Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

САДАҚАЛАРЫҢЫЗ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Қашықтағы аударма кеңселерінің миллиондаған адам үшін пайдасы

Қашықтағы аударма кеңселерінің миллиондаған адам үшін пайдасы

1 НАУРЫЗ, 2021

 Аударма топтарының 60 пайызынан көбі филиалдарда емес, қашықтағы аударма кеңселерінде қызмет етеді. Бұл несімен пайдалы? Сол кеңселердегі аудармашылардың қызметтері нәтижелі болу үшін оларға қандай жабдықтар қажет? Аударма топтарының орналасқан жері аударманың сапасына қалай әсер етеді?

 Қашықтағы аударма кеңселеріндегі аудармашылар өздері аударатын тілде сөйлейтін адамдардың арасында тұрады. Төменгі неміс тілі аудармашысы Карен былай дейді: “Аударма тобымыз Куаутемок қаласына (Чиуауа, Мексика) көшкелі бері, біз әрдайым төменгі неміс тілінде сөйлейтін болдық: өзара араласқанда, қызметке шыққанда, дүкенге барғанда да. Өйткені айналамыздағы адамдардың барлығы біз аударатын тілде сөйлейді. Мұнда біз көптен бері естімей кеткен тұрақты тіркестерді естиміз. Осының арқасында сөздік қорымызды көбейтіп отырамыз”.

 Ганада тұратын фрафра тілінің аудармашысы Джеймс филиалдағы Бетел отбасын қатты сағынады екен. Бірақ ол былай деді: “Қашықтағы аударма кеңсесінде жұмыс істеген маған қатты ұнайды. Жергілікті тілде уағыздағанда адамдардың ізгі хабарға қалай құлақ асып жатқанын көріп, қуанышым қойныма сыймайды”.

 Қашықтағы аударма кеңсесі орналасатын жерді таңдағанда, бауырластар нені ескереді? Уорвиктегі дүниежүзілік жобалау және құрылыс бөлімінде қызмет ететін Джозеф былай дейді: “Электр қуаты, су, интернет барлық жерлерде бола бермейді. Ал интернетсіз біз аудармаға қажетті мәліметтерді ала алмаймыз. Сол себепті аударма кеңсесі орналасатын жерді таңдамас бұрын, біз бірнеше вариантты қарастырып аламыз. Кейін ең жақсысына тоқталамыз”.

 Жалпы айтқанда, ең тез және ең арзан вариант — Конгресс сарайын, Патшалық сарайын немесе миссионерлер үйін қашықтағы аударма кеңсесі ретінде пайдалану. Өйткені аудармашылар бұл жерлерге өздері келіп-кетіп қызмет ете алады. Егер де бұндай ғимараттар болмаса, бауырластар аудармашылар тұрып, жұмыс істей алатын пәтер мен кеңсе сатып алуды шешуі мүмкін. Жағдай өзгеріп жатса, оларды сатып, қаражатты қажет жерге қолдануға болады.

Қажетті жабдықтармен жабдықтау

 2020 қызмет жылында қашықтағы аударма кеңселеріне 13 миллион АҚШ доллары жұмсалды. Өйткені аударма топтарына компьютерлер, арнайы бағдарламалар, дыбыс жазатын құралдар, интернет және негізгі коммуналдық қызмет түрлері қажет. Бір адамға компьютерлік құрылғыларды алу үшін және оны орнату үшін шамамен 750 АҚШ доллары кетуі мүмкін. Аудармашылардың компьютерлеріне коммерциялық бағдарламалар да, “Күзет мұнарасының аударма жүйесі” де орнатылады. Бұл бағдарламалардың арқасында аудармашылар жұмыстарын жоспарлай алады және қажетті мәліметке тез қол жеткізе алады.

 Сондай-ақ аудармашыларға кеңседе отырып, дыбыс жазу үшін дыбыс жазатын құрылғылар да берілді. Бұл құрылғылар COVID-19 пандемиясы кезінде таптырмас көмек болды. Өйткені аудармашылар осы құрылғыларды үйлеріне алып кетіп, баспа және видеоматериалдарды аударуды жалғастыра берді.

 Жергілікті ерікті қызметшілер аударылған мәліметтерді қарап шығуға және аударма кеңселерін күтіп ұстауға көмектеседі. Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласындағы аударма кеңсесінде қызмет ететін Кристин деген бауырлас былай дейді: “Мұнда көптеген жариялаушылар мен ізашарлар өздерінің қабілет-дарындарын іске қосып, аударма жұмысына көп көмектесе алады”.

 Ерікті қызметшілер аударма жұмысының бір шетін көтерісіп жүргендеріне өте қуанышты. Бір қыз бауырлас аударма кеңсесіне көмектескенде сергіп қалатынын айтты. Ал кейбір бауырластар дауыс жазу жағынан көмектеседі. Мексиканың Веракрус қаласындағы аударма кеңсесінде қызмет ететін тотонак тілінің аудармашысы Хуана былай дейді: “Айналамызда ана тілімізде сөйлейтін бауырластар көп тұратындықтан, аудио-видео басылымдарға бауырластардың даусын жазу бұрынғыға қарағанда оңайырақ”.

 Қашықтағы аударма кеңселері аударманың сапасын жақсартуға көмектесті ме? Миллиондаған оқырмандар аударманың сапасы жақсарғанын айтып жатыр. Конго Демократиялық Республикасындағы конго тілінің аудармашысы Садрик былай дейді: “Кей бауырластар қалжыңдап біздің аударманы “Күзет мұнарасының конго тілі” деп айтатын, өйткені ол адамдар күнделікті өмірде сөйлейтін тілден ерекшеленетін. Ал қазір бауырластар әдебиеттеріміз заманауи конго тіліне аударылатын айтады”.

 Ал Оңтүстік Африкадағы коса тілінің аудармашысы Андиля былай дейді: “Көбісі аудармамыздың сапасы жақсы жаққа өзгергенін айтып жатыр. Тіпті “Күзет мұнарасын” бұрын ағылшын тілінде оқыған кішкентай балалар қазір оны коса тілінде оқиды. Әсіресе оларға қайта өңделген “Жаңа дүние аудармасы” ұнайды, өйткені ол қарапайым әрі түсінікті”.

 Қашықтағы аударма кеңселерін соғуға, жабдықтауға, күтіп ұстауға жұмсалатын қаражат дүниежүзілік іске арналған садақадан алынады. Бұндай садақалар donate.dan124.com сайты арқылы да жасалынады.