?

17 Ал Киелі кітаптағы шындықты білмей тұрып түсік жасатқан әйел жөнінде не деуге болады? Оны Құдай кешіре ме? Әрине! Күнәсіна шынымен өкінетін адам Исаның төгілген қанының негізінде Ехобаның кешіретініне сенімді бола алады (Забур 102:8—14; Ефестіктерге 1:7). Исаның өзі былай деген: “Мен “әділдерді” емес, күнәкарларды теріс жолдан қайтуға шақыру үшін келдім” (Лұқа 5:32).

ЖЕККӨРІНІШ СЕЗІМІНЕН АУЛАҚ БОЛ!

18. Киелі кітаптан көрінетіндей, көп қантөгістің түптамыры неде?

18 Ехоба біздің өзгелерге зияндық жасамағанымызды ғана емес, көп қантөгістің түптамыры — жеккөрушіліктен арылғанымызды қалайды. Елші Жохан: “Бауырласын жек көрген әркім — кісі өлтіруші!”— деген (Жоханның 1-хаты 3:15). Бауырласын жек көретін адам оны жақтырмаумен ғана шектелмейді, оған өлім тілейді. Оның өштігі бауырласын Құдайдың үкіміне ұшырататындай қылық жасады деп қаскөйлікпен қаралауынан не оған жалған айып тағуынан көрінуі мүмкін (Леуіліктер 19:16; Заңды қайталау 19:18—21; Матай 5:22). Олай болса, жүрегімізде болуы мүмкін қаскөйлік атаулыдан арылғанымыз қаншалықты маңызды десеңші! (Жақып 1:14, 15; 4:1—3).

19. Киелі кітап принциптерін басшылыққа алатын адамға Забур 10:5 және Філіпіліктерге 4:8, 9-дағы сөздер қалай әсер етеді?

19 Сонымен қатар өмірді Ехоба іспетті бағалайтындар және оның сүйіспеншілігінен айырылғысы келмейтіндер жауыздықтың кез келген түрінен аулақ жүреді. Забур 10:5-те ‘озбырлықты ұнататындарды [Ехобаның] жан-дүниесі жаратпайтыны’, немесе жек көретіні, айтылған. Бұл тармақта жай ғана Құдайдың болмысы жөнінде айтылмаған. Онда өмірімізге басшылық беретін принцип жазылған. Бұл сөздер Құдайды сүйетіндерді қаскөйлік сезімін оятатын көңіл көтеру түрлерінің кез келгенінен аулақ болуға талпындырады. Ал Філіпіліктерге 4:8, 9-дағы “тыныштықтың қайнар көзі — Құдай” деген сөздер ойымыз бен жүрегімізді ‘ұнамды, адамгершілікті және мақтауға тұрарлық’ нәрселерге толтыруға қозғау салып, бейбітсүйгіш болуға көмектеседі.

ҚАНТӨГІСКЕ ҚАТЫСЫ БАР ҰЙЫМДАРДАН АУЛАҚ БОЛ

20—22. Мәсіхшілер осы дүниеге қатысты қандай көзқарасты ұстанады және неге?

20 Құдайдың көз алдында Шайтанның бүкіл дүниесі қантөгіске жауапты. Жазбаларда жыртқыш айуанға теңелген оның саяси жүйесі, Ехобаның көптеген қызметшілерін қоса алғанда, миллиондаған адамның өліміне кінәлі (Даниял 8:3, 4, 20—22; Аян 13:1, 2, 7, 8). Ал сауда-саттық пен ғылым саласындағылар айуанға ұқсас осы саяси күштермен бірге ең жойқын қару-жарақтың кейбір түрлерін жасап, орасан зор пайда көруде. ‘Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отырғаны’ анық көрініп тұр емес пе!? (Жоханның 1-хаты 5:19).

21 Исаның ізбасарлары ‘осы дүниелік емес’. Олар оның саясатына да, соғыстарына да мүлдем араласпайтындықтан, жеке өздері және өзгелерге қосылып қан төгуден аулақ болады * (Жохан 15:19; 17:16). Сондай-ақ Исаға еліктей отырып, өздерін қудалағандарға зұлымдықпен қайтармайды. Қайта, жауларына сүйіспеншілік танытады, тіпті олар үшін дұға етеді (Матай 5:44; Римдіктерге 12:17—21).

22 Ал ең бастысы, шынайы мәсіхшілер дүниежүзілік жалған діндер империясы әрі ең көп қан төккен “Ұлы Бабылдың” істеріне араласпайды. Құдай Сөзінде былай делінген: “Пайғамбарлар мен Құдай халқының қаны, Иә, жер бетіндегі барлық өлтірілгендердің қаны Осы қаладан [Ұлы Бабылдан] табылды!”. Сондықтан бізге: “Одан шық, халқым Менің, одан шық!”— деген ескерту айтылған (Аян 17:6; 18:2, 4, 24).

23. Ұлы Бабылдан шығу үшін не істеу керек?

23 Ұлы Бабылдан шығу үшін жалған дінмен байланысты толықтай үзу жеткіліксіз. Біз азғындық, саясатқа араласу, байлық қуу сияқты жалған дін мақұлдайтын не ашық қолдайтын зұлым істерді жек көруіміз керек (Забур 96:10; Аян 18:7, 9, 11—17). Мұндай істер жиі қантөгіске себепші болып жатады емес пе!?

