Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

10-ТАРАУ

Ақ неке — Құдайдың сыйы

Ақ неке — Құдайдың сыйы

“Үш қабат жіп оңайлықпен үзілмес” (УАҒЫЗДАУШЫ 4:12).

1, 2. а) Жаңадан шаңырақ көтергендер нені армандайды? ә) Осы тарауда қандай сұрақтарды талқылаймыз?

 ТОЙ КҮНІ бақыттан бал-бұл жайнап тұрған қалыңдық пен күйеужігітті елестетіп көріңізші. Ақ арманның алып кемесіне мінген бұл екі жас болашағынан көп жақсылық күтері анық. Шаңырақтары биік, керегелері кең болатынына сенімдері зор.

2 Бір өкініштісі — басы тәтті болып басталған көптеген некелердің арты қатты болып жатады. Некенің қуанышы мен қызығы ұзағынан болу үшін жұбайларға Құдайдың ақыл-кеңестері қажет. Олай болса, мына сұрақтарға Киелі кітаптың не дейтінін көрейік: Некенің кейбір артықшылықтары қандай? Өмірлік жарды қалай дұрыс таңдау керек? Жақсы күйеу мен жақсы әйел болу үшін не істеу керек? Некені ғұмырлы ететін не? (Нақыл сөздер 3:5, 6 оқыңыз).

НЕКЕ ҚҰРУ КЕРЕК ПЕ?

3. Адам бақытты болу үшін міндетті түрде неке құру керек пе? Түсіндіріңіз.

3 Көп адамның ойынша, неке — бақыттың бастауы. Сондықтан неке құрмаса, адам бақытсыз болып өтеді деп ойлайды. Алайда бұл — қате пікір. Иса салтбастылықтың сый екенін айтқан (Матай 19:11, 12). Елші Пауыл да бойдақ болудың артықшылықтары бар екенін жазған (Қорынттықтарға 1-хат 7:32—38). Неке құрасыз ба, жоқ па — оны өзіңіз ғана шешуіңіз керек. Сондықтан дәстүрді алға тартқан отбасыңыз бен достарыңыздың “күйеуге шық”, “үйлен де үйлен” деген қысымына бой алдырмаңыз.

4. Жақсы некенің кейбір артықшылықтары қандай?

4 Киелі кітапта неке де Құдайдың сыйы екені әрі оның өзіндік артықшылықтары бар екені айтылады. Ехоба Адам атаға: “Адамның жалғыз болғаны жақсы болмас. Мен оған өзін толықтыратын көмекші жаратып берейін”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 2:18). Ехоба Адам ата үшін Хауа деген әйелді жаратты. Сөйтіп, ең алғашқы отбасы дүниеге келді. Некедегі екі адам бір-біріне тірек болып, демеу береді. Ал ерлі-зайыптылардың балалары туылса, некелері баланың жақсы өсіп-жетілуіне жағдай жасайтын жайлы мекен болуы тиіс. Алайда балалы болу — некенің негізгі мақсаты емес (Зәбүр 127:3; Ефестіктерге 6:1—4).

5, 6. Неке қай кезде “үш қабат жіптей” болады?

5 Сүлеймен патша былай деген: “Жалғыз болғаннан екеу болған жақсы, өйткені бірігіп атқарған еңбектерінің игі жемісін көреді. Біреуі құласа, екіншісі демеп тұрғызады. Ал құлағанда тұрғызатын ешкімі жоқ адаммен не болмақ?.. Үш қабат жіп оңайлықпен үзілмес” (Уағыздаушы 4:9—12).

6 Жақсы неке — бір-біріне көмектесетін, бір-бірін жұбататын, қорғаныш болатын екі жақын достың одағы. Әрине, махаббат некені берік етеді, ал күйеу мен әйел Ехобаға ғибадат етсе, некенің тұғыры одан сайын беки түседі. Мұндай неке “үш қабат жіптей”, яғни үш өрім болып өрілген арқандай болмақ. Екі өрімнен гөрі, үш өрім болып өрілген арқан анағұрлым берік келеді. Сол сияқты некеде Ехоба бар болса, неке берік болады.

7, 8. Пауыл некеге қатысты қандай кеңестер берген?

7 Некеге тұрған соң, ерлі-зайыпты бір-бірінің жыныстық құмарлықтарын қанағаттандыра алады (Нақыл сөздер 5:18). Алайда адам тек осы табиғи құмарлықты қанағаттандыру үшін ғана некеге тұруды шешсе, ол өмірлік серігін жаңылысып таңдауы мүмкін. Сондықтан Киелі кітапта адам “албырт шақтан”, яғни жыныстық құмарлық ерекше өршіп тұрған кезеңнен өткен соң ғана некеге тұрған дұрыс деп айтылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:36). Бұл сезімнің басылғанын күткен жөн. Содан кейін ғана адам барлығын ақыл таразысына салып, дұрыс шешім қабылдай алады (Қорынттықтарға 1-хат 7:9; Жақып 1:15).

