Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

14-ТАРАУ

Құдайдың үкіметіне ғана адалмыз

Құдайдың үкіметіне ғана адалмыз

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Құдай халқы Патшалыққа адал, сондықтан осы дүниелік емес

1, 2. а) Шынайы мәсіхшілер күні бүгінге дейін қандай принципті ұстанады? ә) Жауларымыз бізді жеңу үшін не істеді және бұның нәтижесі қандай болды?

 ИСА яһудилердің ең беделді төрешісі Пилаттың алдында тұрып, шынайы мәсіхшілер күні бүгінге дейін ұстанып жүрген мына принципті айтты: “Менің Патшалығым осы дүниелік емес. Егер осы дүниелік болса, қызметшілерім яһудилердің қолына түспеуім үшін күресер еді. Бірақ менің Патшалығым осы дүниелік емес” (Жох. 18:36). Пилат Исаны өлімге кесті, бірақ бұл жеңіс ұзаққа бармады: Иса қайта тірілді. Құдіретті Рим империясының билеушілері оның ізбасарларын құртып жібергісі келгенмен, бұларынан түк шықпады. Мәсіхшілер Патшалық туралы хабарды шартарапқа таратты (Қол. 1:23).

2 1914 жылы Патшалық орнаған соң, тарихтағы ең мықты әскери державалардың кейбірі Құдай халқын жер бетінен жойып жібергісі келді. Бірақ ешқайсысы оларды жеңе алмады. Талай үкіметтер мен саяси топтар қақтығыстарда өз жақтарына шығаруға мәжбүрледі, бірақ араларына от сала алмады. Бүгінде Патшалықтың азаматтары барлық елде бар. Десе де бұл ынтымақтарын бұзып, араларында алауыздық тудырмайды. Себебі саяси мәселелерде олар бейтараптықты қатал ұстанады. Осындай бірлігіміз — Құдай Патшалығының билік етіп жатқанының әрі оның Патшасы Иса Мәсіх өз азаматтарына басшылық беріп, тазартып, қорғап отырғанының айқын дәлелі. Осы орайда оның не істегенін, сондай-ақ “осы дүниелік емес” болып жүрген біздерге сот тартыстарында сыйлаған жеңістерінің кейбірін қарастырып көрейік. Бұдан сеніміміз нығаяры сөзсіз (Жох. 17:14).

Маңызды мәселенің көтерілуі

3, 4. а) Құдай Патшалығы орнағаннан кейін не болды? ә) Құдай халқы бейтараптық мәселесін әрқашан толық түсінген бе?

3 Құдай Патшалығы орнағаннан кейін, көкте соғыс болып, Шайтан жерге лақтырылды (Аян 12:7—10, 12 оқыңыз). Жерде де Құдай халқының адалдығын сынға салған соғыс болды. Осы соғыс кезінде бауырластар Иса сияқты “осы дүниелік” болмауға бел буғанмен, саяси мәселелерде қаншалықты бейтарап болу керектігін толығымен түсінбеді.

4 Мысалы, 1904 жылы жарыққа шыққан “Мыңжылдықтың таң шапағы” еңбегінің VI томында a мәсіхшілер соғысқа қатыспауға шақырылды. Сөйте тұра онда келесідей ой да жазылды: мәсіхші әскерге шақырылса, саптан тыс бөлімдердің біріне түсуге тырысу керек, ал ұрысқа қатысатын бөлімге жіберілсе, адам өлтірмеуі тиіс. 1905 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Британияда тұрған Герберт Синьор сол уақыттағы жағдайды былай еске алды: “Бауырластар не істерін білмеді, өйткені әскерге барып, саптан тыс қызмет атқарудың дұрыс-бұрыстығына қатысты анық басшылық болған жоқ”.

5. “Күзет мұнарасының” 1915 жылғы 1 қыркүйектегі санынан бастап түсінігіміз қалай айқындала түсті?

