Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ТАРАУ

Құдайды сүйетіндермен достасыңыз

Құдайды сүйетіндермен достасыңыз

“Данамен жүрген дана болар, Ақылсызбен араласқан жапа шегер” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 13:20).

1—3. а) Нақыл сөздер 13:20-да не айтылған? ә) Неге достарды ақылмен таңдауымыз керек?

 АТА-АНАСЫНАН көз алмай, оларды бақылап отырған сәбиді көргенсіз бе? Тіпті тілі шықпай жатып-ақ, ол көрген-естігендерінің бәрін бойына сіңіріп алады. Ал өсе келе ата-анасына еріксіз еліктейді. Ересектер де кіммен көп араласса, солар сияқты ойланып, солар сияқты әрекет ете бастайды.

2 Нақыл сөздер 13:20-да: “Данамен жүрген дана болар”,— делінген. Мұндағы “жүру” деген сөз біреумен уақыт өткізуге нұсқайды. Бұл — жай ғана адамның қасында болу емес. Бір зерттеуші ғалымның айтуынша, біреумен “жүру” деген ұғымның астарында сол адамды жақсы көріп, бауыр басу деген ой жатыр. Бізге әдетте көп араласатын, әсіресе жанымызға жақын тартқан адамдарымыз қатты ықпал етеді.

3 Достарымыз бізге я жақсы жағынан, я жаман жағынан әсер етуі мүмкін. Нақыл сөздер 13:20-да әрі қарай былай делінген: “Ақылсызбен араласқан жапа шегер”. “Араласу” деп аударылған еврей сөзі әлдекіммен жолдас болу, достасу дегенді білдіреді (Нақыл сөздер 22:24). Құдайды сүйетін достар бізді оған адал болуға талпындырады. Ендеше, достарды ақылмен таңдай білу үшін, Ехоба кімдермен дос болатынын көрейік.

КІМДЕР ҚҰДАЙДЫҢ ДОСЫ БОЛА АЛАДЫ?

4. Құдаймен дос болу неге орасан зор мәртебе? Ехоба Ыбырайымды не үшін “досым” деп атаған?

4 Әлемнің Әміршісі Ехоба бізге онымен дос болу мүмкіндігін сыйлап отыр. Бұл — орасан зор мәртебе! Ехоба достарын мұқият таңдайды. Оны сүйетін, оған сенім білдіретін адамдармен ол дос болады. Мысалы, Ыбырайымды алайық. Ол Ехоба үшін бәріне дайын болды. Ыбырайым берік сенімі мен мойынсұнғыштығын талай рет дәлелдеген. Тіптен баласы Ысқақты құрбандыққа шалуға даяр болды. “Ұлын өлімнен қайта тірілтуге Құдайдың құдіреті жететініне” Ыбырайым кәміл сенді (Еврейлерге 11:17—19; Мұсаның 1-жазбасы 22:1, 2, 9—13). Осындай сенімі мен мойынсұнғыштығы үшін Ехоба оны “досым” деп атаған (Ишая 41:8; Жақып 2:21—23).

5. Ехоба адал жандарға қалай қарайды?

5 Ехобаның достары бірінші кезекте оған адал болуды ойлайды. Сондықтан Құдай оларды қатты бағалайды (Самуилдің 2-жазбасы 22:26 оқыңыз). Ехобаны жақсы көргендіктен, достары оған адалдық пен бойсұнушылық танытады. Құдай, Киелі кітапта айтылғандай, оған мойынсұнатын “шыншыл адаммен жақын дос болады” (Нақыл сөздер 3:32). Ехоба достарын өз “шатырында” қадірлі қонақ болуға, яғни оған ғибадат етіп, кез келген уақытта дұға етуге шақырады (Зәбүр 15:1—5).

6. Исаны жақсы көретінімізді қалай көрсете аламыз?

6 Иса: “Кім мені сүйсе, менің сөзімді орындайды және Әкем оны сүйеді”,— деген (Жохан 14:23). Сондықтан Ехобаның досы болу үшін, Исаны жақсы көріп, оның үйреткендерін орындауымыз керек. Мысалы, біз оның нұсқауына құлақ асып, ізгі хабарды уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысамыз (Матай 28:19, 20; Жохан 14:15, 21). Исаны жақсы көргендіктен, “оның ізімен тура жүреміз” (Петірдің 1-хаты 2:21). Сөзімізбен де, ісімізбен де Ұлына еліктеуге барынша тырысып жатқанымызды көргенде, Ехобаның жүрегі елжірейді.

7. Неге достарымыз Ехобаның достары болу керек?