8 Неке құруды ойлап жүрсеңіз, оның қиындықсыз болмайтынын біле жүріңіз. Пауыл айтпақшы, некеге тұрғандар “өмірлерінде жаңа қиындықтарға кезігеді” (Қорынттықтарға 1-хат 7:28). Тіпті ең бақытты деген некенің өзі қиын кезеңдерді бастан кешіреді. Сондықтан неке құру ойыңызда жүрсе, өмірлік серігіңізді ақылмен таңдаңыз.

ҚАНДАЙ ЖАР ТАҢДАУ КЕРЕК?

9, 10. Ехобаға қызмет етпейтін адаммен неке құрғанның салдары қандай болады?

9 Киелі кітапта жар таңдауға қатысты келесідей маңызды принцип жазылған: “Сенбейтіндермен бір мойынтұрықты кимеңдер” (Қорынттықтарға 2-хат 6:14). Бұл — ауыл шаруашылығында таныс жағдай. Әдетте түр-тұрпаты жағынан, күші жағынан екі түрлі жануар бір мойынтұрықтың астына жегілмейді. Өйткені бұдан екі жануар да азап шегеді. Сол сияқты некеде біреуі Ехобаға қызмет етсе, ал біреуі етпесе, олар көп қиындыққа душар болады. Сондықтан да Киелі кітапта “тек Иеміздің ізбасарымен” неке құруға кеңес беріледі (Қорынттықтарға 1-хат 7:39).

10 Кейде кейбір мәсіхшілер жалғыз болғаннан гөрі Ехобаға қызмет етпейтін адаммен шаңырақ көтергенім жөн деп ойлауы мүмкін. Бірақ Киелі кітаптың кеңесін аттап кетер болсақ, бұл жиі жан азабы мен бақытсыздыққа ұшыратады. Ехобаның қызметшілері үшін өмірдегі ең маңызды нәрсе — Ехобаға қызмет ету. Сіз өмірдегі осы маңызды істің қызығын қасыңыздағы жарыңызбен бірге көре алмасаңыз, не сезінер едіңіз? Көптеген мәсіхшілер Ехобаны жақсы көрмейтін, оған қызмет етпейтін адаммен көңіл жарастырғаннан гөрі салтбасты болуды артық көрген (Зәбүр 32:8 оқыңыз).

11. Өмірлік жарды қалай таңдаған дұрыс?

11 Ехобаға қызмет ететін кез келген адам жақсы жар болады деп кесіп айтуға болмайды. Неке құруды ойлап жүрсеңіз, өзіңізге шынымен ұнайтын, тіл табысатын адамды таңдаңыз. Ой-мақсаттарыңыз бір жерден шығатын, Құдайға қызмет етуді басты орынға қоятын адамды кездестіргенше, талмай күтіңіз. Адал да ақылды құлдың әдебиеттер арқылы беріп жатқан некеге қатысты ақыл-кеңестерін оқып, ой жүгіртуге уақыт бөліңіз (Зәбүр 119:105 оқыңыз).

12. Болашақ жарды ата-ананың таңдап беруіне қатысты Киелі кітаптан не білеміз?

12 Кейбір мәдениетте балаларына өмірлік жарды ата-аналары таңдайды. Олардың ойынша, баласына кімнің лайықты жар болатынын ата-анадан артық ешкім білмейді. Құдайдың ежелгі қызметшілері де осы дәстүрді ұстанған. Сіздің де отбасыңыз осы дәстүрден аттамауды шешсе, ата-анаңызға дұрыс таңдау жасауға Киелі кітап көмектеседі. Ол жерден адамның қандай қасиеттеріне назар аудару керектігін көре алады. Мысал үшін, Ыбырайым өзінің ұлы Ысқаққа әйел таңдағанда, қыздың ақшасына, қоғамдағы беделіне назар аудармаған. Ол үшін ең бастысы — болашақ келіні Ехобаны сүйсе болғаны (Мұсаның 1-жазбасы 24:3, 67; 25-түсіндірмені қараңыз).

ЖАҚСЫ ЖАР БОЛУҒА ДАЙЫНДЫҚ

13—15. а) Жақсы күйеу болу үшін не істеу керек? ә) Жақсы әйел болу үшін ше?

13 Неке құру ойыңызда бар болса, сіз бұған шынымен дайынсыз ба? Бәлкім, дайынмын деп ойлайтын шығарсыз. Бірақ бұған көз жеткізу үшін дайын болудың не екенін аз-кем қарастырып көрейік. Сонда өзіңізге шын баға бере аласыз.

