СЬЕРРА-ЛЕОНЕ ЖӘНЕ ГВИНЕЯ
1945—1990 “Көптеген адамды әділдік жолына бастап алып келу” (Дан. 12:3). (2-бөлім)
Құдайдың неке сыйын құрметтеу
Тағайындалған қызметіне кіріскен Уильям Нуши кейбір жариялаушылардың Ехобаның некеге қатысты нормаларын ұстанбай жүргендерін байқады. Ерлі-зайыптылардың кейбірі некелерін заңдастырмай, азаматтық некеде тұрып жатқан еді. Ал басқалары некелерінің сәтті болатынына сенімді болу үшін, жергілікті дәстүр бойынша әйелдері жүкті болғанға дейін некелерін заңдастырмай жүрді.
Сондықтан 1953 жылдың мамыр айында жергілікті филиал әр қауымға Киелі кітаптың некеге қатысты нормалары анық етіп түсіндірілген хат жолдады (Жар. 2:24; Рим. 13:1; Евр. 13:4). Ерлі-зайыптыларға некелерін заңдастыру үшін жеткілікті уақыт берілді, ал нұсқауға құлақ аспағандар қауымнан шығарылмақ еді (Қор. 1-х. 5:11, 13).
Бүкіл ел бойынша жариялаушылардың көбісі мұндай өзгерісті қуанышпен қабылдады. Алайда кейбіреулер “мұның еш қажеті жоқ” деп мойынсұнбады. Сөйтіп, екі қауымдағы жариялаушылардың жартысынан көбі Ехобаның ұйымымен араласуды доғарды. Ал адалдық сақтап қалғандар рухани істерге белсене атсалысып жүрді. Бұл Ехобаның оларға батасын төгіп жатқанының дәлелі болды.
Бауырластардың көп күш салғандарының арқасында Фритаундағы Патшалық сарайында неке қию
рәсімін өткізу мүмкін болды. 1954 жылдың 3 қыркүйегінде бауырластар алғаш рет заңды түрде тіркелген неке қию рәсімін өткізді. Кейін мемлекеттік органдардың тарапынан тәжірибелі ер бауырластарға елдің жеті ауданында неке қию рәсімін өткізу құзыры берілді. Бұл қызығушылық танытқан адамдарға некелерін заңдастырып, жариялаушы болу үшін талаптарға сай келуге мүмкіндік берді.Көп әйел алған қызығушылар да Құдайдың талаптарына сай келу үшін өмірлерін өзгертті. Бонте қаласында тұратын Самуил Купер былай дейді: “Мен 1957 жылы екі әйеліммен бірге қауым кездесулеріне бара бастадым. Көп ұзамай теократиялық қызмет мектебіне жазылдым. Бір күні маған мәсіхшілер некеге қалай қарау керектігі туралы баяндама дайындау тапсырылды. Баяндаманы дайындау үшін зерттеу жүргізгенімде, екінші әйелімді жіберуім керектігін түсіндім. Туыстарым бұл жайлы естігенде, қатты наразы болды. Өйткені екінші әйелімнен қызым бар еді, ал бірінші әйелім бедеу болатын. Бірақ мен Киелі кітап принциптерін берік ұстануды шештім. Екінші әйелім өз үйіне оралғаннан кейін, бірінші әйелімнің дүниеге сәби әкелгені мен үшін таңғаларлық жайт болды. Кезінде бедеу болған сол әйелімнен қазір бес балам бар”.
Гвинеяның шегарасында тұратын Оноре Каманоудың үш әйелі болған. Ол екі әйелін төркіндеріне қайтарғанда, оның бірінші әйелі бұған риза болып, шындыққа зор құрметпен қарай бастады. Ал оның кейінгі әйелдерінің бірі үйіне қайтарылғаны үшін көңілі түссе де, Оноренің Киелі кітап принциптерін берік ұстанатынына таңғалды. Сөйтіп ол да Киелі кітапты зерттеуді шешіп, кейін өмірін Ехобаға бағыштады.
Ехоба куәгерлері некені құрметтейтін адамдар ретінде танымал
Бүгінде Сьерра-Леоне мен Гвинеядағы Ехоба куәгерлері некені құрметтейтін адамдар ретінде танымал. Олар неке адалдығын сақтауларымен Құдайдың ілімін көркейтіп, некенің негізін қалаған Ехобаға мадақ әкелуде (Мат. 19:4—6; Тит. 2:10).
Фритаунда болған жікке бөлінушілік
1956 жылы Фритаунға Чарльз бен Рива Чаппел деген Ғалақад мектебінің тағы екі түлегі келді. Олар
миссионерлер үйіне бара жатып, Уилберфорс мемориалдық залында Киелі кітапқа негізделген баяндама болатыны жайлы үлкен жарнаманы көргенде аң-таң болды. “Жарнамада баяндама айтатын “Ехоба куәгерлері шіркеуінің” өкілі С.Н.Д. Джонс”,— деп жазылып тұрды дейді Чарльз.Өзін майланған мәсіхші деп санаған Джонс бірнеше жыл бұрын наразылық білдіріп, Фритаундағы қауымнан бөлініп кеткен бір топ адамға жетекшілік еткен. Оның тобы өздерін “шынайы” Ехоба куәгерлері деп, ал ұйымның өкілдеріне адалдық танытқандар мен миссионерлерді “алаяқтар” және “Ғалақад бүлікшілері” деп атаған.