7 Ехобаның достары сенім, адалдық пен мойынсұнғыштық танытады және оның Ұлын жақсы көреді. Ехоба сияқты біз де осындай достарды таңдаймыз ба? Егер достарымыз Исаға еліктейтін әрі өзгелерге Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды құлшыныспен айтып жүрген адамдар болса, олар бізге жақсаруға әрі Ехобаға адал болып қалуға көмектеседі.

АДАЛ ДОСТАРДЫҢ ҮЛГІЛЕРІ

8. Рут пен Нағиманың достығы сізге несімен ұнайды?

8 Киелі кітаптан көптеген адамдардың айнымас достығы жайлы оқуға болады. Мысалы, Рут пен енесі Нағиманы алайық. Олардың туған жері де, өскен ортасы да әртүрлі болған. Оның үстіне, Нағиманың жасы Руттан едәуір үлкен еді. Соған қарамастан олар арадан қыл өтпес достарға айналған, өйткені екеуі де Ехобаны жақсы көрген. Нағима Моаб жерінен кетіп, Исраилге оралмақ болғанда, “Рут енесінен ажырағысы” келмеді. Рут оған: “Сіздің халқыңыз менің халқым, сіздің Құдайыңыз менің Құдайым болады”,— деген (Рут 1:14, 16). Ол енесіне көп жақсылық жасады. Олар Исраилге келгенде, Рут досы болып кеткен енесіне қолғабыс ету үшін бел жазбай еңбек етті. Нағима да келінін қызындай жақсы көрген, одан ақыл-кеңесін аямаған. Рут оның айтқанын тыңдағанының арқасында екеуі де көл-көсір батаға кенелді (Рут 3:6).

9. Дәуіт пен Жонатанның достығы сіз үшін несімен тартымды?

9 Ехобаға адал болған қимас достардың тағы бірі — Дәуіт пен Жонатан. Жонатан Дәуіттен 30 жастай үлкен болған. Ол әкесінен кейін Исраил тағына отыратын мұрагер еді (Самуилдің 1-жазбасы 17:33; 31:2; Самуилдің 2-жазбасы 5:4). Алайда Ехоба патша етіп оны емес, Дәуітті таңдағанын білгенде, Жонатан қызғанып, таққа таласқан жоқ. Қайта, қолынан келгенше Дәуітке қолдау көрсетті. Мәселен, бірде Дәуіттің өміріне қауіп төнгенде, Жонатан оған “Ехобадан күш алуға көмектесті”. Ол тіпті Дәуіт үшін басын қатерге тікті (Самуилдің 1-жазбасы 23:16, 17). Дәуіт те досына қалтқысыз адалдық танытқан. Ол Жонатанның үй ішін қамқорлайтынын уәде етіп, досы қайтыс болғаннан кейін де сол уәдесінен таймады (Самуилдің 1-жазбасы 18:1; 20:15—17, 30—34; Самуилдің 2-жазбасы 9:1—7).

10. Үш еврей жігіттің достығынан не үйрене аласыз?

10 Бала кезінде Бабылға әкетілген Шадырақ, Мисақ, Әбдінего деген үш еврей жігіті де жақын достар болған. Үйлерінен жырақта жүргенде, олар бір-біріне Ехобаға адалдық сақтауға көмектескен. Есейген шағында үшеуі сенім сынағына кезікті: Навуходоносор патша оларға алтын мүсінге табынуды бұйырды. Бірақ олар патшаға: “Сіздің құдайларыңызға қызмет етпейміз, сіз орнатқан алтын мүсінге табынбаймыз!”— деп жауап қайырды. Сенімдері сынға алынған шақта бұл үш дос Ехобаға деген адалдықтарынан таймады (Даниял 1:1—17; 3:12, 16—28).

11. Пауыл мен Тімөте қалай жақын достасып кетті?

11 Елші Пауыл ер жетіп қалған Тімөтені көргенде, оның Ехобаны жақсы көретінін, қауымды жан-тәнімен қамқорлап жүргенін байқаған. Сондықтан оған басқа да жерлердегі бауырластарға көмектесуді үйретті (Елшілердің істері 16:1—8; 17:10—14). Пауыл Тімөтенің бұл істе жан сала еңбектеніп жүргенін айтып: “Ол ізгі хабарды таратуда... менімен бірге қызмет етіп келеді”,— деген. Пауыл Тімөтенің “шын көңілден” бауырластардың қамын ойлайтынына сенімді болған. Екеуі Ехобаға иықтасып қызмет етіп жүргенде, жақын достасып кетті (Філіпіліктерге 2:20—22; Қорынттықтарға 1-хат 4:17).

ДОСТАРДЫ ҚАЛАЙ ТАҢДАУ КЕРЕК?

