Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ТАРАУ

“Сенің Патшалығың келсін!”

“Сенің Патшалығың келсін!”

ТАРАУДЫҢ ӨЗЕКТІ ОЙЫ:

Исаның Құдай Патшалығы туралы тәлімі

1, 2. Исаның үш елшісіне Ехоба не деді және олар бұған құлақ асты ма?

 СІЗГЕ Ехобаның өзі тапсырма берсе, мұны қалай қабылдар едіңіз? Қандай іс болмасын, оған жан-тәніңізбен кіріссеңіз керек.

2 Б. з. 32 жылының Құтқарылу мейрамынан кейін біраз уақыт өткен соң Исаның үш елшісіне Ехобаның өзі бір тапсырма берді (Матай 17:1—5 оқыңыз). Жағдай былай болды: Петір, Жақып, Жохан деген елшілер Исамен бірге “бір биік тауға көтеріледі”. Сол жерде олар Ехобадан аян алып, Исаның Патшалық даңққа бөленгенін көреді. Аянның шынайы болып көрінгені сонша — Петір ондағы кейіпкерлердің әңгімесіне араласып кетеді. Ол әлі сөйлеп тұрғанда, төбелерінде бір бұлт пайда болады. Сосын Петір мен серіктері тарих бойында небәрі бірен-саран адам естіген дауысты — Ехобаның даусын естиді. Исаның өз Ұлы екенін айтқан соң, Ехоба оларға: “Оны тыңдаңдар!”— деп тапсырады. Елшілер бұл сөзді жерге тастамады: Исаның айтқандарын өздері де орындады, өзгелерді де соған талпындырды (Ел. іс. 3:19—23; 4:18—20).

Басқа жайттарға қарағанда, Иса Құдай Патшалығы жөнінде көбірек айтқан

3. Неге Ехоба Исаны тыңдағанымызды қалайды және қандай тақырыпты жіті зерттегеніміз дұрыс?

3 “Оны тыңдаңдар!” деген сөздер біздің игілігіміз үшін жазылған (Рим. 15:4). Неге бұлай дейміз? Өйткені Иса — Ехобаның адамдарға жіберген өкілі. Демек, ол тәлімі арқылы Ехобаның бізге арналған хабарын жеткізген (Жох. 1:1, 14). Басқа жайттарға қарағанда, Иса Құдай Патшалығы жөнінде, яғни Мәсіх пен 144 мың патшадан құралған үкімет жөнінде көбірек айтқан. Сондықтан осы бір маңызды тақырыпты жіті зерттегеніміз дұрыс (Аян 5:9, 10; 14:1—3; 20:6). Бірақ алдымен Исаның осы тақырыпқа неге ерекше көңіл бөлгенін қарастырайық.

“Адамның жүрегі неге толы болса...”

4. Құдай Патшалығы жүрегіне жақын екенін Иса қалай көрсетті?

4 Құдай Патшалығы Исаның жүрегіне жақын. Бұлай деуге себеп бар ма? Иә. Адамның айтқан сөздерінен жүрегінде не бар екенін, яки ол үшін ненің маңызды екенін білуге болады. Исаның өзі: “Адамның жүрегі неге толы болса, аузы соны айтар”,— деген (Мат. 12:34). Ол Патшалық туралы айтудың мүмкіндігін жібермеген. Ізгі хабарларда Патшалық жайлы 100-ден аса рет айтылған. Солардың басым көпшілігі Исаның сөздері. Құдай Патшалығы оның уағызының басты тақырыбы болған. Бұл жайында оның өзі: “Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды басқа қалаларда да жариялауым керек. Өйткені мен сол үшін жіберілдім”,— деген (Лұқа 4:43). Ол тіпті қайта тірілгеннен кейін де, шәкірттеріне Патшалық туралы айтуды жалғастыра берген (Ел. іс. 1:3). Иә, Исаның жүрегі Патшалыққа деген ризашылыққа толы еді, әрі бұл оны сол туралы айтуға талпындырды.

5—7. а) Патшалықтың Ехобаның жүрегіне жақын екенін қайдан білеміз? Мысалмен түсіндіріңіз. ә) Құдай Патшалығының жүрегімізге жақын екенін біз қалай көрсетеміз?

5 Патшалық Ехобаның да жүрегіне жақын. Мұны қайдан білеміз? Жоғарыда айтылғандай, Исаны жер бетіне жіберген Ехоба еді. Сондықтан оның әрбір сөзі мен тәлімі Ехобанікі болған (Жох. 7:16; 12:49, 50). Ізгі хабарлардағы Иса мен оның қызметіне қатысты жайттарды да Ехоба жаздырған. Осы жайында бір сәт ойланып көрейікші.