Джонс пен оның жақтастары қауымнан шығарылғанда жағдай ушыға түсті. Чарльз былай дейді: “Жікке бөлінгендерді мақұлдайтын кейбір бауырластар үшін бұл хабарландыру төбелеріне жай түскендей болды. Олардың қауымнан шығарылғандарына наразы екендерін кейбіреулері ашық түрде көрсетті. Олармен бірге басқалар да қауымнан шығарылғандармен араласып, кездесулер мен уағыз ісінің жүргізілуіне кедергі жасауға тырысты. Наразы болғандар қауымда “жікке бөлінгендердің қатары” деп аталып кеткен орындарда бірге отыратын болды. Олардың көбісі ақырында шындықтан кетіп қалды. Алайда кейбіреулері рухани күйлерін қалпына келтіріп, құлшынысты жариялаушылар болды”.
Көпшіліктің адал болып қалғанының арқасында Құдай рухы қауымды әрі қарай да жетелей берді. Келесі жылы Фритаунға аймақтық бақылаушы ретінде келген Гарри Арнот былай деді: “Бұл — Сьерра-Леонедегі бірнеше жылдың ішінде болған алғашқы зор өсім. Бұл бізге болашақта керемет өсімнің болатынына сенімділік береді”.
Кисси тайпасына берілген тәлім
Арнот бауырлас келіп кеткеннен кейін көп ұзамай Чарльз Чаппел Либериядағы бір бауырластан
хат алды. Кисси тайпасынан шыққан бұл бауырлас Сьерра-Леонедегі бауырларының шындықты естігенін қалайтынын жазыпты. Кисси тайпасы Сьерра-Леоне, Либерия және Гвинеяны байланыстырып тұрған орманды қырлар мен алқаптарда өмір сүретін. Бұл хат кисси тілінде сөйлейтін адамдардың көбісі шындықты қабылдауы мүмкін екенін көрсетті.Кисси тайпасынан шыққан адамдардың көбісі оқи да, жаза да алмағандықтан, Киелі кітап шындықтарын үйрету үшін сауат ашу сыныптары ұйымдастырылды. Бұл сыныптар жүздеген адамды қызықтырды. Чарльз былай деп есіне алады: “Көп ұзамай топта жаңа 5 жариялаушы, кейін 10, сосын 15, 20 жариялаушы болды. Адамдардың шындыққа тез келіп жатқаны сонша — мен олардың шынымен жариялаушы болғысы келетініне күмәндана бастадым. Бірақ мен қателесіппін. Олардың көбісі адал ғана емес, өте құлшынысты болып шықты”.
Көп ұзамай құлшынысты жаңа жариялаушылар ізгі хабарды Коинду қаласынан ары қарай және көршілес жатқан Гвинеяға дейін таратты. Олар үстіртті жерлермен бірнеше сағат бойы жаяу жүріп, фермалар мен ауылдарда уағыздады. Сол кезде аудандық бақылаушы болған Елизер Онудви былай дейді: “Біз апталап, кейде айлап көлік моторының даусын естімейтінбіз”.
Кисси тайпасынан шыққан бауырластар шындық тұқымын егіп әрі суарып жатқандықтан, Ехоба өсім берді (Қор. 1-х. 3:7). Көзі көрмейтін бір жас жігіт шындықты естігенде, “Патшалық жайлы осы ізгі хабар” деп аталатын 32-беттік кітапшаны жаттап алыпты. Кейін ол өзі уағыздағанда немесе Киелі кітап зерттеу сабақтарын жүргізгенде, кез келген абзацты жатқа айтып, тыңдап тұрған адамдарды таңғалдырған екен. Ал құлағы естімейтін бір әйел шындықты қабылдап, өмірінде үлкен өзгерістер жасады. Бұл оның келініне әсер еткені сонша — ол 10 шақырымнан аса жол жүріп, қауым кездесулеріне бара бастады.
Кисси тайпасындағы адамдардың көбісі шындыққа құлақ асып жатты. Ал қауымдар бірінен соң бірі құрылды. 30-ға жуық құлшынысты жариялаушы жалпы ізашар болып қызмет ете бастады. Коинду қаласының басшысы шындыққа қызығушылық білдірді және Патшалық сарайын соғу үшін жер телімін берді. Ал Кайлахунда өткен аудандық конгреске 500-ден аса адам келіп, ол жерде де бір қауым құрылды. Кисси тайпасы Сьерра-Леонедегі халықтың екі-ақ пайызын құраса да, елдегі Куәгерлердің тең жартысы сол тайпадан еді.
Алайда бұл өсім барлығына бірдей ұнай бермеді, әсіресе дінбасыларына. Бойларын қызғаныш билеп, биліктеріне қауіп төніп тұр деп ойлаған олар Куәгерлерді жоймақ болды. Бірақ олар мұны қашан және қалай істемек еді?