ХОКАН ДАВИДССОН | ӨМІРБАЯН
Ізгі хабардың таралуына қосып жатқан үлесіміз
Мен Швецияда туып-өстім. Жасөспірім шағымда атеистік көзқараспен жүрдім. Сол себептен әкем, анам және қарындасым Киелі кітапты зерттей бастағанда, оларға қосылмадым. Өйткені бұл маған қызық емес еді.
Әкем мені зерттеу сабағына жиі шақыратын, ақыры, бір күні келістім. Киелі кітаптың ғылыми жағынан қаншалықты дәл екенін білгенде, аузым ашылып қалды. Келе-келе, Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне, Ехоба куәгерлері оны дұрыс түсіндіретініне және өздері оның жоғары нормаларына сай өмір сүретіндеріне көзім жетті. Содан мен 1970 жылы әкеммен бір күнде шомылдыру рәсімінен өттім. Ал анам мен екі қарындасым су рәсімінен бірнеше жылдан соң өтті.
Құрбы-құрдастарымның көбінің бар ойы қызық қууда болды. Несін жасырайын, ондай қамсыз өмір 17 жастағы маған да өте тартымды көрінді. Бірақ менімен толық уақытты қызмет ететін Куәгерлер зерттейтін, олардың үнемі жүздері жайнап, қуанып жүретін. Сондықтан мен де ізашар болғым келді. 21 жасымда осы мақсатыма қол жеткіздім.
Ізашарлық қызмет мені зор шаттыққа бөледі. Менде тек “неге оны ертерек бастамадым” деген ғана өкініш болды. Маған Гётеборг портында уағыздау сондай ұнады. Мен жан-жақтан келген жүк кемелерінің шет тілде сөйлейтін мүшелеріне уағыздаушы едім.
Соңғы 50 жылдай бойы ізгі хабардың түрлі тілде таралуына үлес қосуға ерекше мүмкіндігім болды. Осы жайында айтып берейін.
MEPS-пен жұмыс жасау
Ізашар болып қызмет ете алу үшін мен баспаханада жарты уақытты жұмыс жасадым. Ол уақытта баспа ісі жаңа дәуірге аяқ басып жатқан еді. Қорғасын қалыптардың орнына фототерім келді. Мен фототерім машинасының көмегімен офсеттік баспа машинасына пластиналар дайындауды үйрендім.
1980 жылы Хеленге үйлендім. Ол ізашар еді және мен сияқты әртүрлі елден келген адамдармен танысып, жаңа мәдениет туралы білгенді жақсы көретін. Екеуміздің арманымыз Ғалақат мектебінде оқып, миссионер болу-тын.
Бірақ менің баспа ісінен хабарым болғандықтан, Хелен екеумізді Швециядағы Бетелге шақырды. Ұйым жаңа технологияны меңгеріп, баспа тәсілдерін жақсартқысы келді. Сондықтан бізді 1983 жылы Уолкиллдегі (Нью-Йорк) Бетелге жіберді. Біздің мақсатымыз — сол кезде бауырластар дамытып жатқан Көптілді фототерім жүйесін (MEPS) a үйреніп қайту еді.
MEPS дегеніміз — әліпбиі не жазуы әртүрлі тілдегі мәтінді теріп, оны суреттермен қосып, баспаға дайындайтын компьютерлік жүйе екен. Бізге әдебиеттеріміз көбірек тілде жарық көру үшін MEPS-ке арналған жаңа қаріптерді жасау тапсырылды. Бүгінде, арада ондаған жылдар өте, Ехоба куәгерлері басылымдарды мыңнан астам тілде шығаруда!
Кейінірек Хелен екеумізді MEPS-ке көбірек тіл қосу мақсатымен Азияға жіберді. Біз ізгі хабардың әлі де көп тілде таралуына қатты көмектескіміз келді.
Жат мәдениет
1986 жылы Үндістанның жеріне табан тіредік. Бұл жақта біз мүлдем жат мәдениетке тап болдық! Бомбейде (қазір Мумбай) өзімізге бейтаныс ортаны көріп, тосырқадық. Швед халқы мен үнді халқының мәдениеті жер мен көктей екен! Алғашқы аптада біз үйге қайтайық па деп шындап ойланып қалдық.
Бірақ бір аптадан соң екеуміздің де ойымыз бір жерден шығып былай дестік: “Біз миссионер болуды қатты армандаушы едік қой. Міне, енді шетелде қызмет етіп жатырмыз. Сонда осының бәрін тастап, қайтып кетпекпіз бе?! Жоқ, бізге жаңа жағдайға үйрену қажет”.
Сөйтіп, ешқайда қашпастан, осы елдің бізге бөтен мәдениеті мен адамдарының өмірі жайында көбірек білейік деп ұйғардық. Көп ұзамай-ақ Үндістанды жақсы көріп кеттік. Біз сол жердің екі тілін — гуджарати мен панджабиді — үйренуді қолға алдық.
