Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Ең маңызды кітапты шығару

Ең маңызды кітапты шығару

1 ҚАҢТАР, 2021

 “Мен бұны 19 жыл бойы күттім ғой!” Бір бауырлас “Мәсіхшілердің грек жазбалары. Жаңа дүние аудармасын” өз ана тілі — бенгал тілінде алғанда, осы сөздерді айтты. Киелі кітаптың Жаңа дүние аудармасы өз ана тілдерінде шыққанда, көп адам осындай сезімде болады. Бірақ Киелі кітапты аударып, басып шығару үшін қандай істер атқарылатыны жайлы ойланып көргенсіз бе?

 Алдымен, Басқарушы кеңестің Жазушылар комитетінің басшылығымен аударма тобы құрылады. Ал Киелі кітапты аударуға қанша уақыт кетеді? Уорвиктегі (Нью-Йорк) аударма топтарына қызмет көрсету бөлімінде қызмет ететін Николас Аладис бауырлас былай дейді: “Аудармаға қанша уақыт кететіні көп жайттарға байланысты. Мысалы, Киелі кітапты аударатын аудармашылардың санына, тілдің күрделілігіне, оқырмандардың Киелі кітаппен қаншалықты таныс екеніне және тілдің қанша диалектісі бар екеніне байланысты. Орта есеппен алғанда, Мәсіхшілердің грек жазбаларын аударуға бір жылдан үш жылға дейін уақыт кетсе, толық Киелі кітапты аударуға төрт не одан көп жыл кетеді. Ал ым тілдеріне аударуға одан да көп уақыт керек”.

 Киелі кітаптың аударылуына тек аудармашылар ғана емес, басқалар да үлес қосады. Мысалы, аударылған мәтінге баға беретін оқырмандар. Оқырман ретінде әртүрлі жастағы, әртүрлі ортадан шыққан, кейде тіпті әртүрлі елдегі бауырластар таңдалады. Олар қызметтері үшін ешқандай ақы алмайды. Оқырмандардың аудармаға қатысты айтқан ойлары Киелі кітаптың тура, анық әрі түсінікті етіп аударылуына көмектеседі. Осы орайда Киелі кітап аудармашыларын үйрететін Оңтүстік Африкадағы бір оқытушы былай дейді: “Аудармашылар Ехобаның және оның Сөзін оқитын адамдардың алдында таудай жауапкершілік сезінеді”.

 Киелі кітаптың аудармасы біткеннен кейін оны басып шығарып, түптеу керек. Бұл үшін кем дегенде 10 нәрсе қажет: қағаз; сия; мұқабаға арналған материал; желім; түптеу мұқабасы мен бума арасына салынатын қағаз (отстав); парақтардың шетін бояйтын күміс түсті бояу; бетбелгі; бума мен түптеу мұқабасы арасындағы ашық жерді жауып тұратын таспа бау (каптал); түптеу мұқабасы (корешок); мұқабаның ішіне жабыстырылатын мата. Тек осы заттардың өзіне 2019 жылы 20 миллионнан астам АҚШ доллары жұмсалды. Баспаханада еңбек ететін бауырластар сол жылы Киелі кітапты басып шығарып, жөнелтуге 300 000-нан астам сағат жұмсады.

“Киелі кітап — біз басып шығаратын әдебиеттердің ең маңыздысы”

 Біз Киелі кітапты басып шығаруға не үшін соншалықты көп қаражат пен уақыт жұмсаймыз? Бұл сұраққа халықаралық баспа бөлімінде қызмет ететін Джоэл Блю бауырлас былай деп жауап береді: “Киелі кітап — біз басып шығаратын әдебиеттердің ең маңыздысы. Сондықтан оның сырт көрінісі ғибадат ететін Құдайымыз бен айтатын хабарымызға даңқ әкелгенін қалаймыз”.

 Бұған қоса, біз айрықша қажеттіліктері бар адамдарға арналған “Жаңа дүние аудармасын” да басып шығарамыз. Мысалы, Брайль қарпіндегі “Жаңа дүние аудармасы” он тілде қолжетімді. Брайль қарпіндегі толық бір Киелі кітапты жасауға сегіз сағаттай уақыт кетеді. Ал оның барлық томдарын сөреге қойғанда 2,5 метрдей орын алады. Сондай-ақ біз түрмедегі тұтқындарға арнап та Киелі кітап шығарамыз, өйткені түрмеде тек қағаз мұқабалы кітаптар ғана рұқсат етіледі.

 “Жаңа дүние аудармасы” оқырмандарының өмірін көркейтіп жатыр. Мысалы, Конго Демократиялық Республикасының Томбе деген жеріндегі бір қауымды алайық. Томбе елдің астанасынан 1700 шақырымдай жерде орналасқан. Мұндағы бауырластар килуба тілінде сөйлейді. Оларда бір ғана Киелі кітап болған, оның өзі көне килуба тілінде. Сол Киелі кітапты бауырластар кезектесіп алып, қауымдағы тапсырмаларына дайындалатын болған. Ал 2018 жылдың тамыз айында “Жаңа дүние аудармасы” заманауи килуба тілінде жарық көрді. Қазір қауымдағы әрбір бауырластың өз Киелі кітабы бар.

 Неміс тілінде сөйлейтін бір әйел бауырлас қайта қарастырылған “Жаңа дүние аудармасы” жайлы былай дейді: “Мен бұрын Киелі кітапты өзімді күштеп оқитынмын, ал қазір оқуға асығып тұрамын”. Ал бір тұтқын болса былай деп жазды: “Қолыма “Жаңа дүние аудармасы” түскелі бері өмірім өзгеруде. Бұған дейін Құдай Сөзін дәл осылай түсініп оқыған емеспін. Мен Ехоба куәгерлері жайлы көбірек білгім келеді, өзім де Куәгер болсам деймін”.

 “Жаңа дүние аудармасының” оқырмандары осы кітап жарық көру үшін жасалған садақаларға дән риза. Дүниежүзілік іске арналған бұл садақалар donate.dan124.com. сайты арқылы жасалады. Жомарттықтарыңыз үшін алғыс білдіреміз.