5 Алайда “Күзет мұнарасының” 1915 жылғы 1 қыркүйектегі санынан бастап бұл мәселеге қатысты түсінігіміз айқындала түсті. Журналда “Жазбаларды зерттеу” еңбегінде айтылған ойлар жөнінде: “Бірақ бұлай істегеніміз ымыраға келумен тең емес пе?!”— деп жазылды. Ал мәсіхшіні әскери киім кигені және әскери қызметтен бас тартқаны үшін атамыз деп қорқытса ше? Журналда былай делінді: “Не үшін өлгеніміз артық: Тыныштық бекзадасына адал болып, оның нұсқауына мойынсұнғанымыз үшін бе? Әлде көктегі Патшаның тәлімдерін елемей, жердегі патшалардың туының астында жүріп, оларды өтіріктен қолдағанымыз үшін бе? Біз біріншісін, яғни көктегі Патшамызға адал болып өлуді таңдаймыз”. Осындай пәрменді сөздер айтылғанмен, мақалада: “Бұл — осылай істеуге тиіссіңдер деген сөз емес. Біз бар болғаны ой салып жатырмыз”,— деген қорытынды жасалды.

6. Герберт Синьор бауырлас қандай үлгі қалдырды?

6 Кейбір бауырластар соғысқа қатыспау керектігін анық түсініп, мұндай шешімнің салдарын көруге дайын болды. Солардың бірі Герберт Синьор: “Мен үшін кемеден оқ-дәрі түсіру де [бұл саптан тыс қызмет еді], сол оқ-дәрімен мылтық оқтау да бір нәрсе болатын”,— деді (Лұқа 16:10). Осылай моральдық ұстанымы бойынша әскери қызметтен бас тартқаны үшін ол түрмеге қамалды. Герберт пен тағы 4 бауырлас осындай себеппен Британияның Ричмонд түрмесіне жабылған 16 адамның қатарында болды. Ал қалған 11 тұтқын басқа діннің өкілі еді. Бірде олардың бәрін жасырын түрде кемеге отырғызып, Франциядағы соғыс алаңына жөнелтіп жіберді. Сол жерде бәрі ату жазасына кесілді де, қару кезенген сарбаздардың алдына тұрғызылды. Бірақ үкім орындалмай, ату жазасы он жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылды.

“Мен Құдай халқы, тіпті соғыс кезінде де, барлық адаммен тату болу керек екенін түсіндім”. Саймон Крейкер (7-абзацты қараңыз)

7. Екінші дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын Құдай халқы нені түсінді?

7 Екінші дүниежүзілік соғыс басталмас бұрын бейтараптық мәселесінде Исаға еліктеу үшін не талап етілетініне қатысты Құдай халқының түсінігі әлдеқайда тереңдеген еді (Мат. 26:51—53; Жох. 17:14—16; Пет. 1-х. 2:21). Мысалы, “Күзет мұнарасы” журналының 1939 жылғы 1 қарашадағы санында “Бейтараптық” деген өзекті мақала шықты. Онда былай делінді: “Ехобамен келісімге отырған халық қазір мынадай принципті ұстануға тиіс: соғысып жатқан елдердің ешқайсысын жақтамай, қатаң бейтараптық сақтау”. Кейінірек Бруклиндегі (Нью-Йорк) бас басқармада қызмет еткен Саймон Крейкер бұған қатысты былай деді: “Мен Құдай халқы, тіпті соғыс кезінде де, барлық адаммен тату болу керек екенін түсіндім”. Расында да, бұл дер кезінде берілген рухани тағам еді. Ол бұрын-соңды болмаған сынақта Куәгерлерге Патшалыққа деген адалдығын сақтауға көмектесті.

“Өзен іспетті” қуғын-сүргін

8, 9. Елші Жоханның пайғамбарлығы қалай орындалды?

