Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ

1991—2001 “Азап отынан өту” (Ишая 48:10). (2-бөлім)

1991—2001 “Азап отынан өту” (Ишая 48:10). (2-бөлім)

Бетелге жасалған шабуыл!

1998 жылдың ақпан айында үкімет сарбаздары мен Батыс Африка елдерінің экономикалық қоғамдастығын бақылау тобының (ЭКОБАТ) қарулы күштері бүлікшілерді Фритауннан толықтай қуып шығу үшін оларға шабуыл жасады. Өкінішке қарай, сұрапыл соғыста жарылған бомбаның ұшқыны бір ер бауырласқа тиіп, ол қаза тапты.

Шамамен 150 жариялаушы Кисси мен Кокерилдегі миссионерлер үйін паналады. Бетелдің түнгі күзетшілерінің бірі Лади Санди былай дейді: “Филип Турей екеуміз түнгі күзетке түскен күні БРМ лаңкестер тобының екі сарбазы Бетелге келіп, әйнектелген кіреберістің есігін ашуды бұйырды. Сонда Филип екеуміз қауіпсіз жерге тығылып қалдық. Олар бірнеше рет есіктің құлпына оқ атты. Бірақ бір таңғаларлығы есік ашылмады, ал әйнекке ату олардың ойларына да келмеді. Сөйтіп, көңілі түскен бүлікшілер кетіп қалды.

Екі күннен кейін сол бүлікшілер жақсылап қаруланған 20 шақты сарбазбен қайтадан келді. Біз бірден дабыл қағып, Бетел отбасын ескерттік те, жертөледе алдын ала дайындалған қорғаныш орнына жасырындық. Жетеуміз қараңғы жердегі екі үлкен бөшкенің артына тығылып, қорыққаннан дірілдеп отырдық. Бүлікшілер жүрген жерлерінің бәрінде ғимаратқа оқ атты. Ал есіктерге бірнеше рет оқ атқандықтан, құлыптар балқып кетті. Бүлікшілердің бірі: “Әлгі Ехоба куәгерлерін тауып, оларды бауыздаңдар”,— деп айғайлады. Олар жеті сағат бойы ғимараттың астан-кестенін шығарып, тінтіп шыққанша, біз бүгілген күйі бір орында тапжылмай отырдық. Көп мүлікті қиратып, қалаған нәрселерін алғанына мәз болған олар ақырында кетіп қалды.

Біз керек-жарақтарымызды алып, сол көшедегі бұрын Бетел болған Кокерил миссионерлер үйіне бардық. Алайда жолда бізді басқа бір бүлікшілер тобы тонап кетті. Біз миссионерлер үйіне үрейлі күйде жеттік, бірақ аман қалғанымызға қатты қуандық. Бірнеше күн сонда болған соң, біз Бетелге оралып, бүлікшілер шашып кеткен нәрселердің бәрін жинастырдық”.

Екі айдан кейін ЭКОБАТ қарулы күштері қаланы бақылауға алғандықтан, миссионерлер Гвинеядан орала бастады. Алайда олардың сол жерде ұзақ уақыт қалмайтынын кім білген.

Бірде-бір тірі жан қалдырмау жоспары

Сегіз айдан кейін, 1998 жылдың желтоқсан айында, Фритаунның Ұлттық стадионында өткен “Құдайдың еркіне сай өмір жолы” деп аталатын облыстық конгреске жүздеген делегат қатысты. Бір кезде олар жарылыстың даусын естіп, таулы қыраттың арғы жағынан қалың түтін шығып жатқанын көрді. Бұл қайтып келген бүлікші әскерлер еді!

Көп ұзамай Фритаундағы жағдай ушыға бастады. Филиал комитеті кішкентай ұшақ жалдап, 12 миссионерді, шетелден келген 8 бетелдікті және құрылысқа қатысқан 5 ерікті қызметкерді Конакриге эвакуациялады. Үш күннен кейін, 1999 жылдың 6 қаңтарында бүлікшілер “Бірде-бір тірі жан қалдырмау жоспары” бойынша адамдарды аяусыз өлтіре бастады. Олар асқан қатыгездікпен Фритаунның астан-кестенін шығарып, оның 6000 азаматына зорлық-зомбылық көрсетті. Бүлікшілер адамдардың қол-аяқтарын шауып, балаларды ұрлап, мыңдаған үйлер мен ғимараттарды қиратып тастады.

Өкінішке қарай, Эдуард Тоби есімді сүйікті бауырласымыз жауыздықпен өлтірілді. Жарақат алған 200-ден аса жариялаушы Бетел мен Кокерил миссионерлер үйін паналады. Басқалары болса өз үйлерінде жасырынды. Ал қаланың шығыс шетінде орналасқан Кисси миссионерлер үйіндегі Куәгерлерге шұғыл түрде медициналық көмек қажет еді. Бірақ ол кезде қала ішімен жүру өте қауіпті болатын. Мұндай тәуекелге баруға кім келісер еді? Бетелдің ержүрек түнгі күзетшілері Лади Санди мен Филип Турей бұған бірден келісті.