12, 13. а) Неге тіпті қауым ішінен дос іздегенде мұқият болуымыз керек? ә) Елші Пауыл Қорынттықтарға 1-хат 15:33-тегі кеңесті не үшін берген?

12 Қауымда біз бауырластардан көп нәрсеге үйренеміз, бір-бірімізге Құдайға адалдық сақтауға көмектесеміз (Римдіктерге 1:11, 12 оқыңыз). Бірақ қауымның ішінен достар іздегенде де мұқият болуымыз керек. Қауым сан алуан бауырластардан құралған. Әрқайсысының өскен ортасы мен мәдениеті әртүрлі. Біреулері Ехобаға жылдар бойы қызмет етіп жатса, біреулер енді бастаған. Жеміс пісіп жетілу үшін уақыт қажет, сол сияқты адамның да Ехобамен қарым-қатынасы даму үшін уақыт керек. Сол себептен біз бір-бірімізге шыдамдылық пен сүйіспеншілік танытамыз, әрі достар таңдауға келгенде парасатты болуды ұмытпаймыз (Римдіктерге 14:1; 15:1; Еврейлерге 5:12—6:3).

13 Қауымда өте сақ болу керек жағдайлар туындап жатады. Мысалы, қандай да бір бауырлас Киелі кітапта айыпталатын іспен айналысып жүрген болуы мүмкін. Я болмаса үнемі күңкілдеп, қауымға кесірін тигізуі мүмкін. Бұған таңғалмауымыз керек, себебі бірінші ғасырда да қауымда осындай жағдайлар болып тұрған. Сол уақытта елші Пауыл мәсіхшілерді ескертіп: “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 15:12, 33). Ол Тімөтеге де достарды мұқият таңдау керектігін ескерткен. Бұл ескерту біз үшін де маңызды (Тімөтеге 2-хат 2:20—22 оқыңыз).

14. Таңдаған достарымыз Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?

14 Біз Ехобамен қарым-қатынасымызды көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Өйткені бұл — ең құнды қазынамыз. Сондықтан сенімімізді әлсіретіп, Құдаймен қарым-қатынасымызға нұқсан келтіретіндермен достасудан аулақ болуымыз керек. Мысалы, лас суға батырылған мақта таза су сіңіреді деп ойламаймыз ғой. Тап солай, біздің де жаман достармен жүріп, бойымызға жақсы нәрсені сіңіруіміз мүмкін емес. Олай болса, кіммен жақын дос болатынымызға ерекше мән беруіміз керек (Қорынттықтарға 1-хат 5:6; Салоникалықтарға 2-хат 3:6, 7, 14).

Ехобаны сүйетіндер сіз үшін нағыз дос бола алады

15. Қауымнан жақсы достарды қалай табуға болады?

15 Қауымда Ехобаны бар жүрегімен сүйетін адамдар көп. Олар сіз үшін нағыз дос бола алады (Зәбүр 133:1). Досты өзіңізге ұқсайтын не өзіңізбен жасты адамдардың арасынан ғана іздемеңіз. Есіңізде болса, Жонатан Дәуіттен едәуір үлкен болған, ал Рут Нағимадан анағұрлым жас болған. Біз Киелі кітаптағы: “Жүректеріңді айқара ашыңдар”,— деген кеңеске құлақ асқымыз келеді (Қорынттықтарға 2-хат 6:13; Петірдің 1-хаты 2:17 оқыңыз). Ехобаға неғұрлым көбірек еліктесек, басқалар бізбен дос болуға соғұрлым ұмтылатын болады.

ҚИЫНДЫҚТАР ТУҒАНДА

16, 17. Қауымда біреу көңілімізге тисе, не істемеуіміз керек?

16 Бір отбасының өзінде әрқайсысының өз мінезі, өз ой-пікірі бар, әркім әр нәрсені өзінше істейді. Қауымда да дәл солай. Рас, бір-бірімізге ұқсамағанымыз өмірге өзгеше өң береді, әрі бір-бірімізден көп нәрсені үйренуге септігін тигізеді. Алайда әртүрлі болғандығымыздың себебінен кейде арамызда түсініспеушіліктер туындап, бір-біріміздің қитығымызға тиіп жатамыз. Кейде өзгеге ренжіп, жанымыз жаралануы мүмкін (Нақыл сөздер 12:18). Осындай жағдайлардың кесірінен жігеріміз құм болып, қауымнан алшақтап кеткеніміз дұрыс болар ма еді? Әрине, жоқ.