Бәріміз де өзімізден: “Құдай Патшалығы менің де жүрегіме жақын ба?”— деп сұрағанымыз жақсы

6 Сіз отбасыңызбен түскен суреттерді бір альбомға жинап жатырсыз делік. Сізге ұнайтын суреттер көп, бірақ олардың бәрі бір альбомға сыймайды. Мұндай жағдайда не істейсіз? Жүрегіңізге ерекше жақын суреттерді таңдайсыз, солай емес пе?! Қандай да бір мағынада төрт Ізгі хабар да Исаны танып-білуге көмектесетін суреттер жинақталған альбомға ұқсайды. Ехоба оларды жазған кісілерге Исаның жерде болғанда айтқан әрбір сөзі мен істеген ісін жаздырмаған (Жох. 20:30; 21:25). Олар киелі рухтың жетелеуімен Исаның жерге не үшін келгенін біздің түсінуімізге көмектесетін, сондай-ақ Ехоба аса маңызды деп есептейтін жайттарды жазған (Тім. 2-х. 3:16, 17; Пет. 2-х. 1:21). Ал Ізгі хабарларда Исаның Құдай Патшалығы туралы тәлімі көптеп кездеседі. Сондықтан Патшалық Ехобаның да жүрегіне жақын деген тұжырым жасауға болады. Иә, Ехоба біздің Патшалықтың қыр-сырын түсінгенімізді қалайды.

7 Бәріміз де өзімізден: “Құдай Патшалығы менің де жүрегіме жақын ба?”— деп сұрағанымыз жақсы. Егер “иә, жақын” дейтін болсақ, Құдай Патшалығының маңыздылығы мен оның қай мағынада және қашан келетініне қатысты Исаның айтқан сөздеріне барынша ден қоямыз.

Құдай Патшалығы қай мағынада келеді?

8. Иса Патшалықтың маңыздылығын қалай түсіндірді?

8 Исаның қысқа да көркем сөздермен айтқан үлгілі дұғасын қарастырып көрейікші. Ол Патшалықтың игіліктерін атап өтуімен оның келуі қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Оның дұғасында жеті өтініш бар. Алғашқы үш өтініш Ехобаға қатысты, атап айтқанда, ол Әкесінің есімі киелі тұтылуын, Патшалығының келуін және еркінің көктегідей жерде де орындалуын сұраған (Матай 6:9, 10 оқыңыз). Бұл үш өтініш бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі Патшалық арқылы Ехобаның есімі киелі тұтылады әрі еркі жүзеге асады.

9, 10. а) Құдай Патшалығы қай мағынада келеді? ә) Сіз Киелі кітаптағы қай уәденің орындалуын күтудесіз?

9 Құдай Патшалығы қай мағынада келеді? “Сенің Патшалығың келсін” деп дұға еткенде, біз Құдай Патшалығының білек сыбанып әрекетке кіріскенін сұраймыз. Патшалық келгенде, жер бетіне толықтай билік жүргізеді. Ол адам баласы орнатқан үкіметтермен қоса, қазіргі зұлым дүниені жойып, әділдер өмір сүретін жаңа дүние орнатады (Дан. 2:44; Пет. 2-х. 3:13). Сосын бүкіл жер беті жұмаққа айналады (Лұқа 23:43). Ал Құдайдың жадында қалған өлген адамдар қайта тіріліп, жақындарымен қауышады (Жох. 5:28, 29). Мойынсұнғыш адамзат кемелділікке жетіп, мәңгі өмір сүреді (Аян 21:3—5). Осылай Ехобаның еркі көктегідей жерде де орнайды! Біз осы уәделердің орындалуын зарыға күтіп жүрміз емес пе?! Ендеше, Құдай Патшалығының келуін сұрап дұға еткен сайын, Ехобадан осы керемет уәделерді орындауын өтінетінімізді ұмытпайық.

10 Бүгінде Құдай Патшалығының әлі “келмегені” айдан анық. Өйткені адамдар орнатқан үкіметтер билік жүргізіп жатыр ғой, жаңа дүние де әлі орнаған жоқ. Бірақ біз үшін бір жақсы хабар бар. Келесі тараудан көретініміздей, Құдай Патшалығы орнап қойды. Ал қазір Құдай Патшалығының қашан орнайтыны мен қашан келетініне қатысты Исаның айтқан сөздеріне көңіл бөлейікші.

Құдай Патшалығы орнайтын уақыт

11. Исаның тәлімінен Құдай Патшалығының орнауына қатысты не білеміз?

11 Исаның кейбір шәкірттері Құдай Патшалығы бірінші ғасырда орнайды деп күткен. Бірақ оның тәлімі басқа уақытқа нұсқады (Ел. іс. 1:6). Осы орайда оның екі жыл ішінде айтқан екі астарлы әңгімесін қарастырып көрейік.

12. Бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгімеден Патшалықтың б. з. I ғасырында орнамағаны қалай көрінеді?

12 Бидай мен арамшөп туралы астарлы әңгіме. (Матай 13:24—30 оқыңыз). Б. з. 31 жылының көктемінде болса керек, Иса шәкірттеріне осы астарлы әңгімесін айтады да, мағынасын түсіндіріп береді (Мат. 13:36—43). Әңгіменің мәні мынадай: елшілер өмірден өткен соң, Ібіліс бидай (“Патшалықтың ұлдары” немесе майланған мәсіхшілер) арасына арамшөптің (жалған мәсіхшілердің) дәнін сеуіп кетеді. Арамшөп орақ кезіне, яғни “заманның ақырына”, дейін бидаймен бірге өсіп жетіле бермек еді. Ал орақ кезі басталғанда, алдымен арамшөп, сосын бидай жиналмақ-тын. Осылайша астарлы әңгімеден Патшалықтың бірінші ғасырда емес, бидай мен арамшөп өсіп жетілгеннен кейін орнайтыны көрінеді. Тарихтағы оқиғалардан білетініміздей, 1914 жылы бидай мен арамшөп өсіп жетіліп, сол жылы орақ кезі басталды.

13. Иса көкке орала салысымен Патша тағына отырмайтынын қандай мысалмен түсіндірді?

13 Миналар туралы астарлы әңгіме. (Лұқа 19:11—13 оқыңыз). Бұл әңгімесін Иса б. з. 33 жылы соңғы рет Иерусалимге бара жатқанда айтқан. Оны тыңдап келе жатқандардың кейбірі Иерусалимге жете сала, Иса Патша болады деп ойлаған. Иса олардың ойын түзетіп, Құдай Патшалығының орнауына әлі ұзақ уақыт бар екенін түсіндіргісі келді. Сондықтан астарлы әңгімесінде өзін “Патша болып оралу үшін” алыс елге аттанғалы жатқан “ақсүйек” кісіге теңеді a. Исаның жағдайында “алыс ел” көкті білдірді, сол жерде Әкесі оны Патша етіп тағайындамақ еді. Бірақ ол көкке орала салысымен Патша тағына отырмайтынын білетін. Бұл үшін ол белгіленген уақыт келгенше Құдайдың оң жағында отыру керек еді. Тарихтан көретініміздей, Иса көптеген ғасырдан кейін Патша болды (Зәб. 110:1, 2; Мат. 22:43, 44; Евр. 10:12, 13).

Құдай Патшалығы келетін уақыт

14. а) Иса төрт елшісінің сұрағына қалай жауап берді? ә) Исаның пайғамбарлығы орындалғанынан оның “осында болуы” мен Патшалыққа қатысты не білдік?

14 Исаның өлерінен бірнеше күн бұрын төрт елшісі одан: “Сіздің осында болуыңыз бен осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?”— деп сұрады (Мат. 24:3; Мар. 13:4). Сонда ол көптеген жайттардан тұратын пайғамбарлық айтып берді. Бұл пайғамбарлық Матай кітабының 24, 25-тарауларында жазылған. Онда Иса дүниежүзінде орын алатын түрлі оқиғаларды егжей-тегжейлі сипаттады. Оның “осында болуын” білдіретін белгі сол оқиғалар болмақ еді. Ал оның “осында болатын” кезі көкте Патшалық орнағанда басталып, Патшалық келгенде, яғни бүкіл жер бетіне билігін жүргізгенде аяқталады. Иса айтқан пайғамбарлықтың 1914 жылдан бастап орындалып жатқанын растайтын дәлел өте көп b. Демек, Исаның “осында болатын” кезі 1914 жылы басталған, Патшалық та сол жылы орнаған.

15, 16. “Осы ұрпақ” деген сөздер кімдерге нұсқайды?

15 Құдай Патшалығы қашан келеді? Иса оның нақты уақытын көрсеткен жоқ (Мат. 24:36). Бірақ ол Патшалықтың келетін кезі өте жақын екеніне сенімділік беретін сөздер айтты. Атап айтқанда, өзі айтқан белгінің орындалғанын “осы ұрпақ” көргенде, Патшалықтың келетініне нұсқады (Матай 24:32—34 оқыңыз). Бірақ “осы ұрпақ” деген кімдер? Бұны білу үшін Исаның сөздеріне зер салайық.