24, 25. Қантөгіске кінәлі болғаны үшін өкінген адамға ненің негізінде мейірімділік көрсетіледі және не нәрсе осының нышаны болған?

24 Шындық жолына түспес бұрын бәріміз де қандай да бір істерімізбен Шайтанның дүниесін қолдадық, осылайша белгілі бір шамада қан төгілуіне себепші болдық. Алайда біз жүріс-тұрысымызды өзгерттік, Мәсіхтің төлем құрбандығына сенім дамытып, Құдайға бағышталдық, әрі осының арқасында оның ықыласына ие болып, рухани қорғаныш таптық (Елшілердің істері 3:19). Ерте замандағы бас сауғалайтын қалалар осындай қорғаныштың нышаны болған (Руларды санау 35:11—15; Заңды қайталау 21:1—9).

25 Бұл қалалар қалай қорғаныш болған? Егер исраилдік кісі абайсызда біреуді өлтіріп қойса, сол қалалардың біріне қашу керек еді. Тәжірибелі билер өз кесімін айтқан соң, ол бас діни қызметкер қайтыс болғанға дейін сол қалада қалу керек-тін. Сосын, қалаған жерінде тұра беруіне болатын. Құдайдың адамдарға деген мейірімін және олардың өмірін жоғары бағалайтынын көрсететін неткен керемет мысал! Бүгінде Ехобаның Иса Мәсіхтің төлем құрбандығына негізделіп орнатқан шарасын ежелдегі бас сауғалайтын сол қалаларға теңеуге болады. Осы шараның арқасында өмір мен қанның қасиеттілігіне қатысты заңды абайсызда бұзған адам өлімнен аман қала алады. Сен Ехобаның осындай мейірімділігін бағалайсың ба? Мұны қалай көрсетуіңе болады? Бұның бір жолы — ауыр азаптың жылдам жақындап келе жатқанын ескере отырып, өзгелерді осы бас сауғалайтын бейнелі қаланы паналауға шақыру (Матай 24:21; Қорынттықтарға 2-хат 6:1, 2).

ІЗГІ ХАБАРДЫ УАҒЫЗДАУ АРҚЫЛЫ ӨМІРДІ БАҒАЛАЙТЫНЫҢДЫ КӨРСЕТ

26—28. Бүгінде Құдай халқы атқарып жатқан іс қай жағынан Езекиел пайғамбардікіне ұқсайды және қалай біз әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөлене аламыз?

26 Бүгінде Құдай халқының атқарып жатқан ісі исраилдіктер үшін рухани мағынада мұнарадағы күзетші болған ежелгі пайғамбар Езекиелді еске салады. Құдай оған мынадай тапсырма берген: ‘Сен Менің сөздерімді тыңдайсың да оларды ақылға саласың’. Езекиел өз тапсырмасына немкетті қараса, Иерусалим жауапқа тартылғанда, Құдайдың үкіміне ұшыраған адамдардың қаны үшін жауапты болар еді (Езекиел 33:7—9). Бірақ ол Құдайға мойынсұнып, ешкімнің қанын мойнына жүктемеді.

27 Бүгінде Шайтанның дүниесі түгелдей жойылғалы тұр. Сондықтан Ехоба куәгерлері Құдайдың “кек алатын” күні туралы Патшалық хабарын жариялауды міндет әрі мәртебе санайды (Ишая 61:2; Матай 24:14). Сен осы маңызды іске барынша атсалысып жүрсің бе? Елші Пауыл өз тапсырмасына жауапкершілікпен қараған. Сол себепті ол былай дей алған: “Ешкімнің қанын мойныма жүктемеймін деп мәлімдеймін. Себебі мен уағыз айтқанда ештеңені жасырмай Құдайдың еркін түгел жарияладым” (Елшілердің істері 20:26, 27). Неткен керемет үлгі!

28 Ехобаның әкелік сүйіспеншілігінің саясында болу үшін, әрине, өмір мен қанға ол сияқты қарау жеткіліксіз. Бұл үшін, келесі тараудан көретініміздей, оның көз алдында әрқашан таза, немесе қасиетті, болуымыз керек.

^ 5-абзац Құдайдың ‘денедегі жанның өзегі қанда’ деген сөздеріне қатысты “Сайентифик америкэн” журналында былай делінді: “Бейнелі тілмен айтылғанмен, бұл сөздер тікелей мағынада да рас, өйткені қандағы әр жасуша өмірді қолдау үшін қажет”.

^ 16-абзац Ғалымдардың айтуынша, еврей мәтінінде сөздердің қалай сапталғанына қарағанда, мұнда “тек әйелге келтірілген зақым жайлы айтылған деуге болмайды”. Сондай-ақ Киелі кітапта Ехобаның үкім шығаруына іштегі баланың, не ұрықтың, жас шамасы әсер ететіні жөнінде ештеңе айтылмағанын да ескерген жөн.

^ 21-абзацОсы дүниеден қалай алшақ жүре аламыз?” деп аталатын 5-тарауды қара.

^ 70-абзац Көбірек мәлімет алу үшін “Қан фракциялары және хирургиялық емшаралар” деген қосымшаны қара.