Киелі кітап толерантты болуға тәрбиелейді
“Адамдар арасындағы бейбітшіліктің кілті — толерантты болу” (ЮНЕСКО-ның төзімділік қағидаттарының декларациясы, 1995 жыл).
Ал интолеранттылық, яғни төзімсіздік, адамдар арасында құрметсіздік пен жеккөрушілік тудырады. Мұндай жағымсыз сезімдер, өз кезегінде, адамдарды жиі өшпенділік тілін қолдануға, өзгелерді бөліп-жаруға және қатыгездікке итермелейді.
Бірақ адамдар “толерантты болу” дегенді әртүрлі түсінеді. Кейбіреулер толерантты адам өзгелердің кез келген жүріс-тұрысын, әдетін, өмірлік ұстанымын құптау керек деп ойлайды. Ал өзгелері болса, Киелі кітаптың көзқарасын ұстанады. Олардың ойынша, толерантты адам өзі құптамаса да, әр адамда таңдау құқығы бар екенін мойындап, басқалардың құндылықтары мен сенімдеріне құрметпен қарайды.
Бүгінгі күнде Киелі кітап адамдарға толерантты болуға көмектесе ала ма?
Киелі кітаптың толеранттылыққа қатысты айтары
Киелі кітап адамдарды толерантты болуға шақырады. Ол жерде былай делінген: “Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын” (Філіпіліктерге 4:5). Демек, Киелі кітап бізді өзгелердің сезімін ескеруге, адамдарды сыйлап, олармен шыншыл болуға талпындырады. Осы кеңесті ұстанатын адамдар өзгелердің құндылықтары мен өмір салтын қолдамаса да, олардың жеке шешімдеріне құрметпен қарайды.
Десе де, Киелі кітаптан білетініміздей, Құдай адамдардың жүріс-тұрысына қатысты нормалар орнатқан. Онда: “Уа, адам, ол саған ненің жақсы екенін айтты ғой”,— делінген (Миха 6:8). Киелі кітапта жазылған Құдайдың өсиеттері адамға мағыналы өмір сүріп, шынайы бақытқа қол жеткізуге көмектеседі (Ишая 48:17, 18).
Құдай бізге өзгелерді соттауға құқық бермеген. Киелі жазбаларда: “Бір ғана Заң шығарушы әрі Соттаушы бар. Ал өзгені соттайтындай сен кімсің?!”— делінген (Жақып 4:12). Құдай бәрімізге таңдау еркіндігін берген. Бірақ қабылдаған шешімдерімізге өзіміз жауапты боламыз (Мұсаның 5-жазбасы 30:19).
Киелі кітапта құрмет көрсету жайлы не делінген?
Киелі жазбалар: “Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер”,— деп үйретеді (Петірдің 1-хаты 2:17). Сондықтан Киелі кітаптың нормаларымен өмір сүретіндер барлық адамдарды құрметтейді, мейлі олар неге сенсе де, қалай өмір сүрсе де (Лұқа 6:31). Бірақ бұл олардың кез келген ой-пікірмен келісуді, олардың қабылдаған барлық шешімдерін қолдауды білдірмейді. Қайта, адамдарға Иса пайғамбар сияқты қарап, оларға дөрекілік пен құрметсіздік танытпайды.
Мысалы, Иса бірде бір әйелмен сөйлеседі. Ол сол әйелдің сенетін діни ілімдерімен келіспейтін. Оның өмір салтын да құптамайтын, өйткені ол әйел бір еркекпен некесіз тұрып жатты. Бірақ сонда да Иса сол әйелдің қадірін түсірмей, құрмет көрсетті (Жохан 4:9, 17—24).
Иса сияқты шынайы мәсіхшілер де білгісі келетіндерге өз сенімдері жайлы айтып беруге дайын және мұны олар “зор құрметпен істейді” (Петірдің 1-хаты 3:15). Киелі кітапта мәсіхшілердің өз пікірлерін басқаларға тықпыштамау керектігі жазылған. Қайта, онда: “Иеміздің құлы жанжалдаспау керек. Ол бәріне мейірбан... болу керек”,— делінген, яғни басқа дінді ұстанатын адамдарға да мейірбан болу керек (Тімөтеге 2-хат 2:24).
Киелі кітапта жеккөрушілік туралы не делінген?
Киелі кітап бізді “барлық адамдармен тату болуға ұмтылуға” шақырады (Еврейлерге 12:14). Тату болуға ұмтылатын адам басқаларды жек көрмейді. Ол өзгелермен тату өмір сүріп, өз құндылықтарынан аттамайды (Матай 5:9). Киелі кітап тіпті мәсіхшілерді жауларын жақсы көруге, оларға жақсылық жасай беруге үйретеді (Матай 5:44).
Киелі кітапта Құдайдың адамдардың қадірін түсіретін не оларға қиянат жасайтын істерді “жек көретіні” не олардан “жеркенетіні” айтылған (Нақыл сөздер 6:16—19). Бірақ “жек көреді” деген сөз Құдайдың адамдарды емес, олардың жаман істерін жаны жаратпайтынын білдіреді. Ал егер адам зұлым жолын тастап, Құдайдың нормаларымен өмір сүріп бастаса, Құдай оны кешіріп, оған көмектеседі (Ишая 55:7).
Толеранттылық мен құрмет таныту туралы Киелі кітап тармақтары
Титке 3:2: “Бәріне бірдей жұмсақтық танытсын, есті болсын”.
Есті адам бәріне құрмет танытып, басқалардың ой-пікірі өзгеше болса да ашуланбайды.
Матай 7:12: “Олай болса, барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”.
Өзгелер бізге сый-құрмет танытып, ойымыз бен сезімдерімізді елеп-ескергені бізге ұнайды. Исаның айтқан осы сөздері жайлы көбірек білу үшін “Алтын ереже деген не?” (ор.) деп аталатын мақаланы оқып көріңіз.
Ешуа 24:15: “Кімге қызмет ететіндеріңді бүгін шешіп алыңдар”.
Өзгелердің таңдау еркін құрметтесек, татулық сақтаймыз.
Елшілердің істері 10:34: “Құдай ешкімді алаламайды”.
Құдай адамды жынысына, мәдениетіне, ұлтына, нәсіліне, шыққан ортасына қарап бөліп-жармайды. Құдайға ұнамды болғысы келген адамдар да оған еліктеп, ешкімді бөліп-жармайды.
Абақұқ 1:12, 13: “[Құдайдың] зұлымдыққа жаны төзбейді”.
Құдайдың төзімділігінің шегі бар. Ол зұлым адамның зұлым істер жасай беруіне мәңгі төзбейді. Көбірек білу үшін “Құдай неге қайғы-қасіретке жол береді?” деген видеоны көріңіз.
Римдіктерге 12:19: “Өздерің үшін кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар. Өйткені былай деп жазылған ғой: “Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын,— дейді Ехоба a”.
Ехоба Құдай ешкімге кек алуға құқық бермеген. Ол өз уақытында әділдік орнататынына сендіреді. Көбірек білу үшін “Әділетсіздік болмайтын заман бола ма?” деген мақаланы оқып көріңіз.
a Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деп аталатын мақаланы оқыңыз.