Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ

1915—1947 Алғашқы бастама (2-бөлім)

1915—1947 Алғашқы бастама (2-бөлім)

“Гладиаторларға” қарсы тұру

Фритаундағы дінбасылар шіркеуге келушілердің Браун бауырластың баяндамаларын тыңдауға әуес екендерін көргенде, бойларын қызғаныш пен ашу кернеді. Осыған қатысты 1923 жылғы “Күзет мұнарасының” 15 желтоқсандағы санында былай делінген: “Дінбасылар баспасөз арқылы шындыққа шабуылдай бастады. Браун бауырлас оларға жауап берумен болды және газет беттерінде екі жақтың да пікірі басылып тұрды”. Бірақ ақырында дінбасылар тынышталып қалды. Олардың келтірген дәлелдерінің жалған екені әшкереленді. Киелі кітап шындығы елге кең таралғандықтан, көптеген газет оқырмандары Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерге тапсырыс бере бастады. Иә, дінбасылары Құдай халқының үнін өшіруге әрекеттенген еді, бірақ Ехоба “олардың зұлымдығын өз бастарына келтірді” (Заб. 94:21—23 ЖД).

Дінбасыларды қолдамақ болған “гладиаторлар” деп аталатын шіркеу жастарының тобы өздері “расселизм” деп атап алған Патшалық хабарын тоқтату үшін, көпшілікке арналған бірнеше кездесу болатынын хабарлады. Сонда Браун бауырлас мәселені шешу үшін оларды бірнеше пікірталас өткізуге шақырды. Бірақ “гладиаторлар” бұдан бас тартты және Браун бауырластың шақыруын басып шығарғаны үшін газет редакторына наразы болды. Сондай-ақ олар Браун бауырласқа өздерінің кездесулеріне келуге тыйым салды, сол себепті оның орнына Альфред Джозеф барды.

Бұл кездесулер Фритаундағы беделді методистік шіркеуі — Бэкстон мемориалдық капелласында өтті. Сол кездесулер жайлы Альфред былай деп есіне алды: “Сұрақ-жауап ретінде өткен сол жиында мен англикан шіркеуінің нанымдары, үштік сенім мен басқа да Киелі кітапқа негізделмеген ілімдердің дұрыс еместігін дәлелдеу үшін, сұрақтар қойдым. Ақыр соңында төреші сұрақтарыма жауап беруден бас тартты”.

Сол күні кездесуде болған “гладиаторлардың” бірі Мельбурн Гарбер бұрынырақта “Киелі кітапшы” Браунның баяндамаларын тыңдаған еді. “Браун мырза өзінің Киелі кітабын жақсы біледі!” деп жар салған жас жігіт осы кісі болатын. Естігендерінің барлығын салмақтап-саралағаннан кейін Гарбердің шындықты тапқанына көзі жетті. Содан ол Браун бауырластан өзімен Киелі кітап зерттеу сабағын өтуін сұрады. Браун бауырлас оны өзінің үйінде өтетін апта сайынғы “Күзет мұнарасын” зерттеу кездесуіне шақырды. Отбасы Гарберден бас тартса да, ол рухани тез өсіп, көп ұзамай басқа да қызығушылық білдірген адамдармен бірге шомылдыру рәсімінен өтті.

Шайтанның осы елдегі уағыз ісін бастапқы кезден-ақ тоқтатуға тырысып-баққаны еш нәтиже әкелмеді. Осыған қатысты Фритаунның әкімі “гладиаторларға”: “Бұл... іс адамдардікі болса, құрып кетеді, ал Құдайдікі болса, мұны құрта алмайсыңдар”,— деді (Ел. іс. 5:38, 39).

Браундардың діні

1923 жылдың мамыр айында Браун бауырлас Лондондағы филиалға көбірек әдебиеттер жіберуін сұрап хат жазды. Көп ұзамай 5000 кітап, ал кейіннен басқа да әдебиеттер келіп жетті. Сондай-ақ Браун бауырлас көпшілікке арналған кездесулерді өткізуін жалғастыра берді және сол кездесулер мыңдаған адамды қызықтырды.

Сол жылдың аяғында “Күзет мұнарасында” былай деп жазылды: “[Сьерра-Леонедегі] уағыз ісі тез қарқынмен жүріп жатқаны сонша — Браун бауырлас өзіне көмекші болатын біреуді сұрады. Сол себепті Вест-Индиядан келген Клод Браун бауырлас Виннипег қаласынан уағыз ісіне қолғабыс ету үшін жолға шықты”.

Клод Браун ізгі хабардың тәжірибелі уағыздаушысы еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Канададағы және Англиядағы түрмеде мәсіхшілік бейтараптығы үшін көп жәбір көрген. Ол Сьерра-Леонеде төрт жыл бойы қызмет етіп, жергілікті бауырластарға көп қолдау көрсетті.

Полин Коул есімді әйел бауырлас Клод Браунды есіне алып, былай деді: “1925 жылы шомылдыру рәсімінен өтер алдында Клод бауырлас маған ойландыратын сұрақтар қойды.

Ол: “Полин бауырлас, сен “Жазбаларды зерттеу” кітабынан оқығандарыңды түсінесің бе?— деп сұрады да,— Біз сенің Киелі кітап ілімдерін түсінбегендіктен шындықтан тайып кеткеніңді қаламаймыз”,— деді.

Сонда мен: “Клод бауырлас, мен оны жақсылап оқыдым әрі бірнеше рет оқыдым. Мен нақты шешім қабылдадым!”— деп жауап бердім”.

Полин Коул

Полин Ехобаға 60-тан аса жыл бойы қызмет етті және сол жылдардың көбісін арнайы ізашарлық қызметке арнады. Ол жердегі өмірін 1988 жылы аяқтады.

“Киелі кітапшы” Уильям Браун көп бауырластарға жақсы рухани әдеттерді қалыптастыруға көмектесетін. Ол жайлы Альфред Джозеф былай деді: “Браун бауырласты таңертең кездестіргенде әңгімеміз шамамен былай басталатын: “Сәлем Джоу. Қал-жағдайың қалай? Бүгінгі Киелі кітап тармағын білесің бе?” Жауап бере алмағанымда, ол маған “Күнделікті манна” (қазір “Киелі жазбаларды күнделікті зерттеу” деп аталады) кітабын күн сайын оқудың маңыздылығын айтатын. Ол тармақты тағы да сұрап қалған жағдайда жауап беруге дайын болу үшін, келесі күні мен бірден тармақты қарастыратынмын. Бірінші кездері мен оның үйреткендерін бағалай бермейтінмін, бірақ кейіннен олардың маңыздылығын түсіндім”.

Осы тәлімдердің барлығы жақсы нәтиже әкелді. 1923 жылы Фритаунда қауым құрылды және 14 адам шомылдыру рәсімінен өтті. Қауымға жаңадан қосылған бауырластардың бірі Джордж Браун еді. Осылайша қауымда үш “Браун” отбасы болды. Олар құлшыныспен қызмет еткендіктен, Фритаун тұрғындарының көбісі “Киелі кітап зерттеушілерін” (Ехоба куәгерлері бұрын осылай аталатын) “Браундардың діні” деп атап кетті.