САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?
Ізгі хабарды “барлық халықтар есту үшін” қолданылатын әдебиет арбалары
1 СӘУІР, 2023 ЖЫЛ
Адамдардың назарына түсетін әдебиет арбаларымыз он жылдан астам уақыт бойы қызметіміздің бір бөлігі болып келеді. Сондықтан дүниенің түкпір-түкпіріндегі адамдар бұл арбаларды жақсы біледі. Олардың сырт көрінісі тартымды, қолданылуы да оңай. Польшада тұратын Асената есімді бауырласымыз былай дейді: “Арбалар қарапайым болғанмен, көзге әдемі көрінеді. Оларды орнату, жылжыту қиын емес”.
Әдебиет арбаларының қалай жасалғанын білгіңіз келер ме еді?
Ұтымды дизайн
2001 жылы Франциядағы бауырластарымыз Басқарушы кеңестің мақұлдауымен көпшілік орындарда уағыздаудың түрлі тәсілдерін, соның ішінде әдебиет арбаларын қолданып көре бастады. Алғашында олар чемодандар мен азық-түлік арбаларын әдебиеттерімізді қоюға болатындай етіп өзгертіп, соларды пайдаланып жүрді. Кейіннен Франция филиалы арбалардың бір дизайнын таңдады, сол арбаларды жариялаушылар жылдар бойы қолданды.
Франциядағы бауырластар көпшілік орындарда уағыздаудың сынама тәсілі жақсы жеміс әкелгенін көріп қуанды. Сондықтан 2011 жылы Басқарушы кеңес Құрама Штаттардағы Нью-Йорк қаласында әдебиет арбалары мен үстелдерін қолданып көруге рұқсат берді. Осы сынама қызмет түріне атсалысқан ізашарлар арбаларды қолданудың артықшылықтары көп екенін, мысалы, оларды алып жүру ыңғайлы екенін байқады. Сондай-ақ ізашарлар арбалардың дизайнын қалай жақсартуға болатынына қатысты да өз ойларын айтты. Бұған дейінгі қолдан жасалған ағаш арбалары ауыр болған, оларды көтеріп, баспалдақтан түсіру қиындық туғызған. Сондықтан арбалар жеңілірек етіп жасалды, бірақ жел ұшырып әкететіндей жеңіл болмады. Сондай-ақ дөңгелектері кедір-бұдыр жерлерден өте алатындай үлкенірек әрі мықтырақ етіп жасалды. Және көбірек әдебиет алып жүру үшін кішігірім орын жасалынды.
Сынама тәсіл жақсы нәтиже әкелді! Содан 2012 жылы Басқарушы кеңес дүниежүзіндегі бауырластарға әдебиет арбаларын қолдануға рұқсат берді. Сондықтан бауырластар жеңіл, сөйте тұра төзімді материалдардан арбаларды көптеп жасап шығаратын өндірушімен келісім жасасты.
Кейінгі жылдары да арбалардың дизайны жақсартылып отырды. Мысалы, 2015 жылы арбаға жаңбырдан қорғайтын клеенкадан чехол жасалды. Грузияда тұратын Дина есімді бауырласымыз осы өзгеріске дән риза. Ол былай дейді: “Арбаның, былайша айтқанда, жауыннан қорғайтын сырт киімі бар, енді әдебиеттер су болып қалмайды”. Ал 2017 жылы кейбір тілдерде магнитті постерлер қолданыла бастады. Польшадағы Томас бауырлас былай деп бөлісті: “Осыған дейін постерлерді желімдеп жабыстыру, кейін ауыстыру қиынға соғатын. Ал магнитті постерлер қызметімізді кәдімгідей жеңілдетті”. 2019 жылы арбалар әлдеқайда сапалы болу үшін өндірісі мен материалдарына қатысты басқа да өзгерістер жасалды.
Әдебиет арбаларының өндірісі
Әдебиет арбалары бір өндірушінің көмегімен жасалып, кейін жер-жердегі қауымдарға жіберіледі. Қазіргі таңда бір арбаның құны, тасымалы мен басқа шығынын есептемегенде, 43 АҚШ долларына тең. Осы уақытқа дейін арбалардың жасалуына 16 миллион доллар жұмсалып, 420 000-нан астам арба жержүзіндегі қауымдарға жөнелтілген.
Ерікті садақаларды барынша дұрыс жұмсау үшін әдебиет арбаларына көп мөлшерде тапсырыс беріледі. Оның үстіне арбаларды жөндей алу үшін қауымдар оның бөлшектеріне де тапсырыс бере алады, сонда жаңа арба алудың қажеті болмайды.
Әдебиет арбалардың көмегімен куәлік беру
Шартараптағы бауырластарға әдебиет арбаларымен уағыздаған қатты ұнайды. Ганада тұратын Мартина бауырлас былай дейді: “Көп жағдайда адамдарға біз барып уағыздаймыз. Ал әдебиет арбасының бір ұнайтыны — адамдар бізге өздері келеді. Тіпті жай өтіп бара жатқан адамдар да куәлік ала алады”.
Африканың басқа елінде бір ер кісі арбаға жақындап, әдебиет алған екен. Арада бір апта өткен соң, ол қайта келіп, былай деді: “Мен барлық әдебиеттерді оқып шықтым. Барлық жазылғандардың жаны бар. Бұның бәрін ауылда тұратын туыстарыма айтып беремін”. Оның ауылы шамамен 500 шақырымдай жерде орналасқан. Ал екі айдан кейін ол қайтадан келіп былай деді: “Ауылымдағылар да барлық әдебиетті оқып шықты, оларға да білгендері ұнады. Олар Ехоба куәгері болғысы келеді, бірақ сұрақтары көп. Мысалы, шомылдыру рәсімінен өту үшін олар суға батырулары керектігін түсінді. Алайда біздің ауылда ешқандай өзен жоқ. Шомылдыру рәсімінен өту үшін осында келуіміз керек пе?” Бауырластар бұл кісіні оның тілінде сөйлейтін ізашармен таныстырды. Содан бері олар жүйелі түрде әңгімелесіп тұрады.
Әдебиет арбаларымыздың ізгі хабар “бүкіл жер бетінде уағыздалу” үшін қолданылып жатқаны қандай тамаша! (Мат. 24:14). Әдебиет арбаларының шығыны қалай өтелініп жатыр? Дүниежүзілік іске жасалған садақаның арқасында. Олардың көбісі donate.dan124.com сайты арқылы жасалынады. Сіздей жомарт жандарға алғысымыз шексіз!