Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ

“Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” атты жаңа кездесу

“Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” атты жаңа кездесу

2015 жылы 3 қазанда өткен Күзет мұнарасы, Киелі кітап және трактаттар қоғамының (Пенсильвания) жылдық жиынында Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Моррис теократиялық қызмет мектебі, қызмет кездесуі мен қауымның Киелі кітап зерттеу кездесуінің орнына Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз деп аталатын жаңа кездесу өтетінін хабарлады. Сондай-ақ Моррис бауырлас “Біздің қасиетті қызметіміз” басылымының орнына ай сайын “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптері жарық көретінін айтты. Сегіз беттік түрлі түсті бұл басылымда апта кестесі және Киелі кітапты оқуға мән-мағына қосатын суреттер бар.

Бұл жаңа кездесу үш негізгі бөлімнен тұрады:

  1. Құдай Сөзінде жатқан қазына. Бұл бөлімнің бірінші бөлігінде сол аптада оқылатын тарауларға және жұмыс дәптеріндегі суреттерге негізделген он минуттық баяндама айтылады. “Асыл тастарды іздеп табайық” деп аталатын екінші бөлігінде сол тараулар бойынша сегіз минуттық талқылау өтеді. Артынан төрт минуттық Киелі кітапты оқу бөлігі болады.

  2. Қызметіміздің сапасын арттырайық. Әдетте бұл бөлімде үш оқушы алғаш рет барғанда, қайта барғанда, Киелі кітапты зерттеу сабағында қалай тәлім беру керектігін көрсетеді.

  3. Мәсіхшілік өміріміз. Бұл бөлімде Киелі кітап принциптерін күнделікті өмірде қалай қолдануға болатынына назар аударылады. Сұрақ-жауап ретінде өтетін қауымда Киелі кітапты зерттеу — бұл бөлімнің маңызды бөлігі.

Дүниенің төрт бұрышындағы жариялаушылар жаңа кездесудің тиімділігін айтып, ризашылықтарын білдірді. Австралияда тұратын бір ер бауырлас былай деп жазды: “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуі — сондай тамаша! Онда қарастырылатын мәліметтер көбінесе біздің қазіргі өмірімізге қатысты. Ұсыныс үлгілері де қарапайым. Кездесу көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді, өйткені бөлімдер қысқа, нақты әрі өте қызықты, әсіресе бейнероликтер көрсетілетіні және балалардың қатысатыны жүректі баурап алады”.

Италиядағы ақсақалдар кеңесі былай деп жазды: “Біздің байқағанымыз, жаңа кездесу бәрімізді тыңғылықты дайындалуға ынталандырады. Соның нәтижесінде тәлім беру сапасы артуда. Апта ішінде өтетін бұл жаңа кездесу — Ехобаның халқына тәлім беру үшін жетілдірілген керемет әдіс. 15 жасар бір жариялаушы былай деген еді: “Бұған дейін жиналыс бойы мұқият тыңдау маған қиынға соғатын. Ал қазір жаңа кездесудің арқасында мен бағдарламаны мұқият тыңдайтын болдым, әрі үйден жақсылап дайындалып келуге тырысамын”.

Австрияда тұратын бір отбасы былай деп хат жазды: “Бұрын он жасар қызымызбен апта сайын Киелі кітапты оқу бөліміне дайындалу нағыз сынақ болатын. Қазір “Құдай Сөзінде жатқан қазына” деген бөлімнің арқасында түсініктеме беру әлдеқайда жеңілдей түсті. Үшеуміз де апта сайын оқылатын тарауларға қуана-қуана дайындалатын болдық. Ең бастысы, қызымыз рухани өсіп жатыр”.

Германияда тұратын Инэс былай деп ой бөлісті: “Мен қазір жақсылап дайындаламын, сондай-ақ мәлімет жайлы тереңірек ой жүгіртуге тырысамын. Бұған дейін осыншама көп ізденіс жүргізіп көрмеппін. Соңғы кезде Ехобамен қарым-қатынасымның жақсарғанын байқаймын. Шайтанның дүниесі мені қатты шаршатып, қажытады. Ал кездесулер бойыма күш-қуат дарытып, еш берілмеуге көмектеседі”.

Соломон аралдарындағы қауымдарға апта ішінде өтетін кездесу қатты ұнайды. Бұл кездесудің толық пайдасын көру үшін олар көп күш салады. Шалғай аймақтардағы көптеген қауымда электр жарығы мен интернет жоқ. Ол жердегі бауырластар жер өңдеумен ғана күн көреді. Сонда олар бейнеқұрылғыларды және кездесуде көрсетілетін бейнероликтерді қайдан алады? Мысалы, Малаита аралындағы бір қауымның жариялаушылары бірге жұмыс істеп, кептірілген кокосты сатумен айналысқан. Одан түскен ақшаны олар қауымға садақа ретінде берген. Соның арқасында бауырластар күн сәулесінен қуат алатын қарапайым құрылғы сатып алды. Ал бейнероликтерді жүктеу үшін ер бауырластар интернеті бар ең жақын аймаққа барады. Кейін сол бейнероликтерді қауымдағы басқа бауырластармен де бөліседі.

Құрама Штаттардағы бір ер бауырлас былай деп жазып жіберді: “Негізінен мен көзбен көрген нәрсені жақсырақ қабылдаймын. 40 жылдан аса уақыт бойы мен қиналып келдім. Бір нәрсенің мәнін ұғып, басқа біреуге түсіндіріп беру үшін мәліметті бірнеше рет оқуға тура келеді. Сол үшін де Басқарушы кеңеске барлық көрнекі құралдары үшін зор ризашылығымды білдіремін. Киелі жазбалардың кітаптарына шолу жасайтын бейнероликтер сондай керемет! Жұмыс дәптеріндегі суреттер де тура маған керек нәрсе! Өзінің халқы үшін осылай көп күш салып жатқандарыңызға Ехоба батасын беріп жатқаны анық көрінеді. Сіздерге мың да бір рақмет”.

Малави