Құдай Сөзіндегі некеге қатысты кеңестерді оқып, ой жүгіртуге уақыт бөліңіз

14 Киелі кітапта отбасында күйеу мен әйелдің бір-біріне ұқсамайтын өзіндік міндеттері бар екені айтылады. Демек, неке құруға дайындық қыз бен жігіт үшін бірдей болмайды. Отау құрғысы келетін ер адамның “мен отбасы тізгінін ұстап, отағасы болуға дайынмын ба?” деп ойланғаны жөн. Ехоба әйелі мен балаларын қаржылай қамтамасыз етіп, эмоциялық жағдайын ойлауды күйеуге жүктеген. Ал бәрінен бұрын ол отбасының рухани істерге атсалысып жатқанына үнемі көз жеткізіп отыру керек. Киелі кітапта отбасының қамын ойламайтын адамның “Құдайға сенбейтін адамнан да жаман” екені айтылған (Тімөтеге 1-хат 5:8). Ендеше, ер адам үйленбес бұрын Киелі кітаптағы мына принцип жайлы ойлану керек: “Сырттағы шаруаңды бітір, Танабыңды да дайындап ал, Содан кейін шаңырақ көтер”. Басқаша айтқанда, ер адам үйленбес бұрын Ехобаның талабына сай келетін күйеу бола алатынына көз жеткізу керек (Нақыл сөздер 24:27).

15 Ал күйеуге шығуды ойлап жүрген қыз болса, “мен біреудің жары болуға, тіпті бала сүюге дайынмын ба?” деп ойланып көргені жөн. Күйеуі мен балаларының қамын ойлайтын әйелдің игі істері Киелі кітапта сипатталған (Нақыл сөздер 31:10—31). Бүгінде көп адам “жарым мен үшін не істеу керек?” деп қана ойланады. Ал Ехоба бізді, керісінше, “мен жарым үшін не істей аламын?” деп ойлануды үйретеді.

16, 17. Неке құрмас бұрын не жайлы ой жүгірткеніңіз жөн?

16 Неке құрмас бұрын Ехобаның күйеулер мен әйелдер жөнінде не айтқанына ой жүгіртіңіз. Отағасы болу деген әйеліне үстемдік жасап, дөрекі сөзімен не ісімен көңілін жаралауға болады дегенді білдірмейді. Жақсы отағасы Иса сияқты қанатының астындағы жандарды әрдайым жақсы көріп, мейірімін төгеді (Ефестіктерге 5:23). Ал әйелдің міндетіне күйеуінің шешімдерін қолдап, оны әрі қарай жүзеге асыруға үлес қосу кіреді (Римдіктерге 7:2). Сондықтан күйеуге шықпас бұрын әр қыз баланың “мен кемелсіз күйеуіме қуана бағына аламын ба?” деп ойланғаны жөн. Бағына алмайтынын сезсе, бәлкім, әзірше тұрмыс құрмауды дұрыс деп табар.

17 Некедегі адам өз бақытын емес, бірінші кезекте жарының бақытын ойлау керек (Філіпіліктерге 2:4 оқыңыз). Пауыл: “Әрқайсысың әйеліңді өзіңді сүйгендей сүй. Әйел болса күйеуіне зор құрмет көрсетсін”,— деген (Ефестіктерге 5:21—33). Күйеуі де, әйелі де бір-бірін жақсы көріп, құрметтеу керек. Бірақ неке бақытты болу үшін күйеуі әйелінің құрметін, ал әйелі күйеуінің махаббатын сезгені әсіресе маңызды.

18. Кездесіп жүрген жігіт пен қыздың неге абай болғаны жөн?

18 Жігіт пен қыздың бір-бірімен жақын танысуы — қуаныш сыйлайтын кезең. Бірақ бір жағынан бұл — шындыққа тура қарап, өмір бойы қол ұстасып өткіңіз келетін адам сол ма, жоқ па — соны анықтайтын кезең. Кездесіп жүргенде, қыз бен жігіт бір-бірімен пікір алысуды үйренеді, бір-бірінің шынайы болмыстарын түсінуге тырысады. Қарым-қатынастары тереңдей түскенде, олардың бір-біріне тартыла бастауы — заңды құбылыс. Сол шақта азғын әрекетке барып қоймас үшін оларға сезімдерін абайлап білдірген жөн. Мұндайда ұстамды болуға шынайы сүйіспеншілік көмектеседі, сондай-ақ бұл қасиет екеуінің қарым-қатынасына және Ехобамен достығына сызат түсіретін әрекеттерден сақтайды (Салоникалықтарға 1-хат 4:6).

