Уайымнан қалай арылуға болады?
Сарыуайым денсаулыққа кері әсер етіп, адамның жан дүниесін ойсыратуы мүмкін. Ол түгілі, бір нәрсені уайымдаймын деп, адам өз қиындығына қиындық қосып алады.
Көп уайымдамау үшін...
Жайсыз жаңалықтарды шектеңіз. Қандай да бір жаман оқиға болса, оның үтір-нүктесіне дейін білудің қажеті жоқ. Егер тек жаман жаңалықтарды қарай берсеңіз, онда қорқынышыңыз ұлғайып, түңіліп кетесіз.
Киелі кітап кеңесі: “Күйреген рух сүйекті қуратар” (Нақыл сөздер 17:22).
“Жаңалықтардан құр қалмайын деп қарай берсеңіз, бұл жаман әдетке айналып кетеді. Мен жаңалық көруді едәуір шектеп едім, уайымым да азая бастады” (Джон).
Ойланып көріңіз: Соңғы жаңалықтардан хабардар болып отыру сізге қаншалықты керек?
Күн тәртібін ұстаныңыз. Бір уақытта тұрып, бір уақытта тамақтанып, бір уақытта үй тірлігін істеуге тырысыңыз. Жататын уақытыңыз да өзгермесін. Соның арқасында өміріңіз бір арнаға түсіп, уайымыңыз азаяды.
Киелі кітап кеңесі: “Ынталының жоспарлары табысқа жетелер” (Нақыл сөздер 21:5).
“COVID-19 пандемиясы басталғанда, менің күн тәртібім бұзылып кетті. Мен көп уақытымды түк пайдасы жоқ істерге жұмсай бастадым. Содан “қой, мынауым болмайды” деп, күнде не істейтінімді алдын ала жоспарлайтын болдым” (Джозеф).
Ойланып көріңіз: Күннің соңында “бүгін көп іс тындырдым” деп айтатындай жоспарыңыз бар ма?
Жақсы нәрселерге назар аударыңыз. “Бұлай болып қалса, қайтемін? Олай болып қалса, не істеймін?” деп мазасыздана берсеңіз, уайымның тұңғиығына түсіп кетесіз. Одан гөрі шүкіршілік білдіретін екі-үш нәрсе туралы ойланыңыз.
Киелі кітап кеңесі: “Әрдайым алғыс білдіріңдер” (Қолостықтарға 3:15).
“Киелі кітапты оқығанда, санам жақсы нәрселерге толады. Жаман ойларға орын қалмайды. Бұл жиі естіп жүрген сөзіміз шығар, бірақ көмегі орасан зор!” (Лиза).
Ойланып көріңіз: Өміріңізде тек жаман нәрсеге қадалып қалып, жақсыны көрмей қалуға бейімсіз бе?
Өзгелерді де ойлаңыз. Уайымға салынып кетсеңіз, жұртты ұмытып, өзіңізбен-өзіңіз қалғыңыз келеді. Оданша көмекке мұқтаж жандар туралы ойланыңыз.
Киелі кітап кеңесі: “Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:4).
“Маған өзгелерге жақсылық жасау ұнайды. Басқалар үшін бірдеңе істегенде, бір жағынан, оларды қуантамын, ал екінші жағынан өзімнің уайымым басылады. Тіпті уайымдауға уақытым да қалмайды” (Мария).
Ойланып көріңіз: Таныстарыңыздың арасында кімдер көмекке мұқтаж және олар үшін не істей аласыз?
Денсаулығыңызға қараңыз. Жаттығу жасап, демалуға жеткілікті уақыт бөліңіз. Пайдалы тағамдарды жеңіз. Денсаулығыңыз жақсы болса, көңіл-күйіңіз де жақсы болып, уайым да иықтан баспайды.
Киелі кітап кеңесі: “Денені шынықтырудың біраз пайдасы бар” (Тімөтеге 1-хат 4:8, “Жаңа өмір” баспасы).
“Қазір ұлым екеуіміз бұрынғыдай далада спортпен шұғылдана алмай қалдық. Сондықтан үйде жаттығуға тырысамыз. Соның арқасында көңіліміз көтеріліп, бір-бірімізге мейрімді, шыдамды боламыз” (Кэтрин).
Ойланып көріңіз: Сізге дұрыс тамақтанып, көбірек жаттығу жасау керек пе?
Көп адамға уайымдарын азайтуға осы кеңестермен қатар, Құдайдың жарқын болашақ сыйлаймын деген уәделері де көмектесуде. Осы уәделер жайлы “Құдай Патшалығы қандай істер атқаратын болады?” деген мақаладан оқып біле аласыз.