16 “Осы ұрпақ”. Иса сол заманда өмір сүрген барлық адамдар жайлы айтты ма? Жоқ. Бұл сөздерді оның кімдерге айтқанына назар аударайықшы. Ол бұл пайғамбарлықты “оңашада қасына келген” төрт елшісіне айтқан (Мат. 24:3). Көп ұзамай елшілер киелі рухпен майланбақ еді. Исаның сөздерінің мәнмәтінін де қарап көрейік. Ол “осы ұрпақ” жайлы айтпас бұрын былай деген: “Мысал ретінде інжір ағашына назар аударыңдар: оның жас бұтақтары жұмсарып, жапырақтары шыға бастағанда, жаздың жақындап қалғанын білесіңдер. Сол сияқты, сендер де осылардың бәрін көргенде, Адам Ұлының жақын, есік алдында, екенін біліңдер”. Байқасақ, барлық адамдар емес, тек Исаның майланған шәкірттері ғана пайғамбарлықтардың орындалғанын көріп, олардың мәнін, яғни Исаның “есік алдында екенін” түсінбек еді. Олай болса, Иса “осы ұрпақ” жайлы айтқанда, майланған шәкірттерін ойда тұтқан.

17. “Ұрпақ” және “бұлардың бәрі” деген сөздерді қалай түсінуге болады?

17 “Осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, бұлардың бәрі орындалады”. Бұл сөздер қалай жүзеге асады? Бұл сұрақтың жауабын табу үшін “ұрпақ” және “бұлардың бәрі” деген сөздердің мағынасын түсініп алуымыз керек. “Ұрпақ” сөзі Киелі кітапта жиі белгілі бір уақыт аралығында өмір сүрген әртүрлі жастағы адамдарға қатысты қолданылады. Бір ұрпақ мәңгі жасай бермейді, күндердің күнінде өмірден өтіп таусылады (Мұс. 2-ж. 1:6 сілт.). Ал “бұлардың бәрі” деген сөздерге келер болсақ, бұл сөздер Иса “осында болатын” кезде, яғни 1914 жылдан бастап “зор алапаттың” шарықтау шегі келгенше, орын алатын Иса айтқан оқиғалардың бәріне нұсқайды (Мат. 24:21).

18, 19. Исаның “осы ұрпаққа” қатысты айтқан сөздерін қалай түсінуге болады және бұдан қандай қорытынды жасаймыз?

18 Олай болса, Исаның “осы ұрпаққа” қатысты айтқан сөздерін қалай түсінуге болады? “Ұрпақ” майланғандардың екі тобынан тұрады. Бірінші топқа Иса айтқан белгінің 1914 жылы орындала бастағанын көргендер жатады. Ал екінші топты сол кісілермен замандас болған майланған мәсіхшілер құрайды. Екінші топты құрайтындардың кейбірі зор алапаттың басталғанын көреді. Осы екі топ бір кездері замандас болғандықтан бір ұрпақты құрайды c.

19 Бұдан шығатын қорытынды қандай? Біз Исаның Патша тағында отырғанының белгісін анық көрудеміз. “Осы ұрпақты” құрайтын майланғандардың жастары ұлғайып жатқанының да куәсіміз. Әйтсе де олардың зор алапат басталмайынша, өлмейтінін білеміз. Демек, Құдай Патшалығының келіп, жер бетіне билік ететін уақыты өте жақын! Сонда Исаның: “Сенің Патшалығың келсін!”— деген дұғасы жүзеге асады. Сол күнді өз көзімізбен көру көңіл толқытатын жайт емес пе?!

20. Осы кітапта не нәрсеге ерекше көңіл бөлінеді және келесі тарауда не талқыланады?

20 Ехобаның “Оны тыңдаңдар!” деген сөздерін ешқашан ұмытпалық. Біз осы сөздерге сай өмір сүргіміз келеді. Сондықтан Исаның Құдай Патшалығы туралы айтқан әрбір сөзін қалт жібергіміз келмейді. Қолымыздағы кітапта Құдай Патшалығының атқарған істері мен болашақта атқаратын істеріне ерекше көңіл бөлінеді. Келесі тарауда көкте Құдай Патшалығы жаңа орнағанда, қандай қуанышты жайттар болғанын қарастырамыз.

a Исаның бұл әңгімесі тыңдаушыларына Ұлы Иродтың баласы Архелайды еске салса керек. Ирод өлмес бұрын, Архелайды Яһуда мен басқа да аймақтарға билік ететін мұрагері етіп тағайындаған. Бірақ алдымен Архелай сол кездегі император Августтың мақұлдауын алу үшін алыс жол жүріп, Римге бару керек еді.

c Бірінші топқа жататын майланғандардың, яғни 1914 жылы “толғақ сияқты азаптың бастамасын” көргендердің, соңғысы қайтыс болғаннан кейін майланғандар “осы ұрпаққа” кірмейді (Мат. 24:8).