Филип былай дейді: “Қаланың іші ойран болып жатты. Бүлікші сарбаздар бақылау-өткізу пунктерінің көбісін өз қолдарына алып, сонда келген адамдарға жәбір көрсетіп жатты. Қалада түстен бастап таңға дейін коменданттық сағат болғандықтан, жол жүру мүмкін емес еді. Жолға шыққанымызға екі күн болғанда, біз Кисси миссионерлер үйіне жеттік. Бірақ бүлікшілер оны тонап, өртеп жіберген екен.

Біз жақын маңды аралап жүріп, Эндрю Колкер деген бір бауырласты тауып алдық. Ол басынан қатты жарақат алыпты. Бүлікшілер оны байлап, басынан бірнеше рет балтамен ұрыпты. Бір таңғаларлығы ол аман қалып, қашып құтылыпты. Біз оны тез арада ауруханаға жеткіздік және ол ақырындап тәуір бола бастады. Кейін Эндрю бауырлас арнайы ізашар болып қызмет етті”.

Солдан оңға қарай: Лади Санди, Эндрю Колкер және Филип Турей

Куәгерлер мәсіхшілік бейтараптық сақтайтын адамдар ретінде танымал болғандарының арқасында кейбір бауырластар өлім мен зорлық-зомбылықтан аман қалды. Бір бауырлас былай дейді: “Бүлікшілер өздеріне қолдау көрсеткенімізді қалап, бізге басымызға ақ бау байлап, көшеге шығып билеуді бұйырды. Олар бізге: “Егер олай етуден бас тартсаңдар, аяқ-қолдарыңды шауып тастаймыз не өлтіреміз”,— деді. Қатты қорқып кеткен әйелім екеуміз шетке шығып, Ехобадан көмектесуін сұрап, дұға айтып алдық. Сонда бүлікшілердің жақтасы болған көрші бала біздің күйімізді көріп, бүлікшілер басшысына былай деді: “Ол — біздің бауырымыз. Ол саясатқа мүлдем араласпайды, сондықтан оның орнына біз билеп берейік”. Мұны мақұл көрген басшы бұрылып, кетіп қалды, ал біз үйге кіріп кеттік”.

Қаланың іші үрей тудырарлық тым-тырыс еді. Бауырластар сақтықпен қауым кездесулерін өткізіп, уағыздап жүрді. Бақылау-өткізу пунктерінде бауырластар бір-бірін таба алу үшін конгресс плакеткаларын тағып жүрді. Олар сол жерлерде кезекте тұрып, Киелі кітапқа негіздеп әңгіме бастауда біраз тәжірибе жинады.

Қалада барлық нәрсе тапшы болғандықтан, Британиядағы филиал 200 қорап гуманитарлық көмек жіберді. Билли Коуан мен Алан Джонс жіберілген көмекті бақылау-өткізу пунктерінен аман-есен алып өту үшін Конакриден Фритаунға ұшып барды. Жіберілген көмек Бетелге кешкі коменданттық сағат басталғанға дейін жетіп үлгерді. Джеймс Корома Конакриге курьер ретінде барып, қайтарда өзімен бірге әдебиеттер мен басқа да қажетті нәрселер әкеліп жүрді. Сол рухани астың кейбірі қауымнан қол үзіп қалған Бо мен Кенемадағы бауырластарға да жеткізілді.

Фритаунға гуманитарлық көмек жеткізілді

1999 жылдың 9 тамызында Конакридегі миссионерлер Фритаунға орала бастады. Келесі жылы Британияның экспедициялық қарулы күші бүлікшілерді Фритауннан қуып шығарды. Соғыс кейбір жерлерде біраз уақыт жалғасып жатты, бірақ 2002 жылдың қаңтар айында ол толығымен тоқтатылды. 11 жылға созылған қақтығыстың нәтижесінде 50 000 адам қаза тапты, 20 000 адам зорлық-зомбылықтың құрбаны болды, 300 000 үй қиратылды және 1,2 миллион адам көшіп кетті.

Ал Ехобаның ұйымымен не болды? Ехоба өзінің ұйымын қорғап, батасын беріп жатты. Қақтығыс болып жатқан уақыттары 700-дей адам шомылдыру рәсімінен өтті. Жүздеген Куәгер соғыс болып жатқан жерден көшіп кетсе де, Сьерра-Леонедегі жариялаушылардың саны 50 пайызға, ал Гвинеядағы жариялаушылардың саны 300-ден аса пайызға өсті. Ең маңыздысы, Құдайдың қызметшілері мінсіздіктерін сақтап қалды. Олар “азап отында” мызғымас бірлік пен сүйіспеншілікті сақтап, “ізгі хабарды жариялауды және тәлім беруді доғармады” (Ишая 48:10; Ел. іс. 5:42).