17 Әлдекім көңілімізді қалдырса да, қауымнан алшақтап кетпеуіміз керек. Өйткені бізді ренжіткен — Ехоба емес. Ол бізге өмір берді, басқа да көптеген нәрселер берді. Сондықтан Ехоба сүйіспеншілік пен адалдық танытуымызға әбден лайық (Аян 4:11). Қауым — сенімімізді болаттай берік сақтауға көмектесетін Құдайдың сыйы (Еврейлерге 13:17). Ендеше, біреу бізді ренжітті екен деп осы сыйдан ешқашан бас тартпауымыз керек (Зәбүр 119:165 оқыңыз).

18. а) Бауырластармен жақсы қарым-қатынаста болу үшін не істеуіміз қажет? ә) Неге кешірімді болуымыз керек?

18 Біз бауырластарымызды жақсы көреміз, әрі олармен қарым-қатынасымыздың жақсы болғанын қалаймыз. Ехоба ешбір адамнан кемелді болуды талап етпейді, біздің де талап етпегеніміз жөн (Нақыл сөздер 17:9; Петірдің 1-хаты 4:8). Бәріміз де қателік жібереміз, бірақ сүйіспеншілік “бір-бірімізді кеңпейілмен кешіруге” талпындырады (Қолостықтарға 3:13). Бұл қасиет бізді түймедейді түйедей етуден сақтайды. Әрине, біреу көңілімізге тигенде, сол туралы ойламау қиын болатын шығар. Мұндайда ашуға бой алдырып, кек сақтап қалуымыз оңай. Бірақ бұдан еш нәрсе ұтпаймыз, тек көңіліміз налып, бақытсыз боламыз. Ал кешірімді болсақ, жантыныштығына кенелеміз, қауымның бірлігін сақтаймыз, бәрінен бұрын Ехобамен жақсы қарым-қатынаста боламыз (Матай 6:14, 15; Лұқа 17:3, 4; Римдіктерге 14:19).

БІРЕУ ҚАУЫМНАН ШЫҒАРЫЛҒАНДА

19. Қауымда әлдекіммен араласуды қай жағдайда доғаруымыз қажет?

19 Бірлік-берекесі жарасқан жанұяда бәрі бір-бірінің бақытын ойлайды. Осындай жанұяда біреу бүлік шығарды делік. Үй іші оған қанша көмектесуге тырысса да, ол еш түзелмейді. Ақыры ол үйден өзі кетіп қалуы мүмкін, я болмаса әкесі оған “кет” деп айтуы мүмкін. Қауымда да осындай жағдай болып тұрады. Біреу Ехоба жек көретін іспен айналысуын қоймай, қауымға зиянын тигізіп жүрген болуы мүмкін. Ол ешкімнің көмегін қабыл алмай, қауымның мүшесі болғысы келмейтінін іс-әрекетімен көрсететін шығар. Ақырында ол қауымнан өзі кетуі мүмкін, не болмаса қауымнан шығарылуы мүмкін. Мұндай жағдайда біз онымен, Киелі кітапта нақты айтылғандай, “араласуды доғаруымыз” керек (Қорынттықтарға 1-хат 5:11—13 оқыңыз; Жоханның 2-хаты 9—11). Сол адам туысымыз я досымыз болса, онымен араласпау өте қиын болады. Бірақ біздің Ехобаға деген адалдығымыз кез келген адамға деген адалдықтан әлдеқайда басым болу керек (8-түсіндірмені қараңыз).

20, 21. а) Қауымнан шығару шарасы неге сүйіспеншіліктің көрінісі? ә) Достарды мұқият таңдай білу неге маңызды?

20 Қауымнан шығару — Ехобаның сүйіспеншілігінің көрінісі. Бұл шара қауымды Құдайдың нормаларын аяқасты ететіндерден қорғайды (Қорынттықтарға 1-хат 5:7; Еврейлерге 12:15, 16). Сондай-ақ Ехобаға, оның киелі есімі мен жоғары талаптарына деген сүйіспеншілігімізді көрсетуге мүмкіндік береді (Петірдің 1-хаты 1:15, 16). Осы шара арқылы қауымнан шығарылған адамға да сүйіспеншілік танытылады. Мұндай қатаң жөнге салу сол адамды істеген ісінің дұрыс емес екенін түсініп, өзгеруге талпындыруы мүмкін. Қауымнан шығарылған көптеген адам уақыт өте Ехобаға қайта оралып, қауым оларды құшақ жая қабылдаған (Еврейлерге 12:11).

21 Достарымыз қай жағынан болмасын, бізге ықпал етеді. Сондықтан оларды мұқият таңдай білгеніміз маңызды. Ехобаны сүйетіндерді сүйсек, Құдайға мәңгі адал болуға көмектесетін достардың арасында жүреміз.