8 Елші Жохан пайғамбарлық еткендей, 1914 жылы Патшалық орнағаннан кейін айдаһар, яғни Шайтан Ібіліс, Құдай Патшалығын қолдайтындардың көзін құрту үшін, аузынан “өзен іспетті су тасқынын лақ еткізбек” еді b (Аян 12:9, 15 оқыңыз). Бұл пайғамбарлық қалай орындалды? 1920 жылдардан бастап Құдай халқы қуғын-сүргіннен көз ашпады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Құдай Патшалығына адал болғаны үшін Солтүстік Америкада талай бауырлас түрмеге жабылды. Олардың арасында Саймон Крейкер де бар еді. Соғыс жылдары діни көзқарасы үшін сотталып, Құрама Штаттардың федералды түрмелерінде отырғандардың үштен екісінен көбі Ехоба куәгерлері еді.

9 Ібіліс пен қолшоқпарларының көксегені Патшалықтың азаматтарын мінсіздігінен тайдыру болды. Бүкіл Африка, Еуропа мен Құрама Штаттарда оларды соттар мен шартты түрде босату комиссияларының алдына апарды. Бейтараптықты қатаң ұстанғандары үшін түрмеге жапты, соққыға жықты, мерттіктірді. Ал Германияда “хайль Гитлер” демегені не соғысқа қатыспағаны үшін, Құдай халқына адам айтқысыз қысым жасалды. Нацистік режим кезінде 6000-дай бауырлас лагерьге жіберілді, ал 1600-ден аса Германия тумасы мен басқа да Куәгерлер азаптаушылардың қолынан өлім құшты. Сөйтсе де Құдай халқына Ібіліс орны толмас залал келтіре алмады (Мар. 8:34, 35).

“Жер” “өзенді жұтып қойды”

10. “Жер” нені бейнелейді және Құдай халқына ол қалай жақтасуда?

10 Жохан көрген аянда “жер” — осы дүниедегі есті әрі ықпалды адамдар мен топтар — Құдай халқына көмекке келіп, “өзен іспетті” қуғын-сүргінді “жұтып қойды”. Жоханның бұл сөздері қалай жүзеге асты? Аянда “жерге” теңелгендер Екінші дүниежүзілік соғыс біткелі бері Патшалықтың адал азаматтарына талмай жақтасып келеді (Аян 12:16 оқыңыз). Мысалы, түрлі ықпалды сот органдары әскери қызмет өтеу мен мемлекеттік рәміздерді дәріптеу рәсіміне қатысудан бас тартуға қатысты істерде Ехоба куәгерлерінің құқығын қорғайды. Енді әскерге барудан бас тартуға қатысты сот істерінде Ехоба сыйлаған айтулы жеңістердің кейбіріне шолу жасайық (Зәб. 68:20).

11, 12. Сикурелла, Флимменос деген бауырластар қандай сынаққа кезікті және олардың істері қалай шешілді?

11 Құрама Штаттар. Куәгерлер отбасында тәрбиеленген Энтони Сикурелла 15 жасында шомылдыру рәсімінен өтеді. 21-ге келгенде ол діни қызметші ретінде әскери тіркеуге тұрады. Ал екі жылдан кейін, 1950 жылы, статусын “моральдық ұстанымы бойынша бас тартқан” адам деп өзгерткісі келеді. Федералды тергеу бюросы бұдан еш оғаштық көрмегенмен, Әділет министрлігі оның өтінішін орындаудан бас тартады. Бірнеше сотта қаралғаннан кейін, Сикурелла бауырластың ісін АҚШ-тың Жоғарғы соты қарап, төменгі инстанцияның шешімін жоққа шығарады. Құрама Штаттардың басқа да азаматтары моральдық ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартқанда, бұл шешім прецедент болды.

12 Грекия. 1983 жылы Иаковос Флимменос әскери киім киюден бас тартқаны үшін мойынсұнушылық танытпады деген айыппен түрмеге жабылды. Түрмеден шыққан соң, ол бухгалтер болып жұмысқа орналасқысы келеді. Бірақ сотты болғаны үшін оны жұмысқа алмайды. Сонда Иаковос сотқа шағым түсірді. Грекияның соттарында іс өз пайдасына шешілмеген соң, ол Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық Сотқа (АҚЕС) жүгінді. 2000 жылы АҚЕС-тің 17 судьядан тұратын Жоғарғы палатасы істі Флимменостың пайдасына шешті. Бұл дискриминацияға қарсы істерде прецедент болды. Бұған дейін Грекияда 3500-ден аса ер бауырлас бейтараптық сақтағандары үшін сотты болған еді. Осы шешімнен кейін, Грекияның жаңа заңы бойынша олардың бәрі ақталды. Сонымен қатар Грекияның Конституциясы қайта қарастырылғанда, бірнеше жыл бұрын қабылданған заң — атап айтқанда елдің барлық азаматтарына баламалы азаматтық қызмет атқаруға мүмкіндік беретін заң — мақұлданды.

