Әйелдер қауіпсіздігі. Киелі кітаптың көзқарасы
Дүниежүзі бойынша миллиондаған қыз бен әйел қорлық пен зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда. Сіз де солардың бірісіз бе? Сіздің қауіпсіздігіңіз Құдай үшін маңызды ма? Ол нәзік жандарға қарсы қатыгездікті тоқтатады ма? Сол туралы біліңіз.
“Бала кезімде ағам мені күніге ұрып-соғатын, қорлық сөздер айтатын. Тұрмыс құрғаннан кейін де енем маған күн көрсетпейтін. Қайын атам екеуі мені адам құрлы санамай, құл көретін. Мен өмір сүргім келмей, өзіме қол жұмсағым келді” (Мадху a, Үндістан).
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, “әйелдер қай елде тұрмасын, зорлық-зомбылық көріп жатыр”. Есептерге сай, әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде бір рет болса да зорлық-зомбылық пен жыныстық қорлық көреді.
Сіз де сол әйелдердің қатарында болсаңыз, қай жерге барсаңыз да біреу сізді кемсітіп, күш көрсетіп не зорлап кетеді деп қорқатын шығарсыз. Әйелдерге деген осындай көзқарасты көргенде, көп адам әйелдерді адам құрлы көрмейді дейтін шығарсыз. Бірақ Құдайдың әйелдерге деген көзқарасы осындай ма?
Құдай әйелдерге қалай қарайды?
Киелі кітапта былай делінген: “Құдай адамды. . . бірін еркек, бірін әйел қылып жаратты” (Мұсаның 1-жазбасы 1:27).
Мағынасы: Еркекті де, әйелді де Құдай жаратты. Құдайдың көз алдында екеуі бірдей құрметке лайық. Бұған қоса, Құдай күйеулерден әйелін сүйектен өтетін сөздер айтып қорламайды, оған күш көрсетпейді, қайта, “әйелін өзін сүйгендей сүйеді” деп күтеді (Ефестіктерге 5:33; Қолостықтарға 3:19). Демек, Құдай әйелдердің қауіпсіздігіне бей-жай қарамайды.
“Бала күнімде туған-туыстарымнан жыныстық қорлық көрдім. 17 жасымда бастығым “егер менімен жатпасаң, жұмыстан шығарып жіберемін” деп қорқытты. Ал кейін күйеуім, ата-анам және көршілерім мені кемсітетін. Уақыт өте мен Жаратушы Ехоба b Құдай жайлы білдім. Ол әйел затына сый-құрметпен қарайды. Сондықтан оның мені қатты жақсы көретініне, бағалайтынына көзім жетті” (Мария, Аргентина).
Жан жарасын жазуға не көмектеседі?
Киелі кітапта былай делінген: “Туған бауырдан да жақын дос бар” (Нақыл сөздер 18:24).
Мағынасы: Нағыз дос әрдайым қолдайды. Егер қажет деп тапсаңыз, сенім артатын адамға ішіңіздегіні ақтарып айтыңыз.
“Жыныстық қорлық көргенімді 20 жыл бойы ешкімге айтпадым. Соның кесірінен бақытсыз болдым, үнемі уайымға салынып, депрессияда жүрдім. Бірақ ақырында мені түсінетін адамға басымнан өткен жағдайды айтып бергенімде, иығымнан ауыр жүк түскендей болды” (Илиф, Түркия).
Киелі кітапта былай делінген: “Бар уайымдарыңды [Құдайға] артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды” (Петірдің 1-хаты 5:7).
Мағынасы: Дұға етсеңіз, Құдай сізді ден қойып тыңдайды (Зәбүр 55:22; 65:2). Құдай сізді қамқорлап жатқанын көргенде, ол үшін қаншалықты бағалы екеніңізге көзіңіз жетеді.
“Ехоба жайлы білгенімде, жаныма түскен терең жара жазыла бастады. Оған дұға етіп, шер тарқата аламын. Ол — жан-дүниемді түсінетін жақын досым” (Ана, Белиз).
Құдай әйелдерге қарсы қатыгездікті тоқтатады ма?
Киелі кітапта былай делінген: “Ехоба. . . жетім мен бейшара үшін әділдік орнатады, Сонда топырақтан жаратылған пенде енді қайтып оларды қорқытпайды” (Зәбүр 10:17, 18).
Мағынасы: Жақын арада Құдай бүкіл әділетсіздікті, соның ішінде әйелдерге қарсы қатыгездік пен зорлық-зомбылықты жоқ қылады.
“Құдайдың жуырда қыз-келіншектерге қарсы қатыгездікті тоқтататынын білгенім жаныма шипа болды, жүрегіме тыныштық сыйлады” (Роберта, Мексика).
Киелі кітаптың қандай үміт беретінін, ондағы уәделерге неге сене алатыныңызды және Ехоба куәгерлері Киелі кітаптың көмегімен адамдарға қалай көмектесетіні туралы көбірек білгіңіз келсе, сізге жолығуын сұраңыз. Ол үшін ешқандай ақы алынбайды.
a Есімдер өзгертілген.
b Ехоба деген — Құдай Тағаланың төл есімі (Зәбүр 83:18). “Ехоба деген кім?” деген мақаланы оқып көріңіз.