Кездесіп жүргенде жігіт пен қыз бір-бірімен пікір алысуды үйренеді

НЕКЕ ҒҰМЫРЛЫ БОЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

19, 20. Мәсіхшілердің некеге деген көзқарастары қандай?

19 Көптеген кітаптар мен фильмдердің соңы жиі екі жастың үйлену тойымен аяқталып жатады. Бірақ шын өмірде той некенің бастамасы ғана. Ехоба некенің мәңгілік одақ болғанын ниет еткен (Мұсаның 1-жазбасы 2:24).

20 Өкінішке қарай, бүгінде көп адам некені өмірлік одақ деп қарастырмайды. Қазір үйлену де, ажырасу да оңай дүниеге айналды. Кейбіреулер қиындық туа қалса, “ажырасамға” басып, жарын тастап кетуге дайын тұрады. Бірақ Киелі кітаптағы мықтап өрілген үш қабат жіп жайлы мысалды ұмытпаңыз. Мұндай жіпке қандай ауыр салмақ түспесін, оның үзілуі екіталай. Ехобадан көмек сұрасақ, некеміздің ғұмыры ұзақ болады. Иса: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”— деген (Матай 19:6).

21. Ерлі-зайыптыларға бір-бірін сүюге не көмектеседі?

21 Әр адамның күшті жақтары да, осал жақтары да бар. Өзгелердің, әсіресе некелік жарыңның кемшіліктерін көріп, соған қадалып қалу оп-оңай. Бірақ бұлай етер болсақ, бақытты болуымыз екіталай. Ал өмірлік жарымыздың жақсы жақтарына назар аударсақ, бұл некеміздің бақытты болуына септеседі. Бірақ кемелсіз жарыңның бойынан жақсылықты көру мүмкін бе? Әрине! Ехоба біздің қаншалықты күнәкар екенімізді біледі. Бірақ сонда да ол біздің жақсы жақтарымызға назар аударады. Олай болмағанда, қайтер едік?! Зәбүр жыршысы: “Ехоба, егер сен күнәларымызды байқай берсең, Онда алдыңда кім тұра алады, уа, Ехоба?”— деген (Зәбүр 130:3). Ехобаға еліктейтін ерлі-зайыптылар бір-бірінің бойынан жақсы қасиеттерді көріп, бір-бірін кешіруге асық болады (Қолостықтарға 3:13 оқыңыз).

22, 23. Ыбырайым мен Сара ерлі-зайыптыларға қандай үлгі қалдырды?

22 Жылдар жылжыған сайын некенің де іргесі нығая береді. Ыбырайым мен Сара бақытты некенің қызығын ұзақ жыл көрген. Ехоба Ыбырайымға Ур қаласынан кетуді бұйырғанда, бұл Сараның алпысты алқымдаған шағы еді. Жайлы үйін тастап, шатырларды паналау ол үшін қаншалықты қиын болғанын ойлап көріңізші. Бірақ Сара күйеуінің жақын досы, адал серігі болды. Ол Ыбырайымды терең құрметтеді. Сондықтан оның шешімдерін қолдап, оларды жүзеге асыруға көмектескен (Мұсаның 1-жазбасы 18:12; Петірдің 1-хаты 3:6).

23 Әрине, жақсы неке деген ерлі-зайыптылардың ойлары үнемі бір жерден шығады дегенді білдірмейді. Мысалы, Ыбырайымның да Сараның айтқанымен келіспеген кезі болған. Бірақ Ехоба Ыбырайымға: “Оның сөзіне құлақ ас”,— деді. Ыбырайым солай істеп, оң нәтижеге жетті (Мұсаның 1-жазбасы 21:9—13). Жарыңызбен анда-санда келіспей қалсаңыз, көңіліңіз түспесін. Ең бастысы — тіпті келіспеген кезде де бір-біріңізді жақсы көріп, құрметтеуден айнымаңыз.

Киелі кітап бірінші күннен-ақ некеңіздің ажырамас бөлігі болсын

24. Неке Ехобаға қалай даңқ әкеледі?

24 Мәсіхшілердің қауымында бақытты некенің саясында жүрген ерлі-зайыптылар мыңдап саналады. Неке құруды ойлап жүрсеңіз, мынаны ұмытпаңыз: өмірлік серік таңдау — өмірдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Бұл шешіміңіз бүкіл өміріңізге әсер етеді. Сондықтан Ехобадан бағыт-бағдар сұраңыз. Сонда өмірлік жарыңызды жаңылмай таңдап, некеге дұрыс дайындалып, Ехобаға даңқ әкелетін мықты да сүйіспеншілікке тұнған қарым-қатынас орнатасыз.