“Сот залына кірерде, Ехобаға қатты дұға еттім. Ол маған жан тыныштығын берді”. Ивайло Стефанов (13-абзацты қараңыз)

13, 14. Ивайло Стефановтың және Ваан Баятянның ісінен не білдіңіз?

13 Болгария. 1994 жылы 19 жасар Ивайло Стефанов әскерге шақырылады. Бірақ ол әскери қызметтен де, әскери басшылардың қол астында саптан тыс қызмет атқарудан да бас тартады. Содан ол 18 айға қамауға алынады. Ол мұнымен келіспей, моральдық ұстаным негізінде сот шешіміне қарсы арыз түсіреді. Бірте-бірте оның ісі АҚЕС-ке дейін жетеді. 2001 жылы, сот отырысы басталмас бұрын, Стефанов бауырласпен бітімгершілік келісім жасалады. Болгария үкіметі Стефанов бауырласқа ғана емес, баламалы азаматтық қызмет атқарғысы келген елдегі барлық азаматтарға рақымшылық жариялады c.

14 Армения. Ваан Баятян 2001 жылы әскерге шақырылатын жасқа келеді d. Ол моральдық ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартады, бірақ өз елінде сот істерінің бәрі оның пайдасына шешілмейді. 2002 жылдың қыркүйек айында ол екі жарым жылға бас бостандығынан айырылады, алайда он айдан кейін босатылады. Сол аралықта ол АҚЕС-ке арыз түсіріп, ісі қаралады. Бірақ 2009 жылдың 27 қазанында Еуропалық сот та оған қарсы шешім шығарады. Бұл шешім осындай қиындыққа кезігетін Армениядағы бауырластар үшін оңалмастай жеңіліс болып көрінеді. Бірақ АҚЕС-тің Жоғарғы палатасы істі қайта қарастырып, 2011 жылдың 7 шілдесінде істі Ваан Баятянның пайдасына шешеді. Бұл АҚЕС-тің келесі жайтты алғаш рет мойындауы еді: моральдық ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартатындардың құқығы ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығы туралы заңмен қорғалуы тиіс. Жоғарғы палатаның бұл шешімі Ехоба куәгерлерінің ғана емес, Еуропа Кеңесінің мүшелігіндегі елдердің жүздеген миллион азаматтарының да құқығын қорғайды e.

АҚЕС-те іс біздің пайдамызға шешілгеннен кейін, Армениядағы бауырластар түрмеден босатылды

Мемлекеттік рәміздерді дәріптеу мәселесі

15. Неге Куәгерлер мемлекеттік рәміздерді дәріптеу рәсіміне қатыспайды?

15 Ехобаның халқы өздері тұрып жатқан мемлекеттің рәміздерін құрметтейді, әйтсе де оларды дәріптеу рәсіміне қатыспайды. Осылай олар Құдай Патшалығына адал екендерін көрсетеді. Бұл әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерекше маңызды болды. Бұл соғыс бүкіл дүниеде ұлтжандылық рухын оятқан еді. Көп елдерде адамдардан отандарына адалдығын дәлдеу үшін ант ету, әнұран айту, туды дәріптеу талап етілді. Бірақ біз тек Ехобаға қалтқысыз берілгенбіз (Мұс. 2-ж. 20:4, 5). Сондықтан көп қуғын-сүргінге ұшыраймыз. Осындайда Ехоба тағы да “жерді” көмекке жіберіп, ол қуғынның біршамасын “жұтып қояды”. Ал енді Ехобаның Мәсіх арқылы сыйлаған керемет жеңістерінің кейбіріне көңіл бөлейікші (Зәб. 3:8).

