Ғаламдық су тапшылығы. Киелі кітапта не делінген?
Су — тіршілік көзі. Бірақ БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутеррештің айтуынша, “дүниежүзі бойынша таза суға қажеттілік артып жатқандықтан, су тапшылығы өзекті мәселеге айналып отыр”. Расымен де, қазірдің өзінде миллиардтаған адам ауызсуға жарымай жатыр.
Ауызсу барлық адамға жететін кез келе ме, әлде үнемі осылай таза суға жарымай жүре береміз бе? Киелі кітап бұл мәселеге қатысты не дейді?
Киелі кітапта қандай уәде бар?
Киелі кітапта күндердің күнінде бұл мәселе шешілетіні айтылған. Сол кезде таза, мөп-мөлдір судан еш тарылмайтын боламыз.
“Шөл далада бұлақтар қайнап, Құла түзде жылғалар ағады. Қуаң дала қамысты көлге, Қураған дала суы мол жерге айналады” (Ишая 35:6, 7).
Бұл сөздерге сенуге қандай негіз бар? Негізі, Киелі кітапта Жер планетамыздың қалай жаратылғаны айтылады. Қазір соның бір ерекшелігіне тоқталайық.
Жер планетасы мен су айналымы
“[Құдай жерді] бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан” (Ишая 45:18).
Жер бетінде таза су молынан болу үшін Құдай табиғаттағы су айналымын орнатты.
“[Құдай] су тамшыларын жоғары көтереді, Олар сүзгіден өтіп, жаңбыр мен тұманға айналады. Ал бұлттар оларды жерге төгіп, Адамзаттың үстінен себелетеді” (Әйүп 36:27, 28).
Қарапайым тілмен айтқанда, Құдай су айналымын керемет қылып жаратқаны сонша, табиғи су жерге толассыз келіп тұрады. Су жер мен теңізден буланып жоғары көтеріледі де, қоюланып, жаңбыр болып жерге жауады. Осылай адамдар мен жануарларда әрқашан ішетін таза су таусылмайды (Уағыздаушы 1:7; Амос 5:8).
“Мезгілінде молынан жауын жаудырамын, сонда жерлерің өнім, даладағы ағаштарың жеміс беретін болады” (Мұсаның 3-жазбасы 26:4).
Құдай ежелде егіндікпен айналысатын исраилдіктерге мол өнім жинай алулары үшін үздіксіз су беріп отыруды уәде еткен. Өйткені ол жақсы өнім мезгілінде жауатын жаңбырға тәуелді екенін жақсы біледі.
Құдай кезінде исраил халқына жасағанын бүкіл жер бетіндегі халықтарға да істеуді ниет етіп отыр (Ишая 30:23). Бірақ дүниенің көп жерінде су тапшылығының өсуі, жаңбырдың аз жаууы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Бұл проблемалардың шешіміне қатысты Киелі кітапта тағы не айтылған?
Су тапшылығы жақында шешіледі
Киелі кітапта Құдай өзінің Патшалығы арқылы су тапшылығы сияқты планетамызға кесірін тигізіп жатқан мәселелерді шешетінін айтады (Матай 6:9, 10). Құдай Патшалығы дегеніміз — болашақта көктен жер бетіне билік жүргізетін үкімет (Даниял 2:44; Аян 11:15). Құдай Патшалығы ешбір үкімет шеше алмайтын проблемаларды, мысалы, су тапшылығын біржолата шешеді.
Өзекті мәселе: климаттың өзгеруі су айналымына едәуір кері әсер етіп жатыр. Содан кей жерде құрғақшылық болса, кей жерде нөсерлі жаңбырдың салдарынан не теңіз деңгейінің көтерілуінен су тасқындары болып жатыр.
Мәселенің шешімі: Құдай Патшалығы Жер планетамызды қалпына келтіріп, оған тиген залалдың орнын толықтай толтыратын болады. Құдай былай деп уәде етеді: “Міне, бәрін де жаңадан жаратып жатырмын” (Аян 21:5). Құрғақ жерлер мөлдір суға қанығып, тіпті ешқандай тіршілік жоқ жерлер де жайқалатын болады (Ишая 41:17—20). Сондай-ақ Құдай Патшалығының Патшасы Иса Мәсіх табиғат күштерін бағындырады.
Иса пайғамбар жер бетінде өмір сүргенде сұрапыл дауылды тыныштандырған болатын. Бұл Құдай оған табиғат күштерін бағындыруға құдірет бергенінің бір ғана мысалы (Марқа 4:39, 41). Иса Мәсіх Құдай Патшалығының Патшасы ретінде жер бетін билегенде, ешқандай табиғи апат болмайды. Адамдар тыныш, қауіпсіз өмірдің рақатын көріп, ешқандай апаттан қорықпайтын болады.
Өзекті мәселе: надан адамдар мен ашкөз компаниялар өзендерді, көлдер мен жер астындағы ауызсу резервуарларын ластап, проблеманың үстіне проблема қосып жатыр.
Мәселенің шешімі: Құдай бүкіл жер бетін, өзендер мен көлдерді, теңіздер мен топырақты тазартатын болады. Жер беті пейіш бағына айналады. Киелі кітапта поэтикалық тілмен жазылған мынадай сөздер бар: “Шөл мен құла түз шаттыққа кенеледі, Шөл дала қуанып, бәйшешектей жайнайды” (Ишая 35:1).
Ал табиғаттың да, адамдардың да қамын ойламайтындармен не болады? Құдай “жерді бүлдіргендерді құртамын” деп уәде етеді (Аян 11:18; Нақыл сөздер 2:21, 22).
Өзекті мәселе: адамдар суды ысырап қылып жатқандықтан, табиғаттағы тұщы су қоры жетпей отыр.
Мәселенің шешімі: Құдай Патшалығының арқасында жер бетінде қара басын ойлайтын адамдардың емес, Құдайдың еркі орындалады (Матай 6:9, 10). Бұл Патшалық азаматтарына ең жақсы білімді беретін болады. Ишая 11:9-да: “Жер беті Ехоба туралы білімге толады”,— деп жазылған a. Осындай ең жақсы білімнің арқасында адамзат Жаратушыны да, оның барлық жаратылысын да сүйіп, әсем планетамызды күтіп-баптап, табиғи ресурстарды тиімді пайдаланатын болады.
Құдай Патшалығы тағы не істейтінін білу үшін “Құдай Патшалығы қандай игілік әкеледі?” деген мақаланы оқыңыз.
Киелі кітаптағы Ишая кітабының 35-тарауын оқып, жер беті қалай пейіш бағына айналатынын біліңіз.
Жаратушының адамдарға, жерге қатысты ниетін білу үшін “Алла Тағала жерді не үшін жаратты?” деген видеоны көріңіз.
a Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы қараңыз.