Мьянмада
1988 жылы бізді Мьянмаға жіберді. Бұл ел Қытай, Үндістан мен Таиландтың қойнауында орналасқан. Онда саяси жағдай шиеленісіп, елдің басым бөлігіне соғыс жағдайы енгізілген еді. Мьянманың жазуы латын қарпінен мүлдем басқаша болатын. Ол әлі MEPS-ке де, басқа бағдарламалық жасақтамаға да келмейтін. Сондықтан біз бірінші кезекте олардың жазуының таңбаларын салып, сосын Уолкиллге қайтып, MEPS-ке жүктеуіміз керек еді.
Әуежайға барарда таңбалардың суретін Хеленнің қол сөмкесіне салып алдық. Елде саяси тұрақсыздық болғандықтан Мьянма тіліндегі әдебиетті бізден тауып алса, бізді тұтқындауы әбден мүмкін еді. Хеленді тексерген кезде, ол қолын сөмкесімен бірге көтеріп тұрды. Ал оған назар аударған ешкім болмады!
Жаңа қаріптермен қатар Мьянмадағы аудармашылар ноутбуктер мен принтерлер алды. Оларға MEPS-пен қалай жұмыс істеу керектігін де үйретті. Аудармашылардың дені компьютер дегенді өмірлерінде бірінші рет көрсе де, жаңа нәрсеге үйренуге ынтық болды. Көп ұзамай-ақ коммерциялық баспаханалардағы қорғасын қалыптар салынатын ескі машиналарға жүгінудің қажеті болмай қалды. Нәтижесінде, әдебиеттеріміздің сапасы едәуір жақсарды.
Непалда
1991 жылы Хелен екеумізді Непалға жіберді. Бұл ел Гималай тауларының оңтүстік баурайына жайғасқан. Сол уақытта елде тек бір ғана қауым болатын, ал непал тілінде әдебиеттеріміз жоқтың қасы еді.
Арада көп уақыт өтпей, көбірек әдебиеттер аударылып, қызметте таратыла бастады. Күні бүгінде Непалда 3000-дай жариялаушы, 40-тан аса қауым бар. 2022 жылы Еске алу кешіне 7500-ден астам адам қатысты!
Лаху тіліндегі кітапша
1990 жылдардың ортасында Чиангмайда (Таиланд) қызмет ететін миссионерлер қыратты жерде тұратын және лаху тілінде сөйлейтін тайпаның адамдарына уағыздай бастайды. Бұл тілде Вьетнам, Лаос, Мьянма мен Таиландтың шегараларының айналасында тұратын адамдар сөйлейді. Бірақ лаху тілінде бірде-бір басылымымыз болмаған.
Киелі кітапты миссионерлермен зерттеп жүрген бір жас жігіт “Мен бәрін де жаңадан жаратып жатырмын!” кітапшасын тай тілінен лаху тіліне аударған екен. Сосын ауылдастарымен бірге ақша жинап, кітапша мен ақшаны филиалға жіберіпті. Хатта олар өздері осы кітапшадан білген шындықты лаху тілінде сөйлейтін басқалардың бәрі білгенін қалайтынын айтады.
Бірнеше жылдан соң Хелен екеумізден лаху тілінің аудармашыларына MEPS-ті қолдануды үйретуді сұрады. Аудармашылардың біреуі жақында шомылдыру рәсімінен өтіп, Чиангмайдағы аударма кеңсесінде қызмет етіп жатыр екен. “Мен бәрін де жаңадан жаратып жатырмын” кітапшасын аударған сол екенін білгенде, біз қатты қайран қалдық!
1995 жылы тағы да Үндістанға бардық. Ол жерде филиалдағы аудармашыларға MEPS-пен жұмыс істеуді үйреттік. Қазіргі таңда ол елде жергілікті тілдердің көбісінде әдебиеттеріміз бар. Бұл әдебиеттеріміз адамдарға шындықты біліп, шомылдыру рәсімінен өтуге көмектесу үшін қолданылуда.
Мәнді де мағыналы өмір жолы
1999 жылдан бері Хелен екеуміз Британия Бетелінде қызмет етіп жатырмыз. Біз Бас басқармадағы MEPS бағдарламалау бөлімінде істейміз. Лондонда көп жыл бойы гуджарати мен панджаби тілінде уағыздау біз үшін зор қуаныш болды! Егер jw.org сайтында қандай да бір жаңа тіл пайда болса, біз сол тілде сөйлейтін адамдарға уағыздаудың мүмкіндігін іздейміз.
Жас кезімде өмірімді қызық қууға арнамай, қайта, рухани мақсаттар қойғаныма сондай ризамын! Артқа көз тастап, шешімдеріміз жайлы ойланғанда, Хелен екеуміз Құдайға толық уақытты қызмет етуді таңдағанымызға еш өкінбейміз. Бізге 30-дан астам елде болу және ізгі хабардың “әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа” жетіп жатқанын өз көзімізбен көру бақыты бұйырыпты (Аян 14:6).
a Қазір “Көптілді электронды баспа жүйесі” деп аталады. MEPS сандық басылымдарды шығару үшін де қолданылады.