16, 17. Лиллиан мен Уильям Гобайтас қандай қиындыққа кезікті және біз бұдан не білдік?

16 Құрама Штаттар. 1940 жылы “Майнерсвилл мектеп округі Гобайтастарға қарсы” деген атаумен белгілі болған сот ісінде Құрама Штаттардың Жоғарғы сотының 9 судьясының 8-і Ехоба куәгерлеріне қарсы шешімді қолдады. 12 жасар Лиллиан мен 10 жасар інісі Уильям Гобайтас Ехобаға адал болғысы келгендіктен, туды дәріптеу мен ант беруден бас тартады. Сол үшін оларды мектептен шығарып жібереді. Олардың ісі Жоғарғы сотта қаралып, сот мектептің әрекетін Конституцияға сай, себебі “ұлт бірлігін” сақтауға ықпал етеді деген тұжырымға келеді. Осындай шешімнен кейін қатты қуғын-сүргін басталады: балалар жаппай мектептен, ересек Куәгерлер жұмыстан қуылады, біраз бауырлас тобыр қолынан сұмдық зардап шегеді. Америкадағы діни бостандық туралы бір кітапта “1941—1943 жылдар аралығында Куәгерлердің басына түскен қуғын-сүргін ХХ ғасырдағы Америкада болған діни төзімсіздіктің ең сорақысы екені” айтылған (“Lustre of Our Country”).

17 Құдайдың жаулары жеңісіне ұзақ қуанбады. 1943 жылы Жоғарғы сотта Гобайтастардікіне ұқсас іс қаралды. Ол “Батыс Виргиния штатының білім беру департаменті Барнеттке қарсы” деген атаумен белгілі болды. Бұл жолы Жоғарғы сот Ехоба куәгерлеріне жеңіс сыйлады. АҚШ тарихында Жоғарғы сот алғаш рет осындай қысқа уақытта өз шешіміне кереғар шешім шығарды. Осыдан кейін Құрама Штаттарда Ехобаның халқына ашық қуғын жасалатын жағдайлар күрт азайды. Нәтижесінде Құрама Штаттардың барлық азаматтарының құқығы көбірек құрметтелетін болды.

18, 19. Пабло Баррос не деді және біз оның үлгісіне қалай еліктей аламыз?

18 Аргентина. 1976 жылы сегіз жасар Пабло мен жеті жастағы інісі Уго Баррос ту көтеру рәсіміне қатысудан бас тартқаны үшін мектептен шығарылады. Бірде мектеп директоры Паблоны жұлқып-жұлқып, басынан ұрып жібереді. Ол екі баланы сабақтан кейін алып қалып, патриоттық рәсімдерге қатыстыру үшін бір сағат бойы қысым жасайды. Пабло сол жағдайды есіне алып: “Ехоба көмектеспегенде, мінсіздігімді сақтай алмас едім”,— деді.

19 Пабло мен Угоның ісін қараған сот мектептің әрекетін дұрыс деп табады. Бірақ екі баланың ісі Аргентинаның Жоғарғы сотында қаралып, 1979 жылы ол төменгі инстанцияның шешімінің күшін жояды. Жоғарғы сот Пабло мен Угоны мектептен шығару Конституцияға қайшы деп тапты: әр азамат білім алуға құқылы (14-бап), ал мемлекет бастауыш білім беруге міндетті (5-бап). Бұл жеңіс бір мыңдай Куәгер баланың игілігіне асып, істері қаралып жатқандар мектепте қалдырылды, ал Пабло мен Уго сияқты қуылғандар қайта қабылданды.

Көптеген жас Куәгер сын сағатында адалдықтан таймайды

20, 21. Роэль мен Эмили Эмбралинагтың оқиғасы сеніміңізді қалай нығайтты?

20 Филиппин. 1990 жылы 9-дағы Роэль мен 10-ға келген әпкесі Эмили Эмбралинаг, сондай-ақ 66-ға жуық Куәгер оқушы туға тағзым етпегені үшін мектептен шығарылады. Роэль мен Эмилидің әкесі Леонардо мектеп басшыларына жағдайды түсіндіруге тырысады. Бірақ мұнысынан түк шықпайды. Жағдай ушығып, ол Жоғарғы сотқа шағым түсіреді. Алайда Леонардоның ақшасы да, қорғаушысы да жоқ еді. Сондықтан ол бүкіл отбасымен Ехобадан басшылық сұрап, жалбарынады. Ал осы уақытта әпкелі-інілі Эмбралинаг келеке-мазақтан көз ашпайды. Отағасының заңнан еш хабары болмағандықтан, сотта жеңіске жетемін деп үміттенбейді.

21 Сөйтіп жүргенде, бұл отбасын Фелино Ганаль қорғайтын болып шығады. Ол кезінде елдегі ең беделді заң фирмасында қорғаушы болған еді. Бірақ шындықты қабылдап, ол жерден шығып кеткен болатын. Эмбралинаг отбасының ісі Жоғарғы сотта қаралып, сот бірауыздан Ехоба куәгерлерінің жағына шығады да, мектептен шығаруға қатысты жарлықтардың күшін жояды. Осылайша Құдай халқын мінсіздіктен тайдырғысы келгендердің әрекетінен тағы да түк шықпайды!

Бейтараптық бірлікке жеткізеді

22, 23. а) Неге Ехобаның халқы үлкен жеңістерге жетті? ә) Ынтымағы жарасқан дүниежүзілік бауырластығымыз ненің дәлелі?

22 Неге Ехобаның халқы осындай үлкен жеңістерге жетті? Біздің саяси ықпалымыз жоқ. Әйтсе де әртүрлі елдерде, әртүрлі соттарда әділ судьялар бізді табан тірескен қарсыластарымыздан қорғайды. Осылай олар конституциялық заңға өзгерістер енгізуге прецеденттер тудырып отыр. Мұндай жеңістерге Патшамыз Иса Мәсіхтің арқасында жетіп жатқанымызда еш күмән жоқ! (Аян 6:2 оқыңыз). Неге біз соттарға жүгінеміз? Біздің мақсатымыз — заң жүйесін өзгерту емес, қызметімізді еш кедергісіз жалғастыра беру (Ел. іс. 4:29).

23 Билік жүргізіп отырған Патшамыз Иса Мәсіх саяси тартыстар мен өшпенділіктің кесірінен жік-жікке бөлінген мына дүниеде бейтараптық сақтауға тырысып жүрген ізбасарларына батасын төгуде. Ал арамызға іріткі салып, бізді жеңгісі келген Шайтан дегеніне жете алмады. Патшамыз өз қол астына “соғысуды үйренгісі” келмейтін миллиондаған адам жинады. Ынтымағы жарасқан дүниежүзілік бауырластығымызды бүгінгі күннің кереметі деуге болады, әрі бұл — Құдай Патшалығының билік етіп отырғанының бұлтартпас дәлелі! (Ишая 2:4).

a Бұл том “Жаңа жаратылыс” деген атаумен де белгілі. “Мыңжылдықтың таң шапағы” еңбегі кейінірек “Жазбаларды зерттеу” деп аталатын болды.

b Бұл пайғамбарлық “Аян. Оның шарықтау шегі жақын!” (ор.) кітабының 27-тарауында талқыланады.

c Осы бітімгершілік келісімге сай, Болгария үкіметі моральдық ұстанымы бойынша әскерге барудан бас тартатындардың бәріне әскери емес басқарманың қол астында баламалы азаматтық қызмет атқару мүмкіндігін беруге тиісті болды.

d Баятянның ісі туралы көбірек мәліметті “Күзет мұнарасы” (ор.) журналының келесі санынан табуға болады: 2012 жыл, 1 қараша, 29—31 беттер.

e Шамамен 20 жыл ішінде Арменияда 450-ден аса әскер жасындағы Куәгер түрмеге жабылған. 2013 жылдың қарашасында олардың соңғысы